• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
10 Маусым, 2011

Құрылтай: нәтиже мен тағылым

847 рет
көрсетілді

Биылғы жылы елімізде болған ең маңызды оқиғалардың бірі – 25-27 ма­мыр аралығында Астана қаласында өт­кен Дүниежүзі қазақтарының IV құ­рыл­тайы. Құрылтайға әлемнің 35 елінен 400-ге жуық ресми өкілдер келді. Құрылтайды өткізу оңайға түскен жоқ. Толып жатқан қиындықтар болды. Оның бәрін айта берсек, әңгіме тым ұзаққа созылады. Біз ең басты дегендеріне ғана тоқталайық. Сырт жерлердегі қазақ диаспорасы 40-қа жуық елге шашырап кеткен. Ол елдердің көпшілігі шалғайда, барыс-келісі ұзақ. Сондықтан олармен байла­ныс жасап, құрылтайға қатынасатын­да­рын анық­тап, келіп қайту жолын реттеп, күтіп алу мен шығарып салудың өзі шым-шытырық жұмыс. Оның үсті­не, кей­біреулердің құрылтайды өткізу­ге пенде­шілікпен әдейі кедергі жаса­ғанын да көрдік. Осыған қарамастан Қауымдастық­тың аз ғана қызметкерлері көп жұмыс­ты ойдағыдай орындап шықты. Бірақ барлық жұмысты тек Қауымдастық ат­қарды дейтін ұғым тумауы тиіс. Мұн­дай дүбірлі жиын барша қауым бірлесіп кіріскенде ғана ойдағыдай өтеді. Осы тұрғыдан келгенде, Президент Әкім­шілігі мен оның Ішкі саясат бө­лімінің, Үкіметіміздің, Мәдениет министрлігі мен Тіл комитетінің, Сыртқы істер министрлігі мен шетелдердегі ел­шіліктеріміздің, Астана және Алматы қалалары әкімдіктерінің еңбегі ерекше. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қо­ры мен «Қазақстан темір жолы» АҚ-на да алғысымыз айрықша. «Егемен Қазақстан» газеті, «Хабар», «Қазақстан» телеарналары баста­ған бұқаралық ақпарат құралдарына Құрылтайды шынайы жанашырлықпен насихаттағаны үшін ризашылығымыз­ды білдіреміз. Әйтсе де, Құрылтайды өткізудегі ең басты жанашырымыз да, қолдаушы­мыз да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болғандығын атап айту – парызымыз. Нұрсұлтан Әбішұлы Құрылтайды өткізу қолға алынған күннен бастап, бұл мәселені үнемі назарында ұс­тап, айрықша көңіл бөліп отырды. Құ­рылтайдың салтанатты ашылуының қар­саңында арнайы қабылдап, ұлы жи­ынның бүкіл дайындығын егжей-тегжейлі нақтылап, қажетті ақыл-кеңесі мен тапсырмаларын да берді. Елбасының осы қолдауы мен жан­ашырлығы бізді қанаттандырды, жиы­ны­мыздың барынша сапалы өтуіне үл­кен ықпалын тигізді. Кез келген істі ойдағыдай жүзеге асы­ру үшін, ең алдымен, оның бағыт-бағдарын анықтап алу керек. Біз де ІV Құрылтайды өткізуге кіріскенде, ең алдымен, жұмысты алқалы жиынның тұжырымдамалық жоспарын жасаудан бастадық. Бұл ретте, өткен құрылтай­лардағы іс-тәжірибені негізге алдық. Әлем қазақтарының алғашқы басқо­суы 1992 жылы Елбасының тікелей қолға алуымен өткені баршаға мәлім. Міне, содан бергі үш Құрылтай жер жүзіндегі бүкіл қазақтың атажұртқа деген ынта-ықыласын, мақтанышы мен сүйіспенші­лігін арттырып, олардың тарихи отанына оралуын барынша кө­бей­туге әсер