Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түрік Республикасының Премьер-министрі Реджеп Тайып Эрдоғанның атына Әділеттілік және даму партиясының парламенттік сайлаудағы жеңісіне байланысты құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Нұрсұлтан Назарбаев түрік халқы таңдауын жасаған сайлау Әділеттілік және даму партиясына білдірілген сенім мен оның мемлекеттің дамуына қосқан көрнекті үлесін мойындаудың дәлелі екенін атап өткен.
«Біздің елдеріміздің билеуші партиялары арасындағы байланыс Қазақстан мен Түркияның стратегиялық әріптестігін нығайтуға үлкен ықпалын тигізеді», делінген жеделхатта.
Қазақстан Президенті Түркия Премьер-министріне зор денсаулық пен табыс, ал түрік халқына игілік пен гүлдену тілеген.