Жақсылықтың бәрі балаларға жасалсын деген қағида бүгінде жалғасын тауып отыр. Панфилов ауданында бүлдіршіндер мен жастарға тамаша тарту ретінде «Жастар» саябағы күрделі жөндеуден өткізіліп, «Жол картасымен» бөлінген 162 млн. теңге толық игерілді. Қуаныштысы – саябаққа Бөлек батырдың есімі беріліп, Ел Тәуелсіздігіне арналған мәдени шаралар осы жерден бастау алып отыр.
Ерте көктемде жас көшеттер отырғызылып, жолға плиткалар төселген. Саябақтың ашылуына халық көп жиналып, Жаркент қаласының тұрғындарына керемет демалыс сыйлады.
– Саябақта бір кездері демалып, таза ауа жұтып өсіп едік. Енді балаларымыз бен немерелеріміз келді. Бұл – балалардың өмірі мен денсаулығына деген тамаша сыйлық. Олар осында қыдырады, уақыттарын көңілді өткізеді, – дейді Жаркент қаласының тұрғыны Ұлжан Сауранбаева.
Бүлдіршіндер де ән салып, би билеп, өздерінің де, ата-аналарының да көңілін көтерді. Жаңарған саябақ қоғамдық-мәдени шаралардың ортасына айналатынын жиынға қатысқандар бірауыздан жеткізіп жатты.
Жергілікті кәсіпкерлер би алаңын ашып, роликтермен сырғанайтын орын салуды жоспарлаған. Саябақта серуен құрып қана қоймай, мәдени-көпшілік шараларды да ұтымды ұйымдастыруға мүмкіндік мол.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.