• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
07 Маусым, 2011

Тағдыр сыйы

603 рет
көрсетілді

Әлқисса, өткен ғасырдың жиырма­сын­шы-отызыншы жылдарында Жуалы өңі­рін­де тепсе темір үзер, қылшылдаған үш жас жігіт дос болыпты. Бір-біріне алдағы бо­ла­шақтарын болжалдап, көкейдегі ар­ман­да­рын айтады екен. Бауыржан: «Мен түбінде әскери адам бо­латын шығармын» деп ай­ны­мас асыл сы­рын ақтарады. Құрманбек: «Ме­нің келешегім қаламның ұшына бай­ланып тұрған сияқты, сірә, журналист болармын» деп өз құпиясын ашады. Сонда үшінші дос ойланыңқырап тұ­рып: «Жарайды, екеуің ар­мандарыңа жетің­дер. Ал мен ауылда қала­мын. Ауылға да адам керек қой. Сендер келгенде ат басын тірейтін бір үй болайын» дей­ді. Мұны айтқан алғаш­қы екеуінен бірер жас үлкендігі бар Сауран­бектің Еркінбегі болатын. Жылдар жылжып, замана белестері бір-бір аунап түсіп, бұлдырап артта қалғанда үш достың да әрқайсысы өз арманына жеткенін, айтқан сөзде тұрғанын көреміз. Сұ­ра­пыл соғыста полк, дивизия басқарған гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының ерлігі елге аңыз болды, өзі әскери ілімнің ғұ­ламасына айналды. Құрманбек Сағын­дықов қазақ журналистикасы мен баспа­сөзі­нің аға буын сардарлары қатарынан даусыз құрметті орынын алды. Елде қалған Еркінбек Сауранбеков те қарап жатпады. Туған ауылы Қошқаратада бала оқытты, ұрпақ тәр­биеледі. Жетіжылдық мектептің дирек­торы болып жүрген жерінен ол да соғысқа аттанды. Майданнан 1942 жылы жараланып оралды. Мүгедектігіне қарамастан жарақаты айыққасын-ақ жау жағадан алған жарадар жұрттың тыныс-тіршілік, қам-қарекетіне бел­сеніп араласты. Аудандық кеңес атқару ко­митетінің жауапты хатшысы, ауатком төр­ағасының орынбасары, одан соң төраға міндетін де қоса атқарып, аудандық атқару комитетін басқарды, жағдайлы болған талай адамға қолдан келген көмегін, естен кетпес жақсылығын жасап, шарапатын тигізді. Сөй­­тіп ауыл-аймақта, мұқым Жуалы өңірінде ел ағасы атанды, сыйлы қонақ келсе алдына ат басын тірейтін, аудан атынан қарсылайтын қаптал дәрежеге жетті. Бауыржан мен Құр­ман­бек туған жерге сағынып ат ізін салған сайын ең бірінші күтіп алатын да, сағыныш мауқын басып, сый-құрметімен шығарып салатын да Еркінбек болатын. Жұрт сонда жарқылдап жайраңдасқан, қуақы қалжың­дас­қан, елдің әңгімесін айтқан үш достың аузына қарайтын. Қыр астындағы келешектен үміттері мол үш достың жастық шақта жасырып-жап­па­ған тағы бір арман-тілегі болған-ды. Олар: «Біздің осы достығымызды кейінгі ұрпа­ғы­мыз, ұлдарымыз мирас етіп жалғастырса екен» дейтін. Үш достың шын жүректен, шын ниеттен бүр жарған бұл тілегін де құдай қабыл еткен сияқты. Үш дос, үш әке ел алдындағы, Отан алдындағы борыш-па­рыз­дарын артығымен адал өтеп, жәннаттан мәңгілік жайларын тапқалы да біраз уақыт болды. Ал, олардың мирасқор ұлдары Ба­қыт­жан, Кеңес және Тельман балалық шақ­та басталған достықтарын әлі күнге дейін қылау