• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
16 Маусым, 2011

Нейрохирургия

724 рет
көрсетілді

Қазақстанда бұл саланың дамуы әлем ғалымдарының назарын аударуда Жарық дүние кеңдігін әлі сезініп үлгірмеген маңғыстаулық екі жасар сәби аяқ астынан ауыр науқасқа шалдықты. Ойламаған жерде оңбай құлап, басына жарақат түсті. Енді оны емдету үшін сонау Швейцарияға немесе Израильге сапар шегу қажет болды. Бірақ ол үшін қыруар қаражат та керек еді. Оған қол қысқа. Ал уақыт өткізуге болмайды. Бос өткен әр күн қайран сәбидің ажалын жақындата түсуі мүмкін. Сондықтан ол баланы сол маңғыстаулық нейрохиругтер де емдер еді, бұл бағыттағы тәжірибе аздау, қол байлаулы. Бірақ баланың бағы бар екен, оны емдеуге талпынып отырған нейрохирургтерге Ресейдің, Швейцарияның және Израильдің мамандары көмек қолын созды. Олар баланың бар жағдайын сұрап біліп, соған орай не істеп, не қою керектігін айтып, келелі кеңес берді. Бұл аталған мамандар өз елдерінде жатып маңғыстау­лық­тар­мен хабарласпағаны анық. Олар Астанада бас қосқандықтан ғана теле­көпір арқылы өз тәжіри­бе­лері­мен бөлісті. Ал елордаға жал­ғыз бұл үш елдің ғана емес, АҚШ, Жапония, Аргентина, Германия, Швеция, Үндістан, Қы­тай, Түркия, Иран және Греция секілді алып елдердің ірі нейрохирург маман­дары да жиналған еді. Олар «Рес­публикалық ней­ро­хирургия ғылы­ми орта­лы­ғын­да» Нейрохирургия­лық қо­ғам­дас­тық­тардың Дүниежү­зі­лік фе­де­ра­ция­сының, Денсаулық сақтау ми­нистр­лігінің, Қазақ ней­ро­хи­рург­тары ассоциациясының атсалы­суы­мен өткен халықаралық кон­фе­рен­цияға қатысты. Солар­дың ішінде Нейрохирургиялық қо­ғам­дастықтардың Дүниежүзілік ф­е­­дерациясының президенті, про­фессор Питер Блэк пен аталған федерацияның білім беру коми­теті­нің төрағасы Йоко Като және Мәскеудегі Бурденко атындағы нейрохирургия ғылыми-зерттеу инс­ти­ту­тының директоры, академик Александр Коновалов та бол­ды. Олар нейрохирургия са­ла­­сындағы тың тақырыптарға орай дәрістер оқып, шеберлік тәжірибелерін көр­сетті. Осыған орай біз ғылым мен білімнің шыңына көтеріліп, ада­м­ды емдеу саласындағы ең ғажайып жетістіктерге жеткен әлемнің ал­дыңғы қатарлы ұйымдарынан келген мамандарға жолығып, қазіргі қа­зақстандық нейрохирургияның жай-күйі туралы сұраған едік. Шетелдіктер не дейді? Біз әңгімелескен Нейро­хи­рур­гиялық қоғамдастықтардың дү­ние­­жүзілік федерациясы білім бе­ру комитетінің төрағасы Йоко Като бұл аталған курсқа екі жүзден астам адам қатысқанын және әртүрлі елдерден осы са­ла­ға байланысты мұншама адам­ның жиналып бас қосуы сирек бо­латын жағдай екенін, соған орай Орталық Азияның көптеген беделді нейрохирургтерімен кезде­су­дің сәті түскенін айт­ты. Атал­ған конференцияда ең басты назар, әлемнің ірі нейрохирургия ор­талықтары қол жеткізген ғы­лым­ның жоғары нәтижелерін, тә­жірибесі мен білімін бөлісуге ау­ды. Онда теориялық дәрістер оқы­лып, эндоскопия бойынша прак­ти­ка­лық тәжірибелер көрсетілді. Жалпы, Йоко Като әлемдегі бес құрлықтағы жүзден астам елдерді қамтитын елу жылдық тарихы бар дүниежүзілік нейро­хи­рургия­лық федерация қоға­мын­да жұмыс істейді. Ал