Моңғолияда жерленген Қарабай болуының ешқандай негізі жоқ
Баспасөз еркіндігі дұрыс-ақ. Бірақ шектен шыққандық жүрекке күш түсіріп, сананы улайды. Ақиқатты аңызбен шатастырады. Сондай ұлт мақтанышы, алаш арысы Міржақып Дулатовқа қатысты қарадүрсін, негізсіз, шындыққа жуыспайтын мақалалар легі «Дала мен қала» қоғамдық-саяси апталық газетінде былтырдан бері жарияланып жатқаны қандай өкінішті десеңізші! Тіпті атойлатып барады. Оны газеттің үстіміздегі жылғы 30 мамырдағы мынадай алғысөзінен байқауға болады: «...Осындай аңыз-шыны аралас оқиғаларға мән берген журналист Тоқтарәлі Таңжарық газетіміздің өткен жылғы қазан айының 11 жұлдызындағы №40-санында «Мәңгілік Міржақып» атты мақала жазған еді. Сол толғанысты оқыған оқырман Тельман Бохвай газетіміздің осы жылғы 26 наурыз күнгі №12 санында «Қарабайдың қайғысы... Міржақып бертінге дейін Моңғолияда өмір сүрген бе?» деген көлемді мақаласын жариялаған болатын. Осыған үн қосып, ой ұшқындатқан Қуаныш Қалидың ізденіске толы мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз».
Алматыға әдейі барып, Міржақыптың қызы Гүлнәр апайға Қуаныш Қалидың әлгі «ізденіске толы» мақаласын оқытып, пікірін сұраған едік...
Гүлнәр Міржақыпқызы «Қазақтың Міржақыбы Моңғолияда жерленген Қарабай болуы мүмкін...» деген мақаланы оқып болған соң, диктофонға ашынған кейіппен өз пікірін айта бастады.
– Бұл не деген масқара! Бір Міржақыптың атын сатып, соның өзі болып жүрген Қарабай дегеннің жауапсыз сөзін жаңғыртудың қандай қажеті бар еді. 1936 жылдан 1959 жылға дейін Моңғолияда Міржақыптың атымен өз мәртебесін асырып жүрген оның бұл қылығын тарих түбі айыптайды.
Осы жерде сөзге белгілі ғалым, Моңғолияда туып-өскен мадияр зерттеушісі Бабақұмар Ғинаят араласты.
– Менің естіп-білуімше, – деді ол, – Міржақып атамызға таңылып отырған Қарабай деген кісінің ақыл-ойының ауытқушылығы болғанын жерлестері үнемі айтып отырады. Ондай сөздерге өз басым талай рет куә болғанмын. Төтесін айтсақ, шалығы бар кісі екен. Дулатовтың еңбектерін насихаттап жүріп, өзін кейде сол қазақтың даңқты ұлына теліп жіберетін болса керек.
Гүлнәр апай ақ шашты басын құптай изеп, Бабақұмардың сөзін толықтыра түсті.
– Өздерің байқайсыңдар ма? Мына Қуаныш Қалидың мақаласында келтірілген деректердің ешқайсының негізі жоқ екенін. Бәрін тұтастай жоққа шығарамын. 1935 жылы 5 қазанда Сосновецте өлген менің әкемді 1936 жылдан бастап Моңғолияда тұрды, 1959 жылы сонда жерленді деп қисынсыз түйін жасайды. Және осы түбірімен шындыққа жанаспайтын әңгімені қоздырушы астаналық кейбір ірі ғалымдар, атын айтсам, масқараның көкесі сонда болады, өздері ұғар, түсінер, ұяттан беттерін басар деп ойлаймын. Үстірт сөйлеп, осындай шала сауаттыларды қолдап, қуаттап, қауға өрт салғандай қиқулатып қойыпты. Өздерің адасып, өзгелерді бұрыс жолға салмаңдар, бауырларым, деймін оларға.
– Апа, осы арада әкеңіздің Сосновецтегі жерлеуіне қатысқан адамдар туралы айтыңызшы. Бұлтартпайтын деректің бірі сол емес пе? – деп сауал тастадым.
– Иә, айтайын. Татар жазушысы Махмұт Будайли әкемнің өлімін өз көзімен көріп, Мырзағазы Есболовпен бірге жерлескен екен. Будайли мерзімін өтеп Отанына оралған соң өткен ғасырдың 70-жылдарының аяғында Қазан қаласында қайтыс болды. Енді әкемнің Моңғолияда жерленгені жөнінде қандай әңгіме болуы тиіс...
Бәрі нақты дерекпен түйінделгені абзал ғой. Гүлнәр апайдың ұлы, белгілі баспагер-жазушы, аудармашы Ерлан Сатыбалдиев қолындағы құжатты бізге оқып берді. Бұрыннан таныс болса да бәтуасыз мақалалар авторларының жетесіне жетер ме екен деген үмітпен тағы да бар зейінімізді салып тыңдадық.
«Акт № 533, от 5 октября 1935 года, 5 отдел, ББК, 1 пункт Сосновецк.
