• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
11 Маусым, 2011

Университет мәртебесі берілсе

419 рет
көрсетілді

2009 жылы 22 қазанда Үкі­мет басшысына жол­да­ған сауа­лымда Арқалық, Се­мей, Тараз, Қос­та­най, Пав­лодар, Ақтөбе педа­го­гикалық инс­ти­тут­тарына уни­верситет мәр­те­бесін беру туралы жаз­ған едім. Пре­мьер­дің маған жол­даған жауа­бында «мемлекеттік педагогикалық инс­ти­тут­тарды университет етіп қай­та құру мә­се­лесін бола­шақта қа­рауға бола­ды» делінген. Одан бері біршама уақыт өтті. Сондықтан бұл мәселеге «Еге­мен» арқылы қайта ора­лып отыр­мын. Елбасының 2010 жылғы 7 желтоқсандағы №1118 Жарлы­ғы­мен бекітілген Қазақстан Рес­пуб­лика­сында білім беруді дамы­ту­дың 2011-2020 жылдарға арнал­ған мемлекеттік бағдарлама­сын­да педагог мәртебесін көте­ру мә­селесі жан-жақты айтылған. Педагог мәртебесін көтеру мәселесі педагогтарды жоғары оқу орын­дарында даярлаумен тікелей бай­ланысты. Педа­гог­тардың университеттік дәре­жедегі оқу орын­да­рында даяр­лануы – заман талабы. Мұндай үрдіс елімізде бар. Айталық, Абай атын­дағы ұлттық педагогикалық университет пен Қазақ мемлекеттік қыздар педа­го­гикалық уни­­верситеті. Неліктен ай­мақ­­тардағы педагог даяр­лай­тын оқу орындары осындай дең­гейге көтерілмей отыр? Бағдарламада 2015 жылдан бастап 12 жылдық оқу үрдісіне көшу көзделген. Яғни, жоғары оқу орын­дарының 1 курс студенттеріне оқы­ты­латын жалпы пән­дердің кейбірі 12 жылдық мек­тептің оқу бағдар­ла­масына енеді. Бұл – педагогтар даярлау мәселесін жаңа сапалық дең­гейге көтеруді қажет етеді деген сөз. Бүгінгі таңда жұмыс істейтін әрбір бесінші мұғалімнің жасы 50-ден асқан. Жыл сайынғы жас кадрлардың педагог мамандығы бойынша жұмысқа келуі 2,6 пайызды құ­рап отыр. Бұл еліміздегі пе­дагогикалық мамандықтың мәр­тебесіне қызығушылық­тың бәсеңдігін көрсетеді.  Білімді педагог дайындау – бұл болашаққа деген инвестиция. Сондықтан жоғарыда атал­ған пе­дагогикалық инс­ти­туттарды университет дең­гейі­не көтеру­дің мүм­кін­дік­тері қарас­ты­рылғаны жөн деп білемін. Ғарифолла ЕСІМ, Сенат депутаты.