олар­дың бас кеңсесі Женева қала­сында орналасқан, бірақ өзі Жапониядан көрінеді. Ең басты негізгі міндет дамушы ел­дердің ней­рохирургтерінің одан әрі да­муына көмектесуді ұйым­дас­тыру болып табылады, дейді ол. Олар медицина саласындағы жас нейрохирургтерді қолдауға айрық­ша мән береді. Алайда, ол бұрын к­ө­ріп, біліп көрмеген, тек сырттай құлағ­дар болып жүрген Қазақ­стан­ға кел­генде, таңданысын жа­сыр­мап­ты. Жоғарыда айтқаны­мыз­дай, олар қа­зақстандық нейрохирургтерге бә­рін басынан бастап үйре­теміз деп келсе, олардың өздері бұл жерден көп нәрсе алғанын қуа­на әңгі­ме­лейді. «Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығында» нейрохирургия барысы өте жоғары, дейді. Менің мұнда бірінші рет келуім. Жапонияда жүргенде біз бәрі­міз ойлаушы едік, Қазақстан деген түз дала, өркениеті жоқ ауылдар деп. Олар тек қана мал бағумен ай­налысады деген пікір қалыптас­қан. Ал енді мұнда өзі­міз келіп, өз көзімізбен бәрін кө­ріп, қолы­мыз­бен ұстағанда, шы­ны­мызды айт­сақ, таңғалдық. Бұ­ған дейін Қа­зақ­стан туралы бізге жеткен ақпа­раттардың бәрі өті­рік­ке айналды. Біздің ұғы­мы­мыз­дағыдан Қазақ­стан мүлде бөлек ел екен. Астана қандай қала! Ал мына өзіміз конференция өткіз­ген нейрохирургия ғылыми орта­лығы әлемдік деңгей­ге қалай кө­терілген дейсіз. Таң тамаша қал­дық. Себебі, Орталық Азия­да бұған теңесетін мұндай ор­талық жоқ. Мен сіздердің көрші­лер­і­ңізде де болдым. Сондықтан бұл орталықты ондағы жаңа заманауи медициналық құрылғылар мен қатар соған сай білікті маман­дар­дың барлығына байланысты тек Мәскеудегі Бурденко атындағы нейрохирургия ғылыми-зерттеу инс­титутымен салыстыра ал­а­мын. Астана қаласының сәулеті мен мұндағы жоғары білім және ғы­лым деңгейі жалпы Қазақстан ту­ра­лы өзгеше пікір, керемет әсер қалдырды. Нейрохирургиялық қоғам­дас­тық­тардың дүниежүзілік федера­ция­сының білім беру комитетінің төрағасы Йоко Катоның айтуына қарағанда, олар мұнда түрлі оталар жасау арқылы қазақстандық ней­рохирургтердің шеберлігін сын­­ға салып байқапты. Нақты тәжірибе жүзінде көздері жеткен соң ғана шетелдік мамандар қа­зақстан­дық­тар қызметіне жоға­ры деген баға беріпті. Жалпы, осы конференцияға жи­налған 270-тей мамандардың 100-ге жуығы қазақстандықтар көрі­неді. Осыншама қазақстан­дық нейрохирургтерді бір мезгілде шетелдік озық мамандардың ал­дына әкеліп білімдерін ұштап алу орасан жетістік болып табылады. Осының арқасында ғана қазақ­стан­дық ней­ро­хирургтердің 50 па­йы­зы атал­ған федерацияның сер­тификат­тары­на ие болды. Ең бас­тысы, біздің адам­дар шетелдік озық ма­ман­дардың дәрістерін тың­дап, олар­дың қалай күрделі от­аларды жа­сайтынын көз­дері­мен көріп, қиын ауруларды емдеу амалдарына тәжі­ри­бе жүзінде көз жеткізді. Мәселен, бәрі бес сау­сақ­тай анық әрі түсінікті бо­луы үшін курс тыңдаушыларына Мәс­кеу­дегі Бурденко атындағы ней­ро­хирургия ғылыми-зерттеу инс­титу­тын­дағы жа­­салынып жат­қан ота ба­рысын эк­раннан сол кү­йін­де көрсе­ту арқылы дәріс оқыл­ды. Инс­титут­тың дирек­торы академик А.