түсірмей тік көтере жалғастырып келеді. Дос дейміз-ау, бауыр. Әйелдері абы­сын. Бұл былай тұрсын, олардың балалары, баяғы үш достың немерелері де бір-бірімен дос. Бақытжанұлы Ержан, Кеңесұлы Ғалым, Тельманұлы Ғанилар да өмірде жұптарын жазған емес. Аталарынан қалған, әкелерінен дарыған ұлағат осындай. Балалық шақтың көп жағдайлары Тель­ман­ның есінде. Аудан орталығы Бурный стан­сасында негізінен орыстар, чешендер тұрады. Қазақ бірен-саран. 1000 оқушы оқи­тын мектепте де солай. Мәскеу пойызымен Алматыға өтіп бара жатқан батыр Баукеңді бір көріп, амандасып қалу көп адамға арман. Бурныйда 3-ақ минут тоқтайтын по­йыз­ды басшылар әртүрлі желеумен 10-15 ми­нутқа дейін кідіртеді. Батыр ел жағ­да­йы­нан нақты сұрақтар қояды. Даусы гүрілдеп шығады. Өте қатаң. Тұлғасы зор. Қасым ақын айтқандай, бұл кездесулерде де уақыт тығыз, сөз қысқа. Солай болғасын Баукеңді Ер­кінбек досы бастаған екі-үш кісі Жам­былға дейін шығарып салып, кері қайтады. Сондайда: «Көке, мен де барайыншы» деп қиылып, жеткіншек Тельманның да бір-екі рет ілесіп барғаны бар. Тельман әкесінің үйретуімен Баукеңді де, Құрекеңді де кішкентайынан «папа» дей­тін. Кеңес пен Бақытжан да сөйтті. Соғыс кезінде Құрманбек папасының әйелі Сара апай Бур­ный­да тұрып, аудандық партия комитетінің әйелдер бөлімінде істеді. Сонда Кеңес пен Тельман балабақшаға бірге барды. Бау­кең­нің жары Жамал апай да Бақытжанды ертіп келіп жаз бойы ауылда болады. Одан кейінгі жылдарда да Бақытжан жазғы каникул­дар­ды үнемі ауылда, Тельмандармен бірге ой­нап өткізіп жүрді. Жетінші сыныптан бастап қысқы каникулды Алматыда өткізуге Тель­ман­ға да рұқсат берілді. Сөйтіп ол Бақыт­жан мен Кеңестің қонағы болып келіп тұр­ды. Тельманның бір есінде қалғаны: Бау­кең­дердің екі бөлмелі кішкентай үйі. Батырды кө­руге, сәлем беруге келетін келім-кетім кісіден үй босамайды. Ауылдан келген аға­йын-туған, жай кісілер бір бөлек. Бақыт­жан­мен бірге бір бөлмеде «Лениншіл жас­тың» журналистері Саттар Бөлдекбаев, Кә­кім­жан Қазыбаев, Шерхан Мұртаза, Хайдолла Тілемісовтер жатады. Көңілдің кеңді­г­інен болар, сонда да үйдің тарлығы ешбір білінбейді. Бір күні жаңағы жігіттерді Бау­кең таңғы 5-тен оятып, әй-шайға келтірместен алдына салып айдап әкетіпті. Сөйтсе, сол күні сайлау екен. Баукең жас журналист, жазушы інілерін елдің алды болып дауыс беруге, аза­маттық белсенділікке осылай қам­шылапты. Бұл жай да әлі күнге дейін Тельманның жадында. Жігіт болып, ат жалын тартып мінген шағында сол Бауыржан папасының Тель­ман­ның өзін де қамшылап, соңынан әкелік батасын беріп, ақ жол тілегені бар еді-ау. 1972 жыл болса керек. Ол кезде Тельман Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің идеология мәселелеріне жауап беретін білдей бір хатшысы. Қала сыртындағы «Ал­ма­ты» шипажайында Баукеңмен бір мезгілде демалып қалыпты. «Су керек пе, қы­мы­зы­ңыз таусылып қалған жоқ па» деп папасына Тельман да