• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
11 Маусым, 2011

«Шортандарды» қолдан жасамайық

345 рет
көрсетілді

ПАРЛАМЕНТ «Егемен Қазақстанның» арнаулы беті _________________________________________ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» деп аталатын  Жолдауында бизнеске түсетін әкімшілік салмақты батыл азайтуды, рұқсат беру жүйесін, ең алдымен лицензиялауды, сертификаттауды, аккредиттеуді одан әрі оңайлатуды тапсырған болатын. Елбасының көздегені орта және шағын бизнесті қолдау, кәсіпкер­лер­ге жан-жақты көмек көрсету еді. Алайда, көмектесудің орнына әр­түрлі жолдармен бизнесті тонауға, кедергі жасауға болады екен. Со­ның бірегейі, еске сала кетсек, кә­сіп­керлерге тауардың сапасы мен оның шығу тегі туралы қос сер­ти­фикатты 2009 жылға дейін қазіргі Индустрия және жаңа технологиялар ми­нис­трлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті беріп келген. Одан кейін Парламент депутаттары комитетті аталған шығу тегі ту­ралы сертификатты беру құқығынан айырып, оны Сауда-өнеркәсіп палатасына заң жүзінде өткізген. Осы заңға байланысты Қазақстан Респуб­ликасының Сауда-өнеркәсіп палатасы (СӨП) тауарлардың шығу тегіне сертификатты (ТШС) тегін беруі қажет еді. Алайда бүгінгі күні бұл қызмет түрі ақылы болып, бірнеше есеге өсіп кеткен. Бұл қоғамда үлкен резонанс туғызған жәйт болды. Осы мәселе күн тәр­тібіне шыға­рыл­ған кезде, оған еліміздегі бар­лық кәсіп­кер­лер қауымдастығы мүше «Атамекен» ұлттық экономикалық палатасы үдере бас көтерген. Сауда-өнеркәсіп палатасы – реттеу тетігін сертификаттау болып табылатын нарықтағы тауарларға сараптама жасаушылардың бірі ғана. Ал бір субъектіге реттеу құқығын бере салу сыбайлас жемқорлықты өршіту, нарыққа қатысатын басқалардың мүддесіне нұқсан кел­тіру дегенді есептемегенде, ол мәселені мо­нополизацияға әкеліп тіреді. Бір сөзбен айт­қанда, бұл қасқырға қой бақтырғанмен пара-пар іс болды. Әу баста кәсіпкердің мүддесін, қазақстан­дық тауардың жағдайын күйттеу үшін құ­рыл­ған аталған мекеменің мұндай кері іс-әрекетін қалай түсінуге болады? Егер толықтай жауапкершілікті алғысы келмесе, аталған палатаға бұл функцияны бастапқы кезден-ақ бермеу керек еді. Осылай депутаттардың игілік ама­лы, керісінше, теріс пиғылға соқтырды. Яғни, біз дәрменсіздік, қауқарсыздық, бейшаралық танытып отырмыз. Жемқорлардың нағыз «шор­танын» қолдан жасап бердік деген сөз. Өткен жылдың 19 мамырында Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты Сауда-өнеркәсіп палата­сы­ның тауарлардың шығу тегіне сертификат берудегі заңсыз әре­кет­тері туралы Бас Прокурорға депу­тат­тық сауал жолдаған болатын. Осы сауалға байланысты сол кездегі Бас Прокурор Қ.Мәми Сауда-өнеркәсіп палатасы тауарлардың шығу тегіне сертификат беру құ­жат­тарының сараптамасы, атқа­рыл­ған жұмыстар­ды тексеру тарифтері­нің мөлшері туралы 2009 жылғы 20 қазан­дағы Төралқа қаулысына на­разылық енгізген еді. Алайда бұл наразылыққа Сауда-өнеркәсіп палатасы пысқырып та қа­рамай отыр. Өз білгенін жасап, заңсыз қара­жатты қарпып асап жатыр. Сол себепті, бұл жерде арнайы тексеру жүргізу керек. «Шортандарды» өзіміз қолдан жасаймыз. Бүгінгі күнгі халық тұтынатын тауарларға, азық-түлік тауарларына бағаның күрт өсіп кетуі осының кесірі. Халық, әсіресе, зейнеткерлер біз өңірлерде болғанда «Неге баға өсіп кетті?» деп сұрайды. Қалай өспесін, егер кәсіпкер барлық жағынан таланып жатса. Сауда-өнеркәсіп палатасына заңды өз қо­лы­мызбен бердік, кәсіпкерлерді тонасын, жы­ландай сорсын деп. Қазір тегін еш нәрсе жоқ, кәсіпкерлерден