• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
17 Маусым, 2011

«Бұл ғалам сенің титтей жүрегіңде не болып жатқандығын қайдан білсін!»

1175 рет
көрсетілді

Мұқағали – 80

Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысы Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫНЫҢ «Жетісу» газетінің бас редакторы Жақыпжан Нұрғожаевтың сұрақтарына жауабы – Мұқағалидың көзі тірісінде дара тұлға деп лайықты баға берген қаламгерсіз. Мұқағалиды бұ­лай деп алабөтен іріктеп алуыңызға не себеп болды? – Мұқағалиды өйтіп айрықша іріктеп алып жүр­­ген мен бе екенмін? Уақыт қой! Ал ол қандай уақыт еді? Бұл енді ұзақ әңгіме. Бәріміз де әде­биет табал­дырығынан алабұртып аттағанбыз. Алматыға бәсеке емес, арман қуып келгенбіз. Өзгелерді өзіміздей көретінбіз. Ал ол кезде өзді-өзімізден күткен үміті­міз көп еді. Сондықтан бір-бірімізге өте зор құрмет­пен қарадық. Олай болатын реті де бар-ды. Біз оқуға тү­сер­де әде­биеттің тоңы әлі жібімеген қалпы еді. Өлең шір­кіннің қашанғы елпілдегіш күйі-тұ­ғын. Кол­хоз-сов­хоз­дың ойға-қырға омақа­са­тын да жүретін көнетоз тракторындай еді. Күн са­йын бір «өтімді тақырып» шы­ғады да тұрады. Со­ның көңілін аулаймын деп жүр­генде өзі де қоқысқа айналады. Ондай «майшелпекке» үй­реніп алғандар өте көп. Жыл сайын бұрқы­ра­тып кітап шығарады да жата­ды. Үйрен­бе­ген­дері­не көпті көрген көзайым редакторлар ең болмаса «жетекші тақырыптардың бір-екеуінің аузын майлауға» үйретіп әлек. Сүйте-сүйте жү­ріп, өзі де көндігіп кетеді. Содан бір күндері: «Дом­бы­рам не дейді, мен не деймін?» деп, іштей қо­ңылтақсып отырғандары. Талантты деген талай көкелеріміз өмірден осылай ойсырап өткен-ді. Поэзиядағы мұндай оспаққа үйренісе алмай, ереуілдеп баққан тентек ақын Қасым Аманжолов еді. Ол бір «жетім бұрышта» күрк-күрк жөтеліп жатып: «Апырай, мынау күннің райын-ай, төсек­тен тәуір болып тұрайын-ай десем де, қабағын бір қойды-ау ашпай, ерегісіп енеңді ұрайын-ай!» деп буырқанып, күлді-көмеш өмірі жайлы толғанғаны төбе құйқаңды шымырлатады. Алматы біз келгенде Қасым азасынан әлі айық­­қан жоқ-ты, біз де келген бойда қайсар ақын­ның зиратына бардық. Кітабын жаттап, жата-жастандық. Қазақ өлеңінің тұсауы шешілер күнді аңсадық. Түрменің қатып қалған қара нанын қайза­лау­дан жалыққан тұтқындар сияқты күнбе-күн шы­ғып жатқан жинақтардан тосын нәрселер күт­тік. Өлең исі бар шумақтарға мұз жалаған жылқыдай шұр­қы­растық. Тұманбай, Ізтай, Еркеш, Сағи, Еркіннің жаз­ған­дарына үлкен үміт­пен үңілдік. Университеттің әдеби бірлестігінде жастардың алғашқы аяқ алысын талқыладық. Оған ұста­зы­мыз Мұхтар Әуезовті шақырып, «Жыл келгендей жаңалық сеземіз!» деген лебізін естідік. Бұл «Поэзия күні» қазақ әдебиетін дүр сілкіндірген оқиға болды. Көп ұзатпай «Қазақ әде­биетінің» редакторы Жұмағали Ыс­мағұлов: «Бізге сын бөліміне келсейші. Бесінші курсты жұмыс жасап жүріп те бітіруге болады», деді. Қуана-қуана құп алдым. Бір күні редакторға кірсем, алдындағы жұмсақ орынтақты тақ толтырып бір жігіт отыр. Дудыраған қою шашты, маңдайы кере қарыс, қыр мұрынды, қыран қабақ, келісті-ақ екен. «Е, Әбіш, танысып қой. Мұқағали Мақатаев деген ағаң. Поэзия бөліміне әдеби қызметкер етіп алдық. Бүгінгі нөмірге екеуіңіз кезекшілік етесіздер», деді. Екеуміз қатар бөлмеге орналастық. Жазу­шы­лар одағының үшінші қабатындағы түпкі бөлмеде ол отырады. Одан кейінгі бөлмеде мен отырамын. Түскі тамаққа барғалы жатыр ем. Телефон шыр ете қалды. Мұқағали екен. «Кіріп кетпейсің бе?», де­ді. Не болып қалды екен деп, бардым. Кере қа­рыс маңдайына шып-шып шы­ға келген мөлдір мон­шақ­тарды қолының сыр­тымен сипап тастады. «Өткен жолы аңғарып қалдым. Сен менің диктор­лы­ғымды білгенің­мен, ақындығымды білмейді екен­сің. Мен біраздан бері өлең жазамын ғой!» деді. Оқи бастады. Талайлардың өлең оқыған­да­рын көрсем де, Мұқағалидай оқи алатынды көр­ген емеспін. Ол өзгелерге ұқсап, теңселіп, тебіренбейді. Әрлі-берлі қолдарын да сермелемейді. Орын­дық­ты ат қылып мініп, отырып алады да, күмбір­леген қоңыр дауысын соза түсіп, жайбара­қат оқи жөнеледі. Дауысын да орынсыз көп құ­былтпайды. Өлең жолдары тасқындап аққан бұлақтай төгіле береді, төгіле береді. Әлде бір уа­қытта аяқтады. Аузымды ашыппын да қалып­пын. «Керемет оқиды екенсіз ғой», дедім. Мен Мұқағали­дың көшелі ақын екенін сонда білдім. Содан бір күні тағы да бөлмесіне түстікке шақырды. Бірақ, бұл жолы өлең оқымады. «Кеше моншаға бардым. Әбден жуынып тазалан­дым. Үш рет кәлимамды қайырдым. Үстелге жайланып отырдым. «Иә, бисмилла!» деп кірісіп кеп кеттім. Құдай көрсетпесін, божественная десе, божественная екен. Тек тәңірдің ғана қолынан келетін шаруа ғой! Шетінен, жайлап-жайлап аудара беремін. Қашан тауыстырар екен, көрейін. Бітірген күні өзіңе көрсетемін. Дантені айтам... Соған кірістім», – деді. Мұқағали Дантені, «Құдіретті комедияны» аудара бастаған екен. Содан күнде түскі тамақ кезінде бөлмеге жалғыз кілттеліп алып ап, жұмыс жасайды да отырады. Былайғыларымызға ұқсап, бөлмеден бөлмеге кіріп, әңгіме айтып жүрмейді. Бірге қанша істегеніміз есімде жоқ. Мұқағали «Социалистік Қазақстанға» ауыс­ты. Мені «Лениншіл жасқа» әдебиет және өнер бөлі­мінің меңгеру­ші­лігіне шақырды. Бүгінгі әдебиеті­міздің талай өкіл­дерін тәрбиелеген Шерхан Мұртаза мені де қолым­нан қақпады. Бірақ жұрттың бәрі Шер­ағаңдай дархан болған жоқ. Ол жылдардың, несін айтасың, қиындығы да, қызығы да көп еді ғой. Қай жерде де шығар­машыл жастардың мәселесі өткір қойыла баста­ды. Ол әңгімеден біз де аулақ тұра алмап едік. Баспасөз бетінде шөкім-шөкімнен әрі аса алмай жүрген Оспанхан, Әділбек, Қадыр, Жұмекен, Са­быр­хан, Өтежан, Жүсіп, Құдаш, Қанипа, Төлеген, Қайраттарға да «Лениншіл жастың» бетінде көлдей-көлдей көлем беріліп жат­қанына қатты қызығатындар табылды. Мұқағалидің лирикалық дастандары тұтас-тұтасы­мен жарияланды. Бұны­мыз біреулерге жақты, біреулерге жақпады. Көп ұзамай телефондардан маза кетті. Редак­торы­мызды да қайта-қайта жоғарғы жаққа шақыртты. Мені де сыртымнан бөркімді теріс кигізіп жатты. Бір күні жұмыс аяғына таман редакторға кірдім. Оңаша отыр екен. Бейуақыт жүрісіме та­ңыр­қай қарады. Асықпай жағдайымды айттым. «Көп отыр­са көл ашиды деген. Жұрттың қаңқуы ұлғайып барады. Сізге қырсығым тимесін. Рұқ­сат беріңіз. Мен баспасөзден кетемін. Күнімді бір­деңе етіп көрермін», дедім. Шерағаң қолын­дағы газетті ысырып тастап, бетіме туралап қарады. «Әй, Әбіш, сен маған өкпелеп жүр­ген­нен саусың ба?», деді. «Ойбай, асакет Алла, ақ тоба! Неге өкпелеймін? Бәріне риза­мын!», дедім. «Онда бұл сөзіңді қой. Жұрт не демейді? Бәрімізді де күйдіріп жатыр. Шыдай тұр. Сен туралы ойларым бар. Оны кейін сөйлесерміз», деді. Мен алған бетімнен бәрібір қайтпадым. Сөйтіп, қазақ өлеңіндегі қасаңдықпен айқас майданынан алыстадым. Жаңа қызметіммен тез үйреністім. Ол кездегі Мәдениет министрі Ләйлә Ға­ли­қызы Ғалымжанова жайдары қарсы алды. «Мұнда да қиыншылықтар бар. Бірақ, басың жас. Көре-көре үйренісесің ғой», деді. Ті­келей