• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
20 Мамыр, 2011

Инновациялар денсаулық күзетінде

489 рет
көрсетілді

Алматыда «Атакент» қазақстандық іскерлік ынтымақтастық орталығында халықаралық «Денсаулық көрмесі» (KIHE 2011) табыспен өтті. Елімізде дәстүрлі өткізіліп келе жат­қан аталмыш көрмеде медициналық тауарлар мен қызметтердің кең спектрі – емдік құ­ралдар өндірушілер, соңғы заманауи меди­циналық құрал-жабдықтар, офтальмология, эндоскоптық жабдықтар, сауық­тыру, фи­зиотерапия, СПА, диллер мен дистрибюторлар, т.б. ұсынылды. Сондай-ақ, жетекші отандық және шетелдік компаниялар бүгінде денсаулық сақтау сала­сы­на қажетті және талап етіліп отырған соң­ғы әзірле­ме­лерін, ноу-хауларын, жаңа тех­но­ло­гия­ларын әкелген. Мәселен, Германия мен Чех Республикасы көрмеге ұлт­тық стенділерін қойған. Германияның біріккен стендіне 26 компания қатысып отыр. Көрменің ашылу рәсіміне арналған бас­пасөз мәслихатында Денсаулық сақтау ми­нистрлігі Медициналық және фарма­цев­тика­лық қызметті бақылау комитетінің төрағасы Назарбек Бейсен 2005-2010 жыл­дары еліміз 100 млрд.-тан астам теңгенің меди­ци­налық құ­рал-жабдықтарын сатып алға­нын жеткізді. Сон­дай-ақ, ол биыл 842 меди­циналық құрал-жаб­дықтың 168-і отандық өндірушіден са­тып алынып, оған 12,6 млрд. теңге жұмсал­ға­нын айта келе: «100 мектеп, 100 аурухана» бағ­­дарламасы бойынша был­тыр 58 ден­саулық сақтау нысаны салынса, 2011-2013 жылдары тағы 31 нысан бой көтермек. Ал 2014-2015 жылдары қосымша 10 стацио­нар­лық ұйым ашу жоспарланып отыр» деді. Н.Бейсеннің ай­туынша, Қазақстанда алдағы уа­қытта ден­саулық сақтау саласына арналған «Ден­сау­лық» жеке телеарнасы ашылуы мүмкін. «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ-ның басқарма төрағасы Елжан Біртанов бүгінде еліміздегі денсаулық сақтау сала­сындағы ең маңызды мәселенің бірі жаңа технологиялық инновацияларды енгізу екендігін айта келе, жаңа құрал-жаб­дық­тар сатып алуға өткен жылы 600 млн.-нан астам теңге инвестициялағанын, биыл оған 5 млрд. теңге, ал мамандарды оқыту­ға 180 млн. теңге бөлінгенін алға тартты. – Әрине, технологиялық-иннова­ция­лық даму, ол тек құрал-жабдықтар сатып алу ғана емес, біріншіден, осы саладағы медицина қызметкерлерінің білім дәре­жесін, тәжірибесін көтеру. Осы ретте ҰМХ-тің мақ­саты халықаралық деңгейде жоғары кә­сіби әріптестер табу. Бүгінде холдинг кли­ни­калары еуропалық және АҚШ-тың бірқатар медицина университеттері мен клиникаларымен бірлесе жұ­мыс істейді. Корея, Израиль, Түркия­дан әріптестеріміз келіп, осындай техно­ло­гия­ларды енгізуге көмектесуде. Соның нәти­жесінде былтыр елуден аса жаңа технология енгіздік. Сон­дық­тан бізге осындай халықаралық көрме­лердің маңызы зор. Жыл сайын бұл көрме­ге тек дәрігерлер ғана емес, медициналық дәрі-дәрмек, құрал-жабдықтар шығаратын фирмалар да қатысады. Көрмені қара­пайым халық та келіп көреді. Өйткені, олар да жаңа технологияларды білулері керек. Бізде өз стендімізді дайындап әкеліп отыр­мыз, – деді Елжан Амантайұлы. Ең бастысы, денсаулық сақтау сарап­шылары үшін КІНЕ алаңы тәжірибе алма­су­дың, стратегиялық әріптестік құрудың, соны­мен қатар медициналық құрал-жаб­дықтарды өндіретін әлемдік көшбас­шы­лар­дың Қазақ­станда ұсынып отырған ме­ди­циналық жаңа­лықтарын сынақтан өт­кізу­дің бірегей мүм­кін­діктерін көрсетпек. Мәселен, көрмеде Philips компаниясы Қа­зақ­станда сертификациядан өткен Philips iU22 интеллектуалды сан­дық ультра­ды­бысты жүйесін алғаш рет ұсынып отыр. Ол күрделі диагностикалық зерт­теуде орган ұлпаларының бейнесін жо­ғар­ғы дәл­дікпен беретін бірқатар бірегей техноло­гия­ларды біріктіреді. Артықшылығы, мә­се­лен батыста осы аппараттың арқасында МРТ арқылы диагноз қою елу пайызға кеміген. Әрі бір датчикпен қай бағытта да бейне түсіре алады. Тағы бір артық­шы­лы­ғы, ет­жеңді, ірі денелі науқастарға нақты, дәл диагноз қоюға мүмкіндік береді. Сондай-ақ «ОрдаМед Орталық Азия» компаниясы оңтүстік кореялық жаңа модельдер желісін ұсынса, «Yumgiskor» компаниясы қандағы гемоглобин деңгейі, тамыр соғысы жиілігін және перфузия индексін жаңаша әзірлеуде контактісіз, жылдам және дәл анықтап береді. «Мамандандырылған басылымдарда шық­­қан денсаулық сақтау саласындағы жа­ңалықтар, жаңа технологиялар мен құрал-жаб­дықтар жайындағы материал тұтыну­шыға жеткенше ескіріп қалуда. Сондықтан өндірушілер, дәрігерлер және өзге де тұтынушылар арасында бұл көрменің рөлі мен маңызы жыл өткен сайын артып келеді. Мәселен, биыл онда француз дәрігерлерінің операциялық жұмысынан телекөпір ұйым­дастырылды», – дейді Қазақстанның фарма­цев­тикалық фирмалар өкілдері қауымдас­ты­ғының президенті В.Локшин. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.