• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
22 Маусым, 2011

Желпілдетіп театрдың түңдігін

332 рет
көрсетілді

БҮГІН АЛМАТЫДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОПЕРА ЖӘНЕ БАЛЕТ ӨНЕРІНІҢ ФЕСТИВАЛІ БАСТАЛАДЫ Бұл күндері   Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академия­лық опера және балет театры қар­ба­лас үстінде. Екі музаның да айту­лы жұл­дыздары кезегімен елімізге қо­наққа келіп жа­тыр. Демек, бұл соңғы жылдары дәстүрге айналған  халықара­лық опера жә­не балет өнерінің фестивалі бас­талды деген сөз. Қазақстан Му­зыка қайраткер­лері одағы  Қаз­коммерцбанкпен бір­лесе оты­рып, 22-26 маусым ара­лығында өткізетін айтулы мәдени шара Қазақстан Тәуел­сіз­дігінің 20 жыл­дығына арналмақ. Бекзат өнердің майталмандарын бір жерде тоғыстыратын кезекті фес­тивальде Абай атындағы театр­мен қатар Италия және Ресейдiң белгілі опера және балет шеберлері Алматы көрермендері мен қонақ­тары ал­дында өнер көрсетеді. Фестивальге асығып жеткен осы қонақ­тардың бірі  Италияның танымал теноры, әйгілі «Феруччо Тальявини», «Тито Ски­па»  сынды бай­қау­лардың бас­ты жүл­де­гері Альдо Капута да қазақ жеріне алғаш рет аяқ басып отыр екен. – Қазақстандағы дәл осы театр­ға жолым түскеніне қуаныштымын! Алматы шынында да жап-жасыл қала екен. Театрдың ғимараты да ұнады. Оркестрдің қалай ойнай­ты­нын да көрдім. Тамаша! Мен сіз­дердің барлықтарыңызды біздің қойылымдарды тамашалауға шақы­ра­мын, деді ол баспасөз мәслиха­тына қатысып, журналистерге берген сұхбатында. Ал Санкт-Петербургтегі Мария театрының меццо-сопраносы Злата Булычева осыдан 5 жыл бұрын Ал­ма­тыға жолы түсіп, «Кармен» опера­сының партияларын орындаған бола­тын. Петербордағы осы театрдың бел­ді режиссері Иркин Габитов  ба­йырғыдан-ақ қазақ операсының да­муына үлесін қосып жүрген өнер тарланбозы. Әне бір жылдары Қа­зақ­стандағы тәуелсіз «Тарлан» сый­лы­ғымен марапатталған, осыдан кейін де Абай театрында «Трубадурды» қой­ған режиссер М.Габитов бұл жо­лы да фестивальдің жоғары деңгейде өтуіне атсалыспақ. Оның айтуынша, біздегі халық­аралық фестиваль төрт күнге со­зыл­са, Санкт-Петербургте өткізі­ле­тін опера және балет өнерінің «Ақ түндер» фестивалі 1,5 айға дейін созылып, күн сайын бірнеше мәде­ни шаралар өткізіледі екен. – Қазіргі таңда классикалық өнер­дің өзіндік менеджменті қалып­тас­ты. Әйгілі опера және балет жұл­дыздарының жұмыс кестесі алдын ала 2-3 жылға құрылып қояды. Яғни, олар келер жылдың қай күні қай жерде өнер көрсететінін біліп отырады. Бүгінгі бекзат өнердің жүйесі осындай, – дейді Иркин Габитов. Егер осы тұстан ой тарқататын болсақ, Италия мен Ресейдің әйгілі дирижерлерінің, әнші, бишілерінің Қазақстанға арнайы ат басын тіреп отырғаны айтулы оқиға. Класси­калық өнерді бағалайтын қауым мұндай мүмкіндікті жібермеуі тиіс. Сонымен, фестиваль бағдарла­ма­сындағы Дж.Вердидің «Аида» және Г.Доницеттидің «Махаббат шы­рыны» операларында Абай театры­ның Бейімбет Қожабаев, Жәмилә Баспақова, Болат Есімханов, Олег Татамиров, Александр Сметанин, Ольга Лукашова сияқты әнші­лері­мен бірге, Италия операсының жұл­дыздары Даниэлла Скилачи, Леонардо Граменья, Альдо Капуто мен Ресейдің атақ­ты опера жұлдыздары Злата Булычева, Павел Черных өнер көрсетпек. Ал П.Чайков­ский­дің «Лебединое озеро» және С.Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта» балетінің басты партияларын ресейлiк балет солистері Руслан Скворцов, Нина Капцова, Данила Корсунцев, Анастасия Колегова және Абай атындағы опера және балет театрының солистері Дмитрий Сушков, Ұлан Баденов, Гүлнұр Буриева, Досжан Табылды, Әсет Мұр­зақұлов, Фархад Буриев, Әсел Мусинова, Гүлвира Құрбанова, Әлия Сапугова, Азамат Асқаров орын­дамақ. Осы арада оркестрге Ерболат Ахмедияров, Арман Оразғалиев дирижерлік жасайтынын да айта кетсек дейміз. Айнаш ЕСАЛИ. Алматы.