бастық­тарым – Ерке­ғали Рахмадиев пен Қалтай Мұхамед­жанов. Бауыр­ларына тарт­ты. Ұжым да жақсы қабылдады. Күндер өте берді. Мен ың-шыңсыз қызметімді істей бердім. Жұмыстан шығып келе жатыр едім, «Әй, Кекілбаев!» деп, біреу гүж ете қал­ды. Жалт бұрылдым. Қара­сам – қасқайып Мұқағали тұр. Қасыма келіп, арқамнан қақты. «Әдебиетшілер үйіне келмей кеттің ғой. «Жұлдызға» бардым. Жуырдағы повесіңді біз­дің жігіттер оқып жатыр екен. Құтты болсын!», деді. Сосын қолтығымнан алып, базарға қарай бастады. Бір серпіліп барып әңгімесін қайта жалғастырды. «Сенің білмей жүрген керемет нәрсең бар. Жуырда, Асқарға айтсам, ол да танауы делиіп, қатты құшырланды. Аптасына бір рет көк базар­ға келіп тұр. Жан-жағың қызылды-жасыл, айқай-ұй­қай, жапыр-жұпыр. «Менікін ал, менікін!» деп, анау да жабысып жатыр. Мынау да жабысып жа­тыр. Қарама! Көзіңді тас жұмып ал да тарта бер! Олар барған сайын шуыл­дауын көбейте түсер. Сен кердеңдей түс! Ойлашы өзің! Рахат емес пе?! Бұл дүниеде ойнап жүр­ген­дейсің! Расы да солай ғой! Сол бетіңнен ілгері тарта бер... Бір кезде ай­қай-ұйқай басы­ла­ды. Жан-жағың тыныш­тала­ды. Абайлап көз салуыңа болады. Қаздай тізіліп өңкей шалдар отырар. Алдарында жерге төсел­ген газет­тердің үстінде шөкім-шөкім бірдеңе­лер тұрар. Ақ, көк, алабажақ қалталар. Күмістен, мү­йіз­ден, қала­йы­дан істелген насыбай шақшалар... Ернін бұл­титқандар... танауын тыржитқандар... Мұ­рынын шүйіргендер... Үн-түнсіз шолып, асық­пай жа­ға­лап келе жатасың. Мынаған жапақтаң күлі қосыл­ған, анаған бұйрығын күлі салынған, ал мынау біреуіне изеннің күлі Кенет сен насы­байға еңкейесің, ал қасыңда отырған шал саған ең­кейеді. «Қарағым, Мақатайдың баласы­мы­сың?» Әкең­нің атын естігенде, шалқаңнан түсе жаз­дайсың. «Ау, оны қайдан білдіңіз?». «Бет-әл­пе­тің айтып тұр ғой, бет әлпетің...» Шүйір­келесе кете­сі­ң. Мыжырайған шал кешегі қылшылдаған жігіт екен. Сенің әкеңмен талай бірге болған екен. Ойда жоқта төбесінен түс­кеніне ол да мәз. Насыбай іздеп келіп, әкеңнің көзтанысын көргеніңе сен де мәзсің». Мұқағали тыйылып қалды. Тамағын бір кенеп алды. Күмбірлетіп оқи жөнелді: «Қажып тұр­мын, несіне жасырайын! Әкелші, ата, бар болса, насыбайың? Азан-қазан шулаған қауақ бастан, Құрып кеткір, даң-дұңды қашырайын. Айтшы, ата, әкемді көріп пе едің? Ол да мендей жан ба еді желікпелі? Ол да мендей шақшаңа құмар болып, сергіп бір қайту үшін келіп пе еді?!.. Мұрагері емес пе ем арт жағында, тарт­тым ба әлде әкеме, тартпадым ба? Ата көрген оқ жонар деуші еді ғой, бабалардың байырғы салттарында... Көз жасыңды көрсетпе, жасыма­йын, әкем өлсе мен бармын, несі уайым?! Әкемдей бір атайын шертіп тұрып, тәуір екен, әкелші, насыбайың!», деп талмаурай бітірді. Ойыңды он орап ал­ған сағыныш, мұң, өкі­ніш, әлсіздік бойыңа шым-шым еніп, кеудеңді кеулей түсті. «Беу-беулетіп», бебеулетіп барып ба­сылды. Қайтадан үміт­сіз сайтан күйге түсіріп алдар­қа­нып, әрі алдар­қа­тып, әлденеге емексітіп, әлдене­ден дәмелендіреді. Әліге дейін өлмей, өшпей, өтпей келе жатқан ескі құса бір сәт дүркірей көтеріліп, жүректі дүрсілдетіп, қайтадан сабыр тауып, тыншыды. Көкірегіңдегі небір дүдәмал сезім қайта оянып, қайта мазалай бастады. Өлең деген осындай болу керек қой, шіркін! Не айтып, не ойлағаныңды өзің де білмейсің?! Үн-түнсіз иығыңа қонып, қанатын бір-ақ қағып ұшып кеткен ала қанат көбелектің соңынан қарағандай, қарадай үздігесің! «Аға, тек осын­дай өлеңдерді ғана жазыңызшы!» дедім. Мұ­қағали томсарып қалды. Өзімнің