Коновалов пен оның орынба­сары ми ісігіне және миға ре­конс­трук­циялық күрделі ота жасау амалын осы­лай­ша нақты іс барысында көрсетіп, егжей-тегжейлі түсінді­ріп берді. Бұл біздің нейрохирургтерімізге үлкен азық болғаны анық. Әрине, мұндай оталар елімізде де жаса­ла­тыны белгілі, дегенмен осындай жағ­дай­да Мәскеу­дің нейрохирургтері отаны қалай жасайтындығын са­лыстыру арқы­лы оның жаңа бір қыр-сырын үйре­ну артық етпейді. Конференция не берді? Бұл әлемдік нейрохирургтер жиынының барысы телекөпір ар­қылы Ақмола облысына және тікелей Мәскеуге көрсетілді. Осы кезде ота жасаған Үндістанның да нейрохирургиясы осал еместігін танытты. Үндістандық про­фес­сордың тәжірибесінен де көп пайда алынды. Әсіресе, Германиядан келген маман мұрын ішіндегі ісікке қалай ота жасала­тын­ды­ғын ай­қын көрсетті. Әрине, мұн­дай күр­делі талай операция­лар­дың түр-түрі өзіміздің орталықта жасалып жүргені рас және ешбі­рі­нің шетелдік мамандардың жа­сағанынан кем қалып жатқаны жоқ. Дегенмен, өзгелердің бұл ба­ғыттағы шеберліктерін түсіп, озы­ғын үйрену, ерекшеліктерін ескеру бір басқа. Өйткені, бұл опе­рациялардың бар­лығы да қа­зақ­стандық нейрохирургтермен бір­ге жасалғанын айту керек. Ал бәрінен бұрын осы ота жасалған науқастар операциядан кейін өздерін бірден өте жақсы сезінген. Қазіргі күні олар аттай шауып, үй­леріне қайтып та кетіпті. Біз үшін мұндай басқосулардың, оқулар­дың керегі осы, науқастың ден­сау­лығының тез түзелгені, айы­ғып, қатарға тез қосылғаны, дейді «Республикалық Нейрохирургия ғы­лыми орталығы» АҚ бас­қар­ма төрағасы Серік Ақшолақов. Бұл ретте әлемнің әр түкпі­рі­нен жиналған өз саласының маман дәрігерлері бір-бірімен тәжі­рибе алмасып қана қоймай, өз­де­ріндегі жаңалықтарын ортаға салған. Оның өзегі ақ халатты абзал жандардың Гиппократ ан­ты­на сай өзгеге көме­гім тисін де­гендей, өз білгендерін өзге­лер­мен жасырмай ашық бөлі­се­тін­дігінде болып отыр. Серік Ақшо­лақов­тың айтуына қара­ған­да, бұ­лар да дүниенің төрт бұ­рышы­нан атақты мамандар келетін бол­ған­дық­тан, осы қалай деген яғни, сыр­қаты ауырлау, қолдағы ем-дом­ға көне қоюы қиындау нау­қас­тарды іріктеп алған. Сондай ұзын саны 25 науқасты жоғарыда атал­ған әлемнің әр шалғайынан келген шетелдік дәрігерлер жа­была қа­рапты. Олар науқас­тар­дың түсі­ніксіздеу деген дертін тап басып айтса керек. Әрине, мұн­дай ке­ңес­ті енді басқа ешкім­нің бере алмасы анық. Сондық­тан бірнеше нау­қастарды жабыла қа­раған дәрі­герлердің кеңесі олар­ды алдағы уақытта емдеу бары­сында дұрыс бағыт ұстануға көмегін тигізетіні анық. Оның үстіне бір науқасты бірден бірнеше елдің профес­сор­лары тегін қарап, құн­ды кеңес бере алды. Демек, осы нәтижелерге ой жүгірте қарасақ, мұндай дәре­жеге яғни, осындай жетістікке жеткен ел де бар, жетпегендер қан­ша­ма демекпіз. Өзі­міз­ге көрші­лес кейбір елдердің адамдарына мұн­дай жағдай жасау түстеріне де еніп көрмегені анық. Елбасының ерен еңбегі Ал осыншама қуатты, өр­ке­ниетті елдердің мамандары неліктен Қазақстанға ат басын бұ­рып, соншалықты тегін қыз­мет­терімен бөлісіп жатыр деген ой­дың да іркіліп қалатыны бар. Сон­да бұған нақты жауапты «Республикалық Нейрохирургия ғылыми орта­лы­ғы» АҚ басқарма төрағасы Серік Қуандықұлы Ақшолақов Ел­басы­ның атымен байланыс­тыр­ды. Егер Қазақстанда осындай әр бөлмесі ат шаптырым кең сарайдай сәулеті мен мәні жарасқан ғимарат салын­бағанда, оның іші әлемдегі ең озық меди­циналық жабдықтармен, мамандар керек-жарақпен түгел қамтамасыз етілмегенде, кез келген қиын опе­ра­цияларды жасауға толық мүм­кін­дік қарастырыл­ма­ған­да, нейрохирургия сала­сын­да­ғы маман­дары­­мыз шетелден оқып, жетіліп келмегенде, бір сөзбен айтқанда, не керектің барлығы жасалма­ған­да, сөйтіп шетелдіктермен иық тү­йіс­тіріп тұрмағанда, қазіргі жағ­дай арман күйінде қала берер еді. Сороко университетінің нейро­ре­немотологиясын басқара­тын профессор Шакиро: «Біздің бұл елге қызыққанымыз, осыдан үш жыл бұрын бір мезгілде Израильге қа­зақ­тың жүзден астам дәрігер­лері оқуға келді. Олардың барлық шы­ғынын Үкімет көтеріп алған. Мемлекет тарапынан мұн­дай қам­қор­лықты мен бұрын-соң­ды көргенім жоқ. Және әлгі оқуға келген дәрі­герлердің 90 пайызы жастар» деп, таң тамаша қалған. Содан әлгі профессор қазақ жас­тарының білімге деген орасан құш­тарлығын байқап, Қазақстан­да не болып жа­тыр екен деп шын мәнінде қы­зығушылық танытқан екен. Демек, нейрохирургия сала­сы­на Елбасының осыншалықты орасан жағдай туғызғанының арқа­сында әлемдік қауымдас­тық­тар ара­сында зор беделге ие бол­дық. Сөй­тіп, мәселен 70 жылдық та­рихы мен терең ілімі бар ресейлік Бурденко атындағы нейрохирургия ғылыми-зерттеу инсти­ту­тының мол тәжірибесі, сол сияқты нейрохирургия саласы­ның қалыптас­қа­ны­на сексен, тоқ­сан жыл толған Еуропа білімі өздігінен келіп елімізге құйылып жатыр. Бұл 20 жылда жеткен Елбасымен бірге ел Тәуел­сіз­дігінің нақты жемісі. «Еуропаға жол» бағдарламасы орындалуы­ның бір көрінісі. Сөйтіп, жоға­ры­да айтқанымыздай, Шакиро секілді профессорлар енді қазақ­тың то­пырағына бір емес, бірнеше рет аяқ басып үлгерді. Ал осы орайда еліміздің нейрохирургия институтының яғни, ми­дың қан тамырларын емдейтін ор­талықтын құрылғанына үш-ақ жыл толғанын ескерген жөн. Со­ған қарамастан, нейрохирургия са­ла­сына байланысты шетелдік озық ойлы мамандар қазақ­стан­дықтарға бірге жұмыс істеуді ұсынып отыр. Жалпы, медици­на­лық салада ғы­лым­ның шыңына шыққан, білім­нің нәрін игерген, үлкен дәреже, атақтарға қол жеткізген білікті мамандар, енді сол барлық жиған ілімдерін өзгелер­мен бөлісуді жөн көреді. Озық ойлы адамдар ара­сында мұндай дәстүр бұрыннан қалыптасқан. Сондай ізгіліктің Қазақстанда да нұр шашуын олар қалап отыр. Себебі, қазірдің өзінде өздерімен иық түйістіруге жарап қалған елдің ертеңі, олардың ғы­лымы мен білімі орасан шарық­тай­ты­нын аңғарды. Жалпы, дүние­жүзі­лік нейрохирургтер арасын­дағы бірлік жоғары деңгейге көте­ріл­ген. Олар қай елдің бұл сала­дағы ғылымы мықты, соны арала­ры­на тез алып, одан әрі дамуына қол­дау көрсетеді. Мәселен, Серік Қуандықұлының өзі талай елдің ірі нейрохирургтерімен таныс екен. Соларға кез келген уақытта хабарласа қалғанда, олардың бірде-бірі уақыттарының тығызды­ғы­на қара­мас­тан, кеңес беруден тартынып көрмеген. Бұл, әрине, бір жағынан шетелдіктердің де кіммен хабар­ласып тұрғанын білгендіктен болса керек. Бұл жолы біздің елімізге әлем­нің 22 елінің нейрохирургтері жи­налды. Ал осыдан екі жыл бұрын АҚШ-та Дүниежүзі ней­ро­хируг­терінің съезі өткенде оған 40 елден өкіл келді. Бірақ ол атының өзі ай­тып тұрған­дай съезд еді, ал Қа­зақстандағы дәріс алу конферен­ция­сы екенін ескеру керек. Оның үстіне мұндай оқулар әр елдің өз аймағына қарай өткізіледі. АҚШ, Еуропада өз айма­ғына қарай елдерден оқуға жинала­ды. Демек, қазақстандық дәрігерлер өз айма­ғын тұтас қамти алып, қазіргі мүм­кін­дік қарқынына орай Орталық Азияда жетекшілікке айнала ала­тыны сөзсіз. Оған тағы бір дәлел, бізбен көршілес елдер ми аурула­ры­на ұшыраған науқастарын емдетуге Қазақстанға арнайы жібереді. Алдын алса амал көп Нейрохирургия өте күрделі сала болғандықтан, онда қызмет ете­тін мамандар да өте жоғары білімді болуы керек. Ауруы әб­ден асқынған науқастар да жоқ емес. Әсіресе, жайбасарлыққа са­лы­нып ми ісігінің ауруын асқын­дырып алған адамдарға тез арада сауығып кететіндей ем жасау қиын. Сон­дық­тан мұндай ауру түріне шал­дық­қан науқастарды дер кезінде қараса, оларға түгел дерлік ем жа­сау­ға болады, дейді С.Ақшолақов. Адамдар көбіне өз ауруын өзі жа­сырып, уақыт өткізіп алады. Мә­се­лен, ми ісігі­нің алғашқы белгілері ретінде бас ауруы, бас айналуы, көздің бұлдырауы, секілді өзге де көптеген көрініс­терін айтуға бола­ды. Алайда біздің адамдар осының өзіне мән бермей екі, үш жылдап жүріп ала­ды. Бірақ орталыққа қан­ша науқас келсе де дәрігерлер оның бәрін де емдеуге тиіс. Алайда, кейінгі жағ­дайларға байланыс­ты ол науқас­тың күтімі қандай дә­режеде сақта­ла­тындығы да жасал­ған емнің қаншалықты тиімді бол­ған­дығын анық­тайтыны сөзсіз. Сон­дықтан Ел­басымыз Жол­дауын­да атап өт­кен­дей, қазіргі күні ал­ды­мен ауру­ды болдырмаудың жо­лын қарас­тыру қажет. Алдын алу шараларын қолға алып, кез келген адамның өз ауруын асқындырып жібермеуі үшін күресу керек. Ауы­рып ем іздегенше, ауыр­май­тын жол ізде дегендей, нейрохирургия орталығы осы бағытта да ілгері қадам жасап үлгерді. Олар енді қауіпті дерттің қай­дан бастау алатынын білетіндіктен, төменгі буындағы дәрі­гер­лер­ге ау­ру­дың алдын алудың жол­дарын үй­ретуі тиіс. Егер науқастан жоғары­дағы­дай белгілер анықтал­са, бұл ми ісігінің алғашқы көрі­ністері, сондықтан оларды сол мезетте нейрохирургия амалдарымен тексе­ру­дің шараларын қарастыру қажет екендігін түсіндіру керек. Сонда ғана көптеген науқастың өмірі сақталады. Ал жергілікті жер­лер үшін нейрохирургтерді дайын­дау ісін «Республикалық Нейрохирургия ғылыми орталығы» өз мойны­на алып отыр. Өйткені, ми ісігінің өзі бірнеше түрге бөлінеді. Қатерлі ісік, қатерсіз ісік дегендей. Сол қатерлі ісіктің өзі төрт дәре­жеге бөлінеді. Қатерлі ісіктің үшін­ші, төртінші дәрежесіндегі нау­қастар өмірін айлап созу ғана қолдан келеді. Қатерсіз ісіктердің көбі жа­зы­лып кетеді. Қан тамыр­ларымен ауыр­ған науқастарды тү­гел дерлік сауықтырып шығара­мыз, дейді мамандар. Оларға бұ­рынғыдай мүге­дек­тік деген берілмейді. Өйткені, бұзылып, жары­лып тұрған қан та­мы­рларын ота жасап қайта қа­лып­тастырғаннан кейін