• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Маусым, 2011

Салмағы ауыр сала бойынша атқарылған жұмыстар мен болашақ жоспарлар жайы сараланды

410 рет
көрсетілді

Кеше Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Қазақстандағы мәдениет саласының дамуы жайлы жан-жақты баяндап, атқарылған жұмыстар мен болашаққа жоспарланған міндеттер шоғырын тізбектеп өтті. Ең алдымен, ұлт мәдениетінің бүгінгі жай-күйіне арналған Үкі­мет сағатын ұйымдастырып отыр­ған Парламент Мәжілісіне зор алғысымды білдіремін, деп сөз бастаған Мұхтар Абрарұлы Мемлекет басшысының, Үкімет пен Парламент депутаттарының ерекше ықыласының арқасында мәде­ниет саласы үшін 2010 жыл аса нәтижелі болғандығын атап өтті. Мәдениет саласының бүгінгі күнге дейінгі қол жеткізілген нақ­ты нәтижелері мен жетістіктерін, даму көрсеткіштерін әңгіме өзегіне айналдырған министр бірінші кезекте Елбасының тап­сыр­масымен қабылданған «Мә­де­ни мұра» стратегиялық жоба­сына тоқталды. Бұл ретте атап өтерлігі, жоба іске асырылып келе жатқан жеті жыл ішінде 40 археологиялық және 26 ғылыми-қолданбалы зерттеулер жүр­гізі­ліпті. Олардың барлығы ғылымға мыңдаған артық артефакттар берген. Мәселен, Қытай, Моңғолия, Ресей, Египет, Түркия, Жапония, АҚШ және Батыс Еуропа елдеріне жасалған ғылыми-іздестіру экспедицияларының нәтижесінде елімізге 5 мыңнан астам тарих, этнография, өнерге қатысты құн­ды мұрағат құжаттары қай­та­рыл­ған екен. Бұл ұлт тарихындағы «ақтаңдақтардың» орнын тол­тыру ісіне аса зор серпін берді, деді бұл турасында министр. Бұдан кейінгі кезекте әңгіме ауаны мәдени кеңістікте айтар­лық­тай орын алатын тарихи ес­керткіштердің жай-күйіне бұ­рыл­ды. Министрдің сөзіне сүйенсек, «Қазқайтажаңғыру» РМК күші­мен тарихымыз бен мәде­ние­ті­мізге аса маңызды 73 ескерткіш қайта қалпына келтірілген. Оның ішінде Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Тамғалы ар­хеологиялық кешені ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне енгізілгенін айта кеткеніміз жөн. Бұған қоса, 2010 жылғы реставрациялық жұмыстардың нә­­тижесінде шетелдегі 2 ны­санға, республикамыздың 12 облысын­да орналасқан 19 ескерткішке, Да­маскідегі Әз-Захир Бейбарыс сұлтан кесенесіне де ауқымды қайта қалпына келтіру жұмыс­тары жүргізіліпті. Мәдениет ве­домствосы басшысы өзінің сө­зінде тарихи маңызы бар басқа да ескерткіштерге қатысты басы қай­ырылған жұмыстардың шоғы­рын айтып қана қоймай, бола­шаққа жоспарланған міндеттерді баяндап берді. Өзінің баяндамасы бары­сын­да Мәдениет министрі елдегі мә­де­ни мұраларымыздың инфрақұ­ры­лымы кеңейіп жатқанын атап өтті. Мәселен, соңғы 3 жылдың ішінде екі мемлекеттік мұражай – Алматы облысында «Есік» және Шығыс Қазақстан облысында «Бе­рел» қорықтары құрылса, Астанада ТМД кеңістігінде балама­сы жоқ классикалық опера және балет театрының, Ұлттық мұра­жай­дың құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Мәдени мұраларды түгендеу бағытында және осы төңіректегі  бағдарламаны іске асыру жылдары Қазақстанның та­рихына, археологиясы мен мә­дениетіне қатысты 1 миллионнан астам тиражбен 442 аталымды кітаптар жарық көргені де тілге тиек етілді. Отырыс барысында «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асы­ру бағытындағы «Қазақ­фильм­нің» рөлі де айрықша аталды. Мәселен, «Мәдени мұраны» іске асыру жылдарында қалпына келтірілген тарих және мәдениет ескерткіштері туралы 10 фильмнің түсірілімі аяқталса, «Ұлттық мұ­ра» деректі фильмдер циклы бой­ынша арнайы фильмдер шыға­рыл­ған. Ал жалпы, жоба аясында 20 фильм жасалған екен. Мәдениет министрі Мәжіліс депутаттарын қазақтың дәстүрлі музыкасы мен мәдениетінің үлгі­ле­рін жүйелеу және оларды ха­лық пен болашақ игілігіне ай­нал­дыруға қатысты ауқымды жұ­мыс­тар жүргізіліп жатқанынан да хабардар етті. Мұхтар Абрарұлы сәті келгенде Парламент депутаттарына «Қазақфильмге» қатысты айтқан сындары үшін де алғысын білдіре келе, бұл сыннан тиісінше қо­рытынды шығарылып қана қой­май, бүгінде ұлттық киноның жаңа сапалық деңгейге көтеріл­ге­нін де тілге тиек етті. Мұхтар Құл-Мұхаммед, со­ны­мен қатар, театр өнерін дамыту, отандық мәдениетті шетелдерде таныту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар барысына да тоқталып өтті. Оның айтуынша, егер, ел тәуелсіздігіне дейін әлем­дік опера классикасы негізінен орыс тілінде орындалса, қазір олар түпнұсқа тілінде қой­ылып келеді. Сөз орайында министр соңғы уақытта депутат­тардың арасында, опера мен балет өнерін бағалаушылардың қатары өсе түскенін алға тар­тып, депутаттық корпусқа отан­дық опера мен балетті қолдап жат­қандары үшін алғысын жеткізді. Мәдениет министрінің баян­да­масындағы енді бір сүбелі мә­селе – тіл саясаты саласындағы басы қайырылған жұмыстар бол­ды. Бұл ретте М.Құл-Мұхаммед 2010 жылдың басты қорытын­дысы – 2001-2010 жылдарға ар­налған Тілдерді дамыту мен қол­данудың мемлекеттік бағдарла­ма­сын іске асыруды аяқтау мен келесі онжылдыққа жаңа бағдар­лама әзірлеу мәселесін жан-жақ­ты саралап өтті. Баяндамасының қорытынды­сын­да министр Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойына байланыс­ты Мемлекет басшысының Жар­лы­ғымен тарихи датаны атап өту­дің тұжырымдамасы мен жос­пары, сондай-ақ, мерейтойлық медаль туралы Жарлығы әзірле­ніп, бекітілгенін айтты. Министрдің баяндамасынан кейін Мәжіліс депутаттары мәде­ниет саласының жұмыстарын оң бағалап, өздерін  қызықтырған сау­алдарын қойды. Депутат­тар­ды, әсіресе, елдегі тіл саясаты,  ономастикалық жағдай тол­ған­дыратындай көрінді. Мәселен, Мәжіліс депутаты Розақұл Хал­мұрадов министрге еліміздің мә­дениет саласының дамуы туралы жан-жақты ақпарат бергені үшін алғысын білдіре келе, тілдерді  дамыту мен қолға алудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының басты мақсатын қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне толық ие бо­луына, мемлекеттік тілді Қазақ­стандағы этносаралық тіл болу дәрежесіне қол жеткізу деп белгілегеніміз дұрыс болады деген ойын жеткізді. Сондай-ақ, ол қазақ тілінің қолданысында бар барлық терминдер қамтылған терминологиялық сөздіктің жай-күйі төңірегінде сауал қойды.  Алғашқы сұраққа жауап берген министр бағдарламаның депу­тат­тық корпустың қатысуымен жан-жақты талқыланып жасалғанын, себебі ол таразы басын тең ұс­таған, Қазақстанның басым көп­ші­лігі қолдайтын бағдарлама екенін атап өтті. Ал екінші сауалға жауап берген министр жалпы алғанда өзінің терминдерді келсін-келмесін қазақшалай беруге қарсы екенін, яғни  аударма мәселесіне терең мән беру қа­жет­тігін жеткізді.  Осылай дей келе, М.Құл-Мұхаммед министрліктің қолға алуымен 2013 жылға дейін қазақ терминдерінің 30 том­ды­ғын шығару көзделіп отырғанын айтты. Ал Мәжіліс депутаты Зейнолла Алшымбаев: «Біз бүгін мәде­ниет саласына өзінің жан-жү­ре­гімен, ынта-жігерімен берілген бас­шысының баяндамасын тыңдай отырып, берілген жауап­тарға көңіліміз толды. Сондық­тан, жүйелі жүргізіп отырған жұмысыңызға сәттілік тілейміз», – деді. Солай дей келе, ол республика көлеміндегі тарихи және мәдени маңызы бар, бүгінде ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізіміне енгізілген ескерткіштердің жүйеленуі мен жай-күйіне қа­тысты өз ойын білдірді. Депутаттарды толғандырған сұрақтардың әрқайсысына мұ­қият жауап берген министр: «Сіздердің бұдан ары да қолдау көрсетулеріңіздің арқасында мәдениет саласының белсенді дамитынына сенімім мол», деп сөзін түйіндеді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.