Ақтау халықаралық әуежайы жолаушылар тасымалдау бойынша республикамызда Астана, Алматыдан кейінгі үшінші орында. Мұнда бұл күндері алыс-жақын 13 шетелге күндіз-түні ұшақтар ұшып-қонып жатады. Биылдың өзінде жаңадан тағы да «Ақтау-Киев-Ақтау», «Ақтау-Тбилиси-Ақтау», «Ақтау-Үрімші-Ақтау» әуе рейстері ашылды. Ал жақын күндері аяқталатын ұшып-қону алаңындағы жаңғырту жұмыстарынан соң Ақтау кез келген әуе кемесін қабылдайтын дәрежеге жетеді. Әуежайда жолаушылар үшін барлық жағдай жасалып, оларға халықаралық дәрежеде қызмет көрсетіліп келеді. Содан болар әуежай соңғы үш жылда екінші рет ТМД елдеріне қарасты 22 әуежай арасында ең үздік танылып, ТМД әуе жолдары жетекшілері арасынан әуежай басшысы Узифолла Әжмолдаев азаматтық авиацияны дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін 2010 жыл қорытындысында Л.Щеглов атындағы халықаралық сыйлықтың иегері атанып отыр.
Жоламан БОШАЛАҚ.
Ақтау.