Қытай үкіметі шілде айының аяғына дейін барлық шетелдік азаматтардың Тибетке баруына тыйым салып отыр. Бұл Қытай Компартиясының 90 жылдығы мен Тибетті бағындырудың 60 жылдығына орай жасалып отырған қауіпсіздікті сақтау шарасы болып табылады. Қытай билігі тибеттік сепаратистердің аталған мерейтойларға қарсы ұйымдастыратын қарсылық акцияларынан қауіптенетін көрінеді. Дегенмен, бұлар туралы Қытай билігі әлі күнге ресми мәлімдеме жасаған жоқ, бірақ елдегі барлық туристік агенттіктер өздерінің осындай бұйрық алғанын жасырмауда. Жауыздығына сай – жазасы Санкт-Петербургтің қалалық соты бірнеше адамды нәсілдік кемсітушілік салдарынан аяусыздықпен өлтіріп, жауыздық әрекеттер жасаған скинхедтер бандасы басшыларының бірі – Алексей Воеводинді өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Алқа билер соты сотқа тартылған барлық 12 қанішерді де қылмыскер деп таныған еді. Қалған қылмыскерлер әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айрылды. Ал банданың тағы бір басшысы Д.Боровиков қашуға әрекет жасағанда атып өлтірілген болатын. Банданың дәлелденген қылмыстары арасында корейлік Ким Хеннің, африкалық Самбо Лампасараның және т.б. оншақты адамның өлімі бар. Ресейліктерден өзгелері аман-сау Бұдан бұрын Түркияның «Бодрум» курортының жағасында кемемен саяхаттап жүрген бір топ ресейлік туристердің арақтан уланғанын айтқан болатынбыз. Қазір ауруханаға жеткізілген 20 адамның ішінен 30-ға жетпеген 3-уі көз жұмған, қалғандарының жағдайы да мәз емес. Бір қызығы – яхтада орыстардан басқа ұлыбританиялық, польшалық, сондай-ақ өзге ТМД елдерінен азаматтар болған. Бірақ тегін арақтан уланғандар тек ресейліктер болып шыққан. Алғашқы тексеріс нәтижелеріне қарағанда, арақ құрамында метанол болғандығы анықталып отыр. Түрік жағы яхтаға арақты орыс туристерінің өздері әкелуі мүмкін деген болжам айтуда. Қазір бұл іспен екі елдің де құқық қорғау қызметтері айналысып жатыр. Қанішердің өзі де лаң, арты да лаң Мәскеу билігі чешен соғысында ауыр қылмыс жасап, 18 жасар қызды зорлап әрі өлтіргендігімен аты шыққан бұрынғы полковник Ю.Буданов ажал құштырылғаннан кейін орыс ұлтшылдарының заңсыз акция жасауынан қаймығып, қазір Манеж алаңында тәртіп сақтау шараларын күшейтуде. Будановты мерзімінен бұрын босату Чешен Республикасында үлкен қарсылық акциясын туғызған еді. Ақыры, өткен жұма күні белгісіз біреулер қанішерді өз үйінің маңында атып кетті. Енді соның салдарынан қорыққан құқық қорғау органдары қатты әбігерде. Манеж алаңына түйісетін метро стансаларымен келген барлық адамдардан қару-жарақ ізделуде. Ал сенбі күні Манеж алаңындағы тәртіпті бақылауға 2 мыңнан артық құқық қорғау қызметкерлері тартылған көрінеді. Ауғанстаннан әзір кеткісі жоқ Ұлыбританияның күн сайын шығатын Guardian газетінің мәлімдеуіне қарағанда, АҚШ әкімшілігі соңғы бір жарым ай бойы Ауғанстан басшылығымен әскери әріптестік мерзімін ұзарту жөнінде келіссөздер жүргізуде екен. Алдын ала жасалған келісімдерге сәйкес АҚШ өз әскерін Ауғанстаннан 2014 жылы әкетуге тиіс болатын. Бірақ Вашингтон Ауғанстандағы жағдай 2014 жылдан кейін де тұрақты бола қоймайды деген сылтауды көлденең тартып, әскердің ұзақ мерзімге қала тұруын қалап отыр. Ал аймақтағы Қытай, Ресей және Үндістан секілді елдер АҚШ-тың бұл қалауына алаңдаушылық білдіріп, оның әскерінің белгіленген мерзімде кеткенін жөн көреді. Инфляция Қытайды да қысып тұр Қытайды да инфляция алқымнан алып тұр. Мемлекеттік статистика басқармасының деректеріне қарағанда, тұтыну бағасы мамыр айында 2010 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 5,5 пайызға өскен. Ал маусым айындағы болжам бойынша ол 6 пайызға дейін көтерілуі мүмкін. Бұл – Қытай үшін үлкен сан. Ал азық-түлік бағасының өсімі 11,7 пайызға жеткен. Осының бәрі халықтың әл-ауқатының нашарлауына соқтыратыны белгілі, бірақ Қытай билігі қолда бар мүмкіншіліктерді пайдаланып, өсімнің тоқтауын қамтамасыз ететін шаралар жасайтынын мәлімдеді. Жалпы, Бейжің биыл инфляция көлемін 4 пайыз шеңберінде ұстайтындығын жариялаған еді.
Қысқа қайырып айтқанда:
• Ресейдің Жоғарғы соты В.Жириновскийдің үстінен азаматтық ар-ожданын қорғау жөнінде жүгінген Мәскеудің бұрынғы мэрі Ю.Лужковтың шағымын аяқсыз қалдырды. Ал аудандық сот қашанда артық-ауыс сөйлейтін Жириновскийді адамды жазықсыз кінәлағаны үшін 500 мың рубль айып төлеуге бұйырған еді. • Токио тұрғындары елдегі ядролық энергия өндірумен айналысатын компанияларға қарсы акциялар өткізіп жатыр. «Фукусима-1» зардабынан кейін олар барлық АЭС-терді жабуды талап етуде. Осы арада елдегі өткізілген референдумда италиялықтар да атом электр стансаларынан бас тарту туралы ортақ шешімге келді. Бұл премьер-министр С.Берлускониге тағы бір соққы болып тиді. • Ресей Федерациясының президенті Д.Медведев Өзбекстан президенті И.Каримовпен Ташкентте болған келіссөздерге риза болғандығы сондай, төрт сағатқа созылған кездесуден кейін де екі елдің басшылары бір-бірінен айрылмай, әуежайға бір мәшинемен келді, деп жазады ресейлік басылымдар. Екі президент осы жерден Астанада болатын ШЫҰ саммитіне қатысуға ұшып шыққан. • АҚШ-та 1945-67 жылдары елдің Вьетнамға қарсы саясатының құпия құжаттары 47 том болып жарыққа шықты. Сарапшылардың айтуына қарағанда АҚШ-тың Вьетнам істеріне араласудағы мақсаты ашық айтылған саясаттан әлдеқайда күрделі болған көрінеді. • Белоруссиядағы төменгі бағаны пайдаланған «іскерлер» барлық тауарларды сыртқа тасып, ішкі рынокты жалаңаштауда көрінеді. Соған қарсы билік тоңазытқыштар, газплиталар, түрлі жармалар және т.б. өнімдерді сыртқа шығаруға тыйым салған.Интернет материалдары негізінде әзірленді.