• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
18 Мамыр, 2011

Елші дәріс оқыды

401 рет
көрсетілді

Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстандағы Францияның Төтенше және өкілетті елшісі Жан-Шарль Бертонэ «ЕО және ЕҰУ достастық көпірі» жобасы аясында «Еуропа, Франция және Қазақстан бір-бірінен не үйрене алады?» атты тақырыпта университет студенттеріне дәріс оқыды. Естеріңізге сала кетейік, жо­ба­ның алғашқы бөлімін өткен жыл­дың 24 қарашасы күні Қазақстан Республикасындағы Еуроодақ елшісі Норбер Жустен мырза бастап берген болатын. Бүгінге дейін Латвия, Словакия, Греция, Испания, Германия, Финляндия, Венгрия, Ұлыбритания, Румыния, Литва және Чехия мемлекет­терінің елшілері елімізде дәріс оқып, оны дәстүрге айналдырып келеді. Бұл үрдіс 2008 жылы Қазақ­стан мен Франция арасындағы стратегиялық келісім жөніндегі хаттамаға қол қойғаннан бері жалғасып келеді. Содан бері екі ел арасындағы экономикалық, сая­си, білім беру салаларындағы әріптестік байланыстың жібі үзілмеген. Бұл ең алдымен, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясаты мен көреген­дігінің арқасы екендігін атап өткен Франция елшісі Жан-Шарль Бертонэ дәріс барысында әріптестік болған жерде басқару­шы мен бағынушының болмауы керектігін, мұндай маңызды қа­рым-қатыста ағалы-інілі деген ұғым­ның орнына, тепе-теңдік за­ңы сақталу керектігіне баса назар аударды. Сондай-ақ, ол: «Қазақ­стан өз тәуелсіздігін алғанына 20 жыл ғана болса да, өзге дамыған елдерге үлгі боларлықтай батыл қадамдар жасай білді. Бұл ретте Еуроодақ осы кезеңге дейін жеткен жетістіктерінде қалып қоймай, ары қарай жаңа даму жолына түсуі қажет деп есептеймін», – деді елші Жан-Шарль Бертонэ. Қазақстандағы Франция елші­сі­нің дәрісін тыңдаған студенттер өз сауалдарына тұшымды жауап алды. Жастар үкіметінің белсенді студенттері елші Жан-Шарль Бертонэ мырзаға универ­ситеттің атынан естелік сыйлық табыс етті. Алдағы уақытта «ЕО және ЕҰУ достастық көпірі» атты жо­баға қатысуға Швеция, Италия, Нидерланды, Бельгия, Польша мемлекеттерінің елшілері ниеттерін білдіріп отыр. Еуроодақ мемлекеттерінің түрлі салалары бойынша оқитын мәртебелі елші­лердің дәрістері биылғы оқу жы­лының соңына дейін жалғаспақ. Жұлдыз БАЙДІЛДА.