ҮЗДІК БЕСТІКТІҢ ҚАТАРЫНДАМЫЗ
Осыдан жарты жыл бұрын академик Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде (СҚМУ)бірқатар студенттер қажетті балл жинай алмау себепті 5 мамандық бойынша аттестациялаудан өтпеді деп танылған болатын. Оның соңы түрлі әңгімелер тудырып, кей факультеттер жабылады, басқа жоо-ларға көшіріледі деген қауесеттерге ұласқан-ды.
«Егемен Қазақстанның» Солтүстік Қазақстан облысындағы тілшісі Өмір Есқали аталған жоғары оқу орнының ректоры, академик Оңдасын Әшімовке:
– Сіз бұған не дейсіз?
– Иә, былтыр күзде Білім және ғылым министрлігінің арнайы өкілдері болып, аттестация өткізген болатын. Сынақты 45 мамандықтың 40-ы сәтті тапсырып, тұтастай алғанда, студенттеріміз жоғары білім деңгейін көрсете білді. Ал, есеп және аудит, мемлекеттік және жергілікті басқару, педагогика және бастауыш сыныптарды оқыту әдістемесі, қазақ тілі мен әдебиеті және психология мамандықтары бойынша аттестация жарамсыз деп есептелді. Осы мерзім ішінде сын-ескертпелерден орынды қорытынды шығарылып, келесі сынаққа сақадай-сай дайындалдық. Зертханалар мемлекеттік стандартқа сәйкестендіріліп, базасы нығайтылып, ғылым мен өндірістің байланысына баса назар аударылды. Жуырда өткен аттестациядан 359 студенттің бірде-біреуі сүрінген жоқ. Орташа ұпай 95-тен айналды. Университет бойынша – 86,5 балл. Бұл – жаман көрсеткіш емес. Министрліктің бұйрығымен 5 жылдық мерзімге аттестациялаудан өтіп отырмыз.
Бұдан СҚМУ-де студенттердің үлгерімі нашар, білім сапасы төмен деген ұғым тумаса керек. Жыл сайын жоо-лардың рейтингі жарияланып отырады. Ол бойынша еліміздегі ең іргелі бес жоғары оқу орнының құрамына кіреміз. Былтыр оқу грантын ең көп иеленгендердің қатарынан көріндік.
Қазір бізде 11 мыңға жуық студент күндізгі және сырттай бөлімдерде өз білімдерін жалғастыруда.
Солтүстік Қазақстан облысы.