Алматы облысының құрметті азаматы, дербес зейнеткер Бәтима Сақауова кезінде халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы мен мәдениетін көтеруге өзіндік үлесін қосып, перзенттік парызын өтеген. Сонау 1968 жылы Талдықорған облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары лауазымында жүргенде бүгінгі қаладағы әлеуметтік маңызы зор ғимараттардың бой көтеруіне өзіндік қолтаңбасын қалдырған.
Бар саналы ғұмыры мен қызметі туған халқының көз алдында өткендіктен болар, бүгінде оны үлкен мен кіші ақылшы ана, қамқор жан ретінде бағалайды.
Өмірдің сан соқпақты қиындығы мен қызығы қатар жүретіні белгілі. Сондай кезде де Бәтима апай қазақ әйелдеріне тән сабырлылықты жанына серік етті. Бүгінде қызы Роза жоғары білімді дәрігер, кішіпейіл, инабаттылығымен де ортасына сыйлы.
Өмірден өткен жолдасы, соғыс ардагері Еркінбай қарияның құтты шаңырағын ұстап, балалары мен немерелерін тәуелсіз еліміздің дамуына өзіндік үлесін қосуға тәрбиелеген әже осылай ғұмыр кешуде.
Жетісудың жауқазындай жайнаған қайраткер қыздарының бірі Бәтима Есболатқызы жасы сексеннің сеңгірінен асқанымен әлі де тың, жиындарда Елбасының саясатын қолдап, жас ұрпаққа айтар ақылын жеткізіп жүр.
Қазақтың қызы деген ғажап атқа лайық Бәтима апайдың өткен өмірі кімге болсын өнеге, үлгі.
Алматы облысы.