Түркияда парламент сайлауы болып өтті. Онда алдын ала дерек бойынша, Әділеттілік және даму партиясы жеңіске жеткен. Бюллетеньдердің 40 пайызы есептелгеннен кейін ӘДП сайлаушылардың 53 пайыз дауысын алған. Бюллетеньдердің барлығы есептеліп болғаннан кейін, жоғарыдағы мәліметке үлкен өзгеріс енбейді деп күтілуде. Сөйтіп, көсемі қазіргі үкімет басшысы Тайып Ердоған болып табылатын ӘДП жаңа үкімет жасақтау мүмкіндігін иеленіп отыр. Одан кейінгі орындарда оппозициялық Республикалық халықтық партия тұр – 23 пайыз. Қалған партиялардың көрсеткіштері 10 пайыздан аспайды. Жалпы елдегі парламенттік сайлауға 15 партия қатысты. АҚШ кемесі алаңдаушылық туғызды Ресей сыртқы істер министрлігі Қара теңізде АҚШ-тың «Монтерей» крейсерінің пайда болуына байланысты алаңдаушылық білдірді. Кеме Украина суларына АҚШ-пен бірлесіп өткізілетін «Си Бриз-2011» оқу-жаттығуларына байланысты енген болатын. «Монтерей» Жерорта теңізіне үстіміздегі жылдың 11 наурызында бағытталған еді. Ол АҚШ Еуропада орналастырып отырған зымыранға қарсы қорғаныс жүйесінің бір бөлігі болмақ. Кеме бір мезгілде 190 шақырым радиустағы 100-ден астам нысанды бақылай алады. «Біз шекарамызға тым жақын жерде АҚШ-тың стратегиялық инфрқұрылымы элементінің пайда болуын назардан тыс қалдырмаймыз», деп мәлімдеді Ресей сыртқы істер министрлігі. НАТО-ның болашағы бұлыңғыр ма? АҚШ қорғаныс министрі Роберт Гейтс алдағы 30 маусымға белгіленген өзінің отставкасы алдында қазіргі үрдіс сақталған жағдайда НАТО өмір сүруге қабілетсіз ұйымға айналуы ықтимал деп мәлімдеді. Пентагон басшысының сөзіне қарағанда, альянс есебінің 75 пайызын төлейтін Вашингтонға бұл жүкті алып жүру барған сайын ауырлай түсуде. Оның айтуынша, альянс қызметін жалғастыруы үшін НАТО-ның басқа мүшелері қорғанысқа қаржыны көбірек салуы тиіс. Әйтпесе, дейді ол, альянстың болашағы бұлыңғыр. Гейтс сондай-ақ «қырғи-қабақ соғыс» уақыты аяқталғаннан кейін АҚШ-тың НАТО-ға салған қаржысы өзін мүлдем ақтамауда. БСҰ-ға кіруге бір ғана ел кедергі Грузия Ресейге қатысты өз талаптарынан бас тартқан жоқ. Біз Мәскеуге Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіруге келісімімізді беруге дайынбыз. Бірақ Ресей біздің талаптарымызды орындауы тиіс, деп мәлімдеді Грузия сыртқы істер министрінің орынбасары Нино Каландадзе. Оның айтуынша, Ресейге грузин тарабының қойған мынадай талаптары бар: бірінші кезекте Грузия өз аумағы санайтын грузин-ресей шекарасының абхаз және оңтүстік осетин бөліктерінде мөлдірлік болуы шарт. Бұл мәселе қайта қаралмайды. Каландадзенің сөзіне қарағанда, Грузия президенті Михаил Саакашвили Ресейдің ешқандай шартсыз БСҰ-ға кіруіне келісімін берді деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Осы арада айта кететін бір жәйт – БСҰ-ға мүше 153 елдің бірі келісімін бермесе, еш мемлекет ұйымға мүшелікке өте алмайды. Жасанды тұрба құбыры табылды Белоруссияда мемлекеттік шекара арқылы тартылған жасанды мұнай құбыры табылған. Мәліметті республика мемлекеттік қауіпсіздік комитеті таратты. Мұнай құбыры мұқият жасырылған екен. Отын сорғы арқылы Балтия елдерінің біріне бағытталып келіпті. Құбырды кім төсегені әзірше белгісіз. МҚК қызметкерлері шетелге заңсыз отын шығарудың тағы бір арнасын жапқан. Витебск облысындағы локомотив деполары бірінің екі машинисі жанар май шығынын асыра көрсетіп, кейін оның қалдығын шетелде сатып келген. Жалпы, Белоруссияда отын Еуроодаққа кіретін көрші мемлекеттерге қарағанда екі есеге жуық арзан. Ең көп шарап өндіретін қай ел? Италия 2007 жылы Францияға жол берген әлемдегі ең көп шарап өндіретін ел атағын өзіне қайтарып алды. 2010 жылы Италия 9,96 миллиард литр шарап өндірсе, Франция көрсеткіші 4,62 миллиард литр болған екен. Францияда шарап өндірісі қысқарып кетсе, Италия бұрынғы деңгейді ұстап қалуға қол жеткізген. Сонымен қатар, Италияның шампан өндірісінде де жұлдызы жоғарылапты. Яғни, былтыр 420 миллион литр осы ішімдік түрін шығарған. Францияныкі болса, 400 миллион литр шамасында. Еуропадағы үш көшбасшы ел қатарында аталған екі мемлекетпен қатар Испания бар. Қысқа қайырып айтқанда: * Тәжікстан өзбек шекарашыларын өзінің әскери қызметшісін ұрлап кетті деп айыптады. Оқиға 7 маусым күні орын алыпты. Өзбек жағының айтуынша, тәжік шекарашысы шекара бұзып қана қоймай, оқ атқан. Ал тәжік жағының мәлімдеуінше, өзбек шекарашылары тәжік жағына өтіп барып, «ұрлық жасаған». Әскери қызметші екі ел шекара қызметі өкілдерінің келіссөзі нәтижесінде босатылса керек. * Ресей ұлтшылдары әр айдың 11-і күні Мәскеудегі Манеж алаңында өздерінің шерулерін өткізіп тұрады. Маусымның 11-інде де солай болды. Жергілікті ұлтшылдар рұқсат берілмеген митингке шықты. Артынша бәрі тұтқындалды. Қамауға алынған 12 адамның арасында «Орыстар» қозғалысының көсемі Владимир Ермолаев пен Александр Белов және «Орыстың қоғамдық қозғалысының» өкілі Владимир Тор бар.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.