ең тәуір кө­ретін ақындарыма айт­сам-ау деген қолқамның аузымнан қалай шығып кеткенін білмей қал­дым. «Әй, сен менімен бірге ұйықтап, бірге түс көріп шыққаннан саумысың?» деп, Мұқағали өзінің на­сы­бай сатып отырған шал­дарына кетті. Мен аялда­ма­ға қарай аяңдадым. – Сіздің Мұ­қа­ғали­дың «Қарлығашым, кел­­дің бе?» атты жинағына жазған рецен­зияңыз әде­би қауымға жақсы белгілі. Сол мақаланың жа­зы­лу жайы қалай болып еді? – Бір күні таңертең есіктің қоңырауы баж етті. Аш­сам – мұнтаздай болып киініп алған Мұ­қағали тұр. «Ертелетіп неғып жүрсіз? Амандық па, әй­теуір?» дедім. Жұмысқа кеткелі жатыр ем. Түрімді кө­ріп, үсті-басымды бір сү­зіп өтті. «Өңкей ілім соқ­қандар. Жаңа бұрыш­тан айнала беріп, Асқарды көріп ем. Ол да портфелін құ­шақ­тап, жұмысқа бара жатыр екен. Сен де сықиып тұрсың. Бар. Бара бер. Бара ғой!» деді. Біздің дабырласқан дауысымызды естіп, ас үйден анам көрінді. Бұрын көрмеген адамы болған­сын, ұсынған қолын алып жатып: «Қай баласың, қара­ғым?» деді. «Амансыз ба, апа! Балаңыздың маңа­йын­да көп шимайшыдан басқа кім жүруші еді? Мен де солардан боламын. Атым – Мұқағали. Менің де сіздей шешем бар. Үйде сіз болса­ңыз, қалған­дарының қажеті шамалы. Онда бұл жолынан қалмасын!», деп анамды ас үйге қарай жетеледі. Мен бір жымидым да, шығып кеткем. Кешке қайтып келсем, анам мәз-мейрам. «Мә, мынаны манағы бала беріп кетті. Қолы тисе, оқып шығар деді». Жемпірінің қалтасынан алақанға сыйып кететіндей шап-шағын кітапша шығарды. «Жарық­тық, жігіттің төресі екен. Тұлға қандай, тұрпат қан­дай! Екі иығына екі кісі мінгендей. Қал­ған достарың өңкей шыбыш­тың лағындай шошаң­дап тұрған немелер еді. Мынаның сөзі бап-бай­салды. Үлкен адамдарша сөйлейді. Қолыңды тигіз. Оқып шық. Не жазды екен, жарықтық?!» деді анам. Мұқағалиды көріп, ішпей-жемей тойып тұр. «Иықтарына екі Асқар, екі Қайрат сыйып кеткендей ғой!», деймін анамды мен де құптап. Кейуана екі иығы селкілдеп күлді кеп. Тамақтан соң, үстеліме бардым. Сыртында – томпиған кіп-кішкене немересін ерткен кәрі әже. Аспандағы күннің аумағынан ұшып келе жатқан қос қарлығашқа қадала қарап қалыпты. Аты да әп-әсем екен. «Қарлығашым, кел­дің бе?». Әрі таныс, әрі таңсық. Мұң лебі ескендей болады. Алғашқы бетті ашып қалсам, көк сиямен автограф жазы­лып­ты. «Әбіш! Дей алдым ба бірдеме, демедім бе? Дей алмасам, боғымды жегенім де. Өк­пе-назым, қайғы мен қуаны­шым – тұрса бәрі жарады өлеңімде», депті де, шиырып қол қойыпты. Жүрегім шым ете түсті. Сол бойда оқуға кірістім. Бірінші өлеңінің өзі ойыңды алысқа ала қаша­ды. «35 жыл. Отыз бесінші көктемім. 35 жыл. Уа­қыт қой көп-көрім. 35 жыл қуарып, 35 жыл көктедім. 35 күз, 35 қыс, 35 жаз. Осал өмір емес қой отыз бес жас... 35 жыл. Өмірді кезіп ке­лем. Және 35 бола ма? Сезіктенем... Әкем менің есімде, шам түбінде ВКП (б) тарихын ежіктеген. Және бір сәт есімде ақпандағы, әкем отыр майданға аттан­ғалы. Бәрі есімде – дала, егіс, ауыл, мектеп, ұстаз­дар, интернаттың қатқан наны. Бәрі есімде – далам да, тұрағым да. Тек есте жоқ, күлдім бе, жыладым ба... Бала­лық шақ жарбиып жүретұғын, өгіз жеккен арба­ның құла­ғында. Шаруаның баласы болғаннан ба, шаруаға айналдым он жасымда, майдандағы әкеме оқ жібердім, айырбастап күлшемді қорға­сын­ға... Есімде жоқ. Бала боп өсіп пе едім?! Болсам неге жылы сөз есітпедім?! Есімде тек білемін жеңіс құстың, біздің жаққа бір апта кешіккенін...» Бәрі рас. Бәрі солай. Бәріміз де көргенбіз. Бәріміздің де есімізде. Бәріміз де осылай сезінеміз. Неге