Маусымның 10-12-і күндері ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесі құрметіне К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының гастролі өтпек.
Гастрольдік сапармен елорда жұртшылығына өнер көрсетуге келген театр ұжымының торқалы тойға тарту ретінде ұсынатын қойылымдары – Қ.Ысқақ пен Шахимарденнің «Қазақтар» екі бөлімді тарихи драмасымен (қоюшы режиссері Тұңғышбай Әл-Тарази) басталып, қырғыз драматургы Б.Жәкиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпай» драмалық туындысымен (режиссері Есмұхан Обаев) жалғасып, М.Әуезовтің «Абай» трагедиясымен (режиссері Есмұхан Обаев) қорытындыланады деп күтілуде.
Қазақ театр өнерінің қарашаңырағы саналатын әкемтеатрдың репертуардан осынау үш спектакльді таңдап алуының өзіндік себебі бар. «Қазақтар» қазақ халқының өз алдына мемлекет болып қалыптасу кезеңін қамтыса, мақсаты түбі бір, тілі ортақ түркі өркениеті қайтадан бір идея төңірегіне топтасып, жұдырықтай жұмылсын дегенді көздейді. «Жүрейік жүрек ауыртпай» спектаклінде әке, бала, келін мен немере арасындағы қарым-қатынастың қатпарлары қанық бояуында өріледі. Ұрпақ жалғастығы, отбасылық жарасым, халқымыздың үлкенге құрмет, кішіге ізет, имандылық пен ибалық қасиеттері қастерленсе, ошақтың бақыты деген сол емес пе? Бірақ өмір ағысы мүлде басқа арнаға түсіріп әуреледі. Спектакль кейіпкерлері – жаны жабырқаған қария, шолақ оймен кесіп-пішіп жүрген бейапар келін, ез ұл, өз үйі мен туған анасынан жылу таппаған бойжеткен тағдыры толғантады. Қария ұлының ата-бабадан келе жатқан ескі қонысын сатуына қарсылық білдіріп жүргенде, мұнан да сорақы оқиға жүрекке ойып жара салады. Оны қарттар үйіне өткізіп жібереді.
«Абай» трагедиясы – аты айтып тұрғандай, ұлы ақынның соқтықпалы, соқпақты өмірі қапысыз бейнеленген қойылым, қазақ жанының жаңа таңға иек артқан игі бастаулары барынша нанымды көрініс табатын, салт-сананың рухани ұйытқысы Абай болмысы алдыңғы қатарға қойылған бірегей туынды. Сахналық шығармалардағы басты бейнелерді сомдауда С.Оразбаев, Т.Жаманқұлов, Т.Тасыбекова, А.Бектемір, Р.Хаджиева, Ж.Әміров, О.Қиқымов, Ү.Сейтімбет, Д.Ақмолда, А.Боранбай, Е.Біләлов, Б.Тұрыс, Д.Жүсіп, Ш.Жанысбекова сияқты белгілі әртістермен қатар Қ.Мамытқалиев, Е.Дайыров, Б.Маңжігітов, Г.Шыңғысова сынды жастар өнері де жаңа қырынан танылмақ.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.