Мы, нижеподписавшиеся, заведующая Сосновецким лазаретом врач Бударная Зинаида Федоровна, старший лекпом Облакевич И.Я. и дежурный по палате Аристова М.В. составили настоящий акт в том, что, сего числа, 5 октября 1935 года, в 5 часов умер находившийся на излечении в упомянутом выше лазарете, заключенный Дулатов Мир-Якуб, поступивший на излечение 11 марта 1935 года. Заключенный Дулатов М. имел 50 лет от роду, женат и прибыл в ББК 9 февраля 1931 года, как осужденный ОГПУ по 58241011 ст. УК на 10 лет. Месторождение 1 аул Сорокопинской волости Тургайск. уезда. Рост средний, цвет глаз карие. Смерть последовала от нарастающего упадка сердечной деятельности при явлении сердечной астмы. Бывшие при умершем Дулатов М.Я. вещи, при поступлении его в лазарет взяты на хранение в кладовую от 11 марта 1935 г. Настоящий акт составлен в 6-ти экземплярах. Подписи: Бударная, Облакевич, Аристова».
– Осыдан артық қандай дәлел керек! – деп Гүлнәр апам пәс көңілін бір сәт көтергендей болды. «– Мына бір құжатты да оқып берейін» деді. «Могила М. Дулатова, умершего 5 октября 1935 года, находится на старом кладбище. На месте захоронения стоит обелиск, сваренный из кусков металла с металлической шишкой и звездой. Председатель исполкома Сосновецкого поселкового Совета народных депутатов – С.В. Фролова».
Менің есіме 1992 жылдың қыркүйек айының орта шені түсті. Сосновецте міржақыптанушы ғалым, Дулатов қабірін тауып, медициналық талдау сараптамаларын жүргізуге ұйытқы болған, сөйтіп алаш арысының 57 жыл бойы шет жұртта жатқан қабірінен мүрдесі алынып, туған Торғайына жеткізіліп қайта жерленуіне білімі мен тәжірибесін сарқа жұмсаған Марат Әбсеметтің жанкештілігіне тағы бір тағзым еткендей болдым. Оның қолындағы Карелия үкіметінің шешімі жүректе жатталып қалғандай еді. «Карелия АССР-і Министрлер Кеңесі Қазақстанның тарихи-ағарту «Әділет» қоғамының Сосновец поселкесіндегі ескі зиратта жерленген қазақтың мәдениет қайраткері М.Дулатовтың сүйегін алып, елде қайта жерлеуге сұраған рұқсаты қанағаттандырылады. Төрағаның орынбасары: В.Медведев», – делінген еді ол құжатта. Реті келгенде айта кетейін, Марат екеуміздің қолымызға Сосновец поселкелік жергілікті кеңесі әкімшілігінің төрайымы С.В. Фролованың мынадай мәтінді рұқсат қағазы тигенде бөркімізді аспанға атқандай болып, қуанып едік-ау! Онда: «Сосновец поселкелік кеңесінің әкімшілігі ескі зиратта жерленген Міржақып Дулатовты қайтадан оның отаны Қазақстанның Торғай поселкесінде жерлеу үшін мүрдесін қазып алуға рұқсат етеді. Анықтаманы қажет деген жерде пайдалануға болады», деп тайға таңба басқандай жазылған еді. Жол бойғы жиі тексерістерден осы құжаттың арқасында аман-есен тосқауылсыз өтіп, елге жеткенбіз. Әйтпесе, адам мүрдесін тиеген көліктің адымын аттаттырар ма еді?!
...Алматыға «шындық» іздеу үшін әдейі ат басын тіреген, аталмыш «ізденіске толы» мақаланың авторы Қуаныш Қалимен Міржақыптың туған жиені Ерлан Сатыбалдиев екеуміз кездестік. Сәтін қалай салғанына әлі таңмын. Авторды Астанадан тауып алып сөйлесемін деп жүргенімде, жолымыз Алматыда түйісе кеткені. Сөйлестік. Пікір өрбітілді. Төте жазуын жетік білетін Ерлан салған жерден Қарабайдың қабірі басындағы тақтадағы суретке түсіріп әкелген жазуларды оқып отырып: “Бұл жерде Қарабай деген сөз оқылады, ал Дулатұлы деген сөз жоқ”, деді. Қали: «50 жылда әріптері өшіп қалған ғой», деп ақталғандай болды.
Оған М. Дулатовтың Сосновецте қайтыс болып, сонда жерленгені, мүрдесі қазып алынып, туған Торғайына қайта жерленгені туралы қолымыздағы құжаттарды көрсетіп, оқып беріп, орысшасын қазақшалап түсіндіріп дегендей, шындыққа көзін жеткізе түстік.
– Мен қойдым енді, бұл мәселені доғардым. Көзім жетті! – деп мақала авторы Қуаныш Қали амалсыздан мәмілеге келгендей болды.
... «Дала мен қала» газетінің басшылығы мұндай дүдәмал, шикі, ұлт рухына таңба салатын мақалаларды басар алдында екінші тараптың ой-пікірін де сұрап, алдын ала ескеруі тиіс еді! Ұят болды.
Қайсар ӘЛІМ.
Астана–Алматы–Астана.