“Нұрбанктің” топ-менеджерi қызметiн атқарған Жолдас Темiрәлиев пен Айбар Хасенов 2007 жылы iз-түзсiз жоғалып кеткен еді. Олардың жоғалуына байланысты бұқаралық ақпарат құралдарында түрлі жорамалдар жазылды. Сондықтан осы кезге дейін аталған оқиғаға нақты нүкте қойылмаған болатын. Осыған орай кеше еліміздің Бас прокуратурасы Ж.Темірәлиев пен А.Хасеновтің мәйіттері табылғанын хабарлады.
Кезінде Әлиев, Кошляк, Мұсаевтың басшылығымен және басқалардың қатысуымен өзгенің мүлкін бопсалау мақсатында «Нұрбанк» акционерлік қоғамының менеджерлері Әбілмәжін Гилимов, Жолдас Темірәлиев және Айбар Хасеновті ұрлауға байланысты 2007 жылдың қаңтар-ақпан айларында орын алған оқиғалар оқырмандарға белгілі. Жоғарыда аталған осы адамдар Алматы қаласындағы Алмалы аудандық сотының үкімімен ұйымдасқан қылмыстық топ құру, адамдарды ұрлау, өзгенің мүлкін ұрлау және бопсалау бойынша айыпты деп табылып, сотталған болатын. Бірақ Әлиев, Кошляк, Мұсаев, Сапожников, Имашев Австрияның аумағында сот төрелігінен жасырынып қалды.
«Нұрбанктің» ұрланған менеджерлерінің екеуі Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасенов Қазақстанның құқық қорғау органдары қабылдаған теңдессіз шараларға қарамастан, сол уақытта табылмады. Содан ұрланған банкирлерді іздеу жұмыстары осы уақытқа дейін жалғасты. Нәтижесінде, 2011 жылдың 13 мамырында Алматы қаласының тау бөктеріндегі «Қазтелерадионың» қоймалар базасының аумағында 3-3,5 метр тереңдікте темір бөшкелерге жерленген және ақ балшықпен жасырылған екі шіріген мәйіт қазып алынды, деді Бас прокуратураның ресми өкілі Жандос Өмірәлиев. Мәйіттердің бастарына қара бас киімдер кигізілген, полиэтилен қапшықтармен оралған, мойындары жіппен және сым темірмен байланған екен.
Мәйіттерді алдын-ала қарау нәтижесі бойынша оларды Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтікі деп жорамалдауға болады. Осындай тұжырым жасауға мынадай негіздер бар дейді ресми өкіл. Біріншіден, мәйіттер табылған орын бұрын тергеу барысында қылмыс құрбандарының жерленген орны болуы мүмкін аумақ ретінде анықталған болатын. Бірақ іздеу жұмыстары мәйіттердің табылған жерінен 100-150 метр жоғарыда жүргізілген көрінеді.
Екіншіден, 2007 жылғы ақпанның 9-нан 10-на қараған түні Темірәлиев пен Хасеновті белгісіз бағытқа алып кеткен уақытта қылмыскерлердің дәл осы мәйітті тапқан ауданда болғандары туралы тергеуде жеткілікті деректер бар дейді.
Үшіншіден, қылмыскерлер банкирлерді алып кетер алдында олардың бастары мен беттерін қара түсті бас киімдермен жапқан. Төртіншіден, дәл сол кезде Хасеновтің шашын тақырлап алып тастаған, ал табылған мәйіттердің біреуінің бас сүйегінің шашы осылайша алынған. Бесіншіден, мәйіттердің біреуінде «Blazer» этикеткасы сақталған іш киімнің қалдықтары табылған, Хасеновтің зайыбы бұрын оның күйеуінде дәл осындай іш киім барын айтқан екен. Сонымен қатар, мәйіттердің бірінен табылған тіс протезі сараланған сипаттамалары бойынша Темірәлиевтің тіс протезіне сәйкес келеді.
Қазіргі уақытта Қазақстан мамандары Германияның сарапшыларын тарта отырып, мәйіттерге сараптамалық тексеру жүргізуде. Жуық арада биологиялық, физико-техникалық және геномдық сараптамалар жүргізіледі және осылардың нәтижелері 99,9 пайыз мәйіттердің кімдікі екенін анықтауға мүмкіндік береді. Сөйтіп қазіргі таңда аталған мәйіттердің табылу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бас прокурордың қаулысымен Бас прокуратура, ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлерінің құрамынан жедел-тергеу тобы құрылып және олар барлық қажетті жедел-тергеу жұмыстарын жүргізуде.
Сонымен қатар, Бас прокуратураның ресми өкілі кеше ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында бірнеше қылмыс жасағаны үшін сезікті болған Мақатов Рахымжанның жауапкершіліктен бой тасалау мақсатында, Ақтөбе облысы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимаратында өзін-өзі жарып жібергендігін хабарлады.
Р.Мақатов қолдан жасалған күші шағын жарылғыш қондырғыны қолданған. Жарылыс салдарынан Р.Мақатов оқиға орнында көз жұмған, қасында болған 2 адам жараланған. Оларға медициналық көмек көрсетілді, дейді Ж.Өмірәлиев. Бұл факті бойынша да қылмыстық іс қозғалып, қазір қажетті жедел тергеу іс-шаралары жүргізілуде.