ендеше бәріміз жазбағанбыз? Оқи түселік. «1941 жыл ақпандатқан. Сырт­та аяз. Ауылымызды ақ қар жапқан, үңірей­ген үрей тұр соғыс дейтін, алапат – аспан, жерді, аттандатқан.... Жарты ай тұр шар аспанда – тозған таға, үскірік үрлей ме, әлде қозғалта ма? Әжем жүр туған жердің топырағын, тұмар ғып тігіп жатыр бөз қалтаға. Ол отыр. Аямай-ақ ішіп алған. Санасын ма­за­лайды кү­шік-ар­ман. Аттан, әке. Таныс қой күрес саған. Кү­ресуі керек қой күші бар жан... Жалынған ға­зиз Анам, сұрап қал­ған, жоғалды сол бетімен бірақ та арман, сенбеймен әкең өлді дегенге мен, себебі, ол үйі­мізден тірі аттан­ған». Біреу желкеңе келіп, су құйып жібергендей. Қалай-қалай дөң­гелентеді. Бұл неғып сенің есіңе түспеген? Сен де осылай сезініп, сен де осылай қанжыламап па едің? Жә... жә... Жетер. Буыным босап, көз алдым бұл­дырап барады. «Сонау бір жазда, жайлауда, соғыстың кезі қой баққам, көңілім келмей байламға, көп нәрсені ойлантқан... Жүгіріп төмен құлдырап, көрдім де таудың бұлағын, көзімнің алды бұлдырап, қалқайып екі құлағым, қабаржып, үнсіз жыладым... Сондағы көздің жасынан ләззат алғам нансаңыз, сұраңыз әрбір тасынан, еліме менің барсаңыз... Бұлақтан барып сұ­раңыз, көрді екен, кімді білді екен... Бұғынып қал­ған, бір аңыз, бұйығып тағы жүр ме екен... Жартастың жонын ұрғылап, кеудесін сайдың тепкілеп, сұрар ма екен сұм бұлақ: «Сол бала қайда кетті?» – деп». Оқыған сайын оқи түскің келеді. Шындықты жұрттың бәрі біліп, бәрі көріп жүргенмен, оны ортақ сырға айналдыру, жырға айналдыру тек ең таланттылардың ғана қолынан келетін сияқты. «Көре ғой... байқай ғой... Айта ғой!» – деп, періш­телердің өзі тек солардың ғана құлағына сыбыр­лайтындай. Мұқағали сондай бақыттылар тобынан екен. Анам айтқандай: шын жарықтық екен! Жа­рық­тыққа жарық дү­ние­нің ұсынбайтын ба­қыты, ұстатпайтын ақи­қаты жоқ шығар! Дереу телефон шал­дым. Дың-дың. Біраздан кейін қайта соқ­тым. Дың-дың. Төзімім таусы­лып, тағы бұра­дым. Дың-дың... Енді ойландым. Қап, бәлем, телефон соқпаймын. Жа­­за­мын. Газетке ұсы­на­мын. Көрсін де оқы­сын! Оқысын да қуан­сын! Өз тапқаныма өзім масаттанып, төсекке сұла­дым. Жол тастамай оқыдым. Бәрін де өз басымнан өткер­гендеймін. Бәрі де мен туралы. Тіпті мына бір жол­дардың менен несі бөтен, несі өзге! «Жүрегімде жүр­гені-ай бір қауіптің, сабағын­дай шырмайды шыр­мауық­тың, үмітпенен, арманмен, күдікпенен, өтіп жатыр зы­мырап, зырлауық күн... Шешем менің еңкейіп бара жатыр, қай күні келер екен нала батыр. Жел маған сыбырлайды аят оқып: «бір күні айыры­ласың, қара да тұр...» Шешем менің иілген сұрау белгі, сәл ғана шаттық көрді, жылау көрді, қалай ғана қалпына келтіресің, дауылдар майыстырған мынау белді. Ұлың сені ұжмаққа бергісі жоқ, ұж­мағың да тамұқ қой көргісіз от. Осылай көз алдымда жүре берші. Сұраулы сөйлемдердің белгісі боп». Қай өлеңін қанша қарасам да, артық-ауыс ештеңе таба алмаймын. Апырай, ала-құласыз бұл қандай кітап! Бұндай да болады екен ғой? Біздің замандастарымыздан бұрын-соңды мұн­дайды көрген емеспін. Батырға оңқайы да, солақайы да бір деп, оңды-солды жаза беретін таланттылары­мыздың өзін таусыла сөйлеп, сарқыла жазуға итермелейтін бұл кітап туралы үндемей қалу үлкен мін деп ойлап, алдыңғы беттегі автографқа қайта үңілдім. «23.