• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
09 Маусым, 2011

Дәнекер елдің дидары жарқын

374 рет
көрсетілді

                  Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумына қатысушылар Қазақстанның табыстары мен халықаралық араағайындық рөліне осындай баға берді Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұл­тан Назарбаевтың қатысуымен Астанада басталған 7-ші Бү­кіләлемдік Ислам экономикалық форумының (БИЭФ) сал­танатты түрде ашылу рәсімі болды. Оған Ислам әлемі­нің 50-ге тарта елдерінен және Ислам халықаралық ұйым­да­рынан көрнекті тұлғалар: саяси және қоғам қай­рат­кер­лері, бизнес өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар жиналды. Форумға келген қонақтардың арасында Джибути Республика­сы­ның Президенті Исмаил Омар Гелле, Индонезия Республика­сы­ның Вице-президенті доктор Боедионо, Малайзия мен Тәжік­стан­ның премьер-министрлері Наджиб Сри Дато Тун Абдул Разак, Акил Акилов, Қырғызстан, Ирак, Бруней-Даруссалам елдерінің үкі­мет басшыларының орын­ба­сарлары Омурбек Бабанов, доктор Руза Нури Шауиса, Дато Падука Аванг Хажи Бин Апонг, Ислам даму банкінің президенті, доктор Ахмет Мохаммед Әли, БИЭФ қорының төрағасы Тун Муса Хитам, Малайзия, Ливан, Нидерланд Корольдігі мен Пәкс­танның бұрынғы премьер-министрлері Абдулла Ахмад Бадави, Фуад Синиора, Вим Кок, Шаукат Азиз және көптеген елдердің министрлері мен ханзадалары бар. Форумның салтанатты ашы­луы­на жиналған қонақтар Нұр­сұлтан Назарбаев бастаған әр ел­дің осындай көрнекті тұлғаларын үлкен қошеметпен, қол шапа­лақ­тап қарсы алды. Ислам әлемінің өз дәстүрлері мен құндылықтары бар. Соған сәйкес форум ашылар тұста ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, Астана қаласының Бас имамы Қа­ли­жан қажы Байырбекұлы сал­танат­ты рәсімге бата беріп, Құран оқыды. Форумдағы алғашқы сөз кезегін дәстүрлі рәсім бойынша БИЭФ қорының төрағасы Тун Муса Хитам алып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде мәртебелі қонақтар мен жиналған қауымды форумның ашылуымен құттықтап, Қазақ­стан мемлекетінің басшысы, әлем та­ныған көрнекті саяси тұлға Нұрсұлтан Назарбаевқа Ислам әлемі­нің ең үлкен басқосуының өтуіне қолайлы жағдай туғыз­ғандығы және осы форумға қа­тыс­қандығы үшін зор алғысын жеткізді. Қазақстан халқына рахметін айтып, үлкен игілік тіледі. Тун Муса Хитам өз сөзінің басым бөлігін Қазақстан Респуб­ликасының жетістіктеріне арна­ды десе де болады. Бұл реттегі сөзінің бісмілләсін 1991 жыл­дың со­ңында еліміздің тәуел­сіздік алуы­нан бас­таған Ислам халықаралық ұйым­ның басшысы 1997 жылы тәуелсіз елдің басты ордасының Алматы­дан Астанаға көшіріл­ген­дігіне ерекше тоқта­лып өтті. Мен өз тәуелсіздігіне ие бол­ғанына көп уақыт өтпеген ел аз жылдардың ішінде мұндай үлкен табыстарға жетеді деп ойламаған едім. Бүгін соны көріп таңқал­дым. Сіздер өздеріңізде бар та­биғат ресурстарын орынды пайдалана біліп, соны материалдық игілікке айналдыра алған екенсіздер. Қазақстанның қазіргі жан-жақ­ты даму қарқыны осыны көрсетіп отыр. Сіздердің қол жеткізген табыстарыңыз жалғыз ма­териалдық жетістіктермен шектелмейді. Қазіргі күні Қазақ­станның әлеуметтік салаларында үлкен реформалардың жүзеге асы­рылып жатқандығын, мың­да­ған жастардың шет елдерде оқып, озық білімді игере баста­ған­дығын мен біліп отырмын. Жастарды оқу-білімге ұмтыл­ды­ру, еңбекке баулу – үлкен өнегелі іс. Осыған қарап, құрметті Президент Нұр­сұлтан Назарбаев мыр­за, мен Сіз­дің өз халқыңызға барынша адал қызмет істеп жат­қа­ныңызды пай­ым­дап отырмын, деп Елбасына деген үлкен құр­метін білдірді. Мұнан кейін Тун Муса Хитам Қазақстан өз тәуелсіздігіне ие болған кезден бастап сыртқы әлем­ге есігін айқара ашқан­дығы­на, соның нәтижесінде көптеген елдерден инвестициялар тарта білгендігіне, әлемдік саяси кеңіс­тікте дербес субъект ретінде жаңа пайда болған мемлекеттің өз алдындағы тілдік, діни кедергілерді ілкімділікпен сәтті еңсер­гендігіне тоқталып өтті. Қазақ­стан қазіргі күні шын мәнінде жаһандық экономикалық даму­дың даңғыл жолына шықты. Сырт­қы әлеммен саяси, эконо­ми­калық, мәдени қарым-қатынас­тарын дұ­рыс жолға қойып, ел ішінде татулыққа, халықтардың, ұлт пен ұлыстардың бірауызды­лығына жетісті. Бұл назар ауда­рып, үлгі тұтып, үйренерлік жетістік, деді. БИЭФ қорының төрағасы мұнан кейінгі сөзінде көне Жібек жолының бойында орналасып, түрлі өркениеттерді, үлкен мемлекеттерді бір-біріне жалғап жат­қан Қазақстан қазірдің өзінде түрі, діні бөлек, бірақ тілегі бір, ұстанған мақсаты ұқсас елдердің береке аралы секілді әлем халық­тарын ортақ үнқатысуға шақыру­шы елдердің біріне айналған­ды­ғын, бұған өз жетістіктерімен үлгі болып отырғандығын айта келе, «Сіздердің елдерді біріктіреміз деген ниеттеріңізге біз де қосыламыз. Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумының кезекті басқосуының өзі Қазақстан жерінде өтуі де мұны дәлелдей түседі», деді. Сонымен қатар, Астанадағы форумның бұл оты­ры­сын қарапайым сөзбен айтқан­да кеңес құрып, ақыл қосу, ортақ шешімдерді іздестіруге бағыттал­ған семинар, әрі Ислам әлемінің жетістіктерін көрсетуге негізделген жәрмеңке деп атады. Осы ретте форумның өтуі үшін бір­қатар уақыттар бойы жемісті жұ­мыс істеген форум хатшылығына үлкен алғысын жеткізді. Хатшы­лық жұмысының ауыртпалығын көбінесе қазақстандықтар көтер­ді. Қазақ жастары қашан да болсын түйткілді мәселелері, ұсақ-түйегі көп болып келетін осы ұйым­дастыру жұмыстарына атсалысып, көп көмек көрсетті. Олар үшін осы­ның өзі үлкен мектеп, бола­шаққа қажетті тәрбие көзі, деді. Форум жұмысын өзі жүргізіп отырған БИЭФ қорының төр­аға­сы Тун Муса Хитам сөз кезегін Қа­зақстан Республикасының Пре­­зиденті Нұрсұлтан Назар­баев­қа берді. Құрметті форумға қатысушы­лар! Қадірлі қонақтар, Ханымдар мен мырзалар, деп бастады өзінің сөзін Қазақстан Президенті. Әлемнің әр қиырынан келген мәртебелі мей­мандарды Қазақ жерінде қарсы алғаныма өте қуаныштымын. Мұ­­сылман әлемінің саяси және іскер жетекшілерінің Астанадағы алқа­лы басқосуы еліміздің Ислам Кон­ференциясы Ұйымына төр­аға­лығы қарсаңына орайлас өтуде. Жетінші форумды Астанада өткізуге шешім қабылдағаны үшін Бүкіләлемдік Ислам эконо­ми­калық форумы қорына, оның төрағасы Тун Муса Хитам мыр­за­ға шын жүректен алғысымызды айтамыз. Міне, Еуразия төріндегі әсем Астана әлемдік қауымдастықтың іргелі орталығына айналып келеді. Өткен бір айдың өзінде Астана он мыңнан астам қадірлі қо­нақты қабылдады. Елордамызда IV Астана экономикалық форумы мен Еуропа Қайта құру және даму банкін басқарушылардың 20-шы жыл сайынғы мәжілісі өтті, деді Мемлекет басшысы. Қазақ халқының ислам әлемімен қарым-қатынасы қадым замандардан тамыр тартады, деп жалғады сөзін Президент. Біздің байтақ даламызға Ислам діні бұ­дан мың жылдан астам уақыт бұ­рын келді. Жаратқан Иеміз Қа­зақ­станға аса бір жомарттықпен тағылымды тарих, қолайлы гео­гра­фиялық мекен берген. Осы­лай­ша, елімізге ислам мен батыс өркениеттері арасында достық диа­логқа дәнекер болудың тамаша мүмкіндігі туғызылған. Бар­ша­ңыз білесіздер, ХХІ ғасырдың жаңа онжылдығы мұсылман үм­беті үшін ауыр сынақтармен бас­та­лу­да. Әлемдік қаржы дағ­дарысы, азық-түлік импортына тәуелділік, жастар мәселесі және басқа да түйткілді жәйттер Сол­түс­тік Африка мен Таяу Шығыс елдерінде бұрын-соңды болып көрмеген дүрбелең туғызды. Тунис пен Мысырдағы саяси режім­нің ауысуы, Ливия ұшыраған гу­манитарлық зауал жүздеген мың босқындардың пайда болуына әкеліп соқтырды. Әлемнің өзге өңір­лері қарқынды дамып жат­қан­да, көптеген мұсылман елде­рінің көштің соңында қалуы анық байқалды. Бір жарым мил­лиард­қа жуық адамды құрайтын ислам дүниесі бүгінде мызғымас тұтастық құрай алмай отыр. Осылай деген Нұрсұлтан Назарбаев келесі кезекте Ислам ді­нінің діңгегі біртұтас екені бәрі­мізге ақиқат болып табылатынын атап көрсетті. Бірақ ислам әлемі даму үлгілерінің анағұрлым қай­шылығы бар әр түрлі аймақты қам­тиды. Сол үшін, ислам әлемі ту­ралы пікір айтпас бұрын, мұ­сыл­ман қоғамының қазіргі даму жолдарын түсініп алу керек деп санаймыз. Ислам дүниесіндегі үш стратегиялық бағытты бөліп айтуға болады. Бірінші стратегия – инер­ция­лы даму стратегиясы. Өкінішке қарай, соңғы кездегі оқиғалар консервацияның ерте ме, кеш пе апатқа ұрындыратынын көрсетті. Екінші стратегия қазіргі қо­ғамның құрылымдарын жоққа шы­ғарып, өткенге түбегейлі қай­та оралу үрдісіне негізделген. Бұл нұсқа тіпті кейде осы заман­ғы саяси және экономикалық ахуалдың нормала­рын да толық жоққа шығарады. Ал үшінші стратегия ислам әлемін модернизациялауға бағыт­тал­ған. Бірақ оны өзге үлгілерді талғамай көшіретін қарабайыр­лық тұрғысынан түсінуге бол­май­ды. Исламда «Кез келген іс­тің мұстақым – орта тұсы ең тәуі­рі болып саналады» деген тағы­лымды қағида бар. Қазіргі дү­ниедегі модернизацияланған ислам стратегиясы – міне, орта тұс дегеніміз осы, деді Қазақстан басшысы. Содан кейін Президент Ис­ламның өзі дін ретінде ешқандай дағдарысқа түспейтінін атап өтті. Бұл – қазіргі дүниедегі ең қар­қын­ды тарап келе жатқан дін. Ислам дүниесінің бірнеше аймақ­тары дағдарысты бастан кешіруде. Қоғамды модернизациялау ис­ламның өзінің негіздерін бұр­ма­лау деген сөз емес. Ислам қоғамын модернизациялау қажет­тігі айқын байқалып отыр. Бұл алдымен технологиялық, ғылыми және экономикалық дамуға бай­ла­нысты. Мұны тек ақиқатқа көз жұма қарайтындар ғана жоққа шығара алады. Әлем тұрғындарының бестен бір бөлігін құрайтын мұсылман әлемі өзінің экономика саласын­да­ғы әлеуетіне мүлдем сай келмейді. Мысалы, үлкен сегіздіктің ішінде мұсылман үмбетінен бір­де-бір ел жоқ. Бұл – ислам эко­но­микасының әлемдік ауқымдағы нақты салмағының айқын көрі­нісі. Үздік жоғары оқу орын­дары­ның алғашқы жүздігінде қан­ша ислам мемлекеттерінің уни­верситеттері бар? Ислам дү­ниесінің ішінен соңғы жиырма жылда жаратылыстану және техника ғылымдары саласы бойын­ша Нобель сыйлығының қанша лауреаты шықты? Ислам әле­мін­де қанша жаһандық технология­лық инновация өмірге жол ашты  деп сауал тастады қатысу­шы­ларға Қазақстан Президенті. Біз бұл сауалдарды алдымен өзімізге қойып, таяу болашақта лайықты жауабын беруіміз қажет деп санаймын, деді айтылған мә­селеге орай Нұрсұлтан Әбішұлы. Исламның кейбір сыншылары ислам дүниесінің көп бөлігінің басқа аймақтардан артта қалуы діннің өзімен байланысты деп санайды. Бұл – ақиқаттан мүлде алыс тұжырым. Антикалық және осы заманғы батыс мәдениетінің арасындағы сабақтастықты мұ­сыл­ман дүниесінің қамтамасыз еткенін тарихтан ұмытпауымыз керек. Исламның мәдени өр­леуі­нің арқасында орта ғасырларда әлемде математика, химия, астрономия, медицина, архитектура, фи­лософия және поэзия салала­ры бойынша ұлы жетістіктерге қол жеткізілді. Ілім мен білімнің жаңа үлгілері ғасырлар бойы мұ­сылмандық Шығыстан хрис­тиан­дық Батысқа қарай жылжыған. Нақ осы ислам сан ғасырлар бедерінде діни тұрғыдан төзімділік, толеранттылық көрсетіп келді. Оғаш ой-тұжырымдарға да асқан сабырлылық танытты. Қазір ислам әлемі өз даму­ындағы күрделі кезеңді бастан өткізіп отыр, деп сабақтады ойын Қазақстан басшысы. Ислам саяси шиеленістермен, әлеуметтік-эко­но­микалық және демографиялық қиындықтармен бетпе-бет келуде. Мысалы, 60-70 жыл ішінде әлемдегі мұсылмандар саны ауыр және тоқтаусыз азық-түлік дағ­да­рысы жағдайында 5 есе өсті. Көп­теген мұсылман мемлекеттері «шикізат елдерінің масыл­ды­ғы» қамытын киіп келеді. Баршамызға ортақ тағы да бір күрделі мәселеге тоқтала кеткім келеді. Жаһандық бұқаралық ақ­па­рат құралдарының көпшілігі исламды өздерінің ұлттық қауіп­сіздігіне, мәдени және діни ұс­та­нымына қауіп төндіруші ретінде көрсетіп жүр. Осылайша ислам­ды саяси күш қолдануға, экстре­мизм мен терроризмге жол беретін дін деп ұқтырады. Мұндай жағ­даймен ешқашан келісуге болмайды. Егер тарихқа жүгінсек, экс­тре­мизм мен терроризм ХХ ға­сыр­да көптеген индустриялы да­мыған мемлекеттердің саяси өмі­рінің ажырамас бөлігі бол­ға­нына көз жеткізе аламыз. Ол үшін 1960-шы және 1970-ші жыл­дары Еуропада саяси терроризмнің бетімен кеткенін еске алсақ та жетіп жатыр. Біз терроризм мен экс­тремизмнің қаншалықты ашық ба­ғыт ұстанғанына және қандай­да бір діни ұранды жамылғанына қарамастан, әлемнің іргелі діндерімен ешқандай ортақтығы жоқ екені жөніндегі сенімге сүйене­міз, деп бір қайырды Президент. Мен мына мәселе жөнінде ойлануға шақырамын. Жаһандық терроризмнің көздеген басты ны­санасы мұсылмандар әлемі бо­лып отырған жоқ па? Нақ осы ислам елдерінде жыл сайын мың­да­ған жазықсыз жандар, соның ішінде қарттар, әйелдер мен балалар қаза тауып жатыр, деді Қазақстан басшысы. Ислам мен терроризмді шендестіру әділетті ме? Соңғы жыл­дардағы тәжірибелер терроризм – нақты мақсатты көздеген белгілі бір күштердің әрекеті екенін дә­лел­дей түседі. Қазіргі терроризм­нің саяси және экономикалық себептерден туындайтынын тарих­тың өзі көрсетіп отыр. Ол ұлт­аралық қылмыспен ғана емес, есірткі айналымымен де, қару-жарақ контрабандасымен де тығыз байланысты болып отыр. Өкінішке қарай, ол геосаяси бас­тауларға да ие болып отыр. Исламның болмысын бейбітшілік пен мейірімділіктің, төзім­ділік пен әділеттіліктің діні ретінде қалыптастыруға баршамыз бірге күш салуға тиіспіз. Ислам елдерінің ұлы ілімнің беделін түсіруге жаһандық және аймақтық деңгейде қарсы тұра алатын ортақ медиалық жобалар жөнінде ойланатын кез келді. Көптеген сарапшылар ХХІ ға­сыр­да ислам жер жүзі бойынша басымдығы бар дінге айналады деп санайды. Тек болжамның мерзімінде ғана алшақтық бар. Алайда, біз мәселенің сан мен мерзімде емес екенін, ХХІ ғасыр­да ислам елдерінің қоғамы қан­дай болуы керек екендігі жөнінде сөз болып отырғанын түсінуге тиіспіз. Сөз жоқ, қазіргі әлемнің эко­номикалық, саяси, қаржылық және ақпараттық жүйесі өзгере бе­ретін болады. Алайда, оның бір­қатар жүйелі сипаттары сақ­та­лып қана қоймайды, керісінше, күшейе түседі. Ең алдымен, бұл мәдени құндылықтың, «білім эко­номикасының», «ақыл-ой кү­ші­нің» мемлекеттің бәсекеге қа­бі­леттілігінің нақты көрсеткіш­те­рі ретіндегі маңызының арта түсуімен байланысты. Бүгінде мына бір жәйт айқын: таяу болашақтың қоғамы – ақпа­раттық қоғам. Бұл технологияға, басқару тәсілдеріне, мәдени да­му­дың үлгілеріне де қатысты. Біз бүгінгі әлемде уақыт талабына толықтай жауап бере алатын мұ­сылман елдерін де көріп отыр­мыз. Ақпараттық қоғамның, өнер­­кәсіптік және қаржылық са­ладағы технологияның жетілген үлгілері баршылық. Ислам әле­мін­де бәсекеге қабілеттіліктің жоғары үлгісін көрсетіп отырған елдер де бар. Бұл ислам әлемінің өткен кезеңде ғана емес, бола­шақта да қарқынды және жедел дамумен тамаша үйлесім таныта алатындығының жарқын айғағы, деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Мұсылман елдері айтарлық­тай модернизациядан өтуге тиіс, деп жалғады сөзін Мемлекет бас­шысы. Мұны қолға алмасақ, тарихи тұрғыдан артта қалу тағы да жүз жылға созылып кетуі мүмкін. Осындай модернизацияның дәл әрі теңгермелі үлгісін таңдау – бір жарым миллиард мұсылман үмбетінің дамуына қосқан ортақ үлесіміз болар еді. Осыған орай Қазақстан бірлесіп жүзеге асыру­ды көздейтін бірқатар баста­маларды сіздерге ұсынады. Бірінші. Ислам әлемі елдері­нің экономикалық ынтымақтас­ты­ғы шеңберінде жаңа бағыт қалыптастыру қажет. Бұл үшін Дүниежүзілік Ислам экономика­лық қоры негізінде он жетекші мұсылман қауымдастығы елдері экономикасы тобына арналған сұхбат алаңын жасауды ұсына­мыз. Мұсылман үмбетінің ре­сурс­та­ры инвестициялық ынты­мақтастық үшін қуатты қаржы көздерін қалыптастыруға мүмкін­дік береді. Екінші. Ислам әлемі елдерінің жетекші ғылыми-технологиялық үрдістерден қалып келе жатқа­нын ескере отырып, Ислам Кон­ференциясы Ұйымының мүдделі елдері қатысуымен Халықаралық инновация орталығын құруды ұсынамын. Үшінші. Шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мақса­тында Дүниежүзілік Ислам эко­номикалық форумының арнайы жұмыс тобын құруды ұсынамын. Бұл ретте, Ислам Даму банкі жанынан шағын және орта биз­нестің арнайы қорын құру мәсе­лесін осы форумда талқылаған жөн болар еді. Біз исламдық қаржыландыру тетіктерін тарту тұрғысынан мұсылман елдерімен ынтымақтастық жасауға мүдде­лі­міз. Сарапшылардың бағалауын­ша, Қазақстандағы ислам инвес­тициясының таяу жылдардағы өсу мүмкіндігі ондаған миллиард долларға дейін жетеді. Төртінші. Біздің елдеріміздің сауда-экономикалық ынтымақ­тас­­ты­ғын кеңейтудің маңызды шарты – көлік-коммуникациялық және логистикалық желінің бо­луы. Бүгінде Қазақстан «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халық­аралық көлік дәлізін кеңейте отырып, өзінің геоэкономикалық жағдайын белсенді түрде пайдалануда. Біз Қытай мен Парсы шығанағындағы жүк тасымалдау ағынын ұлғайту үшін жаңа темір жолдар салудамыз. Мен Қазақ­стан – Түркіменстан – Иран, Парсы шығанағы темір жол құ­ры­лысын қаржыландыруға Ислам Даму банкінің белсенді түрде қатысуын ұсынамын. Жал­пы құны бір жарым миллиард долларды құрайтын бұл ұзын­дығы 963 шақырым темір жол біздің елдердің арасындағы қа­рым-қатынас, экономикалық сау­да­ға өте әсерін тигізетін болады деп есептейміз. Бесінші. Азық-түлік қауіп­сіз­дігін нығайту мақсатында Ислам Конференциясы Ұйымы аясында азық-түлік көмегін көрсету жүйе­сін әзірлеуді ұсынамын. Бұған Ислам Даму Банкі және ұйымға мүше елдердің азық-түлік қоры топтары жүйесінде FАО үлгісін­дегі аймақтық қордың құрылуы негіз болар еді. Оның штаб-пә­терін азық-түліктің экспорттық әлеуетін белсенді дамытушы ел ретінде Қазақстанда орналасты­ру­ды ұсынамын. Сіздердің көпшілігіңіз Қазақ­станға алғаш рет келіп отыр. Бү­гінгі форумның негізгі мақсаты­ның бірі – ислам бизнесі өкілде­рін еліміздің іскерлік және инвес­тициялық мүмкіндіктерімен та­ныс­тыру, деді әрі қарай Қа­зақ­стан Президенті. Баршаңыз білесіздер, Қазақстан – қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттің бірі. Біздің Тәуелсіз ел атан­ғанымызға бар болғаны 20 жыл толады. Осындай, тарих үшін тым қысқа мерзім ішінде біз бірқатар аймақтық және соңғы жылдардағы жаһандық дағдарыс­тарды еңсердік. Бүгінде әлемде дамудың бірегей және өнегелі үлгісі ретінде «қазақстандық жол» туралы жиі айтылуда. Бар-жоғы 10 жыл ішінде әсем елордамыз — Астана қаласын салдық. Бұл Қазақстанның зор мүмкіншілік­терін әлемге танытты. Біздің табыстарымыздың кепілі – ішкі саяси тұрақтылық, ұлтаралық келісім және дұрыс таңдалған экономикалық стратегия. Әлемдегі дін атаулы бір-бірім­ен ортақ тіл табыса алады және солай етуге тиіс. 140 этнос пен 46 діни конфессияның өкіл­дері тату-тәтті өмір сүріп жатқан Қазақстанның тәжірибесі – осы­ның айшықты айғағы. Бұл Қазақ еліндегі мұсылман жамағатының орнықты ағартушылық ислам үлгісін ұстануының мәуелі жемісі болып табылады. Біз алды­мызға биік мақсаттар қойдық және оған қысқа мерзімде қол жеткіздік. Атап айтқанда, халықтың жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімі 12 есеге өсіп, 9 мың дол­лардан асты. Келесі бес жыл­дықта біз оны 15 мың доллардан асыруды мақсат етіп отырмыз. Өткен жылы біз үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың арнайы мемлекеттік бағдарламасын қабылдадық. Таяу жылдарда біз құны 55 миллиард доллардан асатын 300-дей жо­баны жүзеге асырамыз. Елімізде адам капиталы дең­гейін арттыру және экономика білімінің негізін құру үшін біз Астанада Жаңа халықаралық уни­верситет аштық. Жыл сайын үш мың студентті шетелге жіберіп, ең озық университеттерде оқыта­мыз. Әлемнің белді университеттері Астанада ашылған бұл оқу орнының серіктестері болып са­налады, деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Инвестициялық салада да ай­тар­лықтай табысқа жеткеніміз аталды. Қазақстан тәуелсіздік жыл­дарында шетелдерден 120 мил­лиард доллардан астам тікелей инвестиция тартты. Ішкі инвестиция бұдан да көп болды. Еліміз алдағы уақытта да инвестиция тарту бағытындағы байла­ныс­тарын кеңейте түсетін болады. Бұл Ресей және Беларусьпен бірге Кедендік одақты құру, соның негізінде Біртұтас эконо­микалық кеңістікті қалыптастыру арқылы жүзеге асырылады. Осы арқылы 170 миллион адамды қам­титын ірі нарыққа жол ашыл­ды. Дүниежүзілік банктің бизнеске жағдай туғызу жөніндегі рейтингінде Қазақстан реформа жа­саудың лидері болып та­нылды. Қазақстанның аймақта интеллек­туал­дық және иннова­циялық кластер болуына мүмкіндігі мол. Біздің еліміз бұрынғы Кеңес Одағы елдері ішінде алғашқы болып ислам банк жүйесін енгізуге қажетті заңнамаларды қа­был­дады. Осылайша елімізде был­тыр тұңғыш Ислам банкі ашылды. Қазақстан қауіпсіздік, эконо­ми­калық және мәдени ықпал­дас­тық мәселелері бойынша әлемдік қоғамдастықтың күш біріктіруіне де белсенді түрде атсалысып келеді. Еліміздің ТМД елдері ара­сы­нан тұңғыш рет Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі – со­ның айқын мысалы, деді Президент. Қазақстан басшысы еліміздің бастамасымен бұл ұйымның 11 жылдан бері үзіліп қалған ауқым­ды Саммиті өткенін атап көрсет­ті. Орталық Азия мәселелеріне әлемдік қоғамдастықтың назарын аудару біздің төрағалығымыз кезіндегі басымдықтың бірі болға­нын айтты. Қазақстан ислам өркениетінің ажырамас бөлігі саналатын Орталық Азияның қарқынды әрі орнықты дамуындағы өзінің жауапкершілігін айқын сезінеді. Бү­гінгі Қазақстан әлемге мұсыл­ма­ны басым елдің де әлеуметтік-экономикалық жаңғыру мен де­мократиялық реформаларды та­быс­ты жүргізе алатынын дәлел­деуге ұмтылып отыр, деді Қазақстан басшысы. Сөзінің соңында Қазақстан Президенті Астанадағы 7-ші Бү­кіләлемдік Ислам эконо­микалық форумы біздің елдеріміз ара­сындағы ынтымақтастық пен үнқатысуды кеңейтуге жаңа серпін береді деген сенімін білдірді. «Жаһандану: өзара байланыс, бәсекелестік, ынтымақтастық» ұра­­нымен ашылған 7-ші Бүкіл­әлемдік Ислам экономикалық фо­румында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан кейінгі сөз Малайзияның Премьер-министрі, Наджиб Сри Дато Тун Абдул Разакқа берілді. Мен Қа­зақстан Республикасында болып жатқан осындай айтулы шараға қатысып отырғаныма қуанышты­мын, деп бастады өзінің сөзін мәр­тебелі мейман. Бүгінгі таңда Ислам әлемін толғандырған азық-түлік қауіпсіздігі, халал индус­триясы секілді проблемаларды бірлесіп шешу бәрімізге де ортақ жүк артады. Бұл мәселе мемлекеттік органдармен қатар, жекеменшік секторға да ортақ. Екі сектордың бірлесе жұмыс істеуі басқарушылық әдісті жетілдіруді қажет етуде. Жаппай өсімді қам­тамасыз ету үшін басқару қағи­даттарын жетілдіру керек. Осы мәселелер бүгінгі форумның ал­дында тұрған міндеттер деп ойлаймын. Одан әрі шешен Ислам әлемі­нің экономикалық проблема­лары­на тоқталды. Бүкіләлемдік банк­тің болжамына қарағанда, деді ол, әлемдік экономиканың өсімі 2011 жылы 3-4 пайыз болғалы отыр. Бірақ мұсылман әлеміндегі жалпы жағдай бұдан төмен, ол 2,1 пайызды ғана құрайды. Бұл Ислам әлеміндегі мемлекеттердің даму қарқыны бірдей еместігін көрсетеді. Сондықтан біз өз арамызда даму қарқынын бірдей қалыпқа түсірмекке ұмтылуымыз керек. Егер Бүкіләлемдік банктің былтырғы сарабына сүйенетін болсақ, біздің арамызда тек Сауд Арабиясы, Малайзия және Біріккен Араб Әмірліктері ғана биз­нес­тің даму қарқыны бойынша жоғары көрсеткішке жетіп отыр. Ал Қазақстан Республикасы бизнесті басқару жағынан алдың­ғы орыннан табылды. Мен осы жетістікпен Қазақстан Президентін құттықтай кеткім келеді. Бизнесті дамытуға тежеу болып отыр­ған факторлар көп, солар­дың кейбіреулерін атайтын бол­сақ, мөлдірлік қағидаты сақтал­май­тындығын алдыңғы қатарға қоюға болады. Соның кесірінен әлеуетті қолдау көрсететін адамы бар бизнес дамыған секілді бо­ла­ды. Іс жүзінде бұл табиғи жолмен дамып келе жатқан ашық биз­нестің аяғына тұсау салып, жал­ған бәсекелестікпен кедергі келтіреді. Сондықтан бизнесті дұрыс реттеудің және салық жүйе­сін әділетті түрде іске асырудың маңызы зор. Сонда бизнестің жалпы дамуына жол ашылады. Ислам әлеміндегі көптеген дамушы елдер, сонымен қатар, ресурстарға бай, әлеуеті жоғары елдер де бизнестің еркін дамуы­на мүмкіндік тудыратын ашық­тық, шыншылдық және мөл­дір­лік секілді қағидаттардың тұрақ­ты түрде болуына мүмкіндік жасай алмай отыр. Сондықтан биз­нестің даму қарқыны төмен. Бүгінгі таңда жақсы қарқынмен дамып келе жатқан ресурстарға бай елдер де осы қағидаттарды ұстанбаса ықпалынан айрылып, тоқырауға ұшырауы ғажап емес. Бизнесті басқару ісінде осындай қағидаттармен қамтамасыз ету еш­қашан да назардан тыс қал­мауы керек. Тек қана ашықтық, әді­леттілік, теңдік бар жерде және бизнес жүргізуші адам өзін әрқашанда осы қағидат­тармен қор­ғай алатын өкімет билігі ба­рына көзі жеткенде ғана бизнес жанданады, ал ол елдің жаппай дамуына жағдай тудырады. Одан әрі шешен қасиетті Құ­ранның беттері мен Ислам әлемі кемеңгерлерінің сөзінен бизнес жүргізуде осындай қағидаттарды ұстанғанда ғана дамудың жоғары болатындығы туралы даналық ойлардан беделді дәйексөздер кел­тірді. Соның ішінде Мұхам­мед пайғамбарымыздың (с.ғ.с) күйеу баласы, 4-ші халиф Әли Әбу Талибтің осыдан 1,5 мың жыл бұрын Мысырдың билеушісіне айтқан сөзін айтты. Халиф өзінің қол астындағы билеушіге: егер сен өзіңнің қарамағыңдағы елді өркендетемін десең, әділетті, тең және барлығына бірдей өр­кен­деуді, соның ішінде әйелдерге де тілейтін би бол деген екен, деді шешен. Әрине, деді шешен, мұндай талаптар Батыс елдерінде де бар, бірақ біз осы қасиеттерді ұстансақ, батысшыл болып кетерміз деген қауіптен аулақ бо­луымыз керек. Өйткені, қасиетті Құран да осы қағидаттарды то­лығымен жақтайды және талап етеді. Одан әрі Наджиб Абдул Разақ Малайзияда бизнесті дамыту ба­ғытында жасалып отырған реформалар туралы айтты. Олар ел­дің сыртқы рыноктағы бәсеке­лестікке қабілеттілігін арттырып отыр. Ал бұл реформалар елдің өміріндегі барлық салаға да қа­тысты болды, соның ішінде жастар ісін де назардан тыс қалдыр­ған жоқпыз, деді ол. Малай­зияның сыбайлас жемқорлыққа қар­сы институтының ашылуы және адам құқын сақтауды қам­тамасыз ететін комиссияның құ­рылуы бұл істердің жандануына жағдай жасай түсті. Үкімет бар­лық пікірлердің теңдігін қам­та­масыз етіп, барлық үндерге де құлақ түреді. Оның ішінде оң өз­герістерге әкелетін ұсыныстар ешқашан ұмытылмай, іске асы­ры­ла­ды. Осының бәрі Малай­зия­ны жақсы дамыған қуатты елге айналдырып отыр. Ал ол қоғам мү­шелерінің бәрін де жақсы тұр­мысқа жеткізуде, деді шешен. Сөзінің соңында ол БИЭФ жақ­сы пікірлермен алмасып, орын­ды ұсыныстар айта алатын жақсы үнқатысу алаңы болып отырғанын атап көрсетіп, оны ұтымды ұйымдастыра білген Қазақстан жағына тағы да алғысын білдірді. Келесі сөз Джибути Рес­пуб­ликасының Президенті Исмаил Омар Геллеге берілді. Қазақстан тарапына жылы қабылдап, жақсы жиын өткізіп отырғаны үшін ал­ғыс білдіруден бастаған ол өзінің сөзін форумның маңызын айтумен жалғастырды. Алла Ислам әлемі елдеріне заманның тала­бы­на сай жақсы қарқынмен дамуға болатын барлық мүмкіндіктерді берген. Соның ішінде қуат ре­сурстарының негізгі бөлігі, адам ресурстарының белсенді бөлігі мұсылман әлемінде болып отыр. Біз өзара ынтымақтастық, әділдік және келісіммен жұмыс істейтін болсақ, экономикалық дамудың биік белесіне қол жеткізе аламыз. Халықтарымыздың арасында пікір алуандығы, төзімділік секілді қағидаттарды ұстана отырып, біз экономикалық ынтымақтас­тық­тар­ды тереңдете түсуіміз керек, деді шешен. Одан әрі Исмаил Омар Ислам Конференциясы Ұйымының бү­гін­гі таңдағы проблемаларына тоқ­талды. Бүкіләлемдік талдауға қарағанда, біздің Ұйымымызға енетін 22 мұсылман мемлекеті дүние жүзіндегі экономикалық дамудан артта қалған 49 елдің ішіне еніп отыр. Олардың көбін­де азық-түлік тапшылығынан, бүгінгі күні әлемнің көптеген елдері лықа тойып отырғанда аш­тық­пен күресіп, жанына бір күн­дік өмір сыйлау үшін талас қы­лу­да. Біздің уммамызда жоғары қарқынмен дамыған, әлемдегі ең бақуатты елдердің қатарына енетін мемлекеттер де бар. Олардың ауыл шаруашылығы, энергетика және шикізат өндірудегі әлеуеті өте жоғары. Қазір мұсылман ел­де­рінің халықтары жалпы әлем тұрғындарының 22 пайызын құ­рай­ды, ал бірақ ішкі жалпы өнім­дегі үлесіміз 7,2 пайыз ғана. Әлем­дік саудадағы мұсылман әлемі­нің үлесі 10,5 пайыз. Қолдағы мүмкіншіліктерге қарағанда, бұл көрсеткіш мұсылман әлемі үшін өте төмен. Біз 2015 жылғы мерзімде Ислам Конференциясы Ұй­ымына енетін елдердің әрқай­сын­дағы сауда айналымының 20 пайы­зын мұсылман мемлекетте­рінің үлесіне жеткізетін боламыз деген межені алға қоюымыз керек деп ойлаймын. Сонда біздің бес құр­лықты қамтитын умма­мыз өзінің бай әлеуетіне қол жеткізер еді. Енді мен өзім жақсы білетін африкалық араб елдерінің жағ­дайын айта кетейін. ИКҰ-ға енетін 57 мемлекеттің 27-сі – аф­ри­калық мемлекеттер. Соның ішінде Алжир, Марокко және Нигерия өз арамызда жақсы қарқын­мен дамып келе жатқан елдерге жатады. Осы үштіктің аумағына жылына 82 млрд. АҚШ доллары­на тең инвестиция құйылып отыр. Бұл көрсеткіш 2015 жылға қарай 100 млрд. долларға жетеді деп болжануда. Қазір «Африка – келешектің құрлығы» деген қа­ғи­дат айтылып жүр. Бұл сөздің жаны бар. 2015 жылға қарай Африка мемлекеттері экономикалық дамуда үлкен табыстарға жетеді деп күтілуде. Демографиялық жағ­дайдың жоғарылығы, орта тап­тың пайда болуы бұл ел­дер­дің сұранысын арттыра түсуде. Еңбек ресурсының көптігі де шетелдік инвесторлар үшін Аф­риканы өз стратегиясының басты фокусы ретінде қарастыруына жол ашып отыр. Инвестицияның көптеп келуі кедейшілікпен кү­рестегі маңызды құрал екені дау­сыз. Бірақ басқа елдердің инвес­тициясының ағылуы Африка ел­дерінің бөтен мемлекеттерге экономикалық жағынан тәуелді бо­лып қалуына соқтырмас үшін жоғары дамыған ИКҰ мемлекеттері осынау факторды естен шы­ғармағанын қалар едік. Ол үшін өзара экономикалық ынтымақтас­тықты дамыту қажет. Біздегі энер­гетика, азық-түлік қауіпсіз­дігі, инфрақұрылым, жеке сектор, т.б. стратегиялық салалар өз ин­вес­торларын күтуде. Бұл сала­ларды қаржыландыру дамыған Ислам елдерінің қолынан мықтап келеді. Одан әрі шешен өз елінің экономикалық проблемаларына тоқталды. Біздің экономикалық ынтымақтастық бағытындағы бас­ты стратегиямыз экономи­ка­мыз­ды әртараптандыру мәселесіне инвестиция тартуға бағытталған. Біз жаһандық экономикаға кірігу үшін барлық тарапқа да ашықпыз деген саясат ұстанудамыз. Өзі­міз­дің үш құрлықтың арасында орналасқан геосаяси жағдайы­мыз­ды ұтымды пайдаланып, бә­секеге қабілетті бола алатын сала­ларға басты назар аудару­дамыз. Біз – теңіз көлігі жол­дары­ның бойында орналасқан шағын елміз. Осы саланы тиімді пайдалану біздің негізгі міндетіміз. Сөзінің соңында шешен ИКҰ-ның өз елі үшін қаншалықты ма­ңызды екендігіне тоқталды. Бұл Ұйым біз үшін өте қажет, өйт­кені, ол ислам құндылықтары­мен қатар, мұсылман әлемінің басқа салалардағы да мүдделерін қорғайды. Бүгінгі күннің туды­рып отырған жаңа экономикалық, мәдени, діни қауіп-қатерлерінің алдын алу және оларға тойтарыс беруде ұйымның маңызы зор. Сондай-ақ кедейшілікті жою, барлық тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуда да ық­пал­дастық пен өзара ынтымақ­тас­тықты дамыта отырып ИКҰ оң рөл атқаруда. Бізге тек бір Аллаға сыйынып, өзіміздің әлеуетімізді біріктіріп, өзімізге өзіміз сенімді болып, позиция­ларымызды бір арнаға тоғыс­тырудан басқа жол жоқ екенін ұғынуымыз керек, деді Исмаил Омар сөзінің соңында. Сөз кезегі Тәжікстан Респуб­ли­касының Премьер-министрі Акил Акиловқа берілді. Шешен өзінің сөзін ИКҰ қызметіне жо­ғары баға беруден бастады. 7-ші Экономикалық форумның қазіргі әлемдегі тамаша қалалардың бірі, біздің заманымыздағы қала құ­рылысын жүргізудің эталоны бо­лып отырған Астана қаласында өткізілуінің де маңызы бар, деді ол. Меніңше, өзара ашық үн­қа­тысу біздің экономикалық да­муы­мыздың өзекті мәселелерін шешуге, экономикалық интегра­цияға өтуді қамтамасыз ететін тетіктерді жасау жолындағы ынты­мақтастыққа қол жеткізуімізге жол ашады. Осы тұрғыдан Аста­наның аймақтық және аймақ­аралық интеграцияны дамытып отырғанын өзгелеріміз өзімізге үлгі тұтамыз. Одан әрі шешен Тәжікстан Республикасы экономикасының тәу­елсіздік алған жылдардағы қалыптасу жолдары мен қазіргі таңдағы жағдайына тоқталды. Біздің еліміз алғашқы күннен әлемнің барлық мемлекеттерімен интеграциялық үдерістерге қосы­луды мақсат еткен либералды экономикалық саясат ұстанып келеді. Осының өзі біздің негізгі макроэкономикалық көрсеткіш­тері­міздің тұрақты өсуіне жол ашып, халқымыздың әл-қуа­ты­ның біршама артуына мүм­кіндік берді. Соңғы үш жыл­да­ғы бүкіл әлемді шарпыған эко­номикалық дағдарысқа да біз тө­­теп беріп, елдегі эконо­ми­ка­лық тұрақ­тылық­ты сақтап қала алдық. Біз елдегі стратегиялық даму мен кедейшілікті жоюдың 2015 жылға дейінгі бағдарламасын жасап, оны іске асыруда айтар­лық­тай табыстарға жеттік. Жасалған жұмыстың нәтижесінде кедейшілік 2003 жылғы 72 пай­ыз­дан 2010 жылы 45 пайызға дейін төмендеді. Алдағы жылдарға Рес­публика Президенті Эмомали Рахмон негізгі үш стратегиялық басымдықты анықтады. Бұл ба­сымдықтарды халықаралық қар­жы­лық көмек қорларымен бірлесе отырып кезең-кезеңмен әрі жос­парлы түрде іске асыру мемлекеттік бағдарламалармен бекітілген. Соның ішінде мұсылман елдерінен келетін көмек те ай­тарлықтай болып отыр, деді. Сөзінің қорытындысында   А.Акилов мүмкіншіліктері мен жағ­дайы бар Тәжікстан Ислам елде­рінің сенімді әріптесі бола алаты­нын атап көрсетті. Индонезия Республикасының Вице-президенті доктор Боедионо сөзін Қазақстан басшысына және Қазақстан халқына осынау аса ауқымды жиынды ойдағыдай ұйымдастырғаны үшін алғыс айтудан бастады. Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумы Орта­лық Азияда алғаш рет өтіп отыр, деді Индонезияның Вице-президенті. Экономикалық форум тұң­ғыш рет Малайзияда шақырыл­ған болатын. Индонезия Респуб­ли­касының Президенті Бүкіл­әлем­дік Ислам экономикалық фо­румның қамқоршысы болып та­былады. Осылай деген шешен Ин­донезия Президентінің шы­найы ниеттестік сәлемін Қазақ­стан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа және форумға қатысушыларға жеткізді. Ислам экономикалық фо­ру­мы­ның Қазақстан астанасында өтіп отырғаны Қазақстанның және Орталық Азияның әлемдік қо­ғамдастықта өзіндік орын алға­нының нақты көрінісі, деді доктор Боедионо мырза әрі қарай. Біз Орталық Азияның тарихтағы орнын әрқашанда жоғары баға­лаймыз. Мысалы, «Ұлы Жібек жолы» өркениеттер арасындағы бай­ланыстарды нығайтуда ма­ңыз­ды рөл атқарды. Осындай форумдар өткізу арқылы біз Ислам әлемінің тарихи маңызы мен құндылықтарын қайта қалпына келтіре аламыз. Вице-президент бұдан соң бүгінгі форумның басты тақы­рыбына тоқталды. Шешеннің атап өткеніндей, форумның тақы­рыбы «Жаһандық экономикалық даму – өзара ынтымақтастық пен әріптестік» деп аталады. Бүгінде бұл өзекті мәселелердің бірі бо­лып табылады. Себебі, көптеген елдер қазіргі кезде экономикалық қиындықтарға тап келіп отыр. Соған барлығы төтеп беруі тиіс. Оның үстіне жаһандану үдеріс­тері алға тартқан қиыншылықтар тереңдей түсуде. Осыған байла­нысты оларды шешу мәселесі күр­делі сипат алып барады. Дегенмен, жаһандану әлемдік өрке­ниеттер мен мәдениеттерді бір-бі­ріне жақындастыруға әсер етуде. Бұл үрдіс бізге көптеген мүм­кіндіктер береді, деп жалғас­тыр­ды сөзін Боедионо мырза. Сон­дық­тан да біздер жаһандануға қа­тысты қиыншылықтарға қара­мас­тан, ынтымақтаса отырып, өр­кендеуге үлес қосуымыз қажет. Қазіргі кезеңдегі қиыншылықтар трансшекаралық сипатта. Сол себептен олар халықаралық ынты­мақтастықтағы келісімдерді талап етеді. Жаһандық қаржы-эко­номикалық дағдарыстан көпшілік мемлекеттер әлі шыға алған жоқ. Оны еңсеру үшін біздер осындай жиындар арқылы көптеген проб­ле­маларды шешуіміз керек. Форумда көтерілген мәселелер тек сөз жү­зінде қалып қана қоймай, тәжірибе жүзінде іске асырылуы тиіс. Шешен сондай-ақ өзара қа­рым-қатынастарды нығайту жай­ын да ортаға салды. Оның атап өтуінше, қарым-қатынастар жақ­сарған сайын, шикізаттар мен тауарлар алмасу арта түседі. Бұлар елдер арасындағы келіспеушіліктер мен түсініспеушіліктерді шешуге септігін тигізеді. Сон­дық­тан да инфрақұрылымды жедел дамытып, ынтымақтастықты ны­ғай­ту керек. Бұлар Ислам әлі­мінің басты қағидаттарының бірі екенін ұмытпаған жөн. Осы мақсатқа жету үшін ИКҰ-ға мү­ше мемлекеттердің үкіметтері бірлесіп жұмыс істегені тиімді.