етті. Жаңа Құрылтай да осы дәстүрді одан әрі жалғастыруы керек еді. Бірақ сонымен бірге, бұрынғы басқосулардан өзіндік ерекшіліктері мен айырмашылықтары да болуға тиіс деп есептедік. Осыған орай, бұл Құ­рыл­тайда жастар мәселесіне айрықша көңіл бөлуді дұрыс көрдік. Өйткені, соң­ғы уақытта шетелдердегі, әсіресе, Еуропадағы жастарымыздың қазақ халқының ежелгі мәдениетінен, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпынан алыстауы анық байқалуда. Құрылтайға Елбасының өзі қатыса­тын болғандықтан, алқалы жиында шет­елдегі қазақ диаспорасы мен оралман­дардың ең мұқтаж мәселелері де жан-жақты айтылуы керек еді. Бұл ретте үш мәселеге айрықша көңіл бөлдік. Оның біріншісі – көші-қон, екіншісі – оқу-білім, үшіншісі – мәдени-рухани және бұ­қаралық ақпарат құралдары мәселелері. Құрылтайды өткізу барысында осы жоспар-бағдарлама толығымен жүзеге асты. Алыс-жақыннан келген ағайын­дар­дың бәрі Қазақ елінің бүгінгі даму деңгейіне риза екендерін білдіріп, мұ­ның бәрі биыл 20 жыл толғалы отыр­ған Тәуелсіздігіміздің жемісі екенін атап өтті. Сондай-ақ, қонақтар Тәуел­сіздіктің іргесін бекітіп, еліміздің атақ-даңқын бүкіл әлемге танытқан Елба­сын Президент сайлауындағы жаңа же­ңі­сімен бір ауыздан құттықтап, туған отанды жаңа белестерге бастай беруіне өз тілектестіктерін білдірді. Құрылтайда жастарға айрықша кө­ңіл бөліну керек деген мақсатымыз да толық орындалды. Яғни, шетелден келген қонақтардың алпыс пайызын жастар құ­ра­ды. Құрылтай бағдарла­масы бой­ынша арнайы футбол турнирі өт­кі­зіл­ді. Кілең қа­зақтардан тұратын әлем­нің 8 коман­дасының жасыл алаңға шығып жарыс өткізуі халқы­мыз­дың тарихында бұрын-соңды кездеспеген үлкен оқиға болды. Елордадағы Президенттік мәдени орталығында қазақ диаспорасы мен орал­ман жастардың арасында қыл­қа­лам шеберлерінің көрмесі ашылып, жыр мүшәйрасы өткізілді. Оған әнші мен бишілер өнерден шашу шашты. Бұл салтанат жастардың думанды ән-би кешімен жалғасты. Ең бастысы, Құрылтайда диаспора мен оралмандардың бүгінгі таңда күн тәртібінде тұрған бүкіл күрделі мәсе­лелері жан-жақты талқыланып, оларды шешу жөнінде қажетті шешімдер қа­былданды. Бұл ретте әңгімемізді Елбасының Құ­рылтайда жасаған баяндамасынан баста­ға­нымыз жөн. Баяндамада Президент шетелдегі қазақ диаспорасы мен оралман­дарға қолдау көрсетіп, қамқор­лық жасау­дың тетіктерін нақты айқын­дап, бұл жө­нін­де алда тұрған 5 міндетті белгілеп берді. Ол міндеттің біріншісі – көші-қонға қатысты. Елбасы 20 жыл ішінде көші-қондағы қол жеткізген игі істер мен жетістіктерге жан-жақты талдау жасай келе, қандастарымызды отанға оралту жұмысын одан әрі жүйелеп, оларды ел аумағына тұрақты орнықтырудың сая­са­тын одан әрі жүзеге асыра беру керектігіне тоқталды. Осыған орай, Президент 2008 жылдан бастап көшіп келу квотасының 20 мың отбасына көтеріл­генін айта келіп, алдағы уақытта бұған