ІІІ.68 ж.» деп жазылыпты. Бұл кітап менің қолыма тамыз айында тиді ғой. Мұқағали сонда бұл кітапты сонша уақыт өзінде ұстаған ғой. Бұдан бұрынғы екі кітабын да берген емес. Сонда мұны қинала-қинала әкелген ғой. Өзі үлкен үміт артқан кітабы болды ғой. «Дей алдым ба бірдеңе, демедім бе?!» дегенге қараған­да, солай секілді. Дегенде қандай! Депсің, Мұқа! Ақ қағазға қалай отырғанымды да білмей қап­пын. Бір ойланып, мақаламды өзім оқыған поэма­ларын­да Мұқағалидың лириктігі басым түсетін­дігінен бастаппын. «Әдетте тіпті де жақсы өлеңі көп те, бірде бір жаман өлеңі жоқ жыр кітаптары аса сирек ұшырасады. М.Мақатаевтың «Қарлығашым, келдің бе?» жинағы сондай айда-жылда бір ұшырасатын аса сиректің бірі», деп жазыппын. Расында, дәл өзі еді. Саясаттан аты­мен ада кітаптардың туар басында «Қар­лыға­шым, келдің бе?» жи­нағы тұрар еді. Жазғанымды «Лениншіл жастың» ол кездегі редакторы Сәкеңе – аяулы Сейдахмет Берді­құлов марқұмға – өз қолыммен апарып беріп, әскерге аттанғанмын. – «Лениншіл жастағы» мақалаңыз Мұқа­ға­ли туралы ал­ғаш­қы пікір екенін білеміз. Ол жаз­ғаны­ңыз ақынға қалай әсер етті? – Ол мақала мен әскерде жүргенде шық­ты. Кей-кейде Алма­тыға соғып кетуге рұқ­сат ететін. Сондай күн­дердің бірінде үйге келсем, келіні жұмыста, екі баламен үйде отыр­ған анам етегіне сү­рі­ніп, алдымнан шық­ты. Сағынышымды басып, енді сабыр таба бергенімде: «Ойбай, ұмытып ба­ра­ды екем ғой», деп анам төргі бөлмеге жүгіріп кетті. Қайтып келіп: «Мана үйге Мұқағали келіп кетті. Сен сөйлессе, телефонымды айтыңдар, ха­бар­лассын», деп, бір жапырақ қағаз беріп кетті, деді. Телефон соғып ем, саңқ ете қалды. «Үйдемі­сің? Міне, жеттім!», деді. Қолтығына қыстыр­ған екі-үш дана «Лениншіл жасы» бар Мұқа­ғали келді. Жағасы жайлау. Құшақтап, мойныма асылды. Газетті жалма-жан ашты. Екі жақ айқарма беттің үстіңгі жағына орналасыпты, «Жүректен – жүрекке» деп ірі-ірі әріптермен жазылыпты, «Рахмет, бауырым! Өзім өзім болғалы мұндай сөзді бірінші рет естіп тұрмын. Бұрынғы екі жинағым үн-түнсіз өтті ғой. Бұл жолы кітабымды бір түсінсе, сен түсінеді ғой деп әкеліп ем. Бір кезде насы­байшы шалыма қатты риза болып едің. Қателеспеппін. Ойымдағыны ұқтың»,  деді. Мен де тебіреніп кеттім. «Абайдан кейін тұсаулы аттардай ылғи шапшып келеміз ғой. Оған тіпті үйренісіп те кеттік. Жөнді-жөнсіз өрепкіп сөйлеуге құмармыз. Қазақ ойының су төгілмес жорғадай жайлы тынысын тіпті ұмытып та қалыппыз. Сіздің мына кітабыңызды оқығалы бері казарманың қым-қуыт нарларынан құтылып, өз үй, өлең төсегіме келіп ұйықтағандай рахаттанып жүрмін», дедім. Мұқағали қолыма қолын қойып, қайта-қайта құ­шыр­лана қысты. «Ризамын. Жақсы жолық­тым. Нарын­қол­дан жабағы сойып алғыздым. Қасыңа Асқарды қосайын. Үй-іштеріңізбен түгел біздікіне келіп, мына жаман ағаңды бір шашылдыр­май­сыңдар ма?!» деп, әдеттегі салмақты мінезін ұмытып, қаудырлай жөнелді. Ол кезде Мұқағали Тайыр Жароковтың баласы­мен бірге Чайковский көшесінде тұратын. Шынында да шашылтудай-ақ шашылттық. Түннің бір уағына дейін отырдық. Жазылып жатқан өлеңдерін оқыттық. Мұқағалидың іштей тіреп жүрген көкірегін бір ортайттық. Үй-іштерімізді апарып жатқызып, Асқар екеуміз: «Мұқаңның екінші тынысы ашылыпты. Енді мұны ешкім де тоқтата алмайды», деп қайта-қайта тамсанып, орталық алаңды әрі-бері кезумен болдық. Кейін, расында да солай болды. Мұқаға­лидың қаламынан шыққан әрбір жол халық көңіліне майдай жақты. Қазақ өлеңінің эманси­пациялану жолында ерекше орын иеленетін «Қарлығашым, келдің бе?» жинағы дүниеге осылай келген-ді. – Мұқағали қайтыс болғаннан кейін Әбділда Тәжібаев буырқана толқып, керемет сөздерін айтты. «Қазақ әдебиетіндегі» қаза­намада Қадыр мен Тұманбайлар ерекше пікірлерін