Азия чемпионатында тағы бір боксшымыздың жолы болмады. Финалға берілер жолдама үшін 64 килода сынға түскен Бекдәулет Ибрагимов жеңіліске ұшырады.
64 килода жартылай финалға дейін алқынбай жеткен Бекдәулет Ибрагимовтің ақтық сынға шығуға толық мүмкіндігі бар еді. Алайда, оның қарсыласы – өзбек Икболжон Холдаров бірде қолының ұзындығын, бірде аяғының жылдамдығын пайдалана отырып, жерлесімізден басым түсті. Бекдәулет бізге берген арнайы сұхбатында: «Мен шаршаған жоқпын. Қарсыласым қолы мен бойының ұзындығын пайдаланып отырды. Онымен тағы кездесер болсам, басқа тактика ойластырып шығамыз. Екеуміздің жекпе-жегіміз тең дәрежеде болды деп ойлаймын. Енді бұл жеңілісті ұмытып, әлем чемпионатына дайындықты бастауымыз керек», – деді. Алмас МАНАП, «Егемен Қазақстан». Ташкенттен