• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Маусым, 2011

Патриот болу, елін, жерін сүю – отбасынан

738 рет
көрсетілді

Былтырғы  жылғы орман өрті кезінде  ауыл тұрғын­да­ры­на дер кезінде көмекке келгені үшін Елбасы Жарлы­ғы­мен  «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған  Жабағылы ауы­лындағы дәрігерлік бөлім­ше­нің дәрігері Шаттық Батырханова осылай дейді: Қостанай қаласында бол­ған «Ел патриоттары»  фо­румы­нан, шынын айтсам,  үл­кен әсермен оралдым. Елдің пат­риоты, оның тағдырына жау­апты адамдардың бірі ретінде менің осы форумға ша­қы­рылғанымның өзін бақыт деп санаймын. Біз 80-жыл­дардың елім, жерім деп өскен өршіл рухты жастарымыз ғой. Бізден кейінгі жастарға осы рух Қостанайда ұйым­дас­ты­рыл­ған форумдар арқылы жетсе дейміз. Мен өзім Лебяжі ауданындағы туып-өскен ауы­лым Төсағашқа Арқалық қа­ласындағы дәрігерлік училищені бітіріп, 1985 жылы келдім. Қазір ауылдың өркендеуі – елдің өркендеуі деп жүрміз ғой.  Ал біздер сол кезде-ақ еш­кім бізді дәл бүгінгідей ұран­датып шақырмаса да ел ішіне, ауылға келдік, елдің пат­риоты болдық. Бү­гінгі ұрпақ ойлы ұрпақ болса ғана осы пат­риот­тық мәреге жетіп, елі мен жеріне адал қызмет жасай алады. Иә, тағдыр деген сол, өзімнің жастық шағым өткен қалаға жақын Қостанайды тағы бір келіп көргеніме қуандым. Әрине, осы жерде, осы елде туып-өскен соң ештеңеден тыс қалып өмір сүре алмайсың. Форумда бас қосқан қауымды көріп, елінің бо­лашағы үшін қызмет етіп, жа­лын­дап жүрген мынадай жастар барда еліміздің тірегі мықты деп ойладым. Біздің ауыл шалғайда қалың орман шетінде орналасқан. Был­тыр тосыннан келген апат – өрт кезінде қиындықтар көрдік. Жалғыз мен ғана емес, басқа да ауыл адамдары облыс орта­лы­ғынан көмек келіп жеткенше тілсіз жаумен алыстық. Жылаған бала, үйлерінен қаш­қан ауыл  тұрғын­да­ры, жалаңдаған өрт, көз алдыңызға елестетіп көріңізші, қа­зір ойласам,  қорқы­ныш­ты, ал ол кезде бізде ойлануға мұр­сат болған жоқ, ауыл­ды, жұртты апат­тан сақтап қалуға жан салдық. Әрине, мен дәрігер болған соң, басты міндетім – адам­дарды ажалдан арашалап, дер кезінде көмекке келу. Өрт кезінде де осы міндетіме адал болуға бар күш-жігерімді жұмсадым. Өзім үш бала тәрбиелеп, өсіріп отырмын. Отанға, ту­ған ауылға, елге деген махаббат, патриоттық сезім от­басынан басталады, жұбай­ым екеуміз  балаларымыздың да осы жолда, осы мақсатта тәрбиеленіп, еліміздің  жақ­сы азаматтары болуына үлес қоссақ дейміз. Павлодар облысы, Лебяжі ауданы.