• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
11 Маусым, 2011

Экономикалық табыс оңайлықпен келген жоқ

469 рет
көрсетілді

Кеше Парламент Сенатының Экономикалық және өңірлік саясат комитетінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік жылда­рын­дағы Қазақстанның экономикалық табыстары» деген та­қырыпта конференция болып өтті. Оны комитет төрайымы Нұр­лы­ғайым Жолдасбаева ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы сөзді палата Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеев алып, кон­фе­ренцияға құттықтау сөз арнады. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылғы 8 сәуірде болып өткен ұлықтау салтанатында сөй­леген сөзінде: «20 жыл ішінде біз елімізді өзгерттік, қазақстандық­тар­дың өмірін жақсарттық. Бірақ әлем де бір орнында тұрып қал­ған жоқ. Қазақстанның ХХІ ға­сыр­дағы табысының өзегі төрт ма­ңызды да мәнді ұғым болып та­былады. Бұл – жаңғыру, халық­тың игілігі, инновация, ықпал­да­су», – деп атап көрсетті. Егемендікті нығайту жолында біздің еліміз бірқатар қиындықтарға тап болды. Атап айтқанда, экономи­ка­лық дағдарыс, жұмыссыздық, әлеуметтік және экологиялық проб­лемалар, т.б. Дегенмен, Ел­ба­сы­мыз Нұрсұлтан Назар­баев­тың сарабдал, сындарлы саяса­ты­ның, ел игілігі жолындағы өл­шеу­сіз, қажырлы еңбегінің ар­қа­­сында Қазақстан өтпелі ке­зең­нің қытымыр қиындықтарын еңсере біліп, тәуелсіз дамудың 20 жылы ішінде әлеуметтік-экономикалық дамудың бұрын-соңды болмаған биік белестеріне қол жеткізді, деді Төраға орынбасары. Қазақстанда инвестициялық жобаларды іске асыру және өнер­кәсіпті жаңғырту мақсатында инвестиция тарту үшін неғұрлым қолайлы климат қалыптасты, деп жалғады сөзін М.Көпеев. Өткен 19 жыл ішінде 130 млрд. доллардан астам инвестиция тартылды. Егер 1995 жылы экспорт көлемі 5,3 миллиард долларды құраса, 2010 жылы ол 60 миллиард дол­ларға жуықтады. Яғни, өсім – 11 еседен астам. Қазақстан халық­ара­лық резерв деңгейі бойынша әлемнің 50 мемлекетінің қата­рына кірді, оның көлемі Ұлттық қорды қоса алғанда шамамен 73 миллиард долларды құрайды. Тұ­тастай алғанда, Қазақстан соңғы жылдары экономикалық өсудің айтарлықтай жоғары қарқынын ұстай білді, бұл көрсеткіштер бой­ынша ол Қытай, Үндістан және АСЕАН елдерімен бір қа­тар­да тұр.  Нәтижесінде Қазақ­стан Дүниежүзілік банктің сара­бы бойынша, кірісі орташа дең­гейдегі елдер тобына кіріп отыр. Мемлекеттің іскерлік ахуалды жақсарту жөніндегі шараларды жүзеге асыруы Қазақстанның әртүрлі халықаралық рейтингтегі жағдайын нығайтуға мүмкіндік берді. Мәселен, Дүниежүзілік банк жүргізген 2010 жылғы «Doing business» рейтингінде Қазақстан 183 елдің арасынан 63-ші позицияға көтерілді. 2007 жылы еліміз 80-ші орынды, 2008 жылы 70-ші орынды иеленген болатын. Осы фактілерді келтіре оты­рып М.Көпеев қол жеткізілген табыстар Қазақстанның экономи­ка­лық тұрғыдан өсуі, Елбасы алға қойған әлемнің бәсекеге қабі­летті 50 елінің қатарына кіру жөніндегі мақсатқа қол жет­кізу­дің берік негізі болып табыл­ға­нын атап көрсетті. Одан әрі шешен осындай жетістіктер бола тұр­ғанымен, еңбек өнімділігін арт­тыру сияқты мәселелерде артта қалып келе жатқанымызға назар аударды. Оның кейбір себептерін айтатын болсақ, деді ол, еңбекті ұйымдастырудың тиімділігі, реттеу мөлдірлігі төмен, кә­сі­би шеберлік жетіспейді.  Үде­мелі индустриялық-инновация­лық даму бағдарламасында осын­дай кемшіліктерімізді еңсеретін тетіктер қарасты­рыл­ған. Сөзінің соңында Мұхамбет Жұманазарұлы конференция жұ­мы­сының жемісті боларына үміт білдірді. Осыдан кейін сөз кезегі ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы Ор­та­лы­ғының басшысы Александр Кельчевскиге берілді. Ол Қа­зақстанның экономикалық жетістіктері айта қаларлықтай екенін атап өтті. Соңғы кездері өкілетті органдардың экономикалық сая­сат­тың талаптарын қатаң сақтай бастағаны  бұған игілікті әсер етіп отырғанына да назар ау­дар­ды.  Барлық елдердің ең үлкен бай­лығы адамдар, Қазақстан да осыны жақсы түсініп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға үлкен көңіл болып отыр, деді ол. Одан әрі Экономикалық даму және сауда вице-министрі Тимур Сүлейменов, Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау сөйледі.  Ал эко­но­миканың даму перспек­тива­лары туралы жасалған баяндама­лар­дың арасында «Атамекен» одағы» Ұлттық Экономикалық па­латасының төрағасы Азат Пе­руашевтің сөзі проблеманы нақты қоя білгендігімен ұтымды шықты. Конференцияда сондай-ақ Се­нат­тың Экономикалық және өңір­лік саясат комитетінің мүшесі А.Савченко, Көлік және коммуникация вице-министрі А.Бектұров, Мұнай және газ вице-министрі Б.Толымбаев және басқалары сөй­леді. Жақсыбай САМРАТ.