Кеше Парламент Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы Қайрат Мәми Съезд Хатшылығының Х отырысына қатысып жатқан Астана және Қазақстан Митрополиті, Архиепископ Александрмен кездесті, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Қ.Мәми Президент Н.Назарбаевтың бастамасы бойынша өтіп келе жатқан Дін лидерлері съезіне қолдау білдіргені үшін Орыс православие шіркеуіне ризашылығын жеткізді. Қ.Мәмидің айтуынша, 2010 жылғы қаңтарда Мәскеу және Бүкіл Ресей Патриархы Кириллдің Астанаға сапары біздің еліміздің православие христиандары ғана емес, барлық қазақстандықтар үшін ерекше оқиғалардың бірі болды.
«Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі мен Орыс православие шіркеуінің ынтымақтастығы Қазақстан мен Ресейдің одақтастық қатынастарын одан әрі нығайтудың маңызды құрамдасы болып табылады», деп атап өтті Қ.Мәми.
Ресейлік дінбасының айтуынша, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің пікірлесуі үшін Қазақстанда ерекше мүмкіндік бар. «Бұл форум Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ізгі бастамасымен дүниеге келді», деп атап өтті Архиепископ Александр және ол «Қазақстан бүкіл әлемге өзара конфессияаралық іс-қимылды ілгерілету қайырымдылықтың, бейбітшілік пен келісімнің үлгісін көрсеткенін» айтты.