жанын салып бағуда. Бір күні таңертең Баукең папасы бөлмесіне кіріп келіп, бір буда қағазды қолына ұстатты. Қ­а­ба­ғы қату. «Мынаны пәлен деген баспаға, ал мынаны Жазушылар одағына апарып бер. Бүгін түстен қалдырма. Айда, марш!» деді. Өзінің баласы, хатшылығын қайтсін. Қала алыс. Автобус жүрмейді. Әйтеуір біресе жаяулап, біресе такси ұстап ылаулатып, жарты күн жүріп, қағаздарды айтқан адамдардың қолдарына тигізіп, папасының бұйрығын тап-тұйнақтай етіп орындап, тапсырған жұ­мы­сын орын-орнына келтіріп қайтты. Бұл туралы гвардия полковнигіне дереу «доложить» етуді де қаперінен шығармаған. Ертеңіне шипажай ауласына шықса, Бауыржан папасы үш-төрт атақты кісімен әңгіме соғып отыр екен. Бұл «Асса­лау­ма­ға­ләй­күм!» деп сәлемін беріп, үлкен кісі­лер­дің алдында әдеп сақтап кетуге ыңғайлана беріп еді, Баукең қысқа ғана: «Отыр!» деп гүр ете түсті. «Не боп қалды, не дер екен папам?» деп іші қылпылдағаны да рас. Бі­рақ Баукең салиқалы сабасынан айнымады. Отырған кісілерге Тельманды байыппен таныстырды. Еркінбек деген менің бауы­рым, бір жағынан ағам әрі жан досым, деді. Кешегі соғысқа қатыс­қан. Одан соң аудан бас­шыларының бірі бол­­ған деп және қосты. Шынымен де солай болса да, Баукеңнің аузымен айтылғанда бойды зорайтып, мерейді өсіріп жібереді екен. Ал енді мынау бала, деді Тельманның өзі­не ауысып, сол кісінің ұлы, менің балам. Осы Алматыдағы ЦэКа комсомолдың сек­ре­тары. Мұның алдында 3 жыл Москвада ЦэКа ВЛКСМ-да, Ғани Мұратбаев істеген жерде істеп келді. Баламыздың болашағы зор, дей келе Баукең алғыс-ризашылығына қоса, мұр­ты да жұмсақ жыбырлап мейірленіп кеткендей, ақ баталы ниет-тілегін ақ­тарып салып еді. Осы сәттерде Тельманның бойын да бір нұрлы қуаныш керней жө­нел­ген. Баһадүр Баукеңнің осындай бағасы мен батасын алу шынында да сирек бақыт екен-ау. Үш әкеге телқозы Тельман жақсыға жас­тайынан үйірсек-ті. Қазақ университетінің екінші курсында оқып жүрген. Көзіне бір хабарландыру шалынды. Жазда пионер лагерінде жұмыс істегісі келетіндер комсомол комитетіне келсін депті. Ол кезде үйленген, ақша керек. Төрт ай бойы Алматы төңіре­гін­дегі қаптаған пионер лагерьлерінің бірінде тәрбиеші, вожатый болды. Әр деңгейдегі комсомол басшылары пионер лагерьлерін ара­лап көріп жүрді. Елгезек вожатый көз­деріне түссе керек, сенім артып, бірден Ал­ма­ты қаласындағы Совет аудандық комсомол комитетінің мектеп, комсомол және пионер ұйымдары бөлімінің меңгерушілігіне шақырды. Өмірдегі өнегелі жолы осылай ашылды. Бұл 1962 жыл болатын. Сол кездегі аудандық комсомол коми­теті­нің бірінші хатшысы Болат Баталовты Тельман Еркінбекұлы өзінің қызмет бабын­дағы алғашқы ұстазы санайды. Алматы қа­ла­лық комсомол комитетінің бірінші хат­шы­сы болған тарихта жалғыз қазақ қызы Ғай­ни­кен Бибатырованың жалынды ғибраты әлі күнге көз алдында. Өзі де сондай үлкен тұл­ға­лардың тасасында қалмады. Облыстық ком­сомол комитетінде