Кеше «Ақорда» резиденциясында Мемлекет басшысы Бас прокурор А.Қ.Дауылбаев пен Ішкі істер министрі Қ.Н.Қасымовты қабылдады. Кездесуге Президент Әкімшілігінің Басшысы А.Е.Мусин қатысты.
Кездесу барысында күш құрылым жетекшілері Мемлекет басшысын «Нұр банк» АҚ-тың топ-менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновті ұрлау және өлтіру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу барысы туралы хабардар етті.
Кездесу басында Бас прокурор А.Қ.Дауылбаев тергеудің негізгі нәтижелері туралы ақпар берді. Бұған дейін хабарланғанындай, Темірәлиев пен Хасеновті 2007 жылдың 31 қаңтарында Әлиев, Кошляк және басқалардың басшылығындағы ұйымдасқан қылмыстық топ ұрлап әкеткен болатын.
Банкирлердің денелерін сол кезеңде табу мүмкін болмағандықтан, олардың өлтірілуі туралы іс жеке өндіріске алынған еді. Осы уақыттың бәрінде іс бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізілді. Темірәлиев пен Хасенов мәйіттерінің Ремизов шатқалында көмілгені туралы осы жылдың 12-13 мамырында алынған жедел ақпаратқа сәйкес жүргізілген іздестіру шаралары барысында әк салынған 200 литрлік екі бөшкеден ішінара скелеттелген мәйіттер табылды.
Белгіленген өндірістік іс бойынша молекулярлық-геномдық сараптау қазақстандық, ресейлік мамандарға, сондай-ақ Германия сарапшыларына тапсырылған болатын. Осы сараптамалар нәтижесі Темірәлиев пен Хасеновтің денелері табылғанын бірауыздан қуаттап берді.
Құқық қорғау органдарының бірлескен күш-жігерінің нәтижесінде қылмыс ашылды.
Іс бойынша жинақталған айғақтар қылмыстың қалай жасалғанын толық қалпына келтірді. Мәселен, ұрлау кезеңінде Темірәлиев пен Хасенов Әлиевтің иелігіндегі Науаи көшесінде орын тепкен резиденциясында ұсталса, олар сол жерде азаптау мен жәбірлеуге салынған. Ұрлаудың оныншы күні, 2007 жылдың 9 ақпанында Әлиев пен Кошляк банкирлерді лидокаин салу арқылы дәрменсіз күйге түсіріп, 002 нөмірлі «Ленд крузер» көлігімен резиденциядан алып шыққан.
Әлиевтің тапсырмасымен Темірәлиев пен Хасеновтің сол жерде болғандығын білдіретін із-айғақтардың бәрі жойылған. Атап айтқанда, банкирлерді күзеткен Бекмұратов олардың киімдерін, Әлиев қолданған шприцтерді және басқа да айғақтарды өртеп жіберген.
Бастапқыда өлтіру Әлиевтің Көлді кентіндегі агрофермасында жоспарланса, куәлердің көп болуына байланысты Әлиев пен Кошляк ұрланған адамдарды Ремизов шатқалына алып кеткен. Өлтіруді «Казтелерадио» АҚ-тың жоғарғы алаңында орналасқан «Казстройцентр» ЖШС аумағы маңында жүзеге асыру ниетін екі мекеменің де Әлиевтің иелігінде екендігімен негіздеуге болса, кешкісін сол жерге жасырын келуге мүмкіндік мол еді. Сонымен бірге, шығыс жағында бірнеше жыл бойы Әлиевтің бақылауындағы құрылыс алаңдарынан қоқыс әкеліп төгілген ұра бар болатын.
Қылмыскерлер Темірәлиев пен Хасеновті ұраға алып келгеннен кейін олардың басына полиэтилен пакеттер кигізіп, мойындарына қолда бар материалдардан тұзақ жасап, қылғындырып өлтірген.
Банкирлердің өлі денелері 200 литрлік бөшкелерге күштеп салынғаннан кейін мәйіттерді кеміріп, адам танымастай ету үшін үстеріне әк құйылған. Бөшкелердің өзі қоқыспен жауып тасталады.
Келесі күннің ертесінен бастап Кошляк Темірәлиев пен Хасенов мәйіттері жасырылған жерге құрылыс қоқыстарының әкеп төгілуін тұрақты бақылауына алады. Нәтижесінде, ұра жермен теңесіп, тегістеліп кетеді де, ішінде банкирлердің мәйіті бар бөшкелер 3-3,5 метр тереңдікте қалады.
Іс бойынша жинақталған айғақтар Темірәлиев пен Хасеновті Әлиевтің ұйымдасқан қылмыстық тобы ұрлап әкетіп, өлтіруі оқиғаларының үзіліссіз тізгекпен жалғасқанын айқын көрсетеді. Осыған байланысты Рахат Әлиев пен оның сыбайластарына Қылмыстық кодекстің 96-бабының 2-бөлігі бойынша – аса ауыр жағдайда адам өлтірді деген айып тағылды. Сот оларды тұтқындауға санкция беріп, халықаралық іздеу жарияланды.
Қазіргі уақытта Бас прокуратура Австрияға аталған қылмысқа кінәлілерді экстрадициялау туралы өтініш жіберді.
Бас прокурордың ақпаратын Ішкі істер министрі Қ.Н.Қасымов толықтырды. Ол тергеудің объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында 20-дан астам түрлі бағыттағы сараптамалар, оның ішінде, Ресей мен Германияда да белгіленгенін айтты. Барлық сараптамалардың қорытындылары тергеу нұсқасын қуаттайды. Ремизовта табылған мәйіттердің Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтікі екені 100 пайыз нақтыланған.
2007 жылы ұрлау туралы іс бойынша алға тартылған детальдардың мәйіттер табылғаннан кейін, яғни енді ғана ашылған жағдайлармен толық сәйкес келуі де үлкен айғақтық маңызға ие болып отыр. Бұлар – тіс аппараттарының ерекшеліктері, ішкиімдердің маркалары, тіпті Темірәлиевте болған сирек кездесетін омыртқа ауруы. «Шаритэ» Берлин медицина университетінің сарапшысы мәйіттердің бірін тексеру кезінде омыртқалардың деформациясын көлденең тартқан. Тұтастай алғанда, Темірәлиев пен Хасеновті 2007 жылдың 9 ақпанында Әлиев пен Кошляктың өлтіргеніне көптеген айғақтар жинақталған.
Одан әрі Бас прокурор А.Қ.Дауылбаев қазіргі кезде Қазақстан Республикасының мүддесін көздейтін адвокаттар арқылы аталған адамдарды Австрия аумағында жолын кесіп тұтқындау шараларын таңдау туралы мәселе қойылғанын айтты.
Алайда Әлиев жауапкершіліктен қашу мақсатында саяси диссидент имиджін қалыптастыруға ұмтылып отыр. Өзінің сайтында Қазақстан Республикасының лауазымды тұлғаларын дүниеде бар барлық күнәлармен күстәналайтын қаралау материалдар орналастыруда.
Шетелдерде оның айыптары мен ол ұсынған құжаттардың жалғандығы әшкере болғанына қарамастан, Әлиев түрлі бағыттағы жасанды әрі өтірік ақпараттарды таратуын жалғастырып жатыр. Жақында БАҚ-тарда Қазақстан қоғам қайраткерлерінің 2006 жылы толықтай ашылған Алтынбек Сәрсенбаевтың өліміне қатысты үндеуі жарияланды.
Бас прокуратура Алтынбек Сәрсенбаевтың өлтірілуі фактісі бойынша істің толық көлемінде және объективті тергеліп, барлық кінәлілер тиісті жазаларын алғанын бүкіл жауапкершілікті мойнына ала отырып мәлімдейді. Тергеу мен сот қорытындыларына байланысты қандай да бір күмән туғызатын жаңа жағдайлар мен фактілер жоқ.
Бұл іс сол кездің өзінде-ақ Бас прокуратура тарапынан көптеген мәрте қайта тексеріліп, ол бойынша тергеудің толыққандылығы аса мұқияттылықпен қамтамасыз етілген болатын. Оның үстіне, тергеуге АҚШ Федералды тергеу бюросының қызметкерлері тартылып, олардың да тергеудің толықтығы мен объективтілігіне көздері жеткен еді. Бұл мәселе бойынша Рахат Әлиевтің мәлімдемесі бар болғаны жұртшылықтың назарын өзінің кінәсі толықтай дәлелденген істен аударып, жауапкершіліктен қашуға кезекті әрекеті болып табылады.
Кездесу нәтижесі бойынша Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігіне Бас прокуратурамен бірлесіп, қайта ашылған жағдайларды есепке ала отырып, мұқият тергеуді жалғастыру және банкирлерді өлтіруге кінәлілер лайықты жазаларын тартуы үшін барлық қажетті шараларды қолдану туралы бірқатар тапсырмалар берді.
Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы жұртшылықты аталған қылмыстық істі тергеудің барысы туралы тұрақты түрде хабардар етіп отыруға тапсырма берді. Өйткені, мемлекет үшін өз азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау, заңдылықты қамтамасыз ету жоғары басымдық болып табылады және заңды бұзған кез келген адам, қоғамдағы орнына қарамастан, заңның барлық қатаң талабы бойынша жауап беретін болады.