қоса «Нұрлы көш» бағдарламасының 2 кезеңінің қолға алынатынын жеткізді. «Бұл кезеңде қандастарымызды жаңа өндірісті өңірлер мен ауыл шаруашы­лығына кеңінен тартудың жолдары са­ра­ланатын болады. Ол үшін келген ма­мандарды қажеттілікке байланысты қай­та даярлап, қысқа мерзімде оқыту­мен қамтамасыз етеміз», деді Елбасы. Бұл мәселенің басын ашып көрсету қажет. Өйтпеген күнде Елбасының «Нұр­лы көшке» байланысты қабылда­ған бұл шешімі бағдарламаны ұзарту ғана секілді қабылдануы мүмкін. Келген қонқтардың талайы әуелде солай ойлап та қалғандай болды. Осы жөнінде Құрылтайдағы жа­рыс­сөзде арнайы қадап айтылғаны өте орынды шықты. Дұрысында «Нұрлы көш­» бағдарламасының мерзімі биыл бітетін еді. Елбасымыз қандаста­ры­мыз­дың қамы үшін, елдігіміз үшін осы ау­қым­ды бағдарламаны жалғастыру, оны жаңа деңгейге шығару жөнінде өте ма­ңыз­ды шешім қабылдады. Ендігі жерде «Нұрлы көштің» жаңа белесі үшін қо­мақты қаржы бөлініп, әкімдіктерге, министрліктерге тиісті тапсырмалар берілетін болады. Елбасы Құрылтайда «Халықтың көші-қоны туралы» жаңа заңды тездетіп қабылдау мәселесіне де арнайы тоқ­тал­ды. Соған орай, Президент: «Ке­ңі­нен тал­қыланып, қабылданатын жаңа заң қан­дастарымыздың жағдайын жақ­сар­ту­ға септігін тигізеді деп есептеймін. Ол қан­дастарымыздың құжат тап­сы­руда, тір­кеуге тұруда, азаматтық алуда кездесетін түрлі кедергілерді жоюға тиіс», деп атап айтты. Бұл да – өте ма­ңыз­ды мәселе. Жасыратыны жоқ, бүгінге дейін сырт жер­лерден жаңа кел­ген оралмандар тұ­рақты тіркелуге тұра алмай, соның сал­да­рынан не орал­ман мәртебесіне қол жеткізуге, не жұмыс істеуге мүмкіндіктері болмай әуре сарсаңға түсетін. Елбасының тап­сыр­масынан кейін жергілікті әкімдік­тер мен көші-қон полициясы мекемелері атажұртқа келген ағайындардың тұрақты тіркелуі мен азаматтық алуға құжат өт­кі­зуін барынша жеңілдетеді деп сенеміз. Соңғы кезде көші-қонда жемқор­лықтың біраз асқындағаны белгілі. «Халықтың көші қоны» туралы жаңа заң бұл мәселені де реттеуге тиіс. Құрылтайдағы сөзінде Елбасы көші-қонға қатысты бұдан да басқа біраз мәселені бір жүйеге түсіріп берді. Бұл ретте, әсіресе, Президенттің «Келемін дегеннің бәріне қаражат, үй, жұ­мыс беріліп, толықтай жағдай жасалы­на­ды деп ойламаңыздар. Біздің 20 мың отба­сы деп отырғанымыз сондық­тан. Ал бір­ақ өз бетімен көшіп келіп, ағайын болып, отбасымен қосылып, басқа жағ­дайлармен келсе, әсіресе, жас­тар оқуға келемін десе, оларға да ешқандай кедер­гі болмайды» деп ашып айтуының ас­та­рында үлкен мә­се­лелер бар. Өкі­ніш­ке қарай, кейбіреулер Елбасының бұл сөзін оралман­дардың келуіне тос­қау­ыл деп есептейтін сыңайлы. Олар­дың ойынша, көшіп келу туралы еш­қан­дай квота болмауы керек, келген ағай­ындардың бәріне бірдей ақшалай жәр­дем беріліп, басқа да қаржылық-ма­териалдық көмек жа­са­лу­ға тиіс. Тіпті, жылына 1 миллион орал­маннан