Орал қаласында өңірдің денсаулық сақтау саласының тарихы мен бүгінгі жай-күйіне арналған қос бірдей шараның тұсаукесер рәсімі өткізілді. Мұның біріншісі, облыстық клиникалық аурухананың жанынан ашылған медициналық мұражай. Екіншісі, «Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау саласының даму кезеңдері» атты тарихи очерктер жинағы. Медициналық мұражайға саланың өткені мен бүгінгісінен сыр шертетін аса құнды экспонаттар қойылған. Бұл жәдігерлер 1917 жылға дейінгі кезеңді, кеңестік дәуірді және елдің тәуелсіздік алғаннан кейінгі соңғы жиырма жылының аралығын қамтиды.
Айталық, мұражайдағы сонау XIX ғасырдың басында, Бөкей хандығында ашылған ауруханада қолданылған көне медициналық аппараттардың үлгілері оған келушілердің үлкен қызығушылығын туғызуда. Мұндағы таныс та, бейтаныс қондырғылар ешкімді де селқос қалдыра алмайды. Кеңестік кезеңде қолданыста болған Амбу қапшығы, электрлік ларингоскоп, жедел жәрдем сөмкесі, жасанды бүйрек қондырғысы секілді сыры кетсе де сыны кетпеген бұйымдарда ұқыпты да жанашыр қолдардың іздері байқалады. Сондай-ақ Тәуелсіздік жылдары тұтастай еліміздің, соның ішінде Орал өңірінің денсаулық сақтау саласы жедел әрі тұрақты даму жолына қалай түскенін айғақтайтын экспонаттар да мұражайдың көрнекі жерінен орын алған.
Ал жоғарыда аталған тарихи очерктер жинағы аймақтағы медициналық ұйымдардың қалыптасу кезеңдері мен эволюциялық сатыларының жылнамасы әрі шежіресі іспеттес. Мұнда олардың алғаш ашылған сәті мен бүгінгі күнге дейінгі тыныс-тіршілігі тұтастай қамтылған. Өңірдегі денсаулық сақтау саласының дамуына айрықша үлес қосқан мамандар мен дәрігерлер жөнінде жазылған өмірбаяндық әрі танымдық сипаттағы материалдар да мол. Олардың іс-тәжірибелері мен кәсіби біліктілігі жөніндегі очерктер көркем де түсінікті тілмен баяндалған.
Әрине, өңір медицинасының осындай тағылымды тарихында отандық медицинаға бүгінгі заманғы технологиялар мен құрал-жабдықтар енгізілуінің және диагностикалық тәсілдер мен емдеудің соңғы жетістіктерінің алатын орны қомақты. Бұл жөнінде мұражайдан да, арнайы шығарылған жинақтан да мол мағлұматтар алуға болады. Сонымен бірге мұнда тұрғындарды медициналық тұрғыдан қамту ісінің жыл өткен сайын жетілдіріліп келе жатқанын айғақтайтын деректер мен дәйектер де жеткілікті.
Медициналық мұражайдың тұсаукесер рәсіміне қатысқан Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Ноғаев республикада баламасы жоқ ерекше салалық мұражай ашуға және көлемді арнайы басылым шығаруға бастамашы болған Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының бастығы Хамидолла Ирменовке өз ризашылығын жеткізді.
Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы.