• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
10 Маусым, 2011

Жаңа технологиялардан қалып қоймау – бүгінгі күннің басты талабы

401 рет
көрсетілді

Кеше Тәуелсіздік сарайында 7-ші Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумының жұмысы әрі қарай жалғасты. Форумның түске дейінгі пленарлық отырыстарында Шексіз мүмкіндік үшін инновациялық технологияларды қолдану; Инфрақұрылымды дамыту: болашақтағы инвестициялар; Шағын және орта бизнестегі инвестициялар: экономикалық дамуға ықпалы; Азық-түлік қауіпсіздігі: сауда мен әлеуметтік қажеттілік арасындағы баланс; Халал: әлемдік экономикалық жүйедегі халалдың әлеуеті және баламалы энергия түрлері: таза, жасыл, қауіпсіз деген тақырыптар бойынша мәселелер ортаға салынып, пікірлер алмасылды. Бірінші тақырып – Шексіз мүмкіндік үшін инновациялық технологияларды қолдану мәсе­ле­сі бойынша модераторлық еткен Сауд Арабиясы «RTIC» ком­паниясының атқарушы дирек­то­ры Мезияд Алтеркавидің хабардар етуінше, соңғы екі жылдағы экономикадағы жағымсыз жағ­дай­лар коммерциялық сектордың мемлекеттік және жеке кәсіп­орын­дар арасындағы қызметтерді реттеуді қамтамасыз ете алмай­тын­дығын көрсетті. Сондықтан экономикалық дамыту мен ин­но­вациялық ықпал ету саясатын өзгертіп, оны технологиялық және инновациялық қатынастарға қа­рай алмастыру қажет. Өйткені, инновация экономиканың негізі екені халықаралық деңгейде танылған. Ретіне қарай сөз алған спикерлер тақырыпқа байланысты, аталған сала бойынша зерттеулер жүргізуде үкіметтің ықпал ету рөлінің қандай болуы керектігіне, ондағы негізгі кедергілер мен проблемалардың мүмкіндіктері­не, сондай-ақ мәдени интегра­ция­лық үдерістерді инновация­лық жағынан дамытуға қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Пәкс­тан компьютерлік технологиялар қауымдастығының президенті Дже­хан Ара ханымның пікірінше, жаңа технологиялар өзінің ма­ңыз­ды рөлін атқарып келеді. Ин­новациялық технологиялар Пәк­с­танда да ойдағыдай қолданылуда. Пәкстанда бүгінде 180 миллиондай адам тұрып жатыр, деді ол өз елінен мәлімет келтіре отырып. Халық негізінен қалалық жерлерде шоғырланған. Осы адамдар­дың 20 миллионнан астамының интернетке қосылу мүмкіндігі бар. Біздің есебіміз бойынша, елдегі 107 миллион адам ұялы бай­ланыс телефонын пайдаланады. Егер жаңа технологияларға қол жеткізетін болсақ, халықтың басым бөлігі одан көптеген пайда алар еді. Жалпы, инновациялық технологиялар барлық салаларға қажет деп есептеймін. Бұдан кейін сөз кезегіне ие болған үнділік «ASP» компания­сының бас директоры Сувоприво Мукхерджи, малайзиялық «Бер­хард» экономикалық ресурстар орталығының атқарушы ди­ректоры Мунирах Хаджи Абдул Хамид және FPL компаниясының құрылтайшысы Дебора Лири өз елдерінде инновациялық техно­ло­гиялардың жайын айта келіп, оның медицина, ауыл шаруашы­лығы, тағы басқа салалардағы орнына тоқталды. Сонымен қа­тар, олар отырысқа моде­ра­тор­лық етуші Мезияд Алтеркавидің пікірлеріне қосылатындығын, ин­но­вациялық жаңа технологиялар экономиканы алға бастырушы негізгі күш екенін атап өтті. Ал «JSC Kazakhstan PPP Center» АҚ төрағасы Қайрат Тілебалдинов жоғарыда аталған тақырып аясында Қазақстанда қолға алынып жатқан нақты жұ­мыстарды атап өтті. Оның ай­туын­ша, елімізде 2020 жылға дейінгі инновациялық-индустрия­лық даму бағдарламасы қабыл­дан­ған. Осы бағдарлама аясында Қазақстан өзінде өндірілетін өнім­дерді бәсекелестікке қабілет­ті ете алады. Бұл қазақ­стан­дықтардың әл-ауқатын арттыруға негіз болады. Қазіргі кезде бағ­дар­ламадан туындайтын инно­ва­циялық-индустриялық жобалар Ұлттық инновациялық қор ар­қылы қаржыландырылады. Оған мемлекет қомақты қаржы бөліп отыр. Елімізде мемлекеттік сектормен қатар, жеке сектор да да­мып келеді. Инновациялық жоба­ларды жүзеге асыруға бағыт­талатын қаржының жалпы көлемі 750 миллиард теңгені құрайды. Инфрақұрылымды дамыту: болашақтағы инвестициялар та­қы­рыбында өткен отырыста да келелі мәселелер қозғалды. Оған модераторлық еткен Палес­ти­на­ның «NBCC» компаниясының бас директоры Имад Хинди, сон­дай-ақ сөз алған тұлғалар инвестиция инфрақұрылымды дамы­ту­дың басты құралы болып табы­ла­тынына назар аударды. Мысалы, «Түркуаз» компаниялар тобының президенті Зеки Пилгенің пай­ым­дауынша, кез келген мем­ле­кет­тің экономикалық жағынан дамуына тұрақты инвестиция әсер етеді. Өйткені, инвестиция экономикалық қызмет үшін жа­ғымды жағдайлар жасап, адам ка­питалының артуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, комму­налдық қызмет көрсету сапа­сы­ның жақсаруына мүмкіндік береді. Шағын және орта бизнестегі инновацияның ықпалына қатыс­ты тақырып жөнінде де тұщым­ды түйіндер айтылды. Татарстан Шағын және орта бизнесті да­мы­ту агенттігінің төрағасы Линар Якуповтың сөзіне қарағанда, бүгінде әлемдік рыноктағы жаңа қиындықтарға тәжірибесі мол коммерциялық сектордың көш­бас­шылары да тап келіп отыр. Осындай жағдайда кәсіпорын­дардың бәсекелестік қабілеттілі­гін сақтап қалу үшін олардың жұ­мыс тәжірибесін қайта қарастыру қажет. Өндіріске инновациялық жаңа технологияларды енгізіп, жаңа әріптестерді іздеу керек. Сонымен бірге, олардың өз ре­сурстарын тиімді пайдалану жағына баса көңіл бөлінуі тиіс. Пленарлық отырыстар бары­сында азық-түлік қауіпсіздігіне байланысты мәселелерге ерекше мән берілгенін атап өткен орын­ды. Сөз алған шешендердің келтірген мәліметтеріне сүйенетін болсақ, 2050 жылға қарай Жер шарындағы халық саны 9,1 миллиард адамға жетеді екен. Ал­дағы 40 жыл ішінде азық-түлікке, су ресурстарына деген сұраныс еселеп артады. Малайзия Стра­тегиялық және халықаралық зерт­теулер институтының атқарушы директоры Махани Зайнал Абидин мырзаның хабардар етуінше, азық-түлік түрлерін өсіру үшін қажетті энергетикалық және су ресурстарына деген тапшылық та көрініс береді. Бұл халықтар ара­сында тұрақсыздықтың орын алып, оның соңы жанжалдарға соқ­тыруы мүмкін. Ал марокколық ғалым Мохамед Айт Кадидің айтуына қарағанда, азық-түлік жетіспеушілігі қазірдің өзінде көпшілік елдерде байқалып отыр. Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс, сондай-ақ Африка су ресурстарының тапшылығын сезіне бастаған. Болашақта әлем халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін не істеу керек? Орман-тоғайларды шабу керек пе? Шешен-спикер­лердің пікірінше, орман-тоғай­лар­ды отап, ол жерлерді азық-түлік өндіруге пайдалануға жол беруге болмайды. Ол орны толмас экологиялық апатқа соқты­ра­ды. Сөйлеушілер, сондай-ақ, азық-түлік өнімдерінің бағасын төмен­дету, жас нәрестелі әйел­дер­ді көк­өніс түрлерімен тиісінше қам­тамасыз ету, су ресурстарын тиімді пайдалану, игерілмеген жерлерді азық-түлік өндіруге бейімдеу жөнінде ойларын ортаға салды. Ал Қазақстан Республикасы­ның Ауыл шаруашылығы вице-министрі Сақташ Хасенов өзі­нің сөзі барысында Қазақстан Рес­публикасында азық-түлік қауіп­сіздігіне қатысты қолға алынған іс-шаралардан хабардар етті. Ви­це-министрдің сөзіне қарағанда, Қазақстан аграрлық сектордың дамуына күш салуда. Еліміздің өз тұрғындарын азық-түлік түрлері­мен қамтамасыз етуге әлеуеті жетеді, астықты экспортқа да шыға­рып жүр. Азық-түлік қауіпсіз­ді­гіне байланысты нақты бағдар­ламалар жүзеге асырылып жа­тыр. Алдағы уақытта Қазақстан экспортқа ет шығаратын болады. Сонымен қатар, ол еліміздің гу­манитарлық көмек ретінде Тәжік­стан мен Ауғанстанға бидай жөнелткенін атап өтті. *  *  * Түстен кейін БИЭФ «Ислам банкингі және қаржы-қа­ра­жат­тар: сенімді арттыру» деп атала­тын отырыспен басталды. Оты­рыс­ты жүргізуші Ұлыбритания­ның «PwC International» ком­па­ниясы қаржы қызметі секторын жаһан бойынша дамыту жө­ніндегі директоры Найджел Вугт алғашқы сөзді Қазақ­станның Қар­жы министрі Болат Жәмі­шевке берді. Бүгінгі әңгімемізде исламдық құнды қағаздар рыногын толтыру мәселесі қаралатындықтан мен өз сөзімді осы бағытта өрбітейін, деп бастады өзінің сөзін Б.Жә­мі­шев. Бұл мәселе біздің ел үшін өте маңызды. Соңғы кездері Ислам банкінің қазақстандық жоба­ларды қаржыландыру қарқыны артып келеді. Әсіресе, соңғы екі жылда біз Қазақстанға Ислам қар­жы институттарын енгізуде айтарлықтай табыстарға жеттік. Соның ішінде Ислам банктері мен қамсыздандыру ұйымдары­ның филиалдары бізде жұмыс істейді. Бірақ бізде ислам қаржы­лан­дыру терезесі коммерциялық банктер үшін әлі күнге заңдылық жолмен ашылмағанын айта кетуге тиістімін. Қазір біз осы мә­селені еңсеру жолын қолға алып, заң жобасын дайындаудамыз. Банктер Ислам қаржы көздерімен әзірге бөлек заңды тұлғалар ашу арқылы ғана жұмыс істеуде. Одан әрі министр Ислам қар­жы институттарымен кедергісіз жұмыс істеуге мүмкіндік беретін заң жобасын жасауға халықара­лық сарапшылардың қатысқанын және олардың кейбіреулері осы залда отырғанын айтып, оларға ризашылығын білдірді. Сөзінің түйінінде ол Ислам банкингінің Қазақстанда еркін жұмыс істейтініне сенім білдірді және бүгінгі секілді форумдар оны дамытуға ықпал етуге тиіс деген ойын жеткізді. Б.