қабыл­дап, шетелдегі қа­зақ­ты 5-6 жыл ішінде түгел көшіріп алай­ық дейтіндер де бар. Ал шын­ды­ғында мұның бәрі ешқандай қисынға келмейтін сөз. Өйткені, көші-қон жұ­мыс­тары, ең алдымен, әр елдің эконо­микалық жағдайы мен бюджеттегі қар­жысының мөлшеріне сәйкес жүргі­зіледі. Бұл ретте, оралмандарды тек ақ­шалай жәр­демақымен ғана емес, сонымен бірге, жұмыспен, баспанамен, зейнетақымен, басқа да әлеуметтік көмектермен, денсаулық сақтау, білім беру мекемелерімен де қамтамасыз ету керектігін естен шығармаған жөн. Осы тұрғыдан келгенде, айналдырған 15 миллион халқы бар Қазақстан сияқ­ты елге бір жылда 1 миллион халықты көшіріп әкелуге қаншама қаражат жұм­сау керек екенін есептей беріңіз. Елба­сының көшіп келу квотасының мөл­шері 20 мың отбасын құрайды деген әңгімесі осыдан туындап отыр. 20 мың отбасы да аз емес; кемінде 100 мың адам, кәдімгідей үлкен 2 ауданның хал­қы. Елімізге жыл сайын арнайы қаржы бөліп, 100 мың қазақты орналастырып отырсақ та ол өте үлкен жетістік болар еді. Оның сыртында квотадан тыс өз күштерімен келетін ағайындарымыз қаншама! Осыған орай, мына мәселені де қадап айтқымыз келеді. Біздің орал­мандарға жасайтын ең басты жеңілді­гіміз – Қазақстан азаматы болмаса да келген бетте оларға Қазақстанның жергілікті тұрғындарымен тең құқық беру. Яғни, олардың Қазақстанға кедергісіз келіп, тұрақты тұрып қалуына толық мүмкіндігі бар. Өзге мемлекеттер шет­елдегі өз қандастарына бұл сияқты қамқорлықты ешқашан жасаған емес. Басқаны былай қойғанда, өзімізге жа­қын өзбек, түркімен, тәжік халықтары­ның да сан миллиондаған бөлігі тарихи отаны­нан сырт жерлерде тұрады. Ал атажұрты оларға есіктерін айқара ашып отырған жоқ, керісінше, келулерін шектейді. Жалпы, көшіп келу квотасы кез келген оралманға емес, ең алдымен, от­ба­сының мүшелері көп, қаржылай көмек­ке мұқтаж кісілерге ғана берілуге тиіс екендігін де ұмытпаған жөн. Өкінішке қарай, қазір осы жағдай­ды ескермей, оралмандар туралы не­ше­ түрлі әңгіме, орынсыз сын айтушы­лар көбейіп барады. Әрине, біз көші-қон жөнінде ешқандай сын айтыл­масын де­мейміз. Керісінше, кемшіліктерді атап көрсетіп, оны түзетудің жол­дарын қарастырмасақ, ешқандай жұ­мыс алға баспайды. Мысалы, соңғы уа­қытта Қы­тайдың Үрімші қаласындағы Қазақ­стан­ның Паспорттық визалық меке­ме­сі­нің жұмысына байланысты біраз ащы әңгімелер айтылды. Біз де Қауым­дас­тықтың атынан бірнеше рет республика Сырт­қы істер министрлігіне хат жазып, бұл жөніндегі өз пікірімізді білдірдік. Со­ның нәтижесінде, қазір бұл мекеменің бас­шылары ауыстырылып, жұмыс жол­ға қойылды. Мұндай өзекті мәселе­лер­ді дер кезінде көтеріп, күн тәртібіне қою – әркімнің де азаматтық парызы. Бірақ сонымен бірге, сын-пікірлердің әрқашан да әділ, шынайы болғаны абзал. Өкінішке қарай, бізде осы жағы жетіспейді. Мысалы, кейде Қазақстандағы кө­ші-қон жұмыстарының бәрін жоққа шығарып, оралман атаулыны түгелдей жетім баланың күйін кешіп, күнін көре алмай жүргендей етіп сүмірейте көр­сету де кездеседі. Біз осындайға қар­сымыз. Тағы да қайталап айтуға тура келеді, тәуелсіздік алғаннан бері еліміздегі жүзеге асқан ең маңызды, мақ­танып айтуға тұрарлық жұмыстардың бірі – шетелдердегі ағайындарды ата­жұрт­қа көшіріп әкелу. Өзіміз­бен қатар тәуелсіздік алған республи­калардың ешқайсысы да тап осындай жұмысты жүзеге асыра алған жоқ. Оған тәуе­келдері жетпеді. Ерлікке тең мұндай іске тек Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев қана барды. Бір жақсы жері, келген ағайын­дарымыздың түгелге жуық көпшілігі жұмысын істеп, бала-шағалаларын өсі­ріп, жергілікті халықтармен бірге күн­дерін көріп, тып-тыныш өмір сүруде. Бұл Тәуелсіздікке дейін біздің өңіміз түгілі түсімізге де кірмейтін жағдай емес пе еді?! Басқаны былай қойғанда, көр­шілес жатқан Қытайдағы ағайын­дар­мен барыс-келісіміз отыз жылдай мүл­дем тоқтап қалғанын неге ұмыта­мыз?! Иә, осы арада оралмандар көшін құлдыратып жамандайтындардың көз­де­ген мақсаттары не деген сауал еріксіз бас көтереді. Құрылтайда Елбасының шетелдегі ағайындарға қолдау көрсету жөніндегі алға қойған екінші міндеті – оқу-білім мәселесі. Бұл – ең алдымен, жастарға қатысты. Президент: «Біз әлемдегі барша қазақ жастарының сапалы білім алуына тиісті жағдай жасауы­мыз керек... Осыған байланысты Білім және ғылым министрлігіне қан­дас­та­рымыз­ға бөлінетін гранттық квотаны нақты­лап, жастармен жүйе­лі жұмыс жүргізу­ді тапсыра­мын»,  деді. Демек, алдағы уақытта бұл салада да біраз жақсы жаңалықтар болуға тиіс. Осыған орай, біз шетелдердегі қазақ тілінде білім беретін оқу орындарына жүйелі түрде түрлі қолдау ұйымдастыруымыз керек. Мысалы, осыдан біраз жыл бұрын шет­елдердегі қазақ мектептеріне оқулық­тар мен оқу-әдістемелік құралдар, бас­қа да қажетті кітаптар жіберіп тұру қолға алынған еді. Енді осы мәселені бүгінгі күн талабына сай қайта қарап, жаңа деңгейге көтеру қажет. Шетел қазақтарын атажұртқа тарту­дың, олардың елімізге көбірек келуіне мүмкіндіктер туғызудың ең ұтымды жолдарының бірі – оқуға шақыру. Елба­сы Құрылтайда бұл туралы шегелеп тұ­рып айтты. Әйтсе де, бұл жөнін­де ой­лан­дыратын мәселелер де жеткілікті. Мы­са­лы, шетелдік қазақ жастары ата­жұрт­қа келгеннен кейін құжаттарын куә­лан­дыруда біраз қиындықтарға кездеседі. Сондай-ақ, шетелдік қазақ жаста­рын арнайы орта білім мен кәсіптік мамандық беретін оқу орындарына қа­былдаудың да нақты жүйесін жасау қажет. Мұндай оқу орындары бірінші кезекте Қазақстанның Өзбекстан және Қытаймен шекаралас облыстарында ашыл­­са дейміз.            