• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
07 Маусым, 2011

Семейде iD Center ашылды

300 рет
көрсетілді

Өркенділік өрісі Соңғы екі-үш жылдан бері «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының бастамасымен еліміздің бірқатар облыс орталықтарында iD Ceпter брендімен көрсетілім залдары ашылған болатын. Облыс орталығы Өскеменде ол өткен жылы ашылған еді. Жуырда 300 мыңнан астам халқы бар Семей қаласында да осындай мүмкіндік туды. Өткі­зіл­ген тұсаукесер рәсіміне «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Қуа­ныш­бек Есекеев мырза арнайы келіп қатысты. Тұсаукесер лентасын қию басқарма төрағасы мен қала әкімі Айбек Кәрімовке құрметпен ұсы­нылды. Тұсаукесер рәсімінің таныстырылымында бас­қарма төрағасы Қуанышбек Бақытбекұлы жобаның басты мақсаты «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы тарапынан көрсетілетін жаңа технологиялар, қызметтер мен сервистер туралы тұрғындардың хабардар болу деңгейін арттыру болып табылады деп атап көрсетті. «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы Семей қалалық филиалы сатып алу бөлімінің бастығы Мұратқазы Мәліковтің айтуынша, бұл бірегей жоба қазақстандықтардың күнделікті өміріне заманауи ақпараттық технологияларды енгізу мақ­сатында жүзеге асырылып отыр. Бұл қазіргі заманғы инфокоммуникациялық технологиялар­дың орталығында әрбір сұраныс иесіне жаңа телекоммуникация қызметтерін пайдалануға, то­лық ақпарат пен мамандардың кеңесі берілетін болады. Көрсетілім залының қызметкері Арай Жұ­ма­ханова да бізге өз қызметтерінің мән-мағынасын тәппіштеп түсіндіріп баққан. Оның туған тілге жүйріктігіне де сүйсініп қалғанбыз. Осы орайда, жалпы акционерлік қоғам бойынша мемлекеттік тілге ерекше көңіл бөлініп келе жатқанын айта кетсек артық болмас. Соның бір айғағындай, көрсетілім залындағы барлық буклеттер екі тілде шығарылғанын байқап тұрмыз. Көрсетілім залының қызметі төрт түрге бөлінген дейді Арай қарындасымыз. Олар – үй, кеңсе, интернет-кафе және медиа-қабырға деп аталады. «Үй» аймағы келушілерді «Triple plaу» концепциясындағы қызметтермен таныстырады. Бұл – тұтынушыларға бір ғана телефон желі жолының негізінде телефония, интернетке кең жолақты қатынау және iD TV цифрлы теледидар қызметтерін ұсыну деген сөз. Сол қызметтің бәрі бір уақытта, бірдей және біріне бірі бөгет жасамай атқарыла береді. «Кеңсе» аймағының қызметі ең алдымен коммуникациялар, яғни интернет, электрондық пошта, телефония, виртуалды мәжілістер. «Кеңсе» - компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арт­ты­руға мүмкіндік беріп, бизнеске арналған ин­фо­коммуникациялық технологиялар мен жаңашыл шешімдер. «Интернет-кафеге» келетін болсақ, басқаша айтқанда конференц-аймақта Wi-Fi техноло­гиясы негізіндегі интернетке сымсыз қатынау қыз­меттерімен танысып, оларды тегін пайда­ла­нуға болады. Залда отырғанда ноутбуктерді, қал­та компьютерлерін, смарт-фондарды пайдала­ну­шы­лар интернетке сымсыз қатынау қызметтерін пайдалана алады. «Медиа-қабырға» – бұл iD TV интерактивті телевизиясының бірегей қызметтерін жария ету. Оның сапасы арнайы сөз етуге әбден лайық. Бүгінгі күні «Қазақтелеком» бекітілген теле­фонияның 3,8 миллион абонентіне қызмет көр­сетеді. Интернет желісіне қатынау қызметін пайдаланушылар саны 2,5 миллион адамға тақап қалды. Оның ішінде 2 миллионға жуығы интернетке кең жолақты қатынау мүмкіндігін пай­даланады. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей.