• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
21 Маусым, 2011

Сыбайластар сырқатын сылу керек

402 рет
көрсетілді

Ел экономикасының дамуы­мен жағаласқан жемқорлықтың жа­ны сірі. Кессе қан шық­пай­тын, шапса балта алмайтын та­мы­ры терең жанды кесел қ­а­йыра бас кө­теріп, жанданып ба­ра­ды. Сыбай­ластыққа қарсы қол­данылып жат­қан амал-тәсіл­дердің көптігі­нің арқасында бұл күндері жемқор­лықтың ізі де қалмауы тиіс секілді. Алайда, мемлекетті жегідей жеп жатқан жаман әдет жойылар емес. Бұ­ған нақты дәлел Парламент Се­натының депутаты О. Әбдік­әрімов­тің төрағалық етуімен өткен «Нұр Отан» ХДП жа­нын­дағы Жемқорлықпен күрес жө­ніндегі республикалық қоғам­дық кеңесте айтылды. Аталған кеңесте жемқорлық­пен күрес бағдарламасының Ал­маты облысында қаншалықты орын­далғаны туралы мәселе қа­ралды.  Осыған байланысты об­лыс әкімінің бірінші орынба­са­ры А.Баталовтың есебі тыңдал­ды. Естіген құлақта жазық жоқ дегендей, облыста жем­қорлық қылм­ыстар мен құқық бұ­зу­­шы­лы­қтардың төмендеуіне қол жеткізіліпті. Ал шындығына кел­ген­­де кеңес мүшелері облыс­тағы жем­қор­лық әлі де жоғары дең­гейде тұр дейді. Соған сай Ал­ма­ты об­лысы аймақтар бойын­ша сыбай­лас жем­қорлық жасауда бесінші орын­ның төрінен жуық арада түсетін түрі көрінбейді. Өткен жылы 2006-2010 жыл­дар­ға арналған жемқорлықпен кү­рес­тің мемлекеттік бағдарла­ма­сын орындау мерзімі аяқтал­ған еді. Осы бағдарламаны Ал­маты облы­сында бақылау бары­сы об­лыс­­тық әкім­дікке жүк­тел­ген бо­ла­тын. Бірақ, ба­қылауды үйлестіру­ші тарап сал­ғырт­­тық­қа салынып, жауап­сыздық та­ныт­қан соң мемлекеттік бағдар­ла­ма тиісті дәрежеде орын­дал­май қал­ды. Соның сал­дары­нан өткен жылы облыста жем­қор­лық қылмыстары 26 пайызға өсіп, одан келген зиян 2,6 млрд. тең­геге жеткен. Жемқорлық көрініс­тері­­нің ішінде бюджет қара­жатын ием­­дену және ұрлау, пара алу секілді түр­лері жиі қайталанады. Ал осы жем­қорлықтың көбі әкімші­лік және оның құрыл­ым­дық бө­лім­ше­лерінде орын алып, одан әрі са­лық қыз­метінде, әділет ор­ган­­да­рын­да қай­­та­ланып және кеден бо­лып жал­ғаса береді. Сонда жем­қор­лық жай­ла­маған мекеме қал­мап­ты. Об­лыс бас­шыларының бұ­ған неліктен көз жұма қарағаны белгісіз. Сондықтан да облысты жайла­ған жемқорлықпен тез арада кү­ресу мақсатында «Нұр Отан» ХДП күші­мен түрлі шаралар қо­л­ға алынды. Мемлекеттік орган­дар­дың қызметі­не тәртіптік кеңес жоспарлы тексеріс жүргізіп келеді. Жемқорлықпен күрес жөнін­дегі 20 қоғамдық кеңес құрылды, екі жыл ішінде партия қатарынан 24 адам шығарылды. Пар­тияның 13 мүшесі жемқорлық көріністері­мен ұсталғаны үшін қыл­мыстық жауаптылыққа тартыл­ды, өйткені кез келген жемқорлық көрі­ністері партияның беделіне үл­кен нұқсан келтіру болып табы­ла­тын­дығы бе­лгілі. Осындай жұмыс­тар­дың ар­қасында ғана кейінгі уа­қыт­тары облыста сыбайлас жемқор­лық­тың шарықтай бастауы саябыр­сы­ған секілді. Мәселен, өткен жылы мем­лекеттік қызметшілерге қатысты 105 қылмыстық іс қозғалды. Сол сияқ­ты 101 лауазымды тұлға қыл­мыс­тық жауапқа тартылды. Осылайша бір қарағанда, об­лыс­та жемқорлық жасағандарға аяу­­шы­лық болып жатпағандай кө­рі­неді. Облыс әкімінің жұмыс­пен қам­ту және әлеуметтік бағ­дар­лама­ларды үйлестіру басқар­ма­сы­ның бас­тығы, әкімшілік пен оның құрылымдық қызметкер­лері, екі аудан әкімінің орынба­сары, бес ауыл әкімі, аудан әкімі аппаратының жетекшісі, бөлімдер мен басқарма бастықтары, түрлі мамандар және т.б. қызметкерлер шетінен баудай орылып, қамалды. Осындай шара­лар­ға қарап, Ал­маты облысында енді жемқорлық тыйылған шығар деп ойлайсыз. Өйт­кені, кімнің пара алып, одан тұтылып, сосын өмірін тар қапас­та өксіткісі келеді дейсіз ғой? Жоқ, жоғарыда айтқанымыздай бұл ас­қын­ған аурудың емі та­был­май тұр.  