• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
20 Мамыр, 2011

Бұл ауылға жұмыссыздық жат

634 рет
көрсетілді

Қарағанды облысы жағына бар­ғанымызда бұрынғы Ағадыр ауданының азаматы шағын аудандар іріленгенде он бір мың халқы бар Ағадырды төрт мың халқы бар Шет ауданына қосып жібергені дұрыс болмады деді. Ал, Сайрам ауданына қарас­ты Қарабұлақ ауылында соңғы статистикалық мәлімет бойынша 38 мың 640 адам тұрады. Бұл ар­найы есеп. Біраз жыл бұрынғы. Ауыл әкімі Әлімжан Нишан­құлов жақында өткен сайлауда учаскелерге бөлгенде жүргізген есепте халық саны 41 мыңнан асқанын айтады. Осындайда ой­лай­сыз ғой. Осы алақандай жерге сыйып жатқан үлкен ауылды турап-турап бірнеше аудан жа­сауға болады ғой деп. – Бұл ауылда бір де бір адам алдыма жұмыс сұрап келген емес, – дейді ауыл әкімі Әлім­жан Райымқұлұлы. Қай аудан, ауылдарға бар­саңыз “екі қолға бір күрек” таппай жүрген азаматтарды көріп қалған сіз таңқаларсыз, ал бізге таң емес. Түк те. Расында, бұл ауылда үйінде “алма піс, аузыма түс” деп қарап отырған ешкім жоқ. Негізінен еңбекқор өзбек халқы тұратын бұл ауылға осыдан төрт-бес жыл бұрын де келіп, мақала жазған­быз. Ауылдан күніне 40 тонна ет дайындалып, Алматы, Астана, Қарағанды, Қызылорда бағытта­ры­на жөнелтіледі. Ұлан-ғайыр жер­де отыр-ау деп ойларсыз. Олай емес. Басқа аудандармен са­лыстырғанда алақандай-ақ жер­де орналасқан. Ауылда 54832 бас ірі қара бар. Бордақылауға қойыл­ған. Ал, сауын сиыры – 8475, жылқысы – 12500, қой-ешкісі 61800 мың. Осыншама малдың дені жайылым дегенді көрмейді. Неге? Жайылымдық жер жоқ. Бар жер қоры 1134 гектар болса, соның 2724 гектарында ауыл отыр. Ауыл шаруашылығына ар­налған 7 мың гектардай ғана жері бар ауылдың ең үлкен проб­лемасы – жер. Ауылдың оңайлықпен су бар­майтындай жоғары жағына жо­лыңыз түссе малақ иісі мұр­ныңыз­ды жарады. Кафеге кір­сеңіз де, дүкенге кірсеңіз де. Себебі, барлық үйде дерлік мал борда­қыланады. Алды – 20, соңы 1 мың бұқа, өгізге дейін. Жайы­лым жоқ болса тас жалап семіре ме деп ойларсыз. Балауса көк құрағы жоқ болса да осынша малдың өз қорегі бар. Күнжара, шрот, мақта қауашағы, шитті мақтаның сығындысына сыра зауытының спиртке ашыған бидай қалдығын қосыңыз. Үш мезгіл дәу шелек қоспа жемді жеп алған сиырыңыз шөп іздемек түгілі шала мас болып шал­жайып жатады. Күннен-күнге жонынан маса таярдай семіріп. Әлімжан бар, аудандық ауыл шаруашылығы бастығының орын­басары, өзіміздің Шавхат Құр­маналиев бар ауыл сыртына шықтық. Қарабұлақта жер жетпеген соң ауыл әкімі көршілес Түлкібас ауданының шаруа қо­жа­лығынан бос жатқан жайы­лымдық жерінен 200 гектар жер алып, су шығарыпты. Ауылдың Қарабұлақ деп аталуы жер ас­тынан бұрқырап шығып жатқан бұлағы бар. Көшелерді кесіп ағады. Іскер ауыл әкімі орта иінінен суын бөгеп, су сорғы арқы­лы 4,5 шақырымдық қырға шы­ғарған. Осылайша, мал жайы­лы­мынан басқаға жарамайтын жерді танап-танапқа бөліп тастап, көкөніс егіп жатыр. Күздік бидай өскен алқапта К-700 тракторы жер жыртып жүр. Бергі бетте құжынаған адам ылғал жерге пияз, сәбіз көшетін сіңіріп жатыр. Бұлақ басында самаурынды бұрқыратып қайнатып, жұмыс­шы­ларға шәй демдеп отырған шаруа Рысмат Дехканбаевты әң­гімеге тарттық. Оншақты отбасы әр үйден бес-бестен адам шы­ғарады, несібемізді осылай айы­рып жатырмыз дейді. Өзі алған 1 гектар жердің жартысына пияз, жартысына сәбіз егіпті. Үйінде