• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Мамыр, 2011

Жер мен көктің арасы

683 рет
көрсетілді

«...Күнбатысты шаң басқан,

Шаң емес, қара қан басқан.

Тарсыл-күрсіл, қанды атыс.

Көп білем деп бөлуге,

Көп күлем деп өлуге

Жақын қалды Күнбатыс...»

Мағжан ЖҰМАБАЕВ.

Дүние тұр дүбіліп, Дем ала алмай желіктен. Қырат-белдер бүгіліп, Күрсінеді неліктен? Тыңда осы бір «әуенді», О, Адамзат баласы. Саған ғана тәуелді, Жер мен көктің арасы. Ақиқатқа жүгініп, Ауыр сырды шертемін. Қиналып тұр бүгінім, Қалай болмақ ертеңім? Жұмысы жоқ басқада, Келіспедің, келістің. Құныққандар ақшаға, Қырғын қылды жер үстін. Күшті болсаң талан бар, Әлсіздердің – аты кем. Өлтірілді адамдар, Бостандықтың атымен. Топырлайды төрінде, Баса-көктеп бай елдер. Құлға айналды ерің де, Күңге айналды әйелдер. Төнді жұртқа қайғы-мұң, Төзбесең де төзгенің. Басып алды байлығын, Күш көрсетіп өзгенің. Қаруы көп, бір «ерке», Алпауыттар басынды. Тартып жейді күні ертең, Алдыңдағы асыңды. Кей жағдайды қиялап, Көргеннен соң сөз қылдық. Белең алып қиянат, Өршіп-ақ тұр озбырлық. «Байтал түгіл бас қайғы», Жақсын мейлі, жақпасын. Асып-атып тастайды, Бөтен елдің патшасын. Ондайларын өздері, Әділдік деп жүр атап. От боп жанған «көздері», Келді жерге бір апат. Арам пиғыл дендеді, О, сұмдық-ай, сұмдық-ай. Адамдардың сенгені, Сиынғаны бір Құдай. Дүние тұр дүрлігіп, Дем ала алмай желіктен. Көк аспанда күн күліп, Өспейді гүл неліктен? Ұстататын еместей, Заманның бұл түлкісі. Кейде естілер көмескі, Сәбилердің күлкісі. Сағат тілі тынбайды, Тұрса да әлем күрсініп. Қашанғы адам тыңдайды Зеңбіректің дүрсілін? Өшір зарлы «әуенді», О, Адамзат баласы. Тек өзіңе тәуелді, Жер мен көктің арасы... Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.