Көктемгі дала жұмыстарын енді аяқтап, демін бір алып отырған диқандар тілегіндей болып, Қостанайда ақ жауын құйсын-ай келіп. Бірақ табиғаттың осы құбылмалы мінезі Қазақстан патриоттарының «Менің Қазақстаным!» форумына көлденең тұра алмады. Жылы жаңбыр жүздерін жуып тұрған жастар «Қазақстан, алға, биікке самға!», «Менің Отаным – Қазақстан!», «Біз біріксек, алынбайтын асу жоқ!» деп ұрандатады. Рәміздер күніне орай осымен төртінші рет өткізіліп отырған Патриоттар форумы Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына тұспа-тұс келді.
1991 жылы туған жастар биыл жиырмаға толды. Алаңға келіп тұрған да негізінен тәуелсіздігімізбен құрдас қыз-жігіттер болатын. Форум қонақтардың А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті алдындағы ұлт ұстазы, Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынов ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан бастау алды. Бұл заңды еді. Халқының қамын, елінің бостандығын, еркіндігін ойлап, «ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» деп алысқа көз тігіп, ой орманында отырған Ахаң бейнесі еліміз патриотизмінің нағыз символы тәрізді. Қазақстан Патриоттары форумына Қазақстанның Мемлекеттік Елтаңбасының авторлары Шота Уәлиханов пен Жандарбек Мәлібеков, Қазақстанның Мемлекеттік Туының авторы Шәкен Ниязбеков келді.
– Елімізде Рәміздер күнінің қабылдануы – біз үшін үлкен байлық. Жастар, сіздер елдің тарихын терең білулеріңіз керек. Ахаң ұстанған идеяларға адал болыңыздар, – деді Қазақстан Гербі авторларының бірі Шота Уәлиханов. Ол осы ескерткіш алдында өзінің толқып тұрғанын да жиналғандардан жасырған жоқ. Жаңа ғасыр табалдырығын аттағанда белгілі мүсінші марқұм Төлеген Досмағанбетов екеуі ғалым, күрескер, қайраткер Ахаң бейнесін сомдаған осы ескерткішті жасап шыққан еді. Ол бүгінгі ұрпағына рухани нұр шашып тұрған тәрізді.
Ахаң атын алып отырған Қостанай мемлекеттік университеті ұжымы жастардың осы шарасында белсенділік танытты. Ректор Асқар Наметов бастамасымен еліміз рәміздерінің авторлары білім ордасына шақырылып, оларға құрмет көрсетілді. Шота Уәлиханов пен Жандарбек Мәлібеков қаланың зиялы қауым өкілдерімен риясыз әңгіме-дүкен құрды. Тәуелсіз елімізді асқақтатып тұратын мемлекеттік рәміздердің өмірге жолдама алуы оп-оңай болған жоқ. Ол Парламентте бекітілгенше қысталаң жолдардан өтті. Кеште рәміз авторлары осы айтыла бермейтін жайды зиялы қауым өкілдерінің сұрауына байланысты сырдай етіп айтып берді.
– Жобаны депутаттар алдына алып келгенде киіз үй (шаңырақты айтады) қалайша Гербте бейнелеуге болады, оны қалай еліміздің символы етіп аламыз деген келеңсіз пікірлерді де естідік. Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы келді жанымызға. «Не істедіңіз?» деп сұрады. «Тұлпардың мүйізіндегі алмалы-салмалы сақиналарды түсіндіріп жатырмын», дедім. «Тұлпардың мүйізі не істеді сендерге? Мүйіздегі жеті сақина қазақтың жеті атасын білу, ата-бабаны құрметтеу ұғымын білдіреді. Жәке, дұрыс», деді. Солай дау-дамайға бергісіз пікірлерге нүкте қойылды, – деді Мемлекеттік Герб авторларының бірі Жандарбек Мәлібеков.
