• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Маусым, 2011

Нысан емес, адам өлтіруді көздепті

299 рет
көрсетілді

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Ливия бойынша қарары ел басшысы Муаммар Каддафидің өзіне тікелей соққы жасауға рұқсат берген көрінеді. Бұл жөнінде НАТО-ның аты-жөнін айтудан жалтарған жоғары шенді өкілі мәлімдеген. Бұл осы мағынадағы НАТО өкілінің алғашқы мәлімдемесі болып табылады. Бұған дейін Ливиядағы әскери операцияларға қатысушылар өздерінің мақсаттары нақты адамдар емес, тек әскери нысандар деп келген болатын. Осы аралықта Ливия жөніндегі байланыс тобына мүше 22 мемлекет Каддафи тағынан тайдырылған жағдайда оппозицияның қандай іс-қимыл жоспары бар екенін білу мақсатында құжат жобасын талап етті. Ал оларда нақты жоспар жоқ секілді. ӘСКЕРИЛЕР БҮЛІКШІЛЕР ҚАЛАСЫНА БЕТТЕДІ Сирия армиясының бөлімшелері Джиср әл-Шугур қаласы мен оның төңірегіндегі аудандарда қауіпсіздікті қалпына келтіру операцияларын бастап кетті. Бұл маңда, биліктегілердің дерегінше, осыған дейін бүлікшілер 120 полицияны өлтірген екен. Елдегі дүрбелеңнің салдарынан, әсіресе, бейбіт тұрғындар көп зардап шегуде. Көршілес түрік жеріне барып, бас сауғалағысы келетіндер қатары күннен-күнге көбейіп келеді. Оларға Түркия басшылығы шекарасын ашып, уақытша орналасатын бекеттер ұйымдастыруда. Қазірдің өзінде түрік аумағына 2 мыңнан астам босқын атбасын тіреп үлгергенге ұқсайды. ИТАЛИЯ ЕЛШІСІН КЕРІ ШАҚЫРЫП АЛДЫ Италия басшылығы Бразилиядағы өзінің елшісін кеңесу үшін отанына шақырып алды. Бұған Бразилияның Римге революционер, сырттай өмір-бақи түрмеде отыруға кесілген Чезаре Баттистиді қайтарудан бас тартуы себеп болды. Бразилия басшылығы Баттистиді кері қайтармақ түгілі, өткен бейсенбі күні тіпті оны түрмеден босатып жіберген. Бұл шешім Рим тарапынан үлкен сынға ұшырады. Мәселен, Италия премьер-министрі Сильвио Берлускони өзінің өкінішін білдіріп, Гаагаға шағымданатынын мәлімдеді. Баттисти Бразилияға 2002 жылы қашып үлгерсе, 2007 жылы Италия басшылығының өтініші бойынша қамауға алынған-тын. СТАНСАНЫҢ АҚЫСЫН КӨТЕРУ НИЕТІНДЕ Әзірбайжан Ресейден Габалин радиолокациялық стансасының қыз­метін пайдаланғаны үшін жал ақысын көтеру ниеті бар екенін білдіріп отыр. «Ресейліктер жалға алу мерзімін ұзартуды қалайды. Біз бұл әріптестікті оң шешуге дайынбыз», деп мәлімдеген Әзірбайжан сыртқы істер ми­нистрі­нің орынбасары Араз Азимов. Бірақ, дейді ол, жалға беру шарты қайта қаралуы тиіс. Ресей жағы жал ақысын көбірек төлеуі керек. Ресейдің аталған стансаны падалану туралы келісімі 2012 жылдың желтоқсан айында күшін жояды. Мәскеу бүгінде жылына 14 миллион доллар ақы төлеп отыр. Ресейдің Әзірбайжандағы елшісі Д.Дорохиннің айтуынша, Габалин РЛС-і 1980 жылдардың ортасынан бері Үнді мұхиты бассейніндегі баллистикалық зымырандарды бақылайды. ШИНДЛЕР ТІЗІМІН ЖАСАУШЫ КӨЗ ЖҰМДЫ Германияның оңтүстігіндегі Аугсбург қаласында 91 жасында атақты Шиндлер тізімін түзуші Митек (Мечислав)  Пемпер қайтыс болды. Осы тізімге енгізілген концлагерьлердегі бірқатар еврей екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ажалдан арашалап алынған болатын. Пемпер 1920 жылы Польшаның Краков қаласында еврей отбасында дүниеге келген. Польша басып алынғаннан кейін ол өйтіп-бүйтіп концлагерьде коменданттың маши­нист-көмекшісі болып жұмыс істеуге қол жеткізеді. Неміс азаматы, антифашист Оскар Шиндлермен де осында танысып, 1200 тұтқынның тізімін түзеді.  Пемпер соғыс жылдарында түрлі айла-шарғылармен, тіпті пара беру арқылы да, тұтқындарды құтқарып қалумен айналысқан.   ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМНЫҢ ӨКІЛДІГІН ЖОЙДЫ Өзбекстанның жоғарғы соты Hu­man Rights Watch деп аталатын халық­аралық құқық қорғау ұйымының өкілдігін жою туралы талапты қа­на­ғаттандырды. Мұндай талаппен Өз­бек­станның әділет минстрлігі шыққан болатын. Тәжірибе жүзінде аталған ұйым Өзбекстандағы өз қызметін қайта жаңғырта алады. Бірақ, бұл үшін оған тіркеуге өтініш беру, офис орналасатын орын табу сияқты мәселелерді қоса есептегенде, осындай процедуралардың бәрінен қайтадан өту қажет. Өзбек билігінің бұған енді жол бермейтіні айтпаса да түсінікті. Жалпы, аталған ұйымның Өзбекстандағы қызметі іс жүзінде 2007 жылы-ақ тосқауылға ұшыраған болатын. ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА: Еуропарламент депутаттары Румыния мен Болгарияны Шенген аймағына қабылдауға шешім қабылдағанымен, ЕО елдерінің министрлері аталған екі елдің әзірше дайын емес екендіктерін көлденең тартып, шешімді шегере тұру туралы қаулы алды. Қырғызстан парламенті Бішкекте НАТО-ның байланыс офицері офисін орналастыру туралы НАТО-мен арадағы келісімді ратифи­ка­ция­лады. Бұл офис бұған дейін  Қазақстанда орын тепкен еді. Оны Біш­кекке ауыстыру туралы ұсынысты Альянстың халықаралық хат­шылығы ұсынған болатын. Ташкентте Өзбекстан жазушылар одағының мүшесі, «Инсон ва ху­кук» (Адам және заң) газетінің қызметкері Шукур Содик қамауға алын­ды. Оған лауазым иесіне  пара берді деген айып тағылған көрінеді. Құ­қық қорғаушылар болса, оған тағылған айып қолдан жасалған деп отыр. Камчатка өлкесінің губернаторы В.Илюхин Петропавловск-Камчатск ауданында жұмыс істейтін еңбек мигранттары – гастарбайтерлер үшін жеке кент тұрғызылатынын мәлімдеді. Бұл, дейді ол, келушілер тарапынан жасалатын қылмыс деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді. Интернет материалдары негізінде әзірленді.