Жәмішевтің Қазақстанда әлі күнге Ислам қаржы инсти­тут­тарын еркін ендіруге мүмкіндік беретін заңдардың қабылдан­ба­ға­ны туралы айтқаны әріптестеріне ұнай қойған жоқ. Оның осы сөз­дерін кейінгі сөйлеген банкир­лер­дің бәрі дерлік іліп кетіп жатты. Ислам құнды қағаздар рыно­гын әлемде дамыту жөніндегі директор Раджа Тех Иаймунах ха­ным өзінің сөзінде ислам банк­терінің активтері өте қомақты сома болатынын атап өтті. Бірақ ол ислам халықтарының 10 пайызы ғана тұратын елдерді қамтиды. Со­ның ішінде ислам қаржылан­дыру қағидатын көптеген елдер заңна­малық тұрғыда әлі күнге қабылдай алмай отыр. Соның бірі Қазақстан екені өкінішті. Ислам банкингін дамытып отырған елдер оның пайдасын өз көз­де­рімен көріп, оны дамытуға ұмты­луда, деді ол. Үшінші болып Ұлыбритания коммерциялық банктері ұйымы­ның атқарушы директоры Ричард Томас сөйледі. Ол исламдық құн­ды қағаздарды рынокторға жай­ғас­тырудың өте пайдалы екендігін атап көрсетті. Олардың сапа­сы өте жоғары, сондықтан олар­дың негізінде инвестиция тартуға әбден болады. Қазір 12 мемлекет исламдық құнды қағаздарды бас­қа­ру жөнінде корпорация құру туралы бастама көтеруде. Оның мақсаты – осы елдердің активтерін қолдана отырып, бірлескен құнды қағаздар шығару. Ол со­ның ішінде «сукук» атты құнды қағаз туралы көп айтты. Осы құнды қағазды алып, өндіріске сал­ғанда сукукты сатқан адам тү­сімнен (егер болса) өзінің үлесін алады. Мұнда басқа несиелердегі се­кілді қатаң өсім пайызы бол­май­ды. Сонымен бірге, сукук ша­риғат қағидаларын ұстанып қана жұмсалады, ал бұл дегеніңіз ол шошқа, ішімдік, темекі өнімдерін шығаруға және сатуға, сондай-ақ казино, кинотеатр секілді ойын-сауық орындарын ашуға қолда­нылмайды. Шешен өзінің сөзінде ислам­дық облигацияның осындай ерекшеліктерін де атап кетті. Бұл құн­ды қағаз Ұлыбританияда кеңінен қолданылады, деді ол. Қазірдің өзінде Ұлыбританияда бес бірдей бір-біріне тәуелсіз ислам банктері жұмыс істейді. Олар қазір жақ­сы қарқынмен дамуда, осы орайда мен мұсылман елі саналатын Қа­зақстанда Ислам банкі қаража­тын қолданғанымен, жеке банкі­сі­нің әлі күнге ашылмағанына таң­ырқағанымды жасыра алмай­мын. Сонымен қатар, өзімнің тә­жірибеме сүйеніп, мен кейбір дәс­түрлі банктерде исламдық қар­жы­ландыру терезесін ашқаннан гөрі өз алдына дербес Ислам банкін ашқан анағұрлым тиімді бо­ла­тынына сендіре аламын. Соны­мен бірге, шешен өзінің осы салада 30 жылдан артық еңбек ететінін де айтып өтті. Одан кейін сөйлеген шешендер де Ислам банкінің артық­шы­лығын дәлелдеп жатты. Соңғы болып сөйлеген Бүкіләлемдік ислам банкингі «Credit Agricole CIB» атқарушы директоры Саид Рахман да осы бағытта сөз өр­біт­ті. Сонымен қатар ол Қазақ­стан­ның Орталық Азиядағы ғана емес, жалпы мұсылман әлемін­дегі орнына үлкен баға берді. Президент Н.Назарбаевтың бас­қа­руы­мен Қазақстан алға қарай алып қадамдар жасап отыр, деді ол. Соңғы пленарлық отырыстың тақырыбы «Инновациялық көш­бас­шылық: күрделену дәрежесіне қарай капиталдандыру» деп атал­ды. Мұнда да қызу пікірлер ал­ма­сылып, қазіргі таңдағы капи­тал­дандырудың проблемалары мен перспективалары айтылды. Қа­зақ­стан жағынан бұл отырысқа «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ төраға­сының орынбасары Айдын Кә­ріб­жанов қатысып, сөз сөйледі. Оның