• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
16 Маусым, 2011

Әлем таныған тоғызқұмалақ

550 рет
көрсетілді

Қазақ өмірінің тереңінен суарылған талай дәстүрі мен мә­дени қазынасы халқымыз­дың саналы ғұмырында сақ­талып, ертеден бүгінге жетті. Қазір сол көмескіленіп қалған дүниемізді қайта жаңғыртып, келешек ұрпақтың алдына қойып отыр­ған жайымыз бар. Бұл жағынан мемлекеттің де қосып жатқан үлесі орасан. Сондай мәдени салтымызбен бірге сабақтасып, өшпестей болып келе жатқан қазақтың ұлттық ойындары­ның орны бөлек. Ертеректе қазақтың ұлттық ойындары дегенде алдымен көз алдыңа ұлттық ат спорты, атап айтқанда, қыз қуу, көкпар, ау­дарыспақ, бәйге, тағы бас­қалар елестейтін. Қазір олай емес. Хал­қымыз ғұмыр бойы көшпен­ділік күн кешіп, аттың жалында, түйе­нің қомында жүргенімен, өзіне тән басқа да ұлттық ойын­дары­ның бар екендігін әлемге мойын­дата бастады. Сондай ойын­дары­мыздың бірі – тоғызқұмалақ. Тоғызқұмалақ – әлемдік мә­де­ниеттің кез келген үлгілерімен бой теңестіре алатын 4 мың жыл­дық тарихы бар зияткерлік ойын, озық рухани мұра. Бүгін­де ұлтымыздың ұранына айна­лып отырған сақтар, ғұндар, көк­түркілерден қазіргі күнге дейін жалғасып келе жатқан үн­дестіктің бір айғағы. Тоғызқұмалақ соңғы жыл­дары жоғары қарқынмен дамып келе жатқандығы белгілі. Оған Туризм және спорт министрлігі елеулі үлес қосып отыр. Мерзімді басылымдар мен ақпарат көздері арқылы білгеніміздей, аталған ойын түрін дамыту ба­рысында әлі талай дүниелер қол­ға алынатын сыңайлы. Бір қуанатыны, бүгінгі таңда тоғыз­құмалақ ойынымен шұғылдану­шы елдердің қатары да өсіп отыр. Атап айтқанда, Қазақстан, Англия, Франция, Германия, Ресей, Қытай, Моңғолия елдерінде жергілікті халықтардың арасында ойнау­шылардың саны артуда. Ал елімізде бұл ойын түрімен айна­лысу­шылардың саны 100 мыңға жеткен екен. Дегенмен, 100 мың­ды күн санап көбейте түссек нұр үстіне нұр болар еді. Ол үшін тағы талай еңбек пен қажыр-қайрат қажет. Айтайын дегенім, атадан келе жатқан асыл мұрамызды ұрпақтар санасында әлі де болса жаңғырта түссек. Ол үшін Білім және ғылым министрлігі аздап болса да қолдау көрсетсе өзі де құлшынып тұрған отандық жастарымыз ары қарай екпінмен алып кетері сөзсіз. Өзім аталған ойынның жан­күйері әрі мұғалім болғандықтан, то­­ғызқұмалақ ойыны туралы кез кел­­ген мәліметті қалт жібермеуге ты­­рысамын. Осылайша ұлттық ойы­­­нымызды мектеп бағдарла­ма­сына ен­гізіп, жыл сайын оқушы­лар ара­сында аламан сайыстар ұйым­дас­тырсақ деген ұсынысым бар. Иә, қа­зір тоғызқұмалақпен Ха­лық­аралық тоғызқұмалақ қауым­­дас­ты­ғы бел шеше айналысып жатқан­дығы рас. Тіпті оның ұйыт­қы бо­луымен бірне­ше ха­лық­аралық жа­рыстар, әлем чем­пионаттары өт­кізілді. Атал­­ған жа­рыстарда Ота­ны­мыз­дың то­ғыз­құмалақшылары оза шауып, өз­дерін ілгеріден көр­сете білді. Ал шетелдерде өткізіл­ген сын­дарда да еліміз шебер­лері­нің есімі бірінші болып аталды. Атап айтқанда, ерлер арасында Ай­дос Сейітжан­ның шашасына шаң жұқ­пай тұр бүгінде. Әрине, қуанамыз. Ал алдағы шілде айының 18-і мен 22-сі аралығындағы Че­хия­дағы тоғызқұмалақ қауым­дасты­ғы­ның бастамасымен тұң­ғыш рет Еуропа чемпионаты Пардубице қаласында өткізіледі. Оған да елі­міздің үздіктері сайланып қой­ғандығы мәлім. Сондай-ақ, 2012 жылы Халық­аралық тоғыз­құ­малақ қауымдас­тығының қол­дауы­мен елімізде Азия және әлем чемпионаты өткізіледі. Тоғызқұ­ма­лақтың толайым табыстары бұл жолы да ел мәртебесін биіктен көрсетеді деген сенімдеміз. Жаңыл ӨТЕБАЕВА, №37 орта мектептің мұғалімі. Астана.