• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
18 Маусым, 2011

Галина – өзіміздің Гүлзипа

373 рет
көрсетілді

Екінші дүниежүзілік соғыста Калининград жерінде сүйегі шашылып қалған белгісіз қазақ жауынгерлерінің есімін мәңгі есте қалдыруға атсалысып жүрген Ресейдегі қазақ майдангерінің қызымен болған әңгіме. Байланыс және ақпарат министрлігі  Ақпарат және мұрағат комитетінің бас сарапшысы Ғазиза Исахан редакцияға келіп, Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына Мәскеуден келген Галина Смирнова есімді қандасымыздың мұрағатқа құнды дүние әкеліп тапсырғанын айтты. Ол И.В.Панфиловтың қызы Майя Ивановнамен бірге Шығыс Пруссияда (Калининград облысы) қаза тапқан кеңес жауынгерлерін мәңгі есте қалдыру коммерциялық емес ұйы­мын, «Ескерткіш» қорын құрған. Ұйымды басқарып келе жат­қанына – алты жыл. 2009 жылы Ресей Федерациясы Қор­ғаныс министрлігінің «Қаза тапқан Отан қорғаушыларды мәңгі есте қалдыру ісіне сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Аты-жөні – Гүлзипа Жұманқызы. «Екінші дүниежүзілік соғыстан хабар-ошарсыз кеткен атам Исаханның аты-жөнін ол тапсырған құжаттардың арасынан оқығанда жанымды қоярға жер таппай, толқып кеттім», дейді Ғазиза Тұрмағанбетқызы. Сұрапыл соғыста бірі атасынан, екіншісі бауырынан айрылған жандардың ортақ әңгімесі Отан үшін от кешкен майдангерлер тағдырына ойысады. Атамекеннен шалғайда жүрген қазақтың қарапайым қызының осыншама қыруар жұмысты тындыруға мұрындық болған ісін ол өз аузынан егжей-тегжейлі жазып алады. Қаза тапқан, хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық 500 мыңнан астам жауынгер туралы Ресейдің Орталық мұрағатынан табылған мағлұматты өз қолымен әкеліп тапсырған Гүлзипа қандасымыздың ісі елін, жерін сүйетін нағыз патриот адамның ғана қолынан келетін ерлік деп есептейміз. – Гүлзипа Жұманқызы, мұн­дай ұйымды құру идеясының тууы­н­а өзіңіздің отбасыңыздың тағ­дыры түрткі болды ма? – Әке-шешем қуғын-сүргін кезінде Сібірге жер аударылған қазақ­тың ұрпағымын. Өзім Новосібірде туып-өстім. Әкемнің аты-жөні – Жанин Жұман Жаңаұлы, 1941-1945 жыл­да­ры екінші дүниежүзілік соғысқа қа­тыс­қан. 373-ші артдивизия құра­мын­да Волхов майданының алғы шебінде шайқасқан ол Ленинградты, Еуро­паны азат етуге қатысып, Берлинге дейінгі қан майданның қасіретіне бір­ден-бір куә болған майдангер. Отан соғысының ІІ, І дәрежелі ордендерімен, «Ленинградты азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медаль­дары­мен марапат­тал­ған. Соғысқа дейін әкемнің отбасы, екі баласы болған. Ағам Шәріп Краснояр қаласындағы әскери училищеде білім алып жатқан жерінен 18 жасында сұранып өз еркімен майданға аттанған. Қазақ және орыс тілдерін өте жетік меңгер­ген. Оның менде майданнан өлеңмен жазылған хаттары сақ­таулы. Соның бірі – 1943 жылғы маусымда Ленинградтан жол­дан­ған мына хаты: Бірталай уақыт өтті бұлдыр-бұлдыр, Жағдайға кездестік қой осында озбыр. Түнеріп қара түндей отырсақ та, Еркеме елеңдейді көңіл құрғыр.   Алғызды еріксізден қағаз, қалам, Қайтейін көңіл шіркін, болады алаң. Кездескен бұл жағдайға жалғыз мен бе, Жаралып тұрғандай ғой барша ғалам.   Жүрсек жылап, жанарда тамшы тұнып, Ел қорғадық, ұрпақтар алсын ұғып. Сақтанбай қамсыз жатқан Отаныма, Күн туды соғысуға қарсы тұрып.   Әкем соғыста жараланып, госпитальға түскенін естігенде қайғыдан ет жүрегі езіліп, «әкемнің жолында жаным садақа» деп, үйге аман-сау келуін тілегендегі көз жасы Құдайдың құлағына шалынып, ол от­басына аман-есен оралады. Бірақ сұра­пыл сұм соғыстағы халықтың қайғы-қасі­реті майданнан қайтпаған сандаған кеңес жауынгер­лері­нің қазасы ғана емес еді, оның зардабынан бүкіл жұрт жадап-жү­деді, аштық пен жоқшы­лықтан көз жұм­ған­дардың есебі өз алдына бір хикая. Соғыс кезінде әйелі мен қыздары­нан айырылған әкем кейін екінші рет отба­сын құрады. Оның кіндігінен тараған қазір бесеуміз. Үш қыз, екі ұлмыз. Сібірден тарихи отанына ол 1972 жылы қоныс аударып, 1985 жылы дүниеден озды. Балалық шақ­тың кей сәттері сәби санада мәңгі қалып қоятыны рас. Әкесінің кеудесіндегі жар­қы­раған орден, медальдармен ойнаған бір кездергі ойын баласының жадына бүгінде сол кезеңдер жаңғырығы қайта орала беруінің себебі бар. – Мамандығыңызды, өмір жолын  таңдауыңызға не себеп болды? – Бауырымның қай жерде, қалай жерленгені туралы бірде-бір жерден мағлұмат табылмады. Әйтеуір Шығыс Пруссия жерінде көз жұмғаны анық. 2003 жылы Подольск қаласына әдейілеп ат басын бұр­дым. Айлап жатып ізденістің арқасын­да бір күні оның сүйегі қай жерге жерленгенін білдім. Осыдан соң Калининград облысы, Неман ауданы, Ульянов поселкесінде жауын­гер-артиллеристердің қаза тапқан жеріне 2005 жылы ескерткіш-белгі орнатылды. Үш ұлттың өкілі – қазақ, орыс және украин жігіті, бірінші атқыштар батальонының жауын­герлері, 671-ші атқыштар полкінің 221-ші Қызыл тулы Мариуполь атқыштар дивизия­сында жаумен екі жыл бірге шай­қасып,  үшін­ші Беларусь майданында Ук­раи­на мен Белоруссияны фашизмнен азат етуге қатыс­қан үш қаһарман бір күнде 1945 жылдың 21 қаңтарында қайтыс бола­ды. Ал олардың аты-жөндері сол уақытқа дейін не қаза тапқандар, не хабар-ошарсыз кеткендер тізімінде болмай келген. Мұндай оқиғалар Калининград жерінде көптеп кездеседі. Нақты ресми деректер бойынша бұл аймақта 103 күнде 600 мың кеңес жауынгері қаза тапса, күні бүгінге дейін олардың тек 162 мыңы­ның ғана есімдері анықталып, халық жа­дын­да мәңгі сақталынып отыр. Жер қойны­на сүйегі арулап қойылмаған талай солдат­тың сү­йегі жатыр бұл алаңда әлі. Олардың есімдерін анықтап, хабарсыз кеткен мың­даған боздақтың тағдырына көңіл бөлу, қабірін қадірлеу қасиетті іс деп есептеймін. Қа­зақ­та «өлі разы болмай, тірі байымайды» деген қанатты сөз бар емес пе? Сол себепті де 2006 жылы мен Шығыс Пруссияда қаза тапқан кеңес жауынгерлерінің рухы­на кейінгі ұрпақ мәңгі құрмет көрсетіп, тағзым етіп тұруы үшін «Ескерткіш» қорын – коммерциялық емес ұйымын құрдым. Қазір осы ұйымды басқарамын. Ұйымның басты мақсаты Шығыс Пруссия жеріндегі қан майданда өмірлерін қиған жандарды, оның ішінде әсіресе, шейіт болған қазақ жауын­герлерін мәңгі есте қалдыру болып табыла­ды. Бір ғажабы, мұның бәрі қоғамдық негізде атқарылады. – «Ескерткіш» ұйымы, қоры дәл қазір немен айналысады? – Жыл сайын жерлес жауынгерлердің шайқасқан жерлері бойынша «Есте сақтау ауысымдарын» өткіземіз, есепке бұрын алынбаған қабір-мүрделерді тауып, мағ­лұмат жинаймыз. Соның нәтижесінде жүздеген қазақстандық жауынгердің есімдері анықталды. Олардың аты-жөні, туған жы­лы мен кіндік кескен жері, қай әскери комиссариаттан шақырылғаны, ең соңғы әскери бөлімі, әскери шені, хабар-ошар­сыз кеткені, өлгені, жаралы болып қайтыс болғаны, тұтқынға түскені, сол оқиғаға қатысты күні, айы, жылы туралы Ресейдің Орталық мұрағатынан түзілген тізімнің толық нұсқасын Қазақстанға алып келіп тапсырдым. Оның ішінде із-түзсіз кеткен қазақ жауынгерлері туралы табылған мағлұматтардың жөні өз алдына бір төбе. ТМД және Балтық жағалауы елдеріндегі ардагерлер ұйымдарымен бірлесіп пат­риот­тық және интернационалдық рухта түрлі шаралар өткізудің тағылымы да таудай табысқа кенелтіп жатыр. 2010 жылы біздің ұйым мен Тараз қа­ла­сындағы «Бауыржантану» ғылыми-зерт­теу орталығының ұйымдастыруымен «Леген­дарный батыр» кітабы жарық көр­ді. Кітаптың тұсаукесері Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде, 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысы Орталық музейінде өте сәтті өткеніне куәміз. Ка­лининград об­лы­сында мемо­риал­ды кешен орнату жо­ба­сы әзір­ленді. Жо­баның нәтиже­сінде Қазақ­стан қалаларының естелік кітаптары жаңадан табылған ержүрек жауынгер­лер­дің есімдерімен толыға түсеріне күмән жоқ. – Осынау жауапты іске балалар мен жастар қосыла жұмылғанда, қыруар іс тындырылатын шығар? Онда қазіргі жас ұрпақ пен алдыңғы толқын өкіл­дерінің өзара тіл табысуы қалай? – Жастарды патриоттық және интерна­ционалдық рухта тәрбиелеу мақсатында  «Ескерткіш» коммерциялық емес ұйымы    ерлік пен қаһармандықты паш ететін, Мәс­кеуді жаудан қорғаған, панфиловшы-ер­жү­рек жауынгерлерге арналған бұрыш­тар мен мектеп мұражайларын құруға, түрлі кон­ференциялар мен семинарлар, басқосу­лар өт­кізуге барынша мұрындық болып келеді. Қанд­ай да шара болсын кейінгі өскелең ұр­пақты бұрынғы батыр аталарының пат­риот­тық рухында тәрбие­леуге баса көңіл бөлі­неді. Жасыратыны жоқ, мәскеулік көп­теген оқушылар екінші дүниежүзілік соғыс­қа қазақ жауынгер­лері­нің қатысқанын, Б.Мо­мышұлы мен  И.В.Панфиловтың кім екенін сұрасаңыз біле бермеуі мүмкін. Сон­дық­тан осы жа­ғы­нан алдымызда әлі қыруар ағарту­шы­лық жұмыстары күтіп тұрғанын сеземіз. Жыл сайын панфиловшы-ардагерлермен, Мәскеу мектептері мен жоғары оқу орын­дарымен, қазақ диаспорасының жас өкіл­дерімен бірлесіп 12 шілде – панфиловшы­лар дивизиясының туған күнін кеңінен атап өтеміз. 22-ші шілдені аза тұту, еске алу күні ретінде, 16-шы қарашаны панфи­ловшы-батырлардың ерлігін еске алу күні деп бағалаймыз. 2006 жылы Мәскеу түбін­дегі шайқастың 65 жылдығына арналған шара өтті. Мәскеу Ұлттар үйінде Қазақ­стан мен Мәскеуде тұратын панфиловшы-батырлар­мен, Отан соғысының ардагерлерімен бол­ған кездесу жылы рәуіште өрбі­ді. Оған дивизия командирі И.В.Пан­филовтың қызы Майя Ивановна Панфилова, Мәскеу­дегі жо­ғары оқу орындарының студенттері, әскери жоғары оқу орындарының курсант­тары, жұ­мысшы жастар, қазақ диаспора­сының өкіл­дері қатысты. Халықаралық «Тәуел­сіз мемлекеттер ардагерлерінің қоғамдық ұйым­дар достастығы» одағы төрағасының орынба­сары В.