ағылшыншасы әріптестері­нен асып түспесе кем болмай, қазақ баласының да кез келген тілді қанжығасына бөктеретінін көрсетті. Ол ұлттық қордың қар­жы­ландыру ерекшеліктерін әріп­тес­теріне барынша түсінікті етіп баяндап берді. Малайзияның «Khasanah (қа­зы­на) Nasional Berhad» қорының атқарушы директоры Тан Сри Аз­ман Мохтар да өз қорлары­ның ерекшеліктері туралы әңгімеледі. Қорытынды сессияда эконо­ми­калық форумның жабылу сал­танаты болды. Онда алдымен 7-ші Бүкіләлемдік Ислам экономика­лық форумы барысында айтыл­ған мәселелер, көтерілген проб­лемалар мен пікірлердің нәти­же­сінде түзілген ұсыныстар жи­на­ғы оқылды. Оның арасында басқару жүйесін жетілдіру, сауда, инвестиция, мәдениет мәселе­ле­рін либеризациялау аталып өтті. Сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкер­лік­ке көңіл бөліну керектігі, Ислам елдері кәсіпкерлерінің аш­көз­діктен, қанағатсыздықтан сақ болуы да ұсыныс ретінде аталды. Мұсылман әлемі жаңа қуат көз­дерін, соның ішінде баламалы қуат көздерін іздеу сияқты жаңа­лық­тардан тыс қалмау керектігі жарияланды. Адам денсаулығына пайдалы халал тағамдар индус­трия­сын дамытып, бұл істе өзара ынтымақтастықты дамыту тура­лы да әңгіме қозғалды. Ислам бан­кі мен исламдық тәртіппен қар­жыландыру институттарын да­мытуға атсалысу қажеттігі аталып өтті. Сонымен қатар, ұсыныс­тар­да өндірістің жылдам әрі сапалы дамуын қамтамасыз ете алатын инновациялық нанотехнология­лар­ды пайдалану, олармен өзара алмасу, шағын және орта биз­нестің дамуына жол ашатын таза бәсекелестікті дамыту секілді мәселелер де айтылды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­баев­­тың пікірлерін ескеріп, ғылыми технологиялар кластерін құру, атқарылған істер туралы жыл сайын есеп беріп отыру, қол қой­ылған құжаттардың іске асуын қамтамасыз ету және т.б. мәсе­ле­лер ұсыныстар ретінде енгізілді. Осыдан кейін сөз Қазақстан Республикасы Премьер-Ми­нис­трі­­нің орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі, 7-ші БИЭФ Ұлттық ұйымдас­ты­ру комитетінің төрағасы Әсет Исе­кешевке берілді. Ол Қазақ­стан Республикасы атынан фо­рум­ға белсенді қатысқандары және нәтижелі жұмыс істегендері үшін қонақтарға ризашылығын білдірді. Соның ішінде БАҚ өкіл­деріне арнайы алғысын айтты. 50-ге жуық елден 2 мың-ға жуық өкіл келмек болған еді, іс жүзінде тіркелгендер саны 4 мыңнан асы­п түсті. Өзара жасалған келісімдер мен келісім-шарттар саны 15 болды. Соның ішінде Ислам Даму банкі мен Қазақстан ара­сын­да ауыл шаруашылығына жеңілде­тілген несие беру туралы келісімге қол қойылды. Мен сіздерге форум пайдалы болып, өздеріңізге қажет­ті ақпараттар берді деп үміт­тенемін, деді Ә.Исекешев. Форум жұмысында соңғы бо­лып БИЭФ төрағасы Тун Муса Хитам сөйлеп, жақсы ұйым­дас­ты­рылған жиын үшін Қазақ­стан­ға ризашылығын жеткізді және Президент Н.Назарбаевтың бас­та­малары аяқсыз қалмайтынына сенім білдірді. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, Жақсыбай САМРАТ. ----------------------------- Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.