Соңғы бір-екі жылдан бері еліміздің шығысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен «Туған жерге тағзым» акциясы тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Осы игілікті шарадан Абай ауданы да сырт қалып отырған жоқ. Аталған ауданның тізгінін жаңада ғана қолға алған Тұрсынғазы Мүсәпірбеков те акция аясында бірден маңызды шаруаға қызу кірісіп кетті.
Әкім бастамасымен жуырда осы өңірден шыққан есімі елге кеңінен танымал азаматтар аудан орталығы – Қарауылда басқосып, туған жерді түлету мақсатында кеңінен пікір алмасты. Бір қуанарлық жәйт сол, аудандағы келелі мәселелерден өзге де кейбір азаматтар сырт қалмады.
Аудан әкімі, ең алдымен, қазірде атқарылып жатқан игі істерге тоқталды. Айталық, аудан орталығында бұрынғы «Арман» кинотеатры қайтадан жөндеуден өткізілуде. Ол енді жастар үйі болып ашылмақ. Мұнда, сондай-ақ спорт залы мен алаңы жасақталып жатқан көрінеді. Ауданға кіре берісте ағаштар отырғызылып, саябақ ашылуы да оңды шаруа болды. «Ана мен бала» гүлзарының ашылуын да құптамасқа болмайды. Осындағы Әуезов ескерткіші жөндеуден өткізілуде.
Ал жекелеген ауылдарға келсек, оларда да оңды істер жоқ емес. Мәселен, Медеу ауылында клуб үйі жөнделіп жатыр екен. Саржал ауылында су құбыры тартылуда. Амантай Мұқатаев, Сайлау Кошкин секілді ел азаматтары хакім Абайдың ең жақын шәкірттерінің бірі Көкбайдың кесенесі мен мұражайын жөндетіп береміз деп отыр. Ал биылғы жылы Көкбай ақынның туғанына 150 жыл толса, ол да өз дәрежесінде атап өтілмек.
Қарауылда бүгінгі күні дұрыс қонақ үй, асхана, тойхана жоқ. Соған орай, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Сыдықов осында өз қаражатына қонақ үй салып беруге уәде етті.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Семей.