жауапты қызметкер бол­ған аз жылда бүкіл Алматы атырабын, Жеті­су жәннатын, Талдықорған өңірін, Алатау баурайын армансыз аралап, танып білді. Бұл кездегі әріптестерден жадында жақсы естелік қалдырғаны қазақтың ардақты қыз­дары­ның бірі Мәнура Ахметова. Топшысы бекіп, қанаты қатайған Тельманды енді Ал­матының аса мәртебелі орталық саналатын Совет аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлайды. Бұл жерде екінші тынысы ашылғандай, ұйымдас­тыру­шы­лық қабілет-дарыны жарқырап көрінген Тель­ман Сауранбеков 1968 жылы бірауыз­дан Алматы қалалық комсомол комитетіне жетекшілік етуге лайықты деп танылады. Осы тұста ұстаздық қамқорлық пен жана­шыр­лықты көп жасаған, өміршең өнеге­сі­мен баураған әрі іскерлікке баулыған комсомол жетекшілерінің ішінде Өзбекәлі Жәні­беков пен Ғибатолла Мырзағалиевтардың ықпал-әсері ерекше болғаны анық. Өз­ағаң­ның тау суындай тасқын қайрат-жігері, ұшан-теңіз білімі, ұлттық дәстүрді, қазақ тілін, әдебиет пен өнерді алға шығара сөйлеуі еріксіз тәнті ететін, көңілді еріксіз сол күр­меуі қиын істерге бұрғызатын. «Осы­лармен неге айна­лыспайсыңдар?» деп адамды жеп қоятын жан­кештілігінен осы Телағаңдар да ма­құ­рым қалмай, үлгі алған-ды. Қыранның самғауына кеңістік керек қой. Мұның да сәті ретімен әдемі келді. Одақ комсомолының жетекшісі Евгений Тяжельников Қазақстанға ат ізін жиі салатын. Сондайда мәртебелі мейманды қарсы алу, университетке, АЗТМ сияқты ірі зауыт-кәсіп­орын­дарға апарып, жастармен жүздестіру ас­таналық комсомол жетекшісі Тельман Сауранбековке жүктелетін. Сымдай тартылған сымбатты, сұңғақ бойлы, әдеп-мәдениеті, білім-білігі мол жігіт Евгений Михайловичке ұнап қалса керек, бір күні Тельманды Мәскеуге есеп берсін деп шақыртып алды да, аз-кем әңгімеден кейін өзінің келісімімен ертеңінде Бюрода БЛКЖО Орталық Ко­ми­тетінің жауапты ұйымдастырушысы етіп бекітті де жіберді. Сөйтіп, Баукең айтқандай, Ғани Мұрат­баев істеген жерде екі жарым жыл жүрді. Қа­дағалауына Ресейдің Брянск, Смоленск, Рязань сияқты үш облысын бөліп берді. Жал­пақ Ресейді кеңінен аралап, таза орыс облыс­тарының тыныс-тіршілігін, кейбір ащы шындық суреттерін өз көзімен көр­ді, көп тәжірибе жинады. Үлкен өмір мектебінен өтіп жүргендей әсер алды. Кейбір деревняларда Тельманға «Қазақтар осындай ма еді?» дегендей таңданыспен қарайтын. Бәл­кім, осындай сезімдерді сол жылдарда Мәс­кеуде өзімен бірге істеген, бір үйде бірге тұрған әріптес жолдасы Мұхаметқасым Шә­кенов та бастан кешкен болар. Ярослав облысында іссапармен жүр еді, басшылар телефонмен тауып, Орталық Комитетке жедел шақыртып алды. «Не бол­ды?» десе, Алматыға оралуы керек екен. Елге келген бойдан тура Димаш Ахметұлының алдына алып барды. Димекең: «Мәскеуде қалай істедің? Не көрдің? Не білдің? Қай жерлерде болдың? Жағдайы қалай екен?» деп әрбір жай­ды байыптап әб­ден сұрады. Үлкен кісі сұ­рап та, сынап та отырғандай. Содан соң: «Тельман