№1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде сол күні Қазақстан боксының жасындай жарқырап өткен жарық жұлдызы, марқұм Бекзат Саттархановтың ата-анасы Сейілхан Саттарханұлы мен Сырлыкүл Шойбекова жас спортшылармен кездесті. Секең мен Сырлыкүл осы форумға шақыру алғанда ерекше толқыған. Он бес жасынан бастап қолына былғары қолғап киген Бекзат 1996 жылы он алты жасында Қостанайда жасөспірімдер арасындағы өткен республикалық чемпионатта жеңімпаз болып, өзінің спорттағы жеңісті жолдарын осы Тобыл бойынан бастаған екен. Содан төрт жылдан кейін Сидней Олимпиадасында чемпион болып, еліміздің көк байрағын Австралияға бар назарын аударып, көз тігіп отырған төрткүл дүние алдында желбіретпеп пе еді. Бекзат десе елең етпейтін кім бар. Бекзаттың ата-анасын іздеп келіп суретке түсіп жатқандар да болды. Спорт мектебінің балалары да оларды ынтыға күтіп отырды.
– Бекзат елінің нағыз патриоты еді, – деді Сейілхан аға жас спортшылармен кездесуде. – Оны ол ісімен де, сөзімен де дәлелдеп кетті. Өзімен пікірлескен «Хабар» арнасының тілшісіне: «Аға, мен осы жеңісімді қасиетті Түркістан қаласының 1500 жылдығына арнайтынымды жазыңызшы!» деген екен. Сондай-ақ республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясында болғанда ол пікір кітабына: «Түркістандай қасиетті жерде туғаныма мың да бір рахмет айтамын. Ұлттық рухы мықты елдің еңсесі де биік болады. Ел намысы – менің намысым!» деп жазыпты. Жиырма жасында Бекзат ағаларың спортта биік тұғырды бағындырып, осындай жалынды сөздер айтып кетті. Сендер де спортты серік етіңдер, намысты болыңдар, айналайындар!
– Ұлымыздың табаны тиген жерге жеткенше асықтық. Қостанай бүгін маған ерекше ыстық. Бекзатым үш олимпиадаға қатысып, чемпион боламын деп айтатын еді. Ол арманына жеткізбей, Алла өзі алып кетті ғой. Тағдырдың ісіне не шара... Мені кейінгі балалардың, Бекзаттың інілерінің жеңістері қуантады. Бір тілегім – оның алғаш жеңісті жолы басталған Қостанайда Бекзатты еске түсіретін жарыстар өтіп жатса деймін, – деді Сырлыкүл Шойбекова.
Патриоттар форумына келген делегаттар күнұзаққа Қостанайдағы әсем орындарды, музейлерді аралады. Тарихи-өлкетану музейінде болған «Қостанай облысы жастарының «Алтын кітабы» жобасының тұсаукесері еліміздің барлық облыстарынан келген белсенді жастардың барлығына да ұнады. Өйткені, бұл Қазақстанда тек Қостанайда ғана қанат қаққан жастар жобасы болатын. Жыл сайын күзде оқуда да, өнерде де, еңбекте, жалпы өмірде үздік табыстарға жеткен, айналасына үлгі болатын жастарды «Алтын кітапқа» тіркеу салтанатты түрде өткізіледі. Олардың арасында ғалым да, студент те, жұмысшы да, ерлікке парапар әрекет етіп, адамдарды ажал тырнағынан алып қалған қарапайым азаматтар, түрлі мамандық иелері бар. Бес-алты жылдың ішінде «Алтын кітапқа» есімі алтын әріптермен ойып жазылған «алтын жастардың» саны 117-ге жетті. Олар – еліміздің болашағы, үкілеген үміті.
– Патриотизм дегеніміз жастардың нақты ісі болуы керек. Бұл орайда қостанайлық жастардың, құрбы-құрдастарымыздың үлгі алатындай игілікті шаралары бар екен. Қызылордада өзім жетекшілік ететін «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы көп жұмыстар жүргізіп отыр. Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыратын үкіметтік емес ұйым болып саналамыз. Жастардың азаматтық белсенділігін арттыру керек, олар көш соңынан ілеспей, көшті бастауы керек. Қазақстанның барлық жастарының басын қосып отырған форумнан алған әсеріміз жақсы. Біз қызылордалық жастар осы форумға өз ұсынысымызды да айта келдік. Рәміздер күні төртінші рет республикалық деңгейде аталып отыр. Мұны жылына осылай бір рет қана атап қоймай, жергілікті жерлерде мемлекеттік рәміздерді ұлықтау жұмыстары жыл бойы жалғасын тауып жатса деген тілек бар. Ендігі жылы патриоттар форумының басталғанына бес жыл толады, соған сәйкес келесі 2012 жылды Мемлекеттік рәміздер жылы деп атаса, бұл көптеген іс-шараға мұрындық болар еді, – дейді Қызылорда облысынан келген делегат Жандос Тұсмағанбетов.
Форум тек той тойлауға келгендей кезекті шаралардың орны ғана болмай, ой түюге мүмкіндік бергені қуантты. Жастардың арасында сол жастар тәрбиесімен айналысып жүрген ұстаз, философия ғылымдарының докторы, Ақмола облысы делегациясының мүшесі Раушан Көгенова да жүр.
– Заманның, уақыттың өзгеруі қоғамда, адамдар арасында түрлі жаңа қарым-қатынастар алып келеді. Сондықтан жастардың отансүйгіштік сезімінің селкеу тартпауы үшін оларға тек тәрбие керек. Патриоттық тәрбие беру ісінің көкейкестілігі де сол. Мұндай форумдар өте керек. Бірақ басқосуларда еліміздің әр шалғайына келген жастар етене араласуы қажет. Әр делегация шоқ-шоқ болып, өздері жүрмеуі тиіс. Келешекте форум шеңберінде жарыс не байқау сияқты делегаттардың араласуына мұрындық болатын шараларды да қамтып отырса жақсы болар еді. «Жылқы кісінескенше, адам түсініскенше» деген емес пе қазақ. Патриотизм – ең алдымен адами қасиетті дамыту деген сөз, жастар алдымен бірін бірін сыйлайтын, бірінің бірі қадіріне жететін, бірін бірі жақсы көретін болуы керек. «Отанды сүю – иманнан» дегеннің түбі осында жатса керек, дейді Раушан Нұрханқызы.
Келесі күні форум жалғасын тапты. Оның жұмысына Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Парламент депутаттары, әдебиет, өнердегі белгілі тұлғалар арнайы келіп қатысты. Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған жалпыұлттық шаралар жоспарын жүзеге асырып жатқан Қостанай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы ырғақты сипат алған. Экономиканың дамуы әлеуметтік саланың өркендеуіне жол ашып отырады. Мәдениет министрі бастаған мәртебелі қонақтар форум салтанатының алдында облыс әкімі Сергей Кулагинмен бірге Қостанай қаласындағы бірнеше әлеуметтік-мәдени нысандарға бас сұқты. Мұхтар Құл-Мұхаммед алдымен Ы.Алтынсарин атындағы жасөспірімдер кітапханасына келді. Өткен ғасырдың басында орыс көпесінің атқорасы болған ол бүгінде балалардың рухани нәр алатын ошағына айналған. Соның барлығы да ғимаратқа екі жыл бойы жүргізілген жөндеу жұмыстарының арқасында мүмкін болды.
Мұнан кейін министр М.Горький атындағы орыс драма театрына келді. Жалпы, Қостанай қаласының орталығында өткен ғасырларда салынған тарих куәгеріндей архитектуралық ескі құрылыстар баршылық. Театр соның біріне орналасқан болатын. 1913 жылы ағаштан салынған үй кейін бірнеше рет жаңартылған. Алайда Кеңес Одағы жылдарынан бері жөндеу жұмыстарын көрмеген ғимарат бір емес, екі ұжым – драма және қуыршақ театрларына тарлық ете бастаған еді. Республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға өткен жылы ғимарат ине-жіптен шыққандай қайта жөнделді. Архитектор мамандар оны жөндеп қана қойған жоқ, оған қосымша зал да қосты. Енді бүлдіршіндердің Қуыршақ театры жаңа, арнайы залға ие болды. Министр театрдың сән-салтанатына ризашылығын білдірді.
І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры өткен жылы өзінің онжылдық мерейтойын атап өткен еді. Үлкен жиындар, концерттер өткізуге лайықталған ғимараттың драма театр ерекшелігіне сәйкес келмейтіндігі қатты білінетін. Өткен жылдың күзінен бастап Қостанай қаласында қазақ драма театры жаңа ғимаратының құрылысы басталды. Еліміз еркіндігінің, тәуелсіздігінің арқасында Серке, Елубай, Қапан сияқты қазақ театр өнерінің іргетасын қалаған алыптардың кіндік қаны тамған өңірде енді Еуропа мен Азия сәулет өнерінің нышандарын біріктірген театр үйі бой көтереді. Қазір құрылыс жұмысы қызған кез. Амандық болса, күзде облыстық қазақ драма театры жаңа шығармаларын көрерменіне жаңа ғимаратта ұсынатын болады.
– Қостанай – Ыбырай Алтынсарин сияқты қазақтың алғашқы ағартушы ұстазының, Ахмет Байтұрсынов сияқты ұлтымыздың ұлы қайраткерінің, Міржақып Дулатов сияқты ұлы ақынының отаны. Сондықтан Қостанай жерінде міндетті түрде қазақ драма театры болуы керек. Кеңес заманында бұл жерде қазақ театры атымен болмаған. Арқалық қаласында ғана театр болды. Қазір Елбасының тікелей тапсырмасымен Қостанайда тұңғыш рет қазақ драма театрының ғимараты салынып жатыр. Сөйтіп, Ахаңның, Жақаңның отанында қазақ өнерінің қарашаңырағы бой көтерейін деп отыр. Біз бұған қуаныштымыз, деді министр.
Қазақстан патриоттарының ІV форумының салтанаты өткен Қостанай қаласындағы Спорт сарайы үш жүзден аса делегаттар мен қостанайлықтарға лық толды. Мемлекеттік рәміздер күні тек Қостанайда ғана емес, «Менің Туым!», «Менің Гербім!», «Менің Гимнім!» атты акция Қазақстанның барлық облыстарында өтті. Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың терең тарихын, өшпес рухын, ұлттық салт-дәстүрлерін, ерекше елдік белгісін білдіретін үлкен құндылықтар. Осыдан 19 жыл бұрын Президент Жарлығымен тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік символдары бекітілді. Содан бері ол еліміздің жаңа тарихының жарқын беттері болып қосылды. Салтанат еліміздің Әнұранымен ашылды.
Осы шараға келген Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед жастар алдында сөз сөйледі.
– Отан деген Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Герб пен Мемлекеттік Гимннен бастау алады. Олардың қасиетін қадірлеу арқылы егемен еліміздің отансүйгіш азаматтары, патриоттары қалыптасады. Бүгінгі басқосуға арнайы келген жастардың дені Тәуелсіздік құрдастары. Сіздер елдің болашағысыздар, мемлекеттің ертеңісіздер. Тәуелсіз мемлекеттің негізін салушы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен туған еліміздің көркейіп, гүлдене беруі үшін қайрат көрсетіп, ерен еңбек үлгісін көрсететін сіздер боласыздар, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде Мемлекеттік рәміздер рухани-адамгершілік, қоғамдық-саяси және философиялық мәнге ие болып келеді. Рәміздер – мемлекеттің бет-бейнесі. Аса көрнекті көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың дара саясатымен 20 жылдың ішінде орасан табыстарға жеткен елді сырт көз алдымен осы рәміздері – Туы, Гербі, Гимні арқылы таниды.
Мұхтар Құл-Мұхаммед Тәуелсіз мемлекетте Елбасының бастауымен жүзеге асырылған жеткен жетістіктерге тоқталып өтті. Ең алдымен еліміздегі бейбітшілікке, тыныштыққа жетер ештеңе жоқ. Осыдан жиырма жыл бұрын, тәуелсіздіктің елең-алаңында-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың даналығымен Қазақстан қуаттылығы жөнінен әлемде төртінші орын алатын ракеталық-ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартып және жер жүзіндегі ең ірі ядролық полигонның бірін жапты. Ал бүгінде біздің ел дүниежүзіндегі жаппай қырып-жоятын қаруды тоқтату, қысқарту үдерісінде басты көшбасшы деңгейіне жетті.
Тәуелсіздік алғаннан кейін еркін экономикалық қатынастарға қол жеткіздік. Соның арқасында экономикамыз дамыды, әлеуметтік тұрмысымыз жақсарды. Жақын жылдары әлемдегі алпауыт елдердің өзін бір тарының қауызына тыға келген қаржы дағдарысынан Қазақстан қиналмай өтіп келеді. Көптеген дамыған елдерде дағдарыстың салдарынан әлеуметтік шығындар қысқартылды, кәсіпорындар жабылды. Ал Қазақстан ағысқа қарсы жүзді. Осы жылдар ішінде елімізде көптеген кәсіпорындар ашылды. Міне, енді Елбасының бастамасымен үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама жасалып, соның шеңберінде республикада көптеген ірі жобалар жүзеге асты. Өткен жылдың өзінде Қостанай облысында осы бағдарлама бойынша он жоба өмірге жолдама алды. Ол дегеніңіз – ірі кәсіпорындар, құс фабрикалары, мал бордақылау алаңдары, сауын фермалары! Онда жүздеген адамдар жұмыс орындарын тапты. Үстіміздегі жылы берілетін жобалар да мұнан аз емес. Ал мұндай дамудың сабағы жетілген ағаштың гүлдейтіні сияқты, әлеуметтік әдемі астары да болатынын да айтып өтті Мұхтар Абрарұлы. 2000 жылдан бері Қазақстанда денсаулық сақтау мен білім беру салаларына жұмсалған қаржы он есеге артты. 750 жаңа мектеп, 450 емхана мен аурухана, бес мыңнан астам мектепке дейінгі мекеме мен балабақша ашылды. Арқа төрінде аққудай қанат қағып, өсіп келе жатқан ару Астана Тәуелсіз Қазақстанның қуаты мен болашағының символына айналды.
– Осы биік мінберден Елбасымыздың «Болашақ» бағдарламасының түлектеріне айтқан бір ауыз сөзін бүгінгі жиналған отансүйгіш патриот жастардың есіне салғым келіп тұр. Нұрсұлтан Назарбаев: «Бізге ХХІ ғасырда қалай жұмыс істеу керек екенін білетін адамдар керек. Ішкі және халықаралық үдерістерді терең талдай алатын мамандар, мемлекеттік мүддені өз мүддесінен биік қоятын патриоттар керек. Кім Қазақстанды сүйсе, сол – патриот. Кім шынайы құндылықтарды таныса, сол – патриот, ал ол құндылықтар – адалдық, ар-ұят, адамгершілік, дәстүрге беріктік, Отанға деген махаббат және оның өркендеуіне қызмет ету», деген еді. Қазақстанды отаным дейтін әр жас Елбасының осы өсиеті үдесінен шығуға тырысады деп ойлаймын және соған тілектеспін, – деді министр.
Көңілдерді шаттыққа толтырған форум салтанатында биыл бірінші рет «Жыл патриоты» құрмет белгісі бірнеше аталым бойынша тапсырылды. Ол алдымен Мемлекеттік рәміздер авторлары Жандарбек Мәлібеков, Шота Уәлиханов, Шәкен Ниязбековтің кеудесіне тағылды. Сонан кейін өмірде ерлік қимыл көрсеткен, ғылымда, оқуда тамаша табыстарға қол жеткізген жастар ие болды. Олардың арасында Тараз қаласындағы көп қабатты үйде шыққан өрттен 5 жасар қызды құтқару үстінде құлап, екі қолын бірдей сындырса да баланы аман алып алған 25 жастағы Санжар Боздақбаев, Алматы облысының Райымбек ауданындағы Шалкөде ауылында болған өртте 5 жастағы баланы аман алып қалған 14 жасар Жандос Ілияс, қазақ тілін жетік меңгерген, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының бағдарлама жүргізушісі Мая Веронская, туберкулезге қарсы 6 түрлі дәрі-дәрмектің инновациялық жасалу технологиясын ойлап тапқан 30 жастағы Дмитрий Хрусталев, Азия ойындарының күміс жүлдегері, боксшы Иван Дичко, тағы басқалар бар.
Форум салтанатында Қазақстанның көк байрағын ұстаған жастар шерулетті, залдан аспан кеңістігі түстес тулар алаңсыз желбіреп тұрды. Халқымыздың жүрегін намыс, жігер кернегенде көңілдегі қуанышы аузынан жалын атқан өлең болып шығады.
Ал көңіл толқынын өлеңмен жеткізген Елтаңба авторы Шота Уәлихановтың айтары тіпті қанатты сөзге айналып кеткендей:
«Отаным – байтақ дала,
Сәулетті, сәнді қала.
Отаным – асқар тау,
Көгерген бақша бау.
Отаным – шексіз теңіз,
Байлық пен бақыт егіз.
Отаным – сұлу ән,
Жайқалған алтын дән.
Отаным – болат темір,
Қайнаған қызу өмір.
Отаным – айтар сөзім,
Отаным – менің өзім!» – деп қайырды ағамыз. Осы ой форумға қатысқан әркімнің жүрегінде кеткен тәрізді. Ал қазақ эстрадасының жұлдыздары Ескендір мен Біржан Хасанғалиевтар, Меруерт Түсіпбаева, Алмас Кішкенбаев, Нұрболат Сейтмұратов, Ибрагим Ескендір, «Ринго», «Орда» топтары шырқаған патритоттық әндер жүректерді баурады.
Форум эстрада жұлдыздарының форум үшін арнайы жазылған әнұранды айтуымен аяқталды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.
Патриотизмді қалай түсіндіресіз?
Гүлдана Нұрпейісова, Қазақстан Патриоттары партиясы орталық аппаратының жетекшісі:
– Патриотизм деген сөзге еліне, халқына, жеріне деген сүйіспеншілік ұғымдары сыйысып кетеді. Негізі жұрттың барлығы да жалпы патриотизм ұғымын түсінетін секілді. Әңгіме еліміздің, мемлекетіміздің патриоты болуда, оны қалыптастыруда болып отыр. Мемлекеттік рәміздерімізді жас ұрпақ шынайы жүрегімен жатқа білуі керек. Жасыратыны жоқ, бұрындары еліміздің мемлекеттік рәміздеріне оншалықты көңіл бөлінбейтінін байқайтынмын. Қазір Әнұран шырқалғанда жас өрендер дереу оң қолын жүрек тұсына апарып, өздері оны бірге шырқап тұрады. Қандай ғажайып сәт десеңші! Әркімнің көңілі толқиды, жерге, елге деген жақсы көру сезімі өрекпиді жүректе.
Жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу үшін осы форум сияқты шаралар керек. Мемлекеттік рәміздерге құрмет сезімін насихаттауда осындай форумдардың маңызы үлкен. Бұл жастарды ғана емес, барша қазақстандықтарды рухани өсіреді. Біздің жеріміз бай. Ал рухани бай адам – еліміздің байлығы. Міне, патриотизм!
***
Бақытжан Ертаев, Халық Қаһарманы:
– Патриотизмнен Отанды бөліп қарауға болмайды. Екеуі – егіз ұғым. Ал ер бала Отан үшін туады. Біздің тарихымыздың өзі патриотизммен басталған тарих. Патриот адам ең алдымен өз Отанының тарихын білуі керек. Өткенге көз жүгіртсек, Қабанбай, Наурызбай сияқты қазақ даласындағы көптеген батыр бабаларымыз осы ұлтарақтай жер үшін жан қиюға дайын болған. Олар осы ұлан байтақ жерді ұрпақтарының алақанына салып кетті. Қазір Қазақстан жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы, Азияда үшінші орын алады.
Аристотель: «Ой, жастар бұзылып кетті!» деген екен. Жоқ, жастар бұзылып кеткен жоқ, олар өз заманына сәйкес өмір сүріп жатыр. Тек аға ұрпақ тарапынан тәрбие, жастар идеологиясы болуы керек. Біз ауылдағы ақсақалдардың тәрбиесін көрдік. Батыр Бауыржанға қарап өстік, олар біздің адастырмас темірқазығымыз болды. Қазіргі жас балаларға «Отан үшін оқимыз, Отан үшін еңбек етеміз!» деп ант қабылдатса, жастар идеологиясы дегеніміз осылай қалыптасар еді.
***
Ғарифолла Есім, ғалым, Парламент Сенатының депутаты:
– Патриотизмнің негізін саясаттан іздемеу керек, ол – тарихи, мәдени ұғым. Әр адам шыққан тегін, халқының өмір салтын, дүниетанымын бойына сіңіріп өмір сүруі, қазіргі заманның ағымына ілесіп, ізгілікті түсініктерді бойына жинап, ертеңгі күннің кәдесіне асатындай ізгілікті іс жасауы керек. Өткен күн, бүгін және болашақ – уақыт кеңістігінің үш өлшемі. Адам тек өткен тарихты аңсай берсе, ол патриотизм болмайды, келешекті қиялдап тағы өмір сүре алмайды. Ал өткенді білмей, келешекті ойламай тап қазіргі уақытта тағы да патриот бола алмайды.
Рәміз – тарихты, бүгінді, болашақты, яғни уақыт кеңістігінің үш өлшемін біріктіру деген сөз. Болған, болып жатқан, болатын істің мағынасын символ дейміз. Тәуелсіз еліміздің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны сол символдың мағынасын береді. Өйткені, рәміздер болмаса ел болмайды. Кеңес Одағы кезінде еліміздің толыққанды рәміздері болған жоқ. Сондықтан тәуелсіз еліміздің рәміздерін құрметтеу керек. Патриотизм дегеніміз осыдан шығады. Жастардың адал сезімін тәрбиелеу керек, еліміз рәміздерін жас ұрпақтың қанына сіңдіру керек. Патриотизм деген осы.
«Мен ерлік жасаған жоқпын, азаматтық парызымды ғана орындадым»
– дейді қызылағаштық Қазбек Сепсуев
Қостанайдағы республикалық Патриоттар форумына алғашқылардың бірі болып Алматыдан Қазбек Сепсуев жеткен еді. Ол өткен жылы осы облыстың Қызылағаш ауылындағы жойқын су тасқынында 180 ауылдасын қауіпсіз жерге шығарып, аман алып қалған болатын.
– Қазбек, бір сәтте қырықтан аса адамның өмірін жалмаған су тасқыны кезінде ерлікке пара-пар қимыл көрсеткеніңе дүйім жұрт риза болып, атыңнан айналып отырды. Жүз сексенге жуық ауылдасыңды су тасқынынан қалай құтқардың?
– Ең өкініштісі, ауылға жойқын су түн ортасында келді. Апат күндіз орын алғанда, жағдай жеңілдеу болар ма еді. Көмір, отын тасып күн көріп жүрген жүк мәшинеме адамдарды толтырып, мінгізіп алдым да ауылдың сыртына он алты шақырымдай жерге апарып түсіріп тастадым. Олар Талдықорғанға дейін жеткізіп таста деген болатын, мен оларды тоқтаттым. «Осында қалыңыздар, мен ауылдан хабар алайын», дедім. Сөйтіп қайтып келсем, апаттың боларына ауылдастардың көзі анық жеткен, абыр-сабыр, асып-сасқан, айқай-шу күшейген. Мен өз отбасымдағы шешемді, қарындасымды, апайымды және көршілерді, әйтеуір мәшиненің қорабына сыйғанынша мінгізіп алып, ауылдың сыртындағы биік жерге тағы апарып тастадым. Бірінші рейстегідей алысқа апаруға уақыттың тарлығын да түсіндім. Сонымен, алты рет қатынап үлгердім. Осылай ауылдастарды жанталасып тасып жүргенде ауылды жойқын күшпен келіп ұрған тасқын су да келді, мен өзім зорға шығып үлгердім. Минуттар ғана тағдырымды шешті...
– Сен ауылдастарыңның ажалына араша бола білген ісіңді бүгін ерлік деп бағалайсың ба?
– Мен ерлік жасаған жоқпын. Мен ауылдастарымның алдындағы азаматтық, балалық, бауырлық парызымды ғана орындадым. Апат туралы алдын ала ескертілгенде, бір адамды да ажалға бермес едік. Көптеген азаматтар тасқын судың кейінгі зардабы туралы кеңірек ойлай алмай қалды. Қайтейік, тағдырдың ісі солай болды. Менде сол сәтте тезірек адамдарды қауіпсіз жерге шығарудан басқа ой болған жоқ. Ауылға қайтып кіргенше, көшеде абдырап шулап жүрген ауылдастарды тезірек мәшинеге мінгізгенше асықтым. Егер туған-туыстарымды ғана ауылдың сыртына шығарып, жанар-жағар майды шығынсынып, ауылға қайта бармай қойғанымда, менің азаматтығым, жігіттігім қайсы? Ауылдастардың бетіне қалай қарар едім? Апат келіп, өлім мен өмір айқасып жатқанда ер-азамат мұнан басқа не істеуі керек еді? Өзімнің өміріме қауіп барлығын мен ойлап үлгергенім жоқ ол кезде. Ерлікті ешкім жоспарламайды. Оған жүрегіңмен дайын болуың керек. Мені Төтенше жағдайлар министрлігінің медалімен марапаттады. Бірақ мен үшін басты награда – аман қалған ауылдастарымның ақ батасы.
– Өзің патриотизмді қалай түсіндірер едің?
– Еліміздің әр азаматы патриот болуы керек деп ойлаймын. Осы елде тұрып жатқан кім болса да мемлекетке адал болуы керек. Мемлекеттік тілді білуі керек. Бұл – патриотизм. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын бірлікте болуымыз керек. Бұл – патриотизм. Өзің өскен ауылды, қаланы, елді сүю керек. Осының барлығы да патриотизм. Орыс мектебін бітірдім. Бірақ мемлекеттік тілде жақсы сөйлеймін. Оның сыртында ана тілімді – чешен тілін, дәстүрін жақсы білемін. Патриотизмнің баламасы – жақсы көру деген шығар.
– Қазбек, Патриоттар форумы көңіліңнен шықты ма?
– Мен, біріншіден, мұндай алқалы жиынға алғаш қатысуым. Сондықтан ұсыныс айтудан тыңдауым басым болды. Форумның өткізілуінің өзі насихат қой. Соған ризамын.
– Рахмет. Өзің де, елің де, ауылың да аман болсын деп тілейміз.