Гнездилов өз қолымен Қазақстаннан келген қарт жауын­герлерге «Мәскеу түбін­дегі шай­қасқа 65 жыл» белгісін табыс етті. – Қиындықты қалай жеңіп жүрсіз? –деген сұраққа ол: – Осынау шараларға қарамастан түйіні шешілмеген істер әлі де шаш етектен, – деді, –мәселен, Калининград аймағындағы кеңес жауынгерлері  жерленген жерлердің  едәуір бөлігінің белгісіз күйде қалып келе жатқаны жанға батады. Мұнда бір кездері Кеңес одағының ұлттары мен этностарын құраған жауынгерлер мәйіті бүгін­гі ұрпақ құрметімен қайта ұлықталуы тиіс деп ой­лай­мын. Ел тарихына сү­йіс­пеншілік сезімін ұялата­тын мұндай шаралар бір адамның қолымен жасал­майды, оған бүкіл қауым жұмыла кіріскенде ғана іс нәтижелі болмақ. Ол үшін не істемек керек десеңіз, майданда қаза тапқан­дар­ды мәңгі құрмет тұтуда бірлесіп ат­қаратын жұмыс­тарды ширату керек. Мемориал­ды жұ­мыстарды өткізудің әдіс-амалдарын жетілдіру ма­ңыз­ды. Солдаттардың жер­ленген жерлерін қор­ғау мен есепке алу, құ­жат­тан­дыру жұмыстарын­дағы ше­шімі табылмаған проб­ле­маларды бірлесіп жүзе­ге асыру, Отан қор­ғау­шы­лардың жерленбеген сү­йек қалдықтарын жер қо­й­нына қайта тап­сы­ру рәсім­дерін өткізу мен ұйым­дас­тыруға қаты­су, қа­за тапқан жауын­гер­лер ту­ралы мағ­лұ­маттар банкін, заманауи та­лап­қа сай технологиямен өз­ара ақ­парат алмасу  ор­талы­ғын құру т.т осын­дай қыруар жұ­мыс­тар біздерді жа­қындастыра тү­серіне сенемін. Мұ­ның бәрі материал­дық-техни­калық базаны, қар­жы­лан­ды­руды қа­жет етеді. Іздестіру жұ­мыста­ры­мен айна­лы­сып жатқан белсенділер өз бастама­лары­мен елге ма­ңызды іспен шұғылданып жүр­генмен олар­дың шиеттей бала-шағаларын кім асы­рай­ды? Соғыстан бері 70 жылға жуық уақыт өт­кеніне қара­мастан әлі күнге дейін жоғы­мызды түген­деп біте алмай жатқан себебіміз, ол бірен-саран жанашыр адам­дардың ғана айна­лысатын ісі болып тұрға­нында. Қан май­данның қасіретін тарт­­қан халық­тың бәрі түгел ортақ жара­ның жа­зы­луына атсалы­с­паса, кешегі сұра­пыл со­ғыс­та Отан үшін жанын пида еткен әке­леріміз бен ата­лары­мыздың аруағы ал­дында қарыздар болып қала береміз, – деп кешегі ел үшін кеуделерін оқ пен отқа тос­қан жандарға бүгінгі ұрпағы құрмет көр­се­те алып жүр ме деген ойды тұтатып өткен. – Алда тағы қандай жұмыстарды қолға алмақ ойларыңыз бар? – дейді Ғазиза Тұрмағанбетқызы қонақпен әңгімені түйіндеп. – Бұл  жыл Мәскеу түбіндегі шайқас пен Панфилов дивизиясының жасақ­тал­ғанына – 70, Калининград облысының құрыл­ғанына 65 жыл толғаны атап өтіле­тін жыл. Осыған орай РФ Қорғаныс министрлігі орталық мұрағатында әлі зерттеуді қажет ететін жұмыстар өте көп. Шығыс Пруссия жеріндегі хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық әр тағдырдың қалай қайтыс болғанын, қай жерде жерленгенін анықтап, есімдерін қайта жаңғыртумен айналысамыз. Калининград облысында қаза тапқан кеңес жауынгерлері құрметіне қойылатын мемориалды кешенге ТМД мен Балтық жағалауы елдері ардагер­лері­нің қолдау көрсеткеніне ризашылық сезіміміз шексіз. Волоколам шебінде бірталай шаралар өткізуіміз керек. Бір сөзбен айт­қанда, қиындықтарға қарамастан ойға алған істерімізді аяғына дейін бітірмей дамыл таппасымыз анық. Өлгендерге емес, тірілерге керек іс бұл, – дейді соғыс салған жараны жабыла жазатын кез келгенін санаға тоқып алған қазақ жауынгерінің қызы. Жазып алған Қарашаш ТОҚСАНБАЙ. Суретте: Гүлзипа Жұманқызы (сол жақ­та), Ғазиза Тұрмағанбетқызы (ортада) жә­не Ресей Ғылым академиясын­дағы Ресей та­ри­х­ы институтының жетекші ғылыми қыз­меткері Нәйла Бекмаханова (оң жақта).