Шетел қазақтарының жас ұрпағын Қазақстандағы дарынды ба­ла­лар мектебіне шақырып, оқытудың мүм­кіндіктерін де қарастырғанымыз жөн. Елбасының қазақ диаспорасына қам­қорлық жасау жөніндегі алға қой­ған үшінші міндеті – бұқаралық ақ­па­рат құралдарына байланысты болды. Бұл жөнінде Президент: «Біз шеттегі қандастардың Қазақстаннан жан-жақты хабар алып тұруына көмек­те­се­міз», деп байлам жасады. Соған орай Байланыс және ақпарат министрлігіне нақты тапсырмалар да берді. Осы арада шетел қазақтарының Қазақстаннан тарайтын бұқаралық ақпарат құрал­да­рына деген сұраныстары өте жоғары екенін айта кетуіміз керек. Яғни, олар Қазақстанның телерадио хабарларын тыңдап, көруге, қазақша газет-жур­нал­дарды алдырып оқуға барынша ынта­лы. Қазір Қазақстанда шетелдерге хабар тарататын «Каспионет» бағдарла­ма­сы ашылып, жұмыс істеуде. Дү­ние­жүзі қазақтары қауымдастығының жа­ны­нан шетел қазақтарына арналған «Алтын бесік», «Туған тіл» атты ба­сылымдар да жарық көріп, алыстағы ағайындарға таратылуда. Қауым­дас­тық­тың «Атажұрт» баспа орталығынан шетелдегі қазақ қаламгерлерінің шы­ғар­малары үзбей жарық көріп келеді. Алдағы уақытта бұл игілікті істер де өз жалғасын тауып, бұрынғыдан да жемісті әрі ауқымды бола түседі деп есептейміз. Қазіргі кезде шетелдегі қазақтар­дың мәдени-рухани салада қол жеткізген табыстары айтарлықтай мол. Қа­зақ­тар тығыз орналасқан жерлерде қа­зақ халқының тарихына, мәдениетіне байланысты бай мұралар бар. Елба­сының Құрылтайда алға қойған төр­тін­ші міндеті осы мәселеге арналды. Бұл ретте, Президент «Мәдени мұра» бағ­дар­ламасының жемісті жүзеге асыры­лып жатқанына ерекше тоқталды. Бір­ақ бұл жетістіктермен шектеліп қалуға болмайды. Елбасы: «Қандастар тұ­рып жатқан елдерде ұлттық өнердің ке­ңі­нен таралуына жағдай жасауы­мыз керек», деп атап өтті. Осыған орай, Білім және ғылым, Мәдениет министрліктеріне экспедициялар ұйым­дас­тырып, осындай құнды мұраларды жинақ­тау­ды тапсырды. Соған бай­ланысты Қау­ым­дастық атынан бір-екі ұсыныс айта кетсек дейміз. Көршілес республикаларда қазақ­тың ұлттық өнер ұжымдары баршы­лық. Мысалы, Моңғолия мен Өзбек­станда қазақ театры жұмыс істейді. Осы театрларға көмек жасау мәселесі ескерілсе дейміз. Сондай-ақ, Ресейден де бірнеше шағын қазақ театрын ашуға болады. Шетелдегі қазақ мәдени ошақ­­тарын маман кадрлармен қамта­ма­сыз етуді де қолға алған жөн. 1990 жыл­дардың басында Қытайдан келген бір топ дарынды жастар Алматыдағы Т.Жүр­генов атындағы Өнер академия­сы мен Құрманғазы атындағы консер­ва­­то­рияға түсіп, білім алған еді. Қазір олардың көпшілігі Қытайдағы қазақ мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге үлкен үлес қосып жүр. Алдағы уақытта осындай мәселе де тұрақты түрде жүзеге асуы қажет. Шетелдегі қазақ диаспорасына мә­дени-рухани қолдау көрсетудің бір тиімді жолы – кіші құрылтайлар өткізіп тұ­ру. Соңғы жылдары мұндай құрыл­тай­лар Еуропада тұрақты ұйымдас­ты­рылып келеді. Алдағы уақытта бұл бас­қосуларды Ресей, Моңғолия, Қытай, Өзбекстан және басқа елдерде өт­кізу­дің мүмкіндіктерін