• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
11 Маусым, 2011

Елбасынан үйрене білейік

412 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың үстіміздегі жылдың 27 қаңтардағы Жарлығымен маусым айын «Патриотизм» ұранымен өткізу белгіленген еді. Елбасының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Қостанайда Патриоттар форумы ұйымдас­ты­рылып, оған еліміздің барлық аймағынан өкілдер қатысқан болатын. Осымен төртінші рет ұйымдастырылған айтулы шара діттеген мақсатына қол жеткізді деп үлкен сеніммен айтуға негіз бар. Оны сол шараға қатысқан делегация өкілдерінің төмендегі  топтамада берілген пікірлері айғақтай түседі. Еліміз тәуелсіздік алғалы бергі кезеңде алғаш рет өткен Патриоттар форумынан ерекше әсерге бө­лен­дік. Өйткені, бұл әдеттегі жиын емес еді. Әсі­ре­се, бұл форумның тәуелсіз­дік­тің елең-алаңында өмірге келген, бүгін­де алды еңбекке араласа бас­таған жастар үшін өне­гелі шара болғаны даусыз. Форумда сөз алған Шота Уәли­ха­новтай мемлекеттік рәміз ав­то­рының, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің шешендік сөз­дері жастар жүрегіне отан­шыл­дық, елжандылық қа­сиет­тің сәулесін себезгіледі. Жалпы, қазақ жастары елдің патриоты болуды кімнен, қалай үйрену қажет? Қазақ елі Тәуел­сіздіктің 20 жылында бұрын-соңды қол жетпеген жасампаз істермен, толайым жетістіктермен қарқынды дамуға қалай қол жеткізді? Бүгінде тәубе дейік, Қазақ елін, қазақ халқын жаһан жұрты таныды. Қазақ елі десе елеңдемейтін, іскерлік, экономикалық байланыс орна­ту­ға, біздегі өзге жұртқа үлгі болардай реформаларымыздан өнеге алуға ұмтылмайтын, ХХІ ғасырдағы әлемдік сәулет өне­рі­мен жарқыраған жауһар елор­дамыз – Астанамызға таңдан­бай­тын, тамсанбайтын ел жоқ. Қа­зақстанды 20 жылда әлем та­ныған жаңа тұрпаттағы мемлекет ретінде қалыптастыруда Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назар­баевтың ерен еңбегі бар. Сөзі мен ісі қабысқан қазақтың нағыз пат­риоты Нұрсұлтан Назарбаев деп білемін.  Нұрсұлтан Әбішұлы­ның қазақтың елін де, жерін де, тілін де сүйетіні, әлем елдері алдында қазақтың абыройын ас­қақтатқаны баршамыздың мерейімізді тасытты. Қазақ жастары елінің пат­рио­ты болуды алдымен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет құрудағы тәжірибесінен, саясаткерлігінен үйренсе дейміз. Кейде әлдебір адамдардың «Мен – елімнің патрио­ты­мын!» деп кеуде кере сөй­ле­генімен, ісінен патриоттыққа жұғыспайтын әрекеттер көріп жүреміз. Ал Нұрсұлтан Назарбаев кеудемсоқтық танытпай-ақ Қазақ елін ЕҚЫҰ-ға төраға етті. Осы ұйымға мүше ел­дер­дің басшыларын жинап, Астана Саммитін өткізді. Енді жа­қында Қазақ елі Ислам Кон­ференциясы Ұйымына төраға­лық тізгінін ұстамақ. Бұдан өзге, Қазақ елінің араласуымен түрлі шаралары өтіп жататын халықаралық ұйымдар қанша­ма! Міне, осының бәрін ой елегінен өткізгенде, елдің келешегі үшін ерінбей еңбек ету арқылы кейінгі толқынның бой­ына отаншылдық, елжан­ды­лық қасиеттерді сіңіруге болатынына көз жете түседі. Кейбіреулер патриот болу үшін ерлік көрсету қажет дейді. Бүгінгі өркениетті, бейбіт  қоғамда әскерилерге тән ерлікті көрсету баршаның маңдай­ы­на жазыла бермейді. Бірақ, солай екен деп қоғамдық дамуға, елдің әлеуметтік-экономика­лық өркендеуіне атсалысудан шеттеуге болмас. Меніңше, әр қазақстандық туған Отанына, елінің келешегіне адал қызмет етуімен де патриот бола алатынын ұмытпаса екен. Дамирбек ИДРИС, Атырау облыстық жастар мәслихатының төрағасы. Атырау облысы.