• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
19 Мамыр, 2011

«Әл-Каидаға» жаңа жетекші келді

370 рет
көрсетілді

Усама бен Ладеннің қай жағдайда және қашан өл­ті­рілсе де немесе өз өлімімен өлсе де саяси аренаға қай­тып шықпайтыны белгілі жәйт. Сөйтіп, аталған тер­рор­лық ұйым жетекшілігі түбі мысырлық Сейф әл-Әделге өтті. Болашақта әл-Әдел басшылықты «Әл-Каидадағы» екінші адам болып есептеліп келген Айман әл-Завахириге беруі де ықтимал. Бұған дейін әл-Завахири бен Ладеннің толыққанды мұрагері болады деп болжанған еді. Әзірше, жоғарыда айтқанымыздай, жетекшілік әл-Әделдің қолына көшті. Жалпы, ол Орталық барлау басқармасы тізіміндегі ең іздеу салынған терроршы қатарына енеді. Патшайымның сапарына қарсылар қуылды Бұған дейін хабарланғанындай, Британия патшайымы Елизавета ІІ-нің сапармен Ирландияда жүргені белгілі. Жергілікті полиция бұрнағы күні патшайымның елге сапарына қарсы­лар ұйымдастырған бірнеше манифес­та­цияны қуып таратты. Елизавета ІІ-нің сапарын ирландиялықтардың 80 пайы­зы хош көрсе, қалған  20 пайызы мүлдем наразы. Ал пат­шайым Британияның бұрынғы отарын соңғы жүз жылда алғаш «келіп қуантқан» монарх болып табылады. Дегенмен, Ирлан­дияның солтүстігі әлі де Британияның құрамында. Фильмге қатысқаны үшін жазаланды Ташкентте жергілікті құқық қорғаушы Татьяна Довлатова жазаланды. Оған Ресей фильміне қатысып, Орталық Азияда тұратын орыстардың хал-жағдайы туралы  әңгімелегені үшін айып тағылып отыр. «Ресейден тысқары» деп аталатын фильм 24 сәуір күні «Ресей-1» телеарнасынан көрсетілген болатын. Онда, атап айт­қанда, орыстардың біртіндеп Өзбекстаннан жоғалып жат­қаны көлденең тартылған-тын. Аталған фильмнің көр­сетілуі Өзбек­стан басшылығы тарапынан үлкен наразылық туғызды. Онда шындық бұрмаланып көрсетілген деген уәж алға тосылады. Зорлық жасамақ болды деп айыпталды Халықаралық валюта қорының бас­­қарушы директоры Доминик Стросс- Канға әйел зорламақ болды жә­не заңсыз бас бостандығынан айыр­ды деген айыптар тағылды. Күдіктінің ад­во­каты Бенджамин Брафманның мә­лім­деуінше, Кан өзін кінәлімін деп табудан бас тартқан. Стросс-Кан 14 мамыр күні Кеннеди атындағы Нью-Йорк әуежайынан Парижге ұшып шықпақ болған кезінде ұсталған еді. Оны ұстауға ХВҚ басшысы тұрған Sofitel қо­нақ үйі қызметшісінің арызы негіз болды. Аты атал­майтын 32 жастағы әйел нөмірді тәртіпке келтіру үшін кірген кезінде оған Стросс-Кан арам оймен бас салыпты-мыс. Армяндар мен әзірбайжандар төбелесі Мәскеу облысының Люберцы ауда­нын­дағы Октябрь кентінде армяндар мен әзірбайжандар арасында жаппай тө­бе­лес орын алса, екі түйе сүйкенсе, орта­сында шы­бын өледі дегендей, төбелеске қатыс­қан 1987 жылы туған Дағыстан аза­маты көз жұмған. Жеті адам қару жә­не пышақ жарасы салдарынан ауруханаға түскен. Алдын ала дерек  бойынша, төбелеске тараптардың бір-біріне деген жеккөрушілігі себеп болған. Сол 17 мамыр күні кешкісін Мәскеу түбіндегі Подольскіде де Өзбек­станнан келген гастарбайтерлер арасында төбелес орын алған. Басынан жарақат алған 23 жастағы өзбек ауруханада ажал тауыпты. Төбелес өзара таластан туындаса керек. Конституцияға арналған ең биік ескерткіш Түркіменстан астанасында 185 метрлік конституция монументі ашыл­ды. Ашылу салтанаты 18 ма­мыр­да атап өтілетін елдің консти­туциясы күніне және түркімен ақыны Мақтұмқұлының туған күні­не орай­лас­тырылды. Бұл монумент, сөйтіп, Ашғабадтағы ең биік ескерткішке айналды. Бұған дейінгі ең  биік ескерткіш биіктігі 91 метрлік  тәуелсіздік монументі болатын. Конституция монументін тұр­ғызу үшін 45 миллион еуро жұмсалса, онымен түріктің Polimeks компаниясы айналысқан. Кеше, сондай-ақ Түркіменстан астана­сында жаңа президенттің сарай кешені пайдалануға берілді. Оны салуға 250 миллион еуро шығындалыпты. ***

Қысқа қайырып айтқанда:

Мысыр соты елдің бұрынғы президенті Хосни Мүбәрактің зайыбы Сюзаннаны кепілдік арқылы бостандыққа шығаруға келісімін берді. Ол 13 мамыр күні жемқорлыққа салынды деген күдікпен қамауға алынған болатын. Мәскеу облысына қарасты Одинцов және Серпухов аудандарының бұрынғы прокурорлары Роман Нищеменко мен Олег Базылян тұтқын­далды. Оларға да «ойын ісі» деп аталған қылмысқа қатысты айып тағылып отыр. Бұған дейін осы іс бойынша Александр Игнатенко, Дмитрий Урумов, Эдуард Каплун және Владимир Глебов қамауға алынған еді. Украинаның батысындағы Берегово қаласының соты елден құпия түр­де екі айлық егіз нәрестені алып шықпақшы болған Францияның қос аза­матына қатысты үкім шығарды. 39 жастағы Патрис Ле Рок пен оның 66 жастағы әкесі Бернар Ле Роктың материалдарымен танысқан судья жазаны жұмсартып, түрмеге қамауды айыппұлмен алмастырды. Сөйтіп, әкелі-балалы ұрлықшылар 1750 доллар айыппұл төлейтін болды. Тәжікстан жоғарғы сотының алқасы өткен жылдың тамызында 25 тұтқынның түрмеден қашуына жол берген түрменің үш қызметкеріне қатысты жазаны жұмсартты. 5 сәуірде шығарылған үкім бойынша сотталған Саидулло Бердиевтің жазасы 8,5 жылдан  6,5 жылға қысқарса, Сухроб Акбаров пен Саидали Саидов жазасы 8,6 және 2 жылдың орнына шартты мерзімге ауыстырылды. Ресейдің Анапа қаласының мэрі Татьяна Евсикова әрбір демалыс күндері қаланы велосипедпен айналып аралап шығу туралы ниеті бар екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, ол осындай «велосаяхатты» өзінің орынбасарларына да жасауды тапсырды. Мэрдің пікірінше, велосипедпен қаланың автомобиль кіре алмайтын ұңғыл-шұңғылын көруге мүмкіндік бар.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.