• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
11 Маусым, 2011

Турнирде топ жарды

312 рет
көрсетілді

Қазақстандық теннисші Юрий Щукин Чехияның Прос­тежов қаласында өткен «Челленджер» сериясының Uni Credit Czech Open турнирінің жеңімпазы атанды. Финалда италиялық Флавио Киполланы жеңген Щукин бас жүлдеге берілетін 106,5 мың еу­роны қалтасына басты. Осы кездесу алдында ол жартылай финалда турнирдің алтыншы раке­т­касы чех Радекті 3:6, 6:3, 6:4 есебімен жеңсе, ширек финалда ресейлік Михаил Южныйдың ал­дын орады. Бұл ойында ол бірінші сетте 4:6 есебімен жеңілсе, ек­іншісінде 4:1 есебімен жеңіп, одан кейінгі сәтте қарсыласы ой­нау­дан бас тартқан соң жеңіс қа­зақстандық теннисшіге берілді. Ал турнирдің ең бірінші кездесуінде Ю.Щукин тағы бір ресейлік Константин Кравчукті, одан кейін италиялық Филиппо Воландриден 6:4, 6:1 есебімен басым түсті. «Челленджер» мен жақында аяқталған «Ролан Гаррос» турнирінен кейін біздің отандасымыз әлемдік рейтингте 137-ші орынға көтерілді. Одан кейін рейтингте теннисшілеріміз арасында Зарина Диас 156-шы және Сесиль Каратанчева 159-шы орында тұр. Ал әлемдік рейтингте олардан жоға­ры сапта тұрған Ярослава Шведова – 115, Андрей Голубев – 44, Михаил Кукушкин 61-ші орынға жайғасты. Жақында Парижде өт­кен «Ролан Гаррос» турнирінің алдында Я.Шведова 54-ші орын­да тұрған еді. Бірақ, Франция астанасында сәтсіз ойнаған соң ол жағдайын бірден нашарлатып, алдымен 61-ші, одан кейін 115-ші орынға түсіп кетті. А.Голубевтің де жағдайы осыған ұқсас. Алайда оның «жарасы» сәл жеңілдеу деуге болады. Ал М.Кукушкин «Ролан Гаррос» турнирінен кейін жағ­дайын жақсартып алды. Ол Чехияда өткен турнирдің жеңім­пазы атанған әріптесі си­яқ­ты был­тыр Санкт-Петербургте бол­­ған АТР турнирінде Михаил Южныйды ұтқан болатын. Ал биыл Парижде Кукушкин тұңғыш рет екінші айналымға жетті. Дастан КЕНЖАЛИН.