қарастырудамыз. Дегенмен: «Кіші құрылтайлар керек пе?» деп жүргендер де бар. Астанадағы үлкен Құрылтайда Елбасы бұл жөніндегі өз көзқарасын айқын білдірді. Президент: «Бесіншіден, біз шетелдерде кіші құрылтайлардың тұрақты өт­кізілуін құптаймыз. Осыған байла­нысты, бұл құрылтайларға «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қолдау көрсететін болады», деп нақты айтты. Құрылтай өтісімен Президент Әкім­шілігі Елбасының осы жиында бел­гілеген міндеттерінің негізінде алдағы уақытта шетелдегі қазақ диас­пора­сына қолдау көрсетуге байланысты жүзеге асырылуға тиіс іс-шаралардың жоспа­рын жасап, бекітуге кірісті. Бұл жоспарда қазақ диаспорасы мен орал­мандарға қатысты ең өзекті мәселелер қамтылып, бұл салада тиісті министрліктер мен мекемелердің міндеттері нақты көрсетілген. Бұл да Құрылтай жұмысының барынша жемісті бо­луының айқын дәлелі. Құрылтайдағы ең маңызды іс-шара­лардың бірі – қазақ диаспорасы мен оралмандар мәселесіне арналып 9 министрлік өкілдерінің қатысуымен 7 жерде өткізілген дөңгелек үстел мәжі­лістері болды. Бұл кездейсоқ емес. Диаспора мен оралмандардың жұмысы еліміздің Ішкі істер, Сыртқы істер, Білім және ғылым, Мәдениет, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Байла­ныс және ақпарат, Ауыл шаруашылығы, Спорт және туризм, Экономикалық даму және сауда министрліктеріне тікелей қатысты. Соған орай, Қауым­дас­тық шетелдік ағайындар мен орал­мандардың өтініш-тілектері негізінде Құрылтай қарсаңында осы министр­ліктердің әрқайсысына алдын ала 20-30 сұрақтан тұратын жазбаша мәселе қойды. Дөңгелек үстел мәжілістерінде осы сұрақтар жан-жақты талқыланып, алыс-жақыннан келген ағайындар кө­кей­де жүрген бүкіл мәселелерін ортаға салып, іштеріндегі шерін түгел ақ­та­рып, кең отырып әңгіме-дүкен құрды. Алыстағы ағайындарға қатысты бар­лық мәселені бір кезде алуан қырынан түгел талқыға салған мұндай маңызды жиын бізде бірінші рет өткізілді деп толық сеніммен айта аламыз. Қазір әр министрлік осы мәжілістердің ұсы­ны­с-тілектері бойынша нақты іс-шаралар жоспарын жасап, жүзеге асыруды қолға алуда. Бүгінгі әңгімемізде Дүниежүзі қа­зақ­­тары қауымдастығы туралы да бір-екі ауыз сөз айта кеткеніміз жөн. Қау­ымдастық 1992 жылы Әлем қазақ­та­ры­ның тұңғыш құрылтайында құрылған. Содан бергі кезеңде бұл ұйым өз Жарғысына сәйкес алдына қойған мін­дет-мақсаттарын ойдағыдай орындап келеді. Қазіргі кезде Қауымдастық еліміздегі сырт жерлердегі қазақ диас­по­расымен тұрақты байланыс жасайтын ең негізгі ұйымға айналды. Әйтсе де, ойландыратын мәселелер де бар. Мы­салы, қазақ диаспорасы, әсіресе, оралмандар туралы әңгіме қозғалса кейбіреулер бар мәселені Дүниежүзі қазақ­тары қауымдастығы шешуі керек деп сынап-міней бастайды. Олардың сөзіне қарасаңыз, Қауымдастық өз мүмкін­ді­гі, күш-қуаты мен қаржысы, атқаратын міндеті жөнінен Қазақстандағы ең үлкен министрліктермен