• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
21 Маусым, 2011

Күміс күлкі сыңғыры

503 рет
көрсетілді

Бұған дейін хабарланғанындай, жақында Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Александр Судьин баста­ған жоғарғы палатадағы «Өңір» депутаттық тобының мүше­лері Ақмола облысындағы Ақкөл балалар үйінде болды. Сенаторлардың балалар үйі тәрбиеленушілерімен дағдыға ай­налған кездесуі Сенатта бірнеше жыл қызмет етіп келе жатқан депутаттық құрылымның жұ­мыс жоспары аясында өтті. Жаз­ғы лагерьде депутаттар дем­алыс­тағы балалардың денсау­лы­ғын нығай­ту бағдарламасымен, балалар үйінің материалдық-тех­никалық жағдайымен танысты. Балалар үйінің директоры Вера Ковалеваның айтуынша, мемлекет балалар үйіне, оның тәрбилену­шілеріне барлық жағ­дай­ды жасап, олардың ақылды, парасатты, жан-жақты білімді, отансүйгіш азамат болып қа­лып­тасулары үшін көмек қолын созып келеді. Орталық осыдан 10 жыл бұрын «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қарамағында болса, қа­зір жергілікті атқарушы орган­ның балансында. Мұнда бала­лар­ға демалу үшін барлық жағ­­дай жасалған. Табиғаты сұлу, ай­наласын қарағай қоршаған осын­дағы балалар үйіне жыл сайын жазда 200-ден астам тәрбие­лену­­шілер 20 күнге келіп, дем­алады. Былтыр Оңтүстік Қазақ­стан об­лы­сы мен басқа да өңірлер­ден келген балалар демалып қайт­қан-тын. Тағы бір айтатын нәрсе, ба­лалардың күміс күлкісін қымбат сезінетін азаматтар да балалар үйіне келіп, қолдан келгенше көмек көрсетуде. Сондай алтын жүректі азаматтардың бірі ақын Мәрзия Аяғанова балаларға өлең оқып, мемлекеттік тілді үйре­ту­ге атсалысып келеді. Сол күні Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Александр Судьин, «Өңір» депутат­тық тобының жетекшісі Ермек Жұмабаев, сенаторлар Сергей Пло­тников пен Ерболат Мұқаев­тың балалармен кездесуі кезінде балалар концерт қойып, өздері­нің алғырлығы, зеректігімен бірге, мемлекеттік тілді жетік білетіндерін көрсетті. Балалар үйі директорының орынбасары Ба­лайым Ержанованың айтуынша, мұнда мемлекеттік тілді білетін тәрбиеленушілер жыл сайын көбейіп жатыр. Олардың бойы­нан отансүйгіштік, өз елін жа­нындай жақсы көретін қасиет­тер­ді көру қиын емес. Біз де мұны концерт кезінде өзге ұлт балаларының: «Туған жердей жер болмас, ауасы жұпар, мәң­гілік жаса, Отаным, берерімді бе­ремін», деп өлең жолдарын оқы­ғанда байқадық. Кездесу соңында «Өңір» де­пу­таттық тобының мүшелері ба­лаларға компьютерлік сынып­қа арналған жабдықтар тарту етті. Дастан КЕНЖАЛИН. Ақмола облысы, Ақкөл ауданы.