алу керек. Сауда-өнеркәсіп палатасының сертификатқа алған қаражаты халықтың мойнына түседі, әйтпесе кәсіпкер төлей алмай банкротқа ұшырайды. Осы заңды 70-75% депутаттар өздеріміз қолдадық. Сонда осы салмақ халықтың мойнына міндеттелетінін ойладық па? Үкіметтің, жергілікті органдардың бағаны өсірмейміз дегені далада қалды. «Қорғастағы» кеденшілер, шека­ра­шылар, тағы басқалары бағаны өсірмей қоймайды. Сондықтан, бұл саясаттан ары­лып, түбегейлі өзгертуіміз керек. Елбасының тапсырмасын орындауда оны жалғыз Қаржы полициясына итере салмай, өзіміз де кү­ресуіміз керек. Маған бір ой келеді, сыбайлас жемқорлықпен күрес тек Елбасы мен қаржы полициясына керек сияқты. Жемқорлықпен ел болып күресу керек екенін түсінетін уақыт жеткен жоқ па?! Бүгінгі күні Қайрат Қожамжаров басқа­рып отырған Экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі біршама жетістіктерге қол жеткізді. Халықаралық ұйымдар қазақстандық қаржы полицейлерінің жүргізіп жатқан күресінің үлгілі жақтарын айтуда. Кеше ғана «Жемқорлықсыз болашаққа бара­мыз» атты республикалық ақпараттық-наси­хат­тық акцияның басталып, партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсыр­масын орындау үшін қаржы полициясымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі алға қойған мақсаттарға жету жолдары қарас­тырылып, халықпен тұрақты түрде жұмыс атқару қажеттілігі айтылды. Осыған қоса, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті Ұлттық аккредиттеу орталығы (ҰАО) сәйкестікті бағалау сала­сындағы аккредиттеу жөніндегі орган болып табылады және өз қызметін «Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы» Заңды басшылыққа ала отырып, жүзеге асырады. Осы заңды да өзіміз 2008 жылы шығарып, сонда баға өспейтіні айтылып еді. Бұрын бір лабораторияны аккредиттеу бағасы 300-600 мың теңге болса, бүгінгі күні 4-5 есеге, яғни 2,5 миллион теңгеге дейін өсіріп жіберілген. Монополияға иелік еткендіктен осылай жасалып отыр. Біз мұндайға неге көзжұмбайлық танытуымыз керек?! Неге жол береміз. Осылардың бәрін бақылау жоқ, қадағалау жоқ. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмағандықтан, білгендерін істеп жатыр. Сонымен бірге, Ұлттық аккредиттеу орталығы инспекциялық бақылау жасайды. Оның қызметі осыдан 2-3 жыл бұрын 150-200 мың теңге болса, қазіргі күні 1,5-2 млн. теңге, яғни 10 есе өскен. Не деген тонаушылық, қа­наушылық, ұятсыздық. Мұндай инспекция­лық бақылау жыл сайын жасалатынын ескерсек, шағын бизнестің тамырына балта шауып жатқанымыз анық. Мұндай жағдайда бизнесті дамыту жөніндегі Елбасының тапсырмасы қалай орындалмақ?! Үш күнде 1,5-2 млн. теңге «олжа» табу деген нағыз қылмыс жасағанмен бірдей. Кәсіпкерлерден 10 мың АҚШ доллары алынып отыр. Бір парақ қағазбен және қаламмен үш күнде соншама қаражат табу қандай калькуляциямен есептеліп, қандай өлшемдерге негізделген? Жоғарыда айтылғандарды ескере келе, Бас прокуратура мен Қаржы полициясы Сауда-өнеркәсіп палатасы аумақтық палаталар,  экс­перттік ұйымдар және экспорттаушы-дек­ларанттар жағынан тауарларға сертификаттар берудегі заңдылықты тексеріп, шұғыл түрде шара қолдануы тиіс. Екіншіден, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Тех­ни­калық реттеу және метрология комитеті Ұлттық аккредиттеу орталығына тексеру жүргізіп, прокурорлық наразылық енгізуі қажет. Елімізде әкімшілік кедергілерді азайтып, бизнес саласын жақсарту бағытында заң аясындағы кешенді жұмыстарды барынша жандандырсақ, кәсіпкерлікті дамытуда үлкен серпіліс болар еді. Амангелді МОМЫШЕВ, Мәжіліс депутаты.