Қызылорда қаласында «Алтын белгі» иегерлерін марапаттауға арналған салтанатты шара өтті. Жиынға облыс әкімі Болатбек Қуандықов, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, білім саласының ардагерлері мен ата-аналар қатысты.
Биыл Сырдың бойында «Алтын белгімен» мектеп бітірген түлектердің қарасы басым. Бұл аймақтағы білім саласының білігін көрсетсе керек. Атап айтар болсақ, Жанақорған ауданы бойынша – 12, Шиелі ауданында – 17, Сырдария ауданында – 6, Жалағаш ауданында – 7, Қармақшы ауданында – 17, Қазалы ауданында – 46, Арал ауданында – 27, Қызылорда қаласында 43 оқушы мектепті «Алтын белгімен» бітірді. Алтын ұяларын алтынмен бітірген оқушылар орталыққа жиналып, алтыннан алқа тағынды.
Осы арада айта кеткен абзал, биылғы ҰБТ қорытындысы бойынша Қызылорда облысының білім ұйымдарының орташа көрсеткіші 90,5 балға жетті. «Алтын белгіге» үміткер 301 оқушының 207-сі өз білімдерін дәлелдеп шықты. Ал «Үздік аттестатқа» 217 үміткер іріктеліп шыққан-тын. Оның 127-сі «Үздік аттестатқа» лайықты баға жинады.
Биыл түрлі пән байқаулары бойынша 25 оқушы грант иегері атанып отыр. Атап айтқанда, физика, математика, химия, информатика, биология, ағылшын тілі пәндері бойынша оқушылар «Назарбаев Университетінің», «Сүлейман Демирель» университетінің, Әль-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, КИМЭП, «Еуразиялық», Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеттерінің, мұнымен қоса Прага, Чехия мемлекеттеріндегі, сондай-ақ «Петро Қазақстан» бағдарламасы бойынша Қытай еліндегі жоғары оқу орындарының грант иегерлері атанды. Мұнымен қоса, биылғы жылы облыстың мектеп оқушылары түрлі деңгейдегі білім бәсекелерінде жақсы жетістіктерге қол жеткізіп, аймақтың білім саласындағы беделінің артуына өзіндік үлестерін қосты. Сонымен бірге, оқушылар 2010-2011 оқу жылында пәндік олимпиада, ғылыми жоба жарыстарынан шет мемлекеттерде де үлкен нәтижеге қол жеткізіп, Чехия, Грекия, Кипр, Түркия, АҚШ, Ресей, Венгрия, Әзербайжан елдерінде оқушылар «алтын», «күміс», «қола» медаль игерлері атанып келді.
Биыл облыста 9150 оқушы мектеп бітірді. Оның 77,1%-ы, ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш білдірген болса, 15 халықаралық ғылыми жоба жарыстарының жеңімпаздары ҰБТ-дан босатылды. Өйткені, олар тест тапсырмай-ақ өздері қалаған жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік алған.
Айтпақшы, тест нәтижесі бойынша 3 оқушы 125 балдан жинады. Атап айтқанда, Қазалы ауданындағы №249 мектептің түлегі Анар Кемал мен Арман Ақбаева және Қызылорда қаласы №9 кәсіптік-техникалық лицейінің оқушысы Денис Фадеевтер үздік көрсеткішпен көзге түсті.
Ержан БАЙТІЛЕС.
Қызылорда.