арнады. Бәрі талантты замандасын ұлықтады. Біз, оқырман, сіз енді ақын шы­ғармаларын бұрынғыдан да терең сараптай­тын шығар деп күткен едік... Соның мәнісін әңгімелеуге қалайсыз? – Әскерден де келдім. Екі-үш ай үйде қарап бос жаттым. Ақырында, кинода істейтін Камал Смайылов пен Қалтай Мұхамеджанов студияға жұмысқа ша­қырды. Қызмет орнымыз – қаланың сыртында. Күні-бойы сонда жүреміз. Кештетіп үйге әрең жетеміз. Бір күні аялдамадан түсіп жатсам, Мұқағали ұшыраса кетті. Үй ауыстырыпты. «Осы арадан жақын жерде. Тиіп тұр», дейді. Жата келіп жабысты. «Үйді көріп шық. Көп ұстамаймын. Баяғыдан қалай екенмін? Өстім бе екен, өштім бе екен? Жарты сағат өлең оқимын. Сосын босатамын», деді. Көңілін қия алмадым. Соңына еріп келемін. Күләш Байсейітова көшесінде, бұрын Әбділда Тәжі­баев кірген үйде екен. «Тсс, бұрын ылғи ұлылар тұрған. Абайлап баспасақ, аруақтары оянып кетеді», дейді Мұқағали. Ауыз бөлмеде Лашын жеңгей астау малшылап, кір жуып жүр. Сәлемдесіп ішке оздық. Дәптерді алып, өлең оқи бастады. Баяғысынша сілтейді. Кемеліне келген перен ақын. Риза болып отырмын. Жарты сағат өтті. Оқуын доғарды. Бас бармағымды көрсеттім. Мен маңдайынан бір иіскедім де, орнымнан тұрдым. Сыртқа шығарып салды. «Қызметің қалай?» деді. «Шаршатады». «Шаршай­тын кезде шаршаған дұрыс қой. Кейін сағынуға жақсы!». Қоштасып, жүріп кеттім. Сол жұмысбасты жүріспен бес жыл өтті. 1975 жылы қоңыр күзде Орталық комитетке ауыстым. 1976 жылы Мұқағали дүние салды. Бірде телефон соғып: «Гурьев жақта таныстарың бар ғой. Менің балам сол жақта қызметте еді. Бас-көз болып жүрсін. Біреу-міреуіне айтып қойсайшы!», деді. Он алтысында оқуға аттанып кеткен балада қай бір ондай пәрменді таныс болады дейсің. Ұяла-ұяла біреуге телефон шалдым. Оның не тындырғанын білмеймін. Обалы не керек? Қазақ қауымы Мұқағалиды өлгеннен соң ұлықтаудай-ақ ұлықтады. Өте дұрыс! Нағыз маңдайыңызға тигізіп, мақтанатын ақын. Жинақтан соң жинаққа ауысқан сайын өсе түсті. Өсе-өсе шырқау биікке көтерілді. Өз-өзім­нен тоғайып жүрдім. Тірі кезінде алғашқы­лар­дың бірі болып пікір айттым. Оныма ақынның өзі риза болды. Сонда «бір көрсем-ау» деп ар­мандаған туған жеріне де бардым. Лашын жеңгейдің ағасы Әзімхановпен де кездескенмін. Бала кездегі орындарында болғанмын. Ақынның екі туып, бір қалған досы Еркін Ібітановтың үйіндегі жеңгейдің үзілдіре салған әдемі әні әліге дейін құлағымда. Алыс Шалкөде жайлауы да, қақ ортада шөккен үлектей сұлай жығылған Елшенбүйректің етегіндегі Қарасаз да, аспан төсін бір өзі билеген Хантәңірінің бауырындағы қалың шұбар да – бәрі-бәрі есімде. Нағыз Мұқағалидай ақын туатын марқасқа өлке екен деп тамсанып аттанғанмын. Тұсында жан-тәнімді салып, жақсы көре жазған Ғабит, Тахауи, Бердібек, Қалтай, Зейнолла, Мұқаға­ли, Қадыр, Жұмекендердің қай-қайсысы да қайта ай­на­лып соғып, терең сарап­тайтын саң­лақтар деп білемін. Бірақ, өмір жетпей барады. Күні бойы жұмыс­та жүріп, одан түннің бір уағына дейін қағаз қажап, жұмысбасты ғұмыр өткізгенім аз болған­дай, кейінгі жылдары «ел қамын жейтін Едіге» күйінде біраз сенделіппін. Қазір көңіл жеткен жерге көз, пейіл жеткен жерге сөз жетіспестей бо­лып тоқтасып отырмыз. Мұқағалидың дүниеде болып кеткеніне шүкірлік дейік, ағайын! Ұрпақ тірі болса, ол туралы сөз әлі айтыла бермекші. Бірінен бірі аса түспекші! – Академик Сейіт Қасқабасов «Айқын» газетіне берген сұхбатында: «Қазақ поэзия­сының өлшемі – Абай және Мұқағали», деді. Бұл әсі­релеп айтылған сөз бе, әлде, ойланып айтыл­ған