аздап мал бордақылайды. Қол­дан келетіні осы диқаншылық. Осыдан түскен пайдамен отба­сы­мызды асырап отырмыз. Жоқ десең біреу өз сыбағасынан кесіп бере ме, дейді ол. Маман­дығы электр-монтажшы біржола осы кәсіпке бет бұрған. Ауыл әкімінің өз есебі бар. Түлкібас ауданымен өсірген би­дайының 20 пайызымен есеп айы­рысса, көкөністен түскен пай­­да шаруалардың өзінде қала­ды. Бұларға да оңай емес. Электр қуаты қымбат. Жоғарыға су сорғымен су айдау бір маусымға 3 млн. теңгеге түседі екен. Түлкібастың малдан басқаға қызығы жоқ тусырап жатқан жеріне қызығып жатқан тек бұлар емес. Ауыл тұрғындары ұзын-ыр­ғасы 1 мың гектардай жерді жалға алған. Бұрқырап құйылып жатқан бұлақ суының құлағында тұр­мыз. Әлімжан күрсінеді. Түсініп тұрмыз. – Осы жер Қарабұлақтың меншігі болса анау қырға жүзім егіп тастар едім, жақсы өседі, – дейді ол. – Тамшылатып суаруға да көшуге болар еді, бір күні қожайыны жерімді қайтар десе есіл еңбек, қыруар қаржы желге ұшады ғой. Онысы рас. Біз де ішімізден есептеп көрдік. Түлкібас ауданы­ның шегіндегі осы жерге су келмейді. Тек, жайылымдық қана. Ал, Қарабұлақ су сорғымен су шығарып, көкөніс егіп отыр. Азық-түлік қауіпсіздігін қамта­ма­сыз етіп. Шүршітке беріп жат­қан жоқ, берсе өз отандасы, бауыры. Облыс әкімдігі екі жақ­ты келістіре отырып, жайылым­дық жерден осы ауылға ауыс­тыр­са Қарабұлақтың еңбекқор халқы әлімсақтан бос жатқан жерді бау-бақшаға айналдырып жіберер еді. Жалпы, ойланатын мәселе. Облыс әкімі Асқар Мыр­зах­метов айналымнан шығып қалған 70 мың гектар суармалы жерді қалпына келтірді. Ауыл шаруашылығының өнімділігін кө­теруге білек сыбанып кірісіп жүр. Жер жоқтықтан жайылым­дық жерді өз күштерімен суар­малы жерге айналдырған қарабұ­лақтық шаруаларға осы шетін мәселенің оңтайлы шешілуіне септессе болар еді. Шаруалар алаңдамайтындай ұзақ мерзімді жалға беру болса да. Алақандай жерде отырған Қа­ра­бұлақ ауылының жарты Қа­зақ­станды етпен қамтамасыз ететіндей қауқары барын жоғарыда айттық. Осындағы мал базарына көрші үш-төрт ауданнан жүз­деп мал әкелінеді. Біреуі қайт­пайды. Орта бағасын шығарып, тұта­сымен сатып алатын байпатшалар бар. Тірсегіне сүйеніп әзер жеткен мал екі-үш айда жұнттай болып семіріп шыға келеді. Саумалап сұрамасаң мал баққан шаруа ішкі құпиясын аша бермейді. Тіл-көзден қорқады. Бәсекелес­тердің көбейетін­дігі­нен де қа­уіптенетін болар. Әйтсе де осылардікі дұрыс. Ешкімге ала­қан жаймайды. Жұмыс, кө­мек сұрап әкімдік есігін қақ­пайды. Барқырап арақ ішіп, көшеде жүрмейді. Қыс бойы мал бор­дақылап, көктемнен күзге дейін егіндік басында жүреді. Осы ауылда 12,5 мың Батыр ана бар. Баланы дүниеге әкелу бақыт деп есептейді. – Біздің Қарабұлаққа Манкент, Сайрамдағы ағайындар қызын бермейді, – деп күледі әкім. – Ертеден қара кешке дейін жұмысқа салып қояды деп қор­қады. Ал, бізден қыз алуға бәрі құштар. – Қарабұлақтан қыз алсаң картошкасымен қосып береді деген сөз бар, – деп күледі Шавхат. Түсінікті ғой. Бұл ауылда еңбекке жарағанның бәрі жұ­мыста. Сондықтан уайымсыз. Қа­рын тоқ, көйлек көк. – Елбасымызға рахмет ай­тады шаруалар, – деді қошта­сарда әкім. Еңбек жасаймын деген адамға бәрі бар. Мемлекеттік көмек алып жатыр. Тексерушілер қоқаңдап келе беруді қойды. Жер – біздің анамыз. Басқа не керек. Жұмыссызы жоқ ауылдан кө­ңіліміз тоғайып қайттық. Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылы.