Елбасының тапсырмасымен өмірге келген «Балапан» бағдарламасы мұнайлы өңірде жүйелі түрде жүзеге асып, көпшілік көңілінен шығып келеді. Олай дейтініміз, облыста биылғы мерекелі жылы бүлдіршіндерді балабақшамен қамтуды 100 пайызға жеткізу межеленіп отыр. Осынау уәде үдесінен көрінудің бір дәлелі, жуырда бір күнде екі балабақшаның есіктерін айқара ашуы болды.
Бір атап айтарлығы, Ақшұқыр ауылындағы 140 орындық «Бәйтерек» атты әсем балабақшаны салуға Түпқараған ауданындағы мұнай компаниялары бірлесе қаржы аударыпты. Және олар бүлдіршіндердің жан-жақты болып өсуі үшін қажетті құрал-жабдықтар сыйлап, музыкалық және спорт залдарын заман талабына сай жабдықтауға да көмектескен.
Ал Мұнайлы ауданындағы Қызылтөбе-2 ауылында 280 орындық «Балбөбек» балабақшасының ашылуы көпшілікті қуанышқа бөледі. Екі салтанатты сәтке де облыс басшылары қатысып, бүлдіршіндерге сый-сияпат жасаулары да құптарлықтай болды.
Жоламан БОШАЛАҚ.
Маңғыстау облысы.