Облыс көркемөнерпаздарының қорытынды концерті өтті. Жыл басынан бері өңірдегі 20 аудан мен қалада жергілікті байқаулар өткен болатын. Оған ауылдардан 12 мыңның сыртында өнерпаздар қатысты. «Ел іші – өнер кеніші» деген, ауыл арасынан аты озған әншілер мен бишілер, күйшілер Қостанайда өнер жарыстырды. Қорытынды концерттің өзіне облыстың әр шалғайынан 836 өнерпаз келді. Маңдайын күн қаққан диқан мен малшының, кен қазған кеншінің байлық тек қолында ғана емес, көкірегінде екен. Облыс орталығының талғампаз жұртшылығы тұма бұлақтай таза өнерді тамашалады.
– Биылғы концерт жылдағыдан өнерпаздардың кәсіптік деңгейінің жоғарылауымен ерекшеленді. Облыс орталығынан он сағат жүріп жететін Жангелдин ауданынан келген Рая Әлімбаева «Аққу» күйін шерткенде зал дуылдап тұрып кетті. Көрмейсіз бе, өнердің құдіретін! Кәсіптік деңгей деп осыны айт. Қостанай ауданынан келген «Ғажайып аренасы» атты цирктік қойылым да көрермендерді таңдандырды. Жітіқаралық, арқалықтық бишілер де тамсандыра білді. Барлық аудандар мен қалалардан келген өнер ұжымдарының сахналық костюмдері жаңартылған. Сахна сұлулықтан жанып тұрды, – дейді облыстық мәдениет басқармасының бастығы Марионела Слесарь.
Жергілікті жерлердегі өнерпаздар байқауы кезінде сахнаны безендіруге де қазылар алқасы үлкен мән берген болатын. Гала концертте жаңадан ешнәрсе ойлап таппай-ақ, Сарыкөл, Қостанай аудандарының үздік сахналық безендірулері пайдаланылды. Сахнада барлығы оннан аса өнер жанры ұсынылды. Дегенмен, байқаудың аты – байқау. Онда жүйріктен жүйрік озатыны ақиқат. Бұл жолы Гран при жүлдесін Таран ауданының өнерпаздары – Биағаның жерлестері қанжығалады. Тарандықтар орындаған әндер мен билер кәсіби деңгейінің жоғарылығымен, талғамға сай сахналық костюмдерімен, жанрларының әр алуандығымен көрерменнің де, қазылардың да көкейінен шыға білді. Олар облыс әкімінің жүлдесі «Газель» көлігін мініп қайтты. Ал бірінші орынды Қостанай, Ұзынкөл аудандары мен Арқалық қаласы бөлісті. Екінші орын Жангелдин, Жітіқара, Әулиекөл аудандары мен Рудный, Қостанай қалаларының еншісіне тиді. Үшінші орынға Меңдіғара, Қарасу, Амангелді аудандары мен Лисаков қаласы өнерпаздарының еңбегі лайық деп табылды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай.