• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Маусым, 2011

Биік тұғырымыз бен өшпес рухымыз

461 рет
көрсетілді

Кез келген мемлекеттің көр­кей­іп гүлденуі сол мемлекеттің төл рәміздеріне құрмет сезімінен өрбитіні белгілі. Тәуелсіз Қазақ­стан Республикасының тұңғыш Пре­зиденті Нұрсұлтан Әбішұлы На­зарбаев өзінің бір сөзінде: «Мем­лекеттік рәміздер – халқы­мыз­дың рухын, ұлттың салт-сана­сын, қаһармандығы мен дана­лы­ғын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер», – деген еді. Олай болса, мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің бет-бейнесі ғана емес, оның тарихы және әрбір адамның өз еліне деген сүйіспеншілігінің белгісі. Сон­дық­тан біздің мемлекеттік рәміздеріміз та­рихтың тылсым тереңінен сыр тартып, бү­гінгі азат елдің асқақ келбетін айшықтайды. Бір жағынан тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері жалпыұлттық сипатты иеленгені де еш жасырын емес. Неге десеңіз, мұндай нышандар эстетикалық талаптарға жауап беріп қана қоймайды, елдің тарихы, саяси, экономикалық арналарынан бастау алады. Осы арқылы жас елдің өз тәуел­сіз­дігін нығайтудағы болашаққа басқан нық қадамын да көрсетеді. Біздің елімізде жыл сайын 4 маусым мемлекеттік рәміздер күні ретінде атап өтіледі. Сонау 1992 жылдың 4 маусымында ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Мемлекеттік рәміздер туралы» Заңға қол қойған еді. Ал, 2007 жылдың 4 маусымында Қа­зақ­стан Республикасын­да­ғы кәсіби және өзге де мерекелер туралы Жарлыққа өзгерістер енгізіліп, бұл күн мем­лекеттік мереке ретінде атала бастады. Меніңше, мемлекеттік рәміздер өзінің көркемдік кейпімен ғана айшықталмай, ел тәуелсіздігінің идея­лық қырларын да аша түсе­ді. Бұл осы елді мекен етіп отырған барша ха­лық­тың бейбітшілікке деген ынта-ықы­ласын ғана білдіріп қоймай, отансүй­гіш­тікке тәрбие­лей­тін құндылықтардың бірі ретінде де бағаланады. Қарап отырсақ, біздің ашық көк түсті туымыз адамдардың бір-біріне деген сенімі мен құрметін де көрсетеді. Таза бояумен бе­зен­дірілген рәміз ел мен халықтың бірлі­гі­нің де нышаны. Ең бастысы – кешегі көш­пелі бабаларымыздың бүгінгі азаттыққа дейінгі ұрпақ жалғастығының арасындағы бай­ланысы да айшықталып беріледі. Тудағы қыранның бейнесі еркіндікті, тәуелсіздікті және биікке қол созған елдікті аңғартады. Ал Елтаңбадағы шаңырақ ортақ үйіміз – Қазақстанның ынтымақ пен бірліктің ошағы екендігін бейнелейді. Өйткені, тілегі бір, ниеті ортақ қазақстандықтар қашанда өзде­рінің ортақ мүддеге құлшыныстарымен та­нылып келеді. Шаңырақ берік болса, елдің іргесі де нық болатыны анық. Біздің мемлекеттік рәміздеріміз тәуел­сіз­дік­тің 20 жылы ішінде Қазақ елін әлемдік қо­ғамдастыққа лайықты ұсынып қана қой­май, ондағы абырой тұғырына төрлете білді. Бұл – баршамыздың еңсемізді биіктеткен қуа­ныш. Сондықтан да Мемлекет басшысы Н.­Ә.Назар­баев елдік істердің ең басты қыр­лары отан­сүй­гіштік құндылықтар екенін баса атап көрсе­туде. Өйткені, біз қашанда бей­бітсүйгіш ел ретінде әлемге танылып келеміз. Көпұлтты елімізде бірлік пен ынты­мақ жарасым тауып, саяси тұрақтылықтың да сақталып отырғандығы жақ­сы­лықтың нышаны деуіміз керек. Осы себепті де біздің отан­дастарымыз мұндай құн­ды­лықтарды ең асыл дүниесі ретінде әспеттеп, теңдессіз құрметпен бағалайды. Неге десеңіз, мемлекеттік рәміздер арқылы біз жас ұрпақты патриоттық сезімде тәрбиелей аламыз. Өз елін шынайы сүйген адам Отан үшін отқа да, суға да түсетіні, оның тыныштығын қор­ғайтыны, ұстанған саясаты мен ізгі істерін жалғас­тыратыны даусыз. Мен осы арада Елбасы Н.­Ә.Назар­баев­тың тағы бір даналық сөзіне жүгінгім келіп отыр. Онда: «Біз тәуелсіздікке аңсап, зары­ғып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастер­леуі­міз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы», – деген еді. Демек, әлемдік қоғамдастықта өзінің жаңа бет-бейнесімен көрініп, жаңа тәуелсіз мемлекет ретінде танылған Қазақстан өзінің ең алғашқы қадамын көк Туын, алтын пырақты Елтаңбасын және елдікке үндеген Әнұранын қабылдап алудан бастауы біздің еліміздің болашаққа шынайы қадам жасауы арқылы көрінуімен ерекшеленді. Өйткені, туған елінің рәміздеріне құрметпен қарау – елдіктің, отансүйгіштіктің, тұтастай алғанда, патриотизмнің шынайы бір белгісі. Олай болса, әрбір мемлекеттік мекеме ел рәміз­де­рін орналастырудың заңды талаптарын қа­таң сақтауы қажет. Өйткені, кейбір мекемелерде мемлекеттік талаптарға сай келмейтін елтаңбалардың ілінетінін де көріп жүрміз. Бұл – өз еліне деген немқұрайлы көзқарас­тың белгісі. Біздің егемендігіміз де елдің мемлекеттік рәміздерінен бастау алмаушы ма еді. Сондықтан, мемлекеттік мекеме басшылары мұндай елдік рәміздерді арнайы лицензиясы бар кәсіпорындарға жасатып алуы – бүгінгі күннің басты бір талабы. Облыс әкімдігі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия биылғы жыл­дың алғашқы тоқсанында бұл бағытта мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бойынша жүйелі жұ­мыстарын жалғастырды. Бұл ретте, басты назар Мемлекет басшысының би­ыл­ғы «Бола­шақ­тың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жол­дауын түсіндіру мен насихаттау мәселесіне де аударылды. Ұрпаққа жол ашқан, Кең байтақ жерім бар. Бірлігі жарасқан, Тәуелсіз елім бар, – делінеді біздің Әнұранымызда. Бұл – елдік пен ерліктің жыры. Бірлікке бастаған мәңгілік жарасымдылықтың ныша­ны. Қазақ елін мекен еткен әрбір ұлт осы сөздерден нәр алып, елін сүюдің шынайы сезіміне бөленсе дейміз. Өйткені, біздің ортақ Отанымыз – Қа­зақстан жүздеген этнос өкілдері мен ұлыстардың ынтымағы жарасқан ошағы бо­лып отыр. Ал, мемлекеттік рәміздер сол ел­дік­тің ырысы мен ынтымағын жарастырады деп сенеміз. Гүлжанар ШӨКЕЕВА, Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы. Ақмола облысы.