Мәселен, үстіміздегі жыл­дың төрт айында ғана жем­қорлыққа бай­ла­нысты тағы 52 қылмыстық іс қоз­ғал­ды. Қаржы полициясы 234 қыл­мысты анықтады. Сотқа әзірге 241 қылмыстық іс жолданды. Облыста белең алған жемқор­лықтың көзі болып қаржы секто­ры­ның қызметі аталып тұр. Ең­бек­­шіқазақ ауданына қарасты са­лық басқармасының бастығы жә­не үш маманы «GROUP» ЖШС-інде жал­ған есептік-бақылау мар­ка­ларын пай­­даланып, заңсыз алкогольді өнім­­дерді шығарған. Сөй­тіп, олар мемлекетке 16 млн. тең­ге зиян келтірген. ЖШС бас­шы­сы сотталды. Сол сияқты Ең­бек­шіқазақ ауданы салық басқар­ма­сының бас инспек­торы 30 мың теңге бопсалағаны үшін қыл­мыс­тық жауапқа тартыл­ды. Прокуратура органы Қаратал ауданының тұр­ғын үй-комму­налдық шаруа­шылығы бөлімінің басты­ғын жауап­қа тартты. Ол қызмет ба­бын пайда­ла­нып орындалмаған құ­рылыс-мон­таж жұ­мыстары атқарыл­ды деп жалған актіге қол қойған. Сөйтіп, бір өзі мемлекетке 24 млн. теңге зиян келтірген. Сонда негізінен жемқор­лық­тың ең көп тараған жерлері Тал­ды­қорған, Қапшағай қала­лары мен Еңбекші­қазақ, Қарасай, Тал­ғар ау­данд­ары көрінеді. Бұл жерлерде де талдау көрсеткендей, жем­қор­лық­пен ұстал­ғандардың 40 па­йызы әкімдікке тиесілі бо­лып отыр. Оған қоса мұндағы ішкі істер органы қызметкерлерінің сыбайластыққа ден­­деп кіріскені тіптен алаңдау­шы­лық туғызады дейді. Жалпы, облыстағы шенеуніктер сыбайластығының жоғары дең­ге­йіне жемқорлық қауіптерін бол­дыр­мау барысындағы ұйым­дас­тыру-құқық­тық кемшіліктерді жібергендер себепкер көрінеді. Құ­қықт­ық актілерді шығару кезіндегі заң бұзушылықтар етек алған, со­ған орай 266 заңсыз шешімнің күші жо­йылды. Ішкі істер органдары жем­қорлыққа бейім, ал кеден қыз­мет­кер­лері  ұйымдасқан қылмыс құры­лым­дарымен қосылып кеткен дейді. Бұл орайда соттар өкілетті ор­ган­дардың өз міндеттерін тиісті дәрежеде орындамағаны нәти­же­­сін­де жер телімдерін бөлу туралы жүздеген шешімдерді жойған. Міндетіне сәйкес қолданылмай отыр­ған балабақшалар ғимараттарын қай­тару туралы Президенттің тап­сыр­ма­ларын орындауды  атқарушы ор­ган­дардың қамтамасыз етпей отыр­­ғаны мектепке дейінгі орын­дар­да үл­кен тапшылық туғызып, соның салдары­нан жемқорлық үшін қо­лайлы жағ­дай жасалды. Мемлекеттік қара­жат­ты пайдалану кезінде қаржылық заң бұзу­шы­лықтар ар­тып, 2010 жылы жал­пы сомасы 9 млрд. теңгеден астам бюджеттік заң бұзушы­лық­тар туындады. Тек­серу нәти­же­сінде 401 жер қой­науын пайда­лану­шы­лар анықтал­ды. Оның 57-сі өз қызметін жер және жер қой­науын пайдалану туралы заңна­маны бұзу арқылы жүзеге асы­рып келген. Сондық­тан олардың қоршаған ор­таға тигізген зияны 108 млн. тең­гені құ­ра­ған. Алайда, бір таңқа­ларлығы әлгі лауазымды тұлғала­рға жауапкершілік шара­лары іріктеліп қол­данылыпты. Демек, мұнда да сыбайластықтың арқасында бәрі бірдей жазасын алған жоқ-ау деген ой қылтияды. Отырыстың қорытындысы бо­йынша кеңес облыс әкім­дігін­дегі жағдайды түзеу бойынша аймақ­тық партия филиалына ұсы­ныс­тар әзірледі. Сондай-ақ, кеңес жем­­қорлыққа қарсы ғы­лыми-зерт­­теу орталығымен да­йын­дал­ған еліміздегі жемқор­лық­тың себептері, болжамдары және жағ­дайы туралы талдау баянда­масын қарады. Оған бай­ланысты мүд­делі органдарға ұсы­ныстар енгізілді. Аталған ке­ңестің қыр­күйек айындағы отырысында «Қазақ­стан темір жолы» ұлттық компа­ниясы» акционерлік қоға­мында жемқор­лыққа қарсы іс-әрекет бо­йынша жұмыстың жағ­дайы тура­лы» мә­се­лені қарау жос­парланып отыр. Сөйтіп, «Нұр Отан» халық­тық-демокра­тиялық партиясы Ел­басының жемқорлыққа қарсы форумында алға қойған тапсыр­маларына сәй­кес республиканың аймақ­тарында жемқорлықты бә­сең­дету бойынша мемлекеттік жә­не қоғамдық институттар жұ­мы­сының жағдайына талдау жасау арқылы сыбайластарға қарсы жұмысты одан әрі жалғастыра бер­мек. Алайда, оған ел болып жұмыла кіріспесе сыбайластар сыр­қатын сылып тастау сөз жү­зінде қала бермек. Александр ТАСБОЛАТОВ.