• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
14 Маусым, 2011

Азамат асқан асу

469 рет
көрсетілді

1976 жылдың көктемі, дәлі­рек айтқанда, мамыр айының аяқ кезі. Әлде қыдырыс, әлде бір шаруамен алыстағы ауылдан Қос­та­найға келдім. Қаратай Жансейітов деген досым облыстық «Коммунизм таңы» газетінде қызмет істейтін. (Қаратай болашағынан үлкен үміт күттіретін талантты ақын еді. Өкінішке қарай, өмір­ден ерте өтті). Қалаға келген бойда оны іздеп тауып алдым. Содан екеуміз әрі-бері көше кезіп, одан-бұдан құрастырып әңгіме айтып, бірсыдырғы сағаттарды өткіздік. Ол уақыттар менің әлі ішімдік ішу «өнерін» үйрене қоймаған кезім. Бәлкім содан да шығар, біраз қыдырыстан кейін зеріге бас­тағандай болдық. Соны байқады ма немесе басқа бір ойы болды ма, бір кезде Қаратай маған қа­рап тұрды да: «Жүр, Ақылбектің үйіне барайық. Мен сені та­ныстырайын», деді ол. Біз Ақылбектікіне келгенде мез­гіл түске таяп қалған бола­тын. Үйде Бақыт қана бар екен. Есік ашып, амандасқан соң «жо­ға­ры шығыңдар» деді. Мен ың­ғай­сыздана төргі бөлмеге өттім. Қаратай болса: «Ақылбек әлі келмеген бе?» деп сұрап, тағы басқа да әңгімелерді өрбітіп, шүйір­ке­лесе кетті. Жақтырмай қалар ма екен деген күмән менің көкейім­де әлі тұр. Сондықтан: «Бұларды кім шақырды?» дегендей бір са­рын сезіліп қала ма деп асүй жақ­тан шыққан дауысқа да құлақ түріп қоям. Жоқ, жаратпаушы­лық сыңай байқала қоймайды, Ба­қыт ашық-жарқын сөйлесіп жа­тыр, дауысы да қыңырайып қалған адамның үніне ұқсамайды, сам­бырлай естіледі. Бірте-бірте сол еркіндік маған да ауыса бастады. Көп ұзамай Ақылбек те келді. Адамды жатырқамайтын, аңқыл­да­ған жігіт екен, менімен аман­дасқан бетте баяғыдан білетін сыралғы адам сияқты әңгіме тиегін ағытты да жіберді. Кейін білдім, әдебиетке, мәде­ниет пен өнерге әуестігі бар кез келген адам Қостанайға келсе, ең алдымен Ақылбекпен танысады екен. Танысып қана қоймай, ту­ған құдасына келгендей, тұп-тура үйі­не де жетіп барады. Әлдебір себеппен кейбіреулері келмей жат­са, Ақылбектің өзі оларды қол­қалап жүріп үйіне әкеледі. Қонақ­­­асын беріп, құрметтейді. Біздің халықтың қолы ашық, қонақжай екені баршаға белгілі. Бірақ сондай өзін жомарт санайтын қаза­ғың­ның өзі Ақылбекпен және оның жолдасы Бақытпен тайталаса ал­май­тын шығар деп ойлай­мын мен кейде. Керек десең, қа­лаға ке­ліп тұрып, үйіне соқпаға­ның­ды естісе, «сен өткен жолы бізге келмей кеттің ғой, немене, менсінбей қалдың ба, әлде бір шәй бере алмайды деп ойладың ба» деп кей-кейде Бақыттың да ре­ніш шығаратын кездері болады. Әй, ақкөңілділік-ай, дейсің осын­дайда еріксізден. Сол кездерде өздерінің үш баласы бар. Кеңестік дәуірдегі еңбекақының қандай екені де белгілі. Бірақ оған бас қатырып жатқан олар жоқ. Үй­ле­рінің есігі күндіз-түні ашық. Келіп жататын қонақтары да дө­кей­лер емес. Мен сияқты алыс ауыл­дан келген, жастары 20 мен 30-дың арасындағы жігіттер. Қазіргі нарық заманының көзқарасымен қарасақ, әлгі келгінбайлардан Ақыл­бекке түсер пайда да жоқ. Үйінен дәм беріп, қонақ қылумен құтыла қойса жақсы ғой. Шаруаға қанша қырсыз дегенмен, біздің ағайын­дар­дың да ара-тұра бір жұмыс­тары туындап қалып жатады. Рас, олар онша мардымды болмауы мүмкін. Бірақ, жұмыстың аты жұмыс. Міне, осындай мәселе­лер­дің түйінін шешу де Ақылбектің мойнында. Әлгі ауылдан келген қара қазақты жетелеп бір мекемеге алып барады, тіпті болмаса телефон шалады. Ал енді, бізде ақын-жазушы дегеннен аяқ алып жүрудің қиын екені белгілі. Олар да Ақылбекке келеді. Астанадан ат ізін салатындардың боса-болмаса төбелері көк тірейді. Шеттерінен маңғаз, тірі классиктер. Ал ауылдардан келгендер жазғанда­ры­ның облыстық газетте жария­лан­ғанын қалайды. Ақылбек болса оларды күзеп-түзеп дегендей газет бетіне шығарады. Өмірде болған осы сияқты жәйттерді баяндап отырғанда, кей­де солардың бәрі айтуға тұр­майтын, болмашы нәрседей көрі­неді. Солай ойлайтындар осын­дай «ұсақ-түйектермен» өздері айналысып көрсін. Шаруа айтып бара қалсаң көптеген адамдар­дың «Шырағым, менің жұмыстан қолым босамайды, уақытым жоқ қой» деп сыпайы ғана шығарып салатыны өз алдына, кейбіреулері тіпті «осылар-ақ кісіні мазалай береді екен» деп сөгіп те тастай­ды. «Біз ынтымақшылмыз, қайы­рымдымыз» дегендеріміз көбіне ауызекі тілде ғана айтылатын жат­танды сөздер. Іс жүзінде үнемі олай бола бермейді. Адам адамға қайырылмайтын қазіргі нарық заманы түгілі, жұрттың бәрі дү­ниенің соңына түспеген, есептесуді білмеген кешегі кеңестік кездің өзінде екінің бірі таны­майтын-білмейтін адамдарға онша мойын бұра қоймайтын. Бір қызығы, кезінде азды-көпті жақ­сы­лығын көрген кейбіреулердің кейін Ақылбекке жау болып шық­қан кездері де кездесті. Сонда да болса ол көшеде жүрген қай­мана қазақтарды үйіне шақы­рып әкеліп, оларға көмек көрсе­туін тоқтатқан емес. Ақылбек Шаяхмет кезінде әде­биетке, өнерге бейімі бар көптеген қос­та­найлық жастарға көмек қо­лын ұсынды, қамқорлық таныт­ты. Шы­ғармаларының облыстық газет пен радио арқылы жұртшы­лыққа жетуіне жағдай жасады. Жас кезімде Ақылбектің осындай шапағатын мен де ептеп сезіндім. Жас дегеннен шығады, сол уа­қыт­тарда Ақылбектің өзі де жап-жас болатын. Мен алғаш таныс­қанда оның жасы 25-ке де жете қоймаған екен. Сөйте тұра, аты­ның кең тарап кеткендігінен бе, ол бізге үлкен жігіттей көрінетін. Істері де 25-тегі емес, 35-40-тар­дағы кісілердің ісіне лайық бол­ды. 1977 жылы 26 жасында тұң­ғыш кітабы шықты. 1983 жы­лы небәрі 32 жасында КСРО Жа­зу­шылар одағына мүше болды. КазГУ-дің журфагы аздай, Мәс­кеу­дегі М.Горький атындағы Әде­­­­биет институтын бітірді. Қазақ­стан Жазушылар одағының Қос­танай және Торғай облыстары бой­ынша әдеби кеңесшісі, об­лыс­тық газетте мәдениет бөлімі­нің меңгерушісі болды. Осындай шаруалардың бәрін ол жасы 40-қа жетпей тұрып-ақ атқарды. Ақылбектің екінші қыры «орыс боп кеткен» деген атау ал­ған Қостанайда халқымыздың өнері мен мәдениетінің өркендеуіне қос­қан үлесі болды. Қай жерде де қазақтың әдебиеті мен өнері, тілі мен ділі үшін шырылдап жал­ғыз Ақылбек жүретін. Несін жасырамыз, жергілікті ұлт өкіл­дері санының төмен болғанына қарамастан, Қостанайда түрлі ла­уа­зымдарға ие болып, галстук та­ғып, шіренген қазақ азаматтары аз болған жоқ. Бірақ өзім 5 жыл қызмет істегенде сол дүрдиген қа­зақтардың бірде-бірінің ұлт намысы үшін ара түскенін көрген емеспін. Әрине, олардың бәрінің бірдей халқына жаны ашымай­тын десек, жалған сөйлеген болар едік. Бар болғаны, олар қарсы пікір айтсақ, қызметімізден айы­ры­лып қалармыз деп қорыққан­дықтан бұғып қана отыратын. Ба­тыл сөздерді өздері емес, өзге­лер­дің айтқанын жақсы көретін. Ақылбек Кеңес өкіметі де, орыс тілі де нағыз күшінде тұрған сонау 70-ші жылдардың соңы мен 80-ші жылдардың басында үш баласын да қазақ мектебіне берді. Сол үшін кіп-кішкентай ба­лалардың алыстағы жалғыз қа­зақ мектебіне автобуспен солтүс­тік­тің қақаған қысында тоңып-жау­рап баруына да төзді. Оның тө­тесінен айтып салатын мінезі жұрттың бәріне бірдей ұнай бермейтін. Ол аз болса, жас жігіттің шапшаң бедел жинауы, оның өздерінен шоқтығының биік тұ­руы біраз адамдардың ішіндегі күншілдік қоқысын да бықсыт­пай қала алмады. Жабылып үс­ті­нен арыз жазғандар да табылды. Өз басым ұмытыла бастаған осындай бірер шындықтың бетін аша отырып, барлық жерде де тек Ақылбектікі ғана дұрыс та, өзгелердікі бұрыс еді деген сы­ңаржақ пікір айтудан аулақпын. Біреулерді кінәламақ ниетім де жоқ. Жастықтың албырт шағы, оның үстіне ақындықтың, таны­мал­дылықтың адамға аздап жел бітіретіні де бар, бәлкім асыра айтқан, артықтау кеткен кездері болған да шығар. Өмірде қате­леспейтін адамның жоқ екенін де білеміз. Сол бір әлдеқашан өтіп кеткен оқиғалар еске оралғанда ойландыратын жәйт біреу – ол «болашағы бар жас жігіт қой, ақындықтың адуын мінезі шығар желпінтіп жүрген, өз азаматы­мыз­дың бір еркелігін көтерейік» деп айтуға жарайтын бір азамат­тың табылмағандығы, кешірімді­ліктің кемістігі. Тасада тұрып тас атушылар өс­іп келе жатқан жігітті облыс­тық газеттен жұмыстан шығарт­қа­нымен көксегендеріне түпкі­лік­ті жете алған жоқ. Ақылбек об­лыстық телерадиокомпанияда жур­налистігін жалғастырып, кейін «Қазақ тілі» қоғамы облыс­тық ұйымының төрағасы, Қос­та­най облыстық тіл басқармасы бас­тығының орынбасары, мәде­ни­ет басқармасы бастығының ор­ынбасары, білім департаменті ди­ректорының орынбасары, А.Бай­тұрсынов атындағы Қостанай мем­лекеттік университеті қазақ және орыс филологиясы инсти­ту­тының директоры, журналистика факуль­тетінің деканы болып қызметтер істеді. Кандидаттық диссертация қорғады. Қазіргі күні Қостанай мемлекеттік университеті медиа-орталығының директоры. «Қазақ тілі» қоғамы облыс­тық ұйымының өңірдегі жер-су атау­ларының тарихи қалпына келуіне үлес қосқаны да сол жы­л­дар. Табандылықпен жүргізілген жұ­мыс­тардың нәтижесінде Кустанай – Қостанай, Комсомол – Қара­балық, Ленин – Ұзынкөл, Семиозер – Әулиекөл болып өзгертілді. 80-ші жылдары об­лыс­та бірнеше рет ақындар ай­тысы ұйым­дас­ты­рылды. Оның өзі кенжелеп қалған ана тілімізге тың леп әкел­ді, Қостанай халқы­на қазақ тілінің әлі де бар екендігін, ол тілде от басы-ошақ қа­сын­да ғана сөйлесіп қоймай, ел ал­ды­на, сахнаға шы­ғып та өнер көр­сетуге болатынын танытты, ұл­­тымыздың жігерін жа­ныды. Кей-кейде адамдар онша көңіл аудара қоймайтын, бірақ ұлт үшін айтарлықтай маңызы бар осындай жұмыстардың басында әркезде де Ақылбек тұрды. Біз алғаш танысқан 1976 жыл­дан бері санап отырсаң тұп-тура 35 жыл өтіпті. Бір адамның мінезін, ісін танып-білетіндей-ақ уа­қыт. Сол кездегі 25-тегі жігіт бү­гін­де 60-қа келді. Құр қол келген жоқ, азамат ретінде де, ақын ретінде де елі үшін, туған жері үшін қыруар істер тындыра келді. Ол өмірде болып жатқан оқиғаларға бейтарап көзқарас ұстанатын, қол қусырып қарап отыратын адам­дар­дың сана­тына жатпайды. Демек, Ақыл­бек­тің алда да асар асу­лары аз емес. «Көп сырың перзентіңе мәлім, далам, Бермейді бір ой, бірақ, дамыл маған. Ел үшін ет-жүрегі ауырмаған Адамдар бола алмайды бауыр маған», дейді ақынның өзі. Осы бір шумақ өлеңнен оның бүкіл болмысы көрініп тұр десек, нақа асыра айтқандық емес. Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.