• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
21 Маусым, 2011

Медведев пен Путин бәсекелеспейді

343 рет
көрсетілді

2012 жылы өтетін президенттік сайлауда Дмитрий Медведев пен Владимир Путин бір-бірімен бәсекеге түспейді. Бұл туралы The Financial Times газетіне берген сұхбатында Ресей президенті Д.Медведев мәлімдеді. Ресей президентінің пікірінше, Путин екеуі бір саяси күштің адамдары. Сондықтан екеуінің арасында бәсеке­лестік болуы мүмкін емес. Ал өзі екінші президенттік мерзімге түсу ниетіңіз бар ма деген сұраққа тайғанақ жауап қайтарған. Кез келген осындай лауазымдағы адам президенттікке түсуге міндетті. Ал мұндай шешімді қабылдай ма, әлде жоқ па, бұл екінші мәселе, депті ол. ОППОЗИЦИЯ ҰЛТТЫҚ КЕҢЕСКЕ БІРІКТІ Сирия оппозициясының лидерлері бірлескен ұлттық кеңес құратындары туралы хабарлады. Оның мақсаты билікпен күрес жүргізу болмақшы екен. Ресми мәлімдемеге сәйкес, ұлттық ке­ңес Сирия революциясына басшы­лық жасайды. Ол үшін елдегі түрлі қоғам­дар мен саяси күштерді біріктіреді. Қазірдің өзінде ұлттық кеңеске кіруге Сириядағы және шетелдердегі қандай да бір салмағы бар оппозиционерлер келісімін беріп үлгерген. Сириядағы көтеріліс 2011 жыл­дың наурызында Тунис пен Египеттегі төңкерістер табыс­ты аяқталғаннан кейін басталғаны белгілі. Оппозицияның талабы – президент Башар Асадты тағынан тайдырып, демократиялық реформалар жүргізу. БЕЙБІТ АДАМДАР ШЫҒЫНЫН МОЙЫНДАДЫ НАТО басшылығы бұрнағы күні Триполиге жасалған әуе соққысынан бейбіт тұрғындар опат бол­ғанын мойындауға мәжбүр болды. Техникалық кінәраттан соққылардың бірі белгіленген нысанадан ауытқып, азаматтық нысанға барып түскен, делінеді НАТО-ның Ливиядағы операциясының қолбас­шы­сы генерал-лейтенант Шарль Бушардың мәлімде­месінде. Бушар бейбіт тұрғындардың қазасына орай өкініш білдіре келіп, НАТО-ның бомбалауларға өте мұқият қарай­тынын атап көрсеткен. Біздің бейбіт тұрғындарға қоятын ешқандай талабымыз жоқ, біздің шабуылдар тек режімге бағытталған, дейді ол. Жалпы, соңғы бомбалаудан 9 адам қаза тапса, Ливияда әскери операциялар басталғалы бері 856 адам құрбандыққа айналған. АКЦИЯҒА 100 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ҚАТЫСТЫ 19 маусым, жексенбі күні бүкіл Испания бой­ын­ша үкімет саяса­ты­на қарсы наразылық акциялары бо­лып өтті. Қалалар көшелеріне шыққандар үкі­мет­тің экономикалық дағдарыс салдарларын еңсеруге қабілетсіздігіне, жұмыссыздықтың жоғары деңгейі­не өздерінің көңілдері толмайтынын білдірген. Акцияны ұйымдастырушылардың деректеріне қара­ғанда, ел астанасы Мадрид көшелеріне 150 мыңнан астам адам шықса, Барселонадағы наразылық білдірушілер 270 мың адамды құраған. Испания – ЕО елдері ішінде әлемдік қаржы дағдарысынан аса зардап шеккен мемлекеттердің бірі. Елдегі жұмыссыздық деңгейі 21 пайызды құраса, бұл – Еуроодақтағы ең жоғары көрсеткіш. Жастар арасындағы жұмыссыздық үлесі тіпті 40 пайызға жетеді. КОРОЛЬ ҰСЫНҒАН РЕФОРМАЛАРҒА НАРАЗЫ Мароккодағы жаппай демонстрацияларға мың­да­ған адам қатысты. Олар ел королі Мохаммед VI ұсынған реформаларға қарсылықтарын осылайша біл­дірді. Наразылық танытушылардың пікірлерінше, монарх ұсынған демократиялық жаңарулар абсолютті монархиядан парламентаризмге өту үшін және билік бөлінісін жүзеге асыру үшін мүлдем жеткіліксіз. Көшелерге корольді жақтап шыққандар да аз болған жоқ. Ал Мохаммед VI ұсынған конституциялық реформалар жоспарына келсек, олар ішінара кейбір өкілеттіктерді корольден алып, премьер-министрге беруді қарастырады. Сөйтіп, Үкімет басшысы парламентті таратып, мемлекеттік кәсіпорындар мен әкімшілік органдарға басшы тағайындай алады. Ал король қауіпсіздік және сыртқы саясат мәселелеріне бақылау құзырын сақтап қалады. ҚЫРҒЫЗ ДЕПУТАТТАРЫНДА «ҚЫЗЫҚ» КӨП Қырғызстан парламентінің кейбір де­путаттары мә­жі­ліс залын әсемдеу, жақ­сар­ту ұсыныстары­мен шықты. Мәселен, оппозициялық «Ар-Намыс» фракция­сы­ның депутаты Ақылбек Жапаровтың пікірінше, мәжіліс залына «Біз құдайға сенеміз» деп жазып қою керек көрінеді. Билеуші Социал-демократиялық пар­тия­сы фракция­сы­нан депутат Данияр Тербишалиев «Біз халық үшін жұмыс жасаймыз» деп қосымша жазып қою керек екенін ұсынды. Ар-намыстық тағы бір депутат Тұрсынбай Бәкірұлы трибунаға жалғандық детекторын орнатуға шақырды. Бір атап өтерлігі, бұл бастамалардың ешқайсысы парламент басшылығы тарапынан қолдау тапқан жоқ. ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА: Сомали пираттары немістің Сьюзан К компаниясының иелігіндегі жүк кемесін 5,7 миллион доллар алғаннан кейін босатқан. Бұл ақпараттың пираттар тарапынан таратылғанын ескерсек, оның ақ-қарасы туралы нақты айту қиын. Бағдадта Франция елшілігінің кортежі көліктерінің бірі жанында жарылғыш құрылғы іске қосылған. Оқиға қаланың оңтүстік бөлігіндегі дипмиссия басшысы резиденциясының төңірегінде орын алған. Жарылыс салдарынан 7 ирактық зардап шексе, 4-уі елшілік күзетшілері екен. АҚШ-тың Айдахо штатынан сенатор Джон Макги көлік айдап кетіп және оны мас күйінде жүргізгені үшін қамауға алынған. Жақын күндері ол сот алдында жауап беруі тиіс. Макги Республикалық партияның мүшесі. Штат сенатына 2006 жылы сайланыпты. Әзербайжанның астанасы Баку қаласында оппозиционерлердің митингісі қуып таратылған. Жергілікті полиция үкіметке қарсы ұрандатып шыққандар ішінен жиырма шақтысын қамауға алған. Жергілікті оппозицияның талабы  – үкіметті отставкаға кетіріп, кезектен тыс сайлаулар өткізу және бірқатар реформалар жүргізу. Интернет материалдары негізінде әзірленді.