терезесі тең, қатар тұрған мекеме сияқты. Әрине, біздің дәрежемізді осынша асыра баға­лағандарға «зор рахмет», бірақ, шын­дап келгенде Қауымдастық – мемлекеттен тікелей қаржы алмайтын, қыз­мет­керлері санаулы, мүмкіндігі шектеулі қоғамдық бірлестік қана. Біз «Қа­зақ­стан Республикасының қоғамдық бірлестіктері туралы» Заңының аясында жұмыс істейміз. Демек, кейбір ағай­ын­дар (оның ішінде Мәжіліс депутаттары да бар) бізге сын айтар алдында осы Заңды дұрыстап оқып алса, артықтық етпес еді. Өйткені, бұл Заң бойынша Қауымдастық кез келген шаруаны тікелей жүзеге асыратын атқарушы орган емес, тіпті, оның мұндай жұмыстарға араласуға құқы да жоқ. Қауымдастықтың негізгі міндеті – шетелдегі қазақ диаспорасының мәде­ни-рухани, оқу-білім, көші-қон жөнін­дегі мұң-мұқтаждарын, өтініш-тілек­терін Қазақстан үкіметіне, басқа да тиісті орындарға жеткізіп, бұл жөнінде қажетті мәселелер көтеріп, олардың шешілуіне қозғау салып отыру. Біз осы бағытта жұмыс істейміз. Бұған нақты мысал келтірейік. Жоғарыда атап көр­сет­кеніміздей, соңғы жылдары көші-қон саласында жемқорлықтың неше түрі асқындады. Әсіресе, жалған құжат жасап, оралман ретінде ұшан-теңіз қаржы жымқыру кең тарады. Шетелдерге, оның ішінде, әсіресе, Қытайға барып, «Қазақстанға көшіріп аламыз, балаларыңды оқуға түсіреміз» деп жұрттан ақша жинап, ақыр соңында ізін таптырмай кететін алаяқтар да көбейді. Олардың арасында «оралман­дардың қамын ойлап, сөзін сөйлейміз» деп белсеніп жүрген жалған жан­а­шырлар да бар. Қауымдастық соңғы жылдары мұндай жолсыздықтарға тосқауыл қою керек деп тынбай мәселе көтеріп келеді. Қазір ІІМ Көші-қон полициясы комитетімен бірлесіп, эт­никалық көші-қон жөнінде қоғамдық кеңес құрдық. Бұл да көші-қондағы жемқорлықты тыюға өз үлесін қосады деп есептейміз. Мұның бәрі біреулерге ұнамайтыны анық байқалады. Қауым­дастықтың қызметін жоққа шығарып, шетелдік ағайындардың атынан жалған хат ұйымдастыру сияқты келеңсіз оқиғалар – осының айқын көрінісі. Бірақ, бұған бола Қауымдастық алдына қойған өз мақсат-міндетінен ешқашан да айнымақ емес. Бізге, ең алдымен, алыстағы ағайындардың ықылас-ниеті, таза пейілі қымбат. Бұл ретте Елбасының Астанадағы Құрылтайда Қауымдастықтың Төраға­сы болып бір ауыздан қайта сайлануы біз үшін үлкен қуаныш әрі аса зор жауапкершілік. Біз болашақта осы жауапкершілікті ойдағыдай атқару үшін бар күш-жігерімізді салып жұмыс істейтін боламыз. Сөзімізді қорытындылай келе айта­ры­мыз, Елбасы бастап, бүкіл хал­қы­мыз қостап, бірлесіп қолға алған Құ­рылтайымыз ойдағыдай, табысты өтті. Алда осы Құрылтайдың шешімдері мен Елбасы белгілеп берген тап­сырмаларды орындау міндеті тұр. Енді осы міндеттерді жүзеге асы­ру­ға көп болып жұмыла кірісуіміз керек. Талғат МАМАШЕВ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы  Төрағасының бірінші орынбасары. Жазып алған: Сүлеймен МӘМЕТ.