адам денсау­лы­ғы да бұрын­ғы қалпына орала­ды. Әрине, дәрі­герлер араласқанға дейін ол адам инсульт алса, онда оған мүгедектік беріледі. Бірақ ал­дын ала емдеу инсультқа соқтырт­пау жолы. Түйін Әрине, еліміздің нейрохирур­гиясы әлі жас. Жас та болса жо­ғары жетістікке жетіп жатқаны жан жадыратады. Жоғарыда­ғы­дай оқу конференцияларын жиі ұйым­дастырып, әлемнің ең озық елдері­нің нейрохирургиясынан тәлім-тәрбие алу өте қажетті іс. Алда тұрған әуелгі міндет әлем­дік жаңа технологияларды ендіру мен жаңа ота жасаудың амал­дарын үйрену еді, қазір аталған орталық маман­дары мұны жүзеге асырған секілді. Ендігі міндет білім алуды одан әрі тереңдете тү­су болып отыр. Сон­дықтан Қа­зақ­­стан дүниежүзі ней­ро­хирург­тарын оқыта алады деу әлі ертерек шығар, дегенмен жоға­рыда айтқанымыздай, шетелдік ірі нейрохирург мамандарымен елімізде бірге білім беру бәріне пай­далы болары анық. Оған елі­міз­дің толық мүмкіндігі бар. Нейрохирургия са­ласында үш ірі яғни дүние­жүзі ней­рохирург­терінің съезі, еу­ро­па­лық нейрохирургтер­дің съезі және Азия елдері нейро­хирург­терінің конгресі бар. Осы­ған орай, – дейді Серік Қуандық­ұлы, – 2014 жылы Бү­кі­л­азиялық нейрохирург­терінің онын­шы конгресін Астанада өткі­зетін болып келістік. Оған келісімге келу де оңай болмаған көрінеді. Жеті бірдей мемлекет атынан нейрохирургтер орталық­тары атал­ған конгресті өз елінде өткізу үшін тап­сырыс беріпті. Саралау жасы­рын түрде жүргі­зіл­ген. Ақыры қазақ­стандықтар жеңіп алған. Бұл өте үлкен шара, оған Азия айма­ғынан түгел жи­налады. Демек, да­йындық шара­лары бүгін­нен бас­талуы керек. Міне, осы орайда бұған Үкі­мет тарапы­нан қолдау әрі көмек болып жатса, нұр үстіне нұр деген сөз. Өйткені, жалғыз нейрохирургия орталығы­ның атал­ған конгресті өткізуге шамасы жет­пейтіні белгілі. Осыдан төрт ай бұрын Серік Ақшолақовтың Германияда болғаны бар. Сонда оған неміс әріптестері жаңадан ойлап табыл­ған су жаңа медициналық құрылғыны көрсетеді. Қазақ­стандық профессор  аспаптың керемет мүмкіндігін тез аңғарып, оны өз елінде тәжірибеден өткізуді ұсынады. Сол жерде өзі құрылғыны игеріп те алады. Бұл сиқырлы аспаптың ерекшелігі сонда, ол микроскоп пен эндоскоптың біріктірілуімен соңғы компьютерлік технологиялық жетістіктер арқылы қан тамырларын 30 есе үлкейтетіндігінде екен. Ал қолданыстағы микроскоптар тамыр­ды бар болғаны 10-12 есе ғана үлкейте алады. Міне, осы әлем әлі естіп, көрмеген аспапты С. Қуандықұлы кешегі елімізде өткен конференция кезінде шетелдік мықты деген нейрохирургтер ал­дын­да сынақтан өткізеді. Ол жұлын ішіндегі ісікке ота жасайды. Нәтижесі өте жоғары болды. Сонда бұл жетістікке Ресейден, Жапониядан, Үндістаннан келген ірі профессорлар таң тамаша қалып, аузын ашып, көзін жұмды. Өйткені, оларда мұндай аспап жоқ, көрген де емес және оны қалай қолдану қажеттігін де білмейді. Сөйтіп, Қазақстанда білгір ғалымның біліктілігінің арқа­сында су жаңа аспап арқылы жасалған ота нәтижесі ел нейро­хирургиясының озық елдерден бірде бір кем емес екендігін және келешегі мұнан да зор екенін әлемге тағы бір нақтылап берді. Александр ТАСБОЛАТОВ.