сөз бе? Әдебиеттің абызы ретінде осының ақиқат төрелігіне тоқтала кетсеңіз. – Абай да, Мұқағали да қалың орманды қақ жарып өскен зәулім биік самырсындар ғой. Көкпен бой таластырып тұр. Соған қарағанда, тұлдыр тақыр­ға бітпеген, құнарлы алқаптан жаралған ба деп қала­мын. Абай да, Мұқағали да шідер үзген жүйріктер екендігі рас қой. Рухани өмірде Абайша тереңдеу де, Мұқа­ғалиша самғау да бола бермек! – Ақынның қайсыбір замандастарына сенсек, Мұқағалиды ызаландыратын үлкен себептер бол­маған екен. Бәрі де жақсы. Дер кезінде кітаптары шығып тұрыпты. Уыс-уыс қаламақы алыпты. Қысқасы, ақынның ала­бөтен жолын кескен, қолынан қаққан ешкім болмапты. Бәленің бәрін ақын өзі тауып ала беретін көрінеді. Яғни, ол кісілерше айтсақ «Мұ­қағалидың трагедиясы – тұр­мыстық трагедия». Осы туралы сіздің көзқара­сыңыз қалай? – Пенделер жүрген жерде пенделік болмай қой­майды. Лев Толстойдың өзінің Шекспирге тіл тигізетіні бар. Ол екеуінің өзі сондай болғанда, қалған­дарға не жорық! Мұқағалидың ешкім жолын кескен жоқ, қолынан қаққан жоқ деп айта алмаймыз. Бәлкім, оның пенделіктен көрген азабы да жетіп артылар. Бірақ, оны мұқалтқан тек бұл емес. Оны діңкелеткен ая­ғын аттатпас тоталитаризм мен одан туындайтын күнбағар конформизм. Ол солармен алысып, соларды ең­серген сайып­қыран. «Болдырам деп болмасты қия­лыммен, қайдан білсін, біткенім қайран күшім, бұл ғалам сенің титтей жүре­гіңде не болып жатқандығын қайдан білсін!» деп күйзеледі ақын. Енді қынжыл­ғаннан ештеңе өнбейді. Қалың шыршасы қаптай өскен Алатау баурайындай ақын кітап­тарына барған сайын терең бойлап, онда айтылған ой мен сезімге қаныға түсейік! Енді оқырман қауымның басты мақсаты сол болмақ! – «Фаризаға» деген өлеңін сіз де оқыдыңыз, біз де оқыдық. Біздіңше, осы жырда қызға қолын жеткізе алмаған ғашық жігіттің өксікті сезімі мүлдем жоқ сияқты. Есесіне, буырқанған ақын тоңмойын қоғамның келіссіз келбетін көз алдымызға елестетеді. Бұған сіз не дер едіңіз? – Бұл айтқаныңызға алып-қосарым жоқ. Ұлы ақынды тебіренткен Фаризаның талантына да бас иемін. Әрдайым аман жүрсін! – «Қазір адамдар өлең оқымайды», деп жазып жатамыз. Дәлелдерге сенгің-ақ келеді. Сенейін деп тұрғанда Мұқағали есіңе түседі. Бүгінгі жастар да оны ден қойып оқып жатыр. Мұның себебі не? Осы екі араны қалай айырып берген болар едіңіз? – Мұқағали қазақ өлеңінің өрісін кеңейтіп, болашағын нығайтты. Оқырмандарын ғана емес, ақындарын да көбейтті. Замандастарын ғана емес, ағаларын да тамсантты. Оны іздеп жүріп оқитындардың жылдан-жылға өсе түскені де рас. Ел аузынан түспейді. Бұған қуанамыз. Бұдан бірақ бізде кітап оқитындар азайып кеткен жоқ деген сөз тумайды. Кітап басу, кітап тарату, кітапты насихаттау мәселесі өткір тұр. Оны жасыруға болмайды. Халтурщиктер оқылмаса, тұрсын. Лев Толстойдың, Әуезовтің атын естігендер болмаса, қолына ұстап көрмегендер көбейіп барады. Жаппай кітапсыздану заманы келе жатқанын Мұқағали алдында айрықша күйзеліп отырып айтамын. Бұрын ауыз әдебиетінен айырылып қалып едік. Енді жазба әдебиетінен де айырылып қалмақпыз. Бұл саңлақ ақын мен нашар ақын мәселесінен гөрі де күрделі гәп. – Сонау жетпісінші жылдың басынан бері мұқағалишыл оқырман сізді Мұқағалидың шын жанашыры деп ұғады. Бұлай айт деп көпшілікті ешкім зорлаған жоқ. Сол көпші­лікке қандай сәлем жолдаған болар едіңіз? – Ақынын ардақтаған ел аман болсын. – Мұқағалидың мерейтойы қандай ерекшеліктермен көз тартса дейсіз? – Өлеңге ізеттің өнегесін көрсетсін! 08.06.2011