• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
04 Маусым, 2011

Қазақстан бастамаларының қашанда маңызы жоғары

285 рет
көрсетілді

Жақында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Қ.Сарыбайдың басшылығымен Қазақстан деле­га­циясы Сыртқы істер министрлерінің 16-шы конференциясының жұмысына және Қосылмау қозғалысының 50 жылдығына арналған мерейтойлық кездесуіне қатысты (Бали, Индонезия), деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі. Конференцияға Қосылмау қоз­ға­лысына  мүше 95 мемлекеттің, 14 бақылаушы елдің өкілдері, қа­тарында БҰҰ, ИКҰ, Араб мемлекеттері Лигасы секілді 30-ға жуық халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бар делегациялар қатысты. Конференцияны Индонезия пре­зиденті Сусило Бамбанг Юдойоно сәлемдеме сөзімен ашып, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның делегаттарға арналған жазбаша үн­деуін оқып берді. Форумда сөз сөй­леген делегация басшылары қару­сыз­дану мен халықаралық қауіп­сіз­дік, бітімгершілік, адам құқықтары мен демократия салаларындағы про­грестің өзектілігін қуаттай оты­рып, өркениеттер мен діндер ара­сындағы үнқатысуларды ілгері жыл­жытуға шақырды. Климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі мен көші-қон үдерістері салаларын­да­ғы жағдайларға қатысты алаңдау­шы­лық танытылып, Қосылмау қоз­ғалысына мүше елдердің тұрақты экономикалық даму проблема­лары­на айтарлықтай көңіл бөлінді. Қазақстан делегациясының бас­шысы өз сөзінде Қазақстан Қосыл­мау қозғалысының қағидаттары мен мақсаттарына ортақ­таса­ты­нын және біздің еліміздің тату көршілес және өзара тиімді ын­тымақтастыққа негізделген бейбіт сыртқы саясаты Қосылмау қозғалысына мүше мемлекеттер тарапынан Қазақстанға деген сенімнің артуына ықпал жа­сай­тынын атап өтті. Қ.Сарыбай қа­ты­сушы тараптарды Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Яд­ро­лық қарусыз әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдау туралы бастама­сы­мен таныстырды. Аталған дек­ларацияға сәйкес, барлық ел­дердің ядролық қарусыз әлем­ге біртіндеп жақындауға деген ерік-жігері айқын көрінер еді. Қазақстанның аймақтық ұй­ымдарға қатысуға үлкен көңіл бөлетіні және ЕҚЫҰ, ШЫҰ, АӨСШК мен ИКҰ шеңберінде тиімді әрі жемісті ынтымақтас­тық орнатып отырғаны атап көр­сетілді. Осы орайда қазақ­стандық дипломат 2011 жылғы 28-30 маусым күндері Астанада Ислам Конференциясы Ұйы­мы­на мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлерінің 38-ші ке­ңе­сі өте­тінін хабарлай келіп, Қазақстан өз төрағалығы кезінде ИКҰ мен Қосылмау қозға­лы­сы арасындағы ынтымақтас­тық­ты бірізділікке тү­сіруге ық­пал жасайтындығын көлденең тартты. Конференция өз жұмысы­ның нәтижесі бойынша халық­ара­лық ахуал мен халықаралық құқық мәселелеріне жан-жақты шолу жасалған Қорытынды құ­жат қа­былдады. Онда Қосыл­мау қозға­лы­сының рөлі мен жұмыс әдісте­рі көрініс тапты. БҰҰ жүйесінің институттық ре­формасы мәселе­леріне ерекше назар аударылды. Конференция аясында еліміз Сыртқы істер министрінің орынбасары Қ.Сарыбай бірқа­тар екіжақты кездесулер өткіз­ді. Кездесулер кезінде, Индонезия Сыртқы істер министрі Мар­ти Наталегава, Әзірбайжан Сыртқы істер министрі Э.Мамедьяров, Бруней-Даруссалам Сыртқы істер министрі ханзада Мохаммед Болкиах, Ирак Сырт­қы істер министрі Хошиар Махмуд Зебари, Иран Сыртқы істер министрі А.Салехи Астанада өтетін форумға қатысуға ниет танытып отырғандарын растап, ИКҰ СІМ Кеңесі жемісті өтетініне сенім білдірді. Гвинея Сыртқы істер министрі Бисау Аделино Мано Квета мен Шри-Ланка Сыртқы істер министрі Г.Л. Пейрис, Вьетнам, Колумбия, Сирия, Марокко сыртқы саясат ведомство­ла­ры басшыларының орынбасар­ла­ры өз елдерінің Қазақстанмен саяси байланысты нығайтып, сау­да-экономикалық ынты­мақ­тас­тықты дамытуға мүдделі екендіктерін танытты.