• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Маусым, 2011

Халқына қол көтергенді қан жібермейді

405 рет
көрсетілді

Израиль қорғаныс министрі Эхуд Барак Сирия президенті Башар Асадтың режімі оппозицияға әрі кетсе жарты жыл ғана төтеп береді деп мәлімдеді. Мен Б.Асад отставкаға қарай бағыт алып барады деп есептеймін, деді Э.Барак. Мұндай пікірді Түркия президенті Абдулла Гүл де білдірді. Оның сөзіне қарағанда, Б.Асад ел ішіндегі қарсылықтарды басу үшін «күшті  артық» пайдаланған. Соның салдарынан көптеген құрбандықтарға жол берілді. Ал кеше Б.Асад елде реформалар жүргізілетінін жария етті. Сирия халқы мұны кеш әрекет деп бағалады. Кейбір деректерге қарағанда, Сириядағы толқулар басталғалы бері мыңнан астам адам көз жұмған. КЕЗЕКТІ ТРАНШ ҮШІН ШАРТ ҚОЙЫЛДЫ Әлемдік қаржы-экономикалық дағ­дарыстан еңсе тіктей алмай жат­қан елдің бірі – Грекия. Енді Еуроодақ елдері Афинаға экономикалық көмек бағдарламасы шеңберінде 12 мил­лиард еуро бөлуді жоспарлап отыр. Бірақ қаржы министрлері ақша бөлу­дің шартын да нақтылап берді. Егер Грекия парламенті осы айдың соңына дейін бюд­жет шығындарын 28 миллиард еуроға қысқарту бағдар­ла­ма­сын мақұлдап, бұған дейін үкімет қабылдаған эко­номикалық реформалар жоспарын қолдаған жағдайда шілде айының алғашқы жартысына дейін Грекияға жоғарыда аталған сома көлемінде бесінші транш ұсынылатын бола­ды. Бүгінде ел үкіметі екі оттың ортасында қалып отыр. Өйткені, бюджетті қысқарту бағдарламасына халық қарсы. СЫРТТАЙ 35 ЖЫЛҒА ҮКІМ ШЫҒАРЫЛДЫ Тунисте сот елдің бұрынғы президенті Зин әл-Абидин Бен Әли мен оның зайыбы Лейла Трабельсиге сырттай үкім шығарды. Ерлі-зайыптыларға мем­лекет мүлкін ұрлады деген айып тағылып, әрқайсысы 35 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Сот сондай-ақ Бен Әли 25 миллион еуро, ал Трабельси 20,5 миллион еуро айып төлеулері тиіс деп шешті. Іс бір-ақ күнде қаралып, шешім шығарылды. Сотталғандардың мүд­де­сін сот тағайындаған мемлекеттік адвокаттар қорғады. Бен Әлиге қатысты тағы бір қылмыстық іс – есірткі мен қару-жарақтың заңсыз айналымын қарайтын мәжіліс 30 маусымға шегерілді. ҚОҒАМДАСТЫҚ ҚОРЫНАН ҚАРЖЫ АУДАРЫЛДЫ ЕурАзЭҚ-тың дағдарысқа қарсы қорынан Минскіге бөлінген алғашқы тұрақтандырушы несиенің траншы аударылды. Бұл туралы Ресей қаржы министрі Алексей Кудрин хабарлады. Ол сондай-ақ транштың жалпы көлемі 800 миллион долларды құрайтынын атап өтті. А.Кудриннің айтуынша, Белоруссия траншқа қажетті барлық міндеттемелерін орындаған. Ел басшылығы ЕурАзЭҚ-пен қатар, бірнеше миллиард доллар несие бөлуді сұрап, Халықаралық валюта қорына да шыққан болатын. Бірақ ХВҚ әзірше нақты шешімге келе алмай отырған сияқты. Оның талабы да жоғары болуы ықтимал. ТУ-134 ҰШАҒЫ АПАТҚА ҰШЫРАДЫ «РусЭйр» авиакомпаниясының Мәс­кеуден Петрозаводскіге ұшып шық­қан Ту-134 жолаушылар ұшағы Петрозаводск әуежайына қонуға бір шақырым қалғанда апатқа ұшы­рады. Лайнердің бортында экипаж мүше­лерін қоса есептегенде 62 адам болса, 44-і қаза тапты. Ішінде 7 бала бар. Апаттың себептері туралы әртүрлі болжамдар айтыл­ғаны­мен, нақты жағдай «қара жәшіктер» оқылғаннан кейін анық­талатын болады. Ал алғашқы үш себеп ретінде адам факторы, ауа райы жағдайы және техниканың бұзылуы көлденең тар­тыл­ған еді. Апатқа байланысты қылмыстық іс қозғалып үлгерілді. ИРАКТА ТЫНЫШТЫҚТЫҢ АУЫЛЫ АЛЫС Ирактың Әл-Дивания қаласында жарылғыш заттар салынған екі автокөлік жарып жіберілді. Лаңкестік әре­кет Кадисия провинциясы губернаторының резиден­ция­сы алдында жасалды. Теракт салдарынан 25 адам опат болса, 30 адам түрлі деңгейде дене жарақатын алған. Жарылыстардан Кадисия губернаторының зардап шеккен-шекпегені белгісіз. Бұған дейін Бағдадта жасалған тағы бір жарылыстан Франция елшілігінің кортежіндегі жеңіл көлік зақымданғаны, жеті адам жараланғаны туралы хабарлаған болатынбыз. Осылайша Иракта соғыс ресми түрде өткен жылдың жазында аяқталды деп  саналғаны­мен, лаңкестік әрекеттер тыйылар емес. ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА: * Ресей Федерациясының Коммунистік партиясы мен Ресей Либерал-демократиялық партиясы президент Д.Медведев пен премьер-министр В.Путинге 2012 жылғы президенттік сайлауға кандидаттар ретінде қатысуды ұсынды. Мұндай жағдайда, дейді партия серкелері Г.Зюганов пен В.Жириновский, саяси үдерісте бәсекелестік пайда болар еді. * Еуроодақ Белоруссияға қарсы тағы бір санкция енгізді. Оған елдегі тез нашарлап кеткен адам құқы жөніндегі жағдай себеп болған. Үстіміздегі жылдың қаңтарында ЕО 188 беларусь шенеуінігіне, ішінде президент А.Лукашенко да бар, Одақ елдеріне кіруге тыйым салып, санкция енгізген еді. * Украина НАТО өкілдерімен өзінің сыртқы саясаты қағидаттарын талқылау ниетінде көрінеді. Бұл мәселе бойынша екі кездесу өткізу жоспарланса, алғашқысында Украинаның сыртқы саясаты қағидалары, екіншісінде сыртқы саяси стратегия қағидалары талқыланбақ екен. * Тбилисидің қалалық соты жақында Грузия астанасында орын алған наразылық акцияларын дайындап және оған қатысқан парламенттің экс-спикері Нино Бурджанадзенің жұбайы Бадри Бицадзені тұтқындауға санкция берген. Бұған дейін Бицадзеден 60 мың доллар кепілдік төлеу талап етілсе, ол одан бас тартқан. Интернет материалдары негізінде әзірленді.