шырағым, біз өзі­ңе үл­кен сенім ар­тып, республика ком­со­молының Орталық Комитетіне идеология жөніндегі хатшы етіп ұсынып отырмыз. Бұл өте жауапты жұмыс. Сенімнен шыққайсың. Сәттілік тілеймін!» деп жылы раймен шығарып салды. Комсомол Орталық Комитетінің хатшы­сы қызметінде Тельман Сауранбеков осы игі істердің басы-қасында болып, бел орта­сы­нан табылды. Әсіресе шығармашыл жастармен жұмыс жан дүниесін мол қуаныштарға бөлейтін. Жазушылар одағының хатшысы Олжас Сүлейменовпен бірлесіп әр облыста екі жылда бір рет өткізілетін жас ақын-жазу­шылардың семинар-кеңестері бір ғани­бет-ті. Сол жылдарда шыққан комсомол лау­реаттары Мұхтар Шаханов, Әсет Бейсеуов, Мақым Қисаметдинов, Райымбек Сейтметов, Сағат Әшімбаев, Оралхан Бөкеев, Роза Рымбаева, «Досмұқасан», Болат Аюханов жетекшілік ететін «Алматының жас балеті», Нина Жмеренецкая есімдерінің өзі-ақ өнер-мәдениетіміздің өрісін, осы тарапта жүр­гізілген жұмыстың жемісін айғақтап тұр­ған жоқ па. Бірінші хатшы Закаш Қамалиденов, хатшылар Жібек Әмірханова, Виталий Брын­кин, обкомдардың жетекшілері Қуа­ныш Сұлтанов, Владислав Медведев, Евгений Байтеряков, Жәлел Бәкіров һәм бас­қалары ынтымақтаса ұйысып, жұмылған жұдырықтай еді-ау. Ол жылдарда комсомолда шыңдалған кадрлардың партиялық жұмысқа ауысуы заңдылық. Дәл солай болды. Тельман Еркін­бекұлы Алматы қалалық партия комитетінің хатшылығына жоғарылатылды. Алматы – астана. Барлық шығармашы­лық ұйымдар, негізгі қарашаңырақ театрлар осында. Ғылым академиясы, жоғары оқу орын­­дарының көпшілігі осында. Зиялы ақыл-ой әлеуеті осында. Алматы – жастар қаласы. Қала берді, бірталай үлкен өнеркәсіп орын­дары да осында шоғырланған. Әр ұлттан құ­ралған жұмысшы қауымның қатары қалың. Демек, мұнда идеологиялық жұмысқа ерекше көңіл бөлу керек-тін. Алматы бүкіл Қа­зақстанға үлгі шашқаны абзал. Соған қоса денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, мектеп, балабақша мәселелерін ұдайы қадағалап, ба­қылауда ұстады. Бұл тұстағы атап ай­тар­лық бір елеулі оқиға Алматыда Дүние­жү­зі­лік денсаулық сақтау ұйымы сессиясының өт­кізілуі еді. Әсіресе, беделді форумның өтуін бетке ұстап, қаладағы бүкіл аурухана, емхана атаулының материалдық базасы жақсар­ты­лып, жаңаланды, ғимараттар жөндеуден өт­кі­зілді. Ақша бөлгізіп, жаңа құрал-жабдықтар сатылып алынды. Жер шарының жүзден астам елінен, халықаралық ұйымдардан келген атағынан ат үркетін ғұлама ғалымдар мен санаткер дәрігерлер Алматының ден­сау­лық сақтау саласында атқарылып жатқан зор жұмыстарға сонда жоғары баға беріп кеткен еді. Немесе мына бір жайды алайық. Сол кезде бастауыш сыныптар мұғалімдері мен мед­бикелер жетіспейтін. Идеология жөнін­дегі хатшының ұсынысымен қалада бір медициналық және бір педагогикалық училище ашылды. Сөйтіп, сол арқылы екі сала­дағы кадр жетіспеушілігі толастап, жағдай біршама түзетілді. Бұл да Сауранбековтің көп жұрт біліп үлгермеген жұмыс