• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
07 Маусым, 2011

Гагарин кубогы Өскеменде болды

357 рет
көрсетілді

Өткен аптада Өскеменге Қа­зақстан шайбалы хоккейінің мақ­танышы, әлем, Азия ойын­дары­ның чемпионы Виталий Колесник Гагарин кубогын алып келді. Құрлықтық хоккей лигасы (ҚХЛ) осыдан 3 жыл бұрын Гагарин кубогын ең үздік деген командаға тапсыру жөнінде шешім шығарған. Мәртебелі кубок­ты қатарынан екі жыл Татарстан­ның «Ақ Барс» командасы иеленсе, өткен  жылы башқұрт аға­йын­дардың «Салават Юлаев» коман­дасы жеңіп алды. Ал бұл командада В.Колесниктің өнер көрсетіп жүргені белгілі. Гагарин кубогы күмістен жа­са­лып, алтын жалатылған, сал­мағы 19 кило. Кубокты Өске­мен­ге әкелгендегі мақсат – жастар бойында патриоттық сезімді қа­лып­тастыру. Өскемен бір мақтан­са, өзінің хоккейімен мақтана алады. Қазір Қазақстанның жүзге тарта хоккейшілері шет елдер мен көрші Ресейдің жоғары лига­сы және ҚХЛ-да өнер көрсетуде. Кубок өткен бейсенбі күні Қазақстан-Америка университетіне әкелінді. Одан кейін Император сауда үйінде көрермендер назарына ұсынылды. Шығыс Қа­зақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Восток» ста­дио­нында Виталий Колесникке құр­мет көрсетіп, иығына шапан жап­ты. Ол мыңдаған жастар алдында сөз алып, еліміздің даңқын шы­ғарып жүрген хоккейшіден үлгі-өнеге алу керек екендігіне назар аударды. Сол күні стадионда әннен шашу шашылды. В.Колесник өз сөзінде Қа­зақ­стан хоккейінің келешекте әлем чемпионатында жүлде алуына мүмкіндігі бар екеніне тоқтала кетті. Азия ойындары кезінде Астана мен Алматыда жабық стадиондар салынып, онда болашақ чемпиондардың жаттығып жат­қан­дарын тілге тиек етті. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Өскемен. Суретті түсірген автор. Демеушілік дем берген жарыс Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былтыр жариялаған «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «30 пайызға дейінгі қазақ­стандықтар бұқаралық спортқа тартылу керек» деп міндет қой­ғаны белгілі. Мемлекет басшысының бұл ойын іске асыруда осы күндері еліміздің түкпір-түкпірінде спорттың бұқаралығын арт­тыруға баса назар аударылуда. Қазіргі кезде барлық аудандарда спорттың көптеген түр­лері бойынша жарыстар жиі ұйымдастырылып тұрады. Кейде аудандық, кейде облыстық бә­се­келер өтсе, кей кездері рес­публикалық турнирлердің тұ­сауы кесіледі. Сондай аудан­дар­дың бірі – Алматы облысының Алакөл ауданынан көптеген бел­­ді спортшылардың шыққа­нын жақсы білеміз. Дзюдодан Олимпия ойындарының жүлде­гері Ай­дын Смағұлов, еркін кү­рестен Афина  мен Бейжің Олим­­пиада­сына қатысушы, Азия кубо­гы­ның иегері Бауыржан Ораз­ға­лиев, тай-бокстан әлем чем­пио­натының екі мәрте жүл­де­гері Алмас Сақаев, самбодан әлем чемпионатының жүлде­ге­рі, Азия­ның екі дүркін чем­пио­ны Ерлан Тә­жіков, бокстан КСРО кубо­гы­ның иегері Рашид Валиев, та­ны­­мал желаяқ Бекен Күрең­кеев сын­ды саң­лақ­тар­дың барлы­ғы да осы өңір­дің тү­лектері. Жуырда аудан орталығы – Үшарал қаласында «Алакөл­дің ала добы» атты дәстүрлі жарыс­тың жалауы желбіреді. Оны Бақыт Кәрімов басқаратын «Evgei LTD» компаниясы ұйымдас­тыр­ды. Жалпы, бұл азаматтың мәрт­ті­гі жайында ел арасында әңгіме көп. Ол бизнестен түскен қара­жа­ты­ның едәуір бөлігін қайыр­ым­дылық шараларына жұмсайды. Спорттық жарыстар ұйымдас­ты­рып, дарынды жастарға қамқор қолын созады. Аудандағы әр бапкер, әр спортшы Бәкеңе деген риза­шылығын білдіруден жалық­пай­ды. Кәрімов тек спортқа ғана емес, басқа да салаларды назары­нан тыс қалдырмайды. Мәселен, Талдықорған қаласындағы «Ай­на­лайын» балалар үйін өз қам­қор­лығына алып, қажетті құрал-жабдықтар, киім-кешек, жиһаз ж­ә­не де басқа да заттар сатып алып берген. Былтыр бір топ мүм­кіндігі шектеулі балаларды көл­дің жағасы мен тау бөктеріне апарып, 10 күн бойы тегін де­малтты. Міне, биыл біз сол абзал азаматтың мұрындық болуы­мен өткен жарыстың куәсі болдық. Бұған дейін «Алакөлдің» ала добы бәсекесі үш мәрте ұйым­дас­тырылып, жоғары деңгейде өткен болатын. Оған аудан ау­мағында орналасқан кәсіпорын­дар, мемлекеттік мекемелер, әс­к­ери гарнизондар мен ауыл тұр­ғындары қатысып жүр. Бір айта кетерлігі, жарыстың жүлде­лік қоры да адам қызығарлықтай. Мәселен, биыл­ғы додада бас жүлдені ол­жалаған команда 15 плазма­лық теледи­дар­ға ие болса, екінші және үшінші тұғырға таба­н тірегендерге 15 шаң­сор­ғыш мен 15 DVD берілді. Сондай-ақ, жекелеген қап­тал бо­йын­ша үздік деп танылған ойын­шылар, спорт ардагерлері, спорт жанашылары, осы істің ба­сы-қасында жүрген басқа да азамат­тардың еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Олардың барлы­ғына 30-ға тарта ұялы телефон табыс етілді. Бәске осындай ба­ғалы сый­лық­тар тігіліп жатса, футбол сү­­йер қауым аянып қал­сын ба. Биыл жа­рыс жолына 22 команда шықты. Бар­лығы да жасыл алаң­да жақсы ойын өрне­гін көрсе­ту­ге тырыс­ты. Екі күнге созыл­ған жарыс бары­сын­да топ­тық бә­се­ке аяқ­талып, үшінші кү­ні жүл­де­лі орын­дар үшін өткен бәсе­ке­де бірінші орын­ды «Evgei LTD», екінші орынды Жай­пақ ауы­лы коман­дасы, ал үшінші орын­ды Бес­көл ауылының коман­дасы иеленді. Дастан КЕНЖАЛИН, Халықаралық теңбіл доп турнирі Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің құрылғанына 10 жыл толуына орай 6-10 маусым аралығында әлем жастарының алты құрама командасының (U-19) қатысуымен кеше футболдан халықаралық жасөспірімдер турнирі басталды. Іс-шара өткен жылғы 10 қарашадағы «Қазақстан Республикасының ШЫҰ-ға төрағалық етуінің іс-әрекеттері бағдарламасына» сәйкес өткізілуде. Турнирге Қытай, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан және Қазақстанның екі құрама командасының жас футболшылары қатысып жатыр.