машы­ғы­ның бірі болатын. Алматы қалалық партия комитетіндегі сегіз жылда Тельман Еркінбекұлы бес бірінші хатшымен бірге жұмыс істепті. Әлбетте, оңай емес. Әсіресе, мұндай құбылыс, ауан өзгерісі жүйкеге қиын тимек. Бес біріншінің бесеуі бес түрлі адам. Мінез-құлықтары әр­қилы, жұмыс мәнерлері, басқару әдістері, білім деңгейі мен ой өрелері, тіпті, кісіліктеріне дейін әрбөлек. Міне, Тельман ағамыз осы бес адаммен де өзінің мінсіз адамгершілігінен жазбай, ортақ мүдде жолында тіл табысып жұмыс істесе білгенін айту ләзім. Өз басы осылардың ішінде Федор Иванович Мочалин мен Таупиқ Ғалиұлы Мұхамед-Ра­химовты өте-мөте ардақ тұтып сыйлай­ты­нын да жасырмады. Қалпарткомдағы Әнуар Ба­талов, Шәріп Омаров, Владимир Шепель сын­­ды өнегелі әріптестер де тонның ішкі бауындай сыралғы жолдастарға айналған-ды. Қала мен облыс қатарласа, қанаттаса жұ­мыс істейді ғой. Сол жылдарда обкомның бас­шы­сы Кеңес Аухадиев пен идеология жө­ніндегі хатшылары Ізбасар Балтағұлов­тың, Шәмша Беркімбаеваның өнегесі де көп болды. Тельман Еркінбекұлы өзінің осындай аза­маттық ұстанымынан Мәскеуде әңгіме­лесу­ден өтіп келіп, екі жыл Орталық Коми­теттің шетелдермен байланыс бөлімінің мең­герушісі қызметін атқарғанда да ай­ныған жоқ. Ал, КСРО Министрлер Кеңесі жа­нын­дағы дін істері жөніндегі Кеңестің Қазақ КСР-ы бойынша уәкілі болған жыл­дар­да дін қарындасқа қарлығаш қанатымен су сепкендей септігін тигізіп бақты. Тағ­дыр­дың жазуы шығар, осы қызметке үш мәрте ора­лып соқты. Біз екі жағдайды ғана бөліп айтайық. Мәскеудің қарсылығына қар­а­мас­тан, ескі мешіттің 100 жыл бұрын салын­ға­нын көлденең тартып әрі Министрлер Кеңе­сі­нің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қол­­дауына арқа сүйеп, Алматыда жаңа мешіт құрылысын бастатып жібергені бар. Одан соң бір бетке шіркеу нәрсе, Қазақ­ста­н­да қази ғана болып, дін істері түгелімен Ташкенттегі Орта Азия мұсылмандарының дін басқармасына қарайтын. Тельман Еркін­бекұлы намысқа тиетін осы мәселеге де хал-қадерінше қозғау салды. «Бұлай болмайды» деп соңғы түйінді сөзді тағы да Нұрсұлтан Әбішұлы айтқан. Сөйтіп, Қазақстанда дербес мүфтилік ашылып, құрылтайда ел мұ­сыл­мандары өз мүфтилерін сайлап алған-ды. 1990 жылдың сәуірінде Жоғарғы Ке­ңес­тің сессиясы Н.Ә.Назарбаевты ел Президенті етіп сайлады. Осыған байланысты Президент Аппараты жасақтала бастады. Нұр­сұл­тан Әбішұлы шақырып алып, азаматтарды қабылдау және хаттар бөлімінің меңгеру­ш­і­лігіне ұсынды. Бұл кісі бұрын мұндай жұ­мыста істемеген, тәжірибесі жоқтығын ай­тып еді, Елбасы: «Қазіргі уақытта бұл өте жауапты әрі керек жұмыс. Қазір партиялық органдарға ешкім арыз жазбайтын болды. Мұң-мұқтаж, шағымдарын Президентке, тікелей маған жазып жатыр» деп шегінер жер қалдырмады. Сөйтсе, бұл шынында да аса күр­делі әрі өте қажетті іс болып шықты. Ел­басы жеке өтінішпен келген азаматтар қабыл­дау­ларын өте мұқият өткізетін. Ресмилікті қоя тұрып, келген адамның аман-саулығын, отба­сы жағдайын жылы қабақпен сұрап, сонша­лықты қарапайымдылық пен сергектік таны­татына былайырақ қасында отырған Тельман Еркінбекұлы да тәнті бо­лу­шы еді. Сонда көп мәселелерді облыс әкім­деріне, министрлерге, басқа да тиісті адамдарға тапсырма беріп, қолма-қол шешіп жіберуші еді. Елбасы тап­сыр­масының орын­далуын Аппарат басшысы Нұртай Әбіқаев­пен бірге Тельман Еркінбек­ұлы да ізін суыт­пай қадағалайды, өтініш-арыз­дарға байла­ныс­ты барлық мәселелерді өзіне тән мұ­қият­тылықпен әрі талапшылықпен тұ­рақты бақылауда ұстайтын. Осында жи­нақ­таған бай тәжірибе кейін Ақмоладағы жаңа астана байтаққа 1997 жылдың желтоқ­са­нын­да ел­дің алды болып көшіп барып спикер Өмірбек Байгелдиге серіктесіп, Парламент Сенаты аппаратының жалпы бөлімін басқар­ған кезінде де кәдеге асқан болатын. Соңғы жеті-сегіз жылдан бері зейнеткер Тельман Еркінбекұлы халықаралық «Игі­лік-С» қайырымдылық қорының жұмысын ықтиятты жүргізіп келеді. Шын мәнінде игілікті де ізгілікті, шарапатты іс. Мүге­дек­терге, қарттарға, жетім балаларға киім-кешек, азық-түлік, дәрі-дәрмек түрінде көр­сет­кен нақты көмегі үшін сол адамдардан, Алматы қаласының әкімдігі тарапынан алып жүрген алғысы да аз емес. Үш достың, үш әкенің телқозысы болып өскен, бүгінде ақсақал жасы жетпіске жеткен Телағаң сол әкелер ұлағатын жиі еске ала­ды. Елге жақсылық жасаудан жаз­бай­ты­ны да сол әкелерден дарыған қасиет болар, бәлкім. Бауыржан әкесінің темірдей тәртібі былай тұр­сын, жазу-сызудың адамы бол­ғаны­мен, Құр­ман­бек папасының да талабы қатаң болатын, бос белбеу босандықты ұнат­пай, қолма-қол тыйып тастайтын. Әкелердің көкірегі тұнық, сыры терең еді. Бұл күнде өзі­нің немере-шөберелеріне сол әкелер қа­сие­тін дарытуға тырысады. Телағаң да, Ба­қыт­­жан мен Кеңес ағалар да атадан балаға, одан немереге ұласып ауысқан Момышұлы, Са­ғын­дықов, Сауранбеков әулеттерінің туыс­тық, достығын әкелерден қалған мұра, қым­батты қазына байлық деп есептеп, көздің қарашығындай сақтауда. Жар қосағы Мейіржан Мұқажан­қызы­мен шаңырақ көтергеніне де жарты ғасырдың жүзі болыпты-ау. Ол кісі өмір бойы екі-ақ же­рде: Ғылым академиясының химия инс­титуты мен аграрлық университетте істеген. Ғылым кан­дидаты, доцент. Қазірде отба­сы­ның ұйытқы берекесі, екі ұл, бір қыздан өрбіген 9 немере мен әзірге 4 шөберенің сүйікті әжесі. Ордалы отбасында қуанышты той. Тельман Еркінбекұлына Елбасының құттықтауы келді. «Қызметтес болып, бірге жүрген кездеріміз менің де есімде. Еліңе қызмет етіп, бала өсіріп, осындай жасқа келу – бұл тағдырдың сыйы» деп мөлдіретіп ақ қағазға өз қолымен жазыпты Нұрсұлтан Әбішұлы. Бір кезде қызметтес болған серікке амандық, саулық, отбасына зор бақыт тілепті. Иә, осыдан артық не керек. Елбасы айтса айтқандай, осындай тағдыр сыйы бұйырған Тельман ағаның байырқалы бақытына әркім-ақ қызыға